АНТОН ЧЕХОВАударған Ә.КекілбаевКереметтей көңілді кеште білдей мекеменің шаруашылық жағын күйттейтін...
Жанболат БАШАР. Шөлмек сынған күн (Әңгіме)
2434
Тосын хабар Бұрхан ақсаққалды қатты күйзелтті.Әуелгіде ол бұл хабарға сенбеді. Сенейін десе жүйке-жүйкесін шабақтап, жанын жегідей жеген өкініш маза берсеші. Содан құдай атып жазықты болған екі тентек інісіне кісі жіберді. «Уақыт тауып маған келіп кетсін» деді. Содан бері ойы сан-саққа жүгіріп, азаматтардың неден жаза басқанын пайымдай алмай мазаң күй кешуде. Не де болса болған жайды солардың өздерінен естуге пейіл еді. Шекарамен шендес жатқан Ақыртау ауданы ежелден жақсы атымен жалпақ елге танылған. Баяғыды, біреу біледі біреу білмейді, Бұрханның өзі ат жалында жүрген кезде бұл аудан қандай еді. Мақтанғаны емес. Миллионер болмады демесең, соған жеделғабыл еді-ау.Ақсақалдың ойы алыста қалған өткен күндерді шарлайды.Таулы аймақтың елді мекендері де бір –бірінен шалғай орналасқан. Жол қатынасы да қия- қияны басып өтетіп, бір қиырдан бір қиырға тартатын. Соған қарамастан малшы-бақташыны аралап,егін басын шарлап, талай елдің сый-құрметіне тәнті болды. Сөйтсе де қылаудай қия басқан жері жоқ еді-ау. Ол кездің заңы мен тәртібі қазіргіден осал деп кім айтты. Еліміз тәуелсіздік алғанда жүрегі жарыла қуанған жанның бірі осы Бұрхан еді. «Мына жазғандарға не жорық»,дейді ол. «Қара бастарын алып жүре алмағандары қалай?»-деп қарадай күйінеді. Тәуелсіздік алған жиырма жыл ішінде ауданда алты-жеті әкім ауысты.Сөйтсе де ауданның өрісі малға,қамбасы дәнге толмай ақ келеді.Неге? Сырттан келгендерді сыртқа тептік.Өзіміздікі өрге сүйрер деп едік, оның озғаны мынау болды. -Әй, әттеген-ай!- деді ол, зығырданы қайнап, іштей ызалы күйде. Мына Ықтын шалдың баласы- Омар осы ауданға әкім болып келгенде қуанғандардың бірі өзі еді. Онда да туысқаным бастық болды деп қуанған жоқ,осы өлкенің тумасы болғанға,..Болмаса одан бірдеңе дәметер деймісің, құдай сақтасын,-деп шошынғандай жан-жағына қарады ол. Омардың әкесі Ықтын ақсақалды көзіміз көрді. Дәмдес те болдық.Ол деген қақ-соқта ісі жоқ,момын шаруа адамы болатын.Сол өзіміздің Ықаңның баласы осы ауданға бастық болып келген күннің ертеңінде болу керек, әлгі Ақтанның Сақыш деген баласы бар еді ғой,ол да осында бір беделді мекемені басқарады, «Аға ініңіз сізге сәлем бергелі келді» деп жаңа бастықты осы үйге сол бастап келген. Сол жолы Бұрхан ақсақал екі інісін екі жағына отырғызып,екеуіне дастархан жайғызып, дәм тартқызды. Құрмет көрсетті.Қария көп сөйлемесе де өзгені өзіне үйіріп алатын қасиетіне бағып, жас мырзаларға аз сөзбен, көп жайтты аңғартты.Бауырларының адалдыққа қорған болуларын қалады. -Ел сендерге қарайды,- деді. -Ел шындықты,әділдікті жақсы көреді және көріп,біліп отырады. Біріңді бірің қолдап, адалдыққа жақ болыңдар,- деген. Басшылыққа келген інісіне берген батасының тұздығы сол еді. Ақсақал ағаның мұнысы жай сөз емес-ті, ұзақ жылдар түрлі салада үлкен қызметтер атқарғанын айтпағанда,соңғы ширек ғасыр бойы осы Ақыртау ауданын басқарған Бұрхан қарияның өмір соқпағынан да,қызмет жолынан да қылаудай кінәрат таппайсың. Бүгін де ел жұрты оған қоғадай жарылып құрмет көрсетсе мұның адалдығы мен әділдігін сыйлағаны.
* * *
Сол жолы жас мырзалар үлкен ағаның үйінен булары бұрқырап,арқаланып шықты. Ел ішіндегі шашылған шаруаны жөндеп,тентекті тезге салуға асыққан жаңа бастық жұмысқа екпінде кірісті. Аудан активімен болған алғашқы кезесуінде-ақ ол өзінің аса сауатты екенін,мемлекеттік тілді де бір кісідей білетінін,тіпті экономика мен заңға да жүйріктігін, екі жоғарғы оқуды тауысқанын айтып, жиналғандарды бір ықтырып алып мәжілісін бастады. Әкімдіктің үлкен залы. Қабырғаларда ұранға айналған сөздер.Ауданның үлкенді кішілі атқамінерлері жиналған алқалы жиын өтіп жатыр.Сағатқа жуық біріншінің өзі көсіліп сөйледі.Өзін саясаттың да сардары деп танытқан ол,әуелі аппараттағыларды иірді: «Жазған хаттамаларың сауатсыз,тапсырмалар бақылаудан тыс қалады, жартыкеш жұмыс жасайсыңдар»,деп дүние пәлені қазып, әкіматқа қалай болса-солай киініп келгенді, бөксесін билетіп, жалаңаш-жалпы жүргендерді түйреді. «Мынау нағыз қызылкөз болды», десті үлкенді-кішілі шенеуніктер.Содан бастап тентек бастықтың тегеуріні күнен-күнге екпін алып, бетіне ешкім жел болып келе алмады. «Енді бастық сондай болмаса болмайды ғой» дейтіндер де табылып жатты.Онысына қарай ауданның шаруасы шалқып, жұмысы ілгері басып жатса арман не!? Әйтеуір тапсырмадан тапсырма, жиналыстан жиналыс, соған қарағанда өңір өрлеп-ақ кеткен секілді. Жаңа басшының ең бір сүйікті ісі мәліметтер теру, оны түзеу,қайсы бір мекемелердің өткізген есебін қайта -қайта жасатып, қажетті санын алғанша тоят таппай—елді де, өзін де жансебіл жұмысқа жегіп қояды. «Кім біледі, басшының бір ойлағаны бар шығар», деп басқалар да оның айтқанын қалт қылмауда.Дегенмен ауданның жұмысы ілгерілей бастағанын тоқсандық жұмыстың қортынды мәліметтерден мәлім болып қалды.Сапырылысқан сандар солай дейді. Ал, мәліметтегі мәтін мен елдегі жағдай қабыспаса ол басқа мәселе секілді. Даудың басы «Дайрабайдың көк сиыры» демекші сол жылы салынып жатқан төрт пәтерлі тұрғын үй құрылысының басына келген аудан басшысы аяқталып қалған құрылыс жұмысын көріп, іші толмай,қабағы шытынап: -Неге бұл төрт пәтерлі, неге алты пәтерлі емес,- деп тосыннан кінәрат іздеген кінәмшіл сауал тастады. - Облыста бекіген әуелгі жобада солай, тиісті құжаттарда төрт пәтерлі үй, бөлінген қаражатта соған сәйкес,-деп жағдайды түсіндіре бастаған құрылыс сәулет бөлімінің бастығы Әлім Әлгерейді аудан басшысы сөйлетпеді. -Мұны алты пәтерлі етіп салдыруға ақылдарың жетпеді ме?-деп тақымы толмай реніш білдірді. Келесі күні түс ауа үлкен бастық Әлімді қабылдауына жедел шақырты: -Әлім,осы сен не істеп жүрсің?- деді,табалдырықтан енді аттаған бөлім бастығына бірден шүйлікке әкім. Бастықтың сұсынан сасып қалған ол: -Жұмыспен жүрмін, Омар Ықтынұлы,- деді қыпылықтап. -Меніңше сен түк істеп жүрген жоқсың.Барып тұрған бездельниксің. Мына сөзге аз-кем абдырап қалған бөлім бастығы, есін тез жинап: -Кімді айтып отырсыз, безделник емеспін,-деді. Айтарын айтқанымен әлде неден жалтақтап, сөзінің арты солғындау естілді. Соны сезген үлкен бастық одан әрі өзеуреп,бейшара сәулетшіні түтіп жіберердей тұлан тұтты: -Шамдануын!Сен бездельниксің!-деді мұны өңменіне түртердей сұқ саусағын шошайтып. Шегір көзі де сол мезет шатынап, өңі түтігіп, жемтігін талап тастағысы келген Қаптағайдың қара құсы секілді,түнере шүйлікті. –Ол аз десең сен өз жұмысыңа лайық емессің.Қызмет міндетіңді атқара алмайсың,сені жұмыстан шығару керек,- деп төбеден ұрды. Жеті-сегіз жылдан бері ескерту-сөгіссіз жұмыс істеп келе жатқан сәулетші Әлім мына сөзді естіген де, құлағы қалқайып мелшиіп қалды. Бастық адам бұдан әрі қарсы жауаптың болмасын сезген соң, әлгі әуенін үдете келіп: -Идиот,- деп таңдайы тақ ете қалды.Осы сөзді айту үшін шақырған секілді. -Бар кет, көзіме көрінбе,-деді өңі түтігіп,өзеуреген қалпы. Мойнына су кеткен «идиот» Әлім сәулетші бастықтың қабылдауынан сүйретіліп әзер шықты. Бәрінен де бастықтың қорлағаны жанына батып,өзінің жігерсіздігіне налыды. Жауап бере алмағанына күйзелді. Шындығында, Әлім анау айтқандай «идиот» емес-ті.Ол мінезі жібектей биязы жігіт. Соған қарағанда намыссыз деу қиын.Намысқой азамат деуге және болмас. Езбен, ынжықтың туысы болғанына өзі де ызалы.Бәлкім ақымақпен жағаласа кетуге өзінің ішкі түйсігі жібермеді ме? Сол күннен бастап жаңа бастық Әлім сәулетшінің соңына от алып түсті. Аптасына бір рет оны шақырып алады, содан соң көр жердің құрылысын,көшенің қилысын сөз етіп, ақыры бір пәледен бір шатақты шығарып: -Сен не бітірдің, қайда қарап жүрсің?- деп жүндей сабайды дерсің.Қыза-қыза «идиот,безделник,бездарный», лексиконындағы басқа да сөздерді желдей естіріп,ақыр соңында «неге келдің, кім шақырды сені» деп кабинетінен қуып шығытын болды. Бастықтың мынандай лаңкес мінезіне төзе алмаған Әлім жұмыстан кетіп тынды.Оның орнына келетін адамы да дайын тұр екен, лып етіп суып үлгермеген бөлім бастығының орнына жаңа шенеунік жалпия кетті.Бір ғажабы ол құрылыс сәулет саласының маманы емес, әлде экономист,бәлкім қаржыгер болса керек.Көзін ашып-жұмып әкім қол қой деген құжаттарға қол қойып, біраз уақыт жылы жерде маужырап отырды.Тіпті сондай бөлімнің барын да ел ұмытып кеткендей тыныштық орнады. Сәулет бөлімінің басшысын кетірісімен жаңа бастықтың кезекті қармағына іліккен адам ұйымдастыру бөліміндегі Надежда Нәсіпханқызы болды.Өткен жылы ғана оның күйеуі бұзақылардың қолынан қаза тапты. Екі баласымен жесір қалған әйелдің жағдайы қандай дейсің? Надияның аты орысша болғанымен әке-шешесі қазақтар еді.Айыбы қазақ тілін еркін меңгермеген. Жаңа бастық Әлім сәулетшіні жұмыстан қуғаннан кейін қырбайына алғаны осы кісі. Бірақ Надияның намысы бар екен, алғашқы шайқастан соң-ақ мұнда қалуға болмасын сезген ол: -Кімнің қызметіне лайық екенін сіз анықтамайсыз, оны уақыт көрсетеді. Сізбен керкілдесуге мен шамам жоқ, онсызда тағдырдың ауыр соққысын көріп отырмын,-деп жандарал бастықпен жағаласпасада тіке тіл қатты. -Өтінішімді беріп жұмыстан қазір ақ кетемін. Осыны айтқан ол кілт бұрылып шығып кетті.Содан қайырылған жоқ. Бастықтың тентек мінезі осылай жалғаса берер ме еді,егер күтпеген жерден оқыс оқиға болмағанда. Аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы әлгі Сақы Ақтанұлы бар еді ғой.Сол бір күні аудан басшысына еріп шаруа қожаларын аралауға шықты. Өздерінше жеке шаруаның жағдайын білмек, несие әпермек, қысқасы елді жарылқамақ. «Ауылды көтеру деген осыдан басталады» деп,іске кіріскен-ді. Сөйтіп Ірге тауды айналып,Қаптағай шоқысының баурында отырған Мырзағұлдың үйіне бұлар түс ауа келді. Фермер жігіттің жаны қалмады.Шақырып келтіре алмайтын мырзаларға арнап бір марқасын алып ұрып, сый-құрметін төгіп бақты. Семіз бағыланның басын мүжіген екі бастық әуелгіде тентек суды тартына ішіп,сөзді көбіне бірінші бастық сөйлеп,екіншісі тыңдаушы болып отырды. Үй иессі ішімдікке жоқ екен «осы жарықтыққа үйір болмадым» деп ара-тұра кеңкілдеп күліп алады да мырзалардың босаған ыдысын заһар суға толтырып,астың дәмдісін ауыздарына тосумен болды. Бұл уақытта үйдің іші ала көлеңке тартып,өлімсіреген жетілік май шамның жарығы дастархан басын әзер жарықтандырып тұрған. Сөз арасында Сақы: - Мырзеке, сіздің әлгі жарық беретін движогіңіз бар еді ғой, оны неге жақпадыңыз? -Ой, Сәке, моторы түскірдің бұзылғанына жарты жыл болды.Жөндетіп едік ештеңе шықпады. Өзі де ескі нәрсе екен.Оқасы жоқ, жағдай келсе жаңасын алармыз,- деп босаған шөлмектерді үстелдің астына жытырып,көкмойынның жаңасын ашып жатты. Осы сөзді жандандырған аудан басшысы: -Негізі бұл мәселе менің ойымда бар,-деп әдетінше сұқ саусағын шошайта көтеріп,- аудандағы барлық шаруа қожаларына жел дирмен орнаттырып беру керек. Біріншіден, ол өзін өзі ақтайды.Екіншіден,бізде жел тегін.Дирменнің қалағы болымсыз желдің өзіне ақырындап айналып тұрады.Соның өзі жарық беруге жарап жатыр.Оған зырылдауықша зырылдап тұру қажет емес,- деп шаруа адамын тіпті шаттандырып жіберді.Сөйтті де дүмі қалың, бүйірі тоқ жуан рюмканы үш саусағымен нығырлай ұстады.Мына сөзді іле жөнелген Сақы Ақтанұлы: -Тамаша идея,-деді,-тамаша, просто гениально!Сол үшін Мырзеке тост көтереміз,- деп фермер жігітке бұрылды. Бұдан әрі әңгіме ауаны ауданнан асып,аймаққа одан елге тіпті ғаламдық жағдайды барлап жүре берді.Үй ішіндегі алакөлеңкеліктің өзі мырзаларды пердесіз әңгімеге бастай жөнелгендей. Мырзағұл әуелгіде екі бастықтың әңгімесін түсініп,ілесіп отырған-ды, келе-кел олардың көшіне ілесе алмай қалды.Қайдан ілессін, өзі ес білгелі арқандаула ат секілді осы Әтібай басынан алысқа ұзамапты. Бар көргені аудан орталығы, е, айтпақшы ана бір жылы Сарыдөңге мал айдасқаны бар, одан басқа не көрді,..оқыған тоқығаны да шамалы.Ал мыны кісілердің білмейтіндері жоқ оқымысты адамдар ғой.Мен де балаларымда осылар секілді оқытамын,несі бар, қазір бәрін ақша билейді,-деп аудан басшысының аулына келуін жақсылыққа жорып, марқайып отырды. Дастархан басындағы отырыс ұзаққа кетті.Ет желінді, сорпа ішілді.Мырзағұлдың әйелі де елгезек, епті адам екен, дастарханды тез жаңартып, жаңа пісірген ыстық балқаймақты үстелге әкеп қойып жатты. Бұл шақта қонақтар да бал қаймақтай балқып, көкмойынның күші бойды алған кез. Үлкен бастық көсіле сөйлеп, кіші бастық тек тыңдауды біліп отырған. Бір мезет ол жүрісінен жаңылғандай сөзге қонақ беруден қалып, үлкен бастықтың сөзін бөле бергені. Бойды алған зәһар су бәрін ұмыттырып, ел бар, жұрт бар деген сөз қаперден шығып, екеуі қыза-қыза сөзге келіп, байланысып қалғаны.Анау Сақы қырықты еңсерген қарулы жігіт екен,әрі басынан сөз асырмайтын мінезі шадыр болса керек, онысына манадан бері ішкен кәпірсудың дүмпуі қосылып, ай-шайға қарамастан ілмиген әкімнің жағасына жармаса кетті. Іле Омар Ықтынұлын отырған орнынан жұлқа сүйреп, босағаға атып ұрғаны.Апыр-топыр айқастан шошыған үй иелері тысқа безе жөнелді.Бөлмеге болар болмас сәуле шашып тұрған жетілік май шам да тосын жанжалдан шошынғандай, үстелден ыршып кетіп, пиаласы сынып өшіп қалды.Үйдің ішін қараңғылық басты. -Иттің баласы. Сен бұл үшін жауап бересің!- деді Омар Ықтынұлы босағаға соғылған басын ұстап орнынан созалаңдай тұрып жатып.Дәу қара оған ығатын емес, мұны дедектетіп тысқа алып шығып сабап салады.Шекесін жарып, бетіне таңба түсіріп, шаңға аунатты. Шайнасып қалған азбандарды арашалауға фермер жігіттің жүрегі дауаламай, қатын баласын алып үйден аулаққа безді. «Бәледен машайық қашқан» демекші, бірдеңеге ілігіп кетерміз деп қорықаны болар. Қараңғы түн. Қаптағайдың биік таулары қарауытып төбеден шошына қарап қалған. Бір біріне кіжінген екі содырдың ызалы даусына, қойтөбеттердің арсылдап үргені қосылып, ауыл үсті үрейлене үркіп «енді не болар екен» дегендей үрпиіп түн құшағына тығылған. Күнде бастықтарының қасында жүрген шопырлардың өзі мұндай сұмдықты көрмесе керек, олар да шайнасып қалған қожаларын арашалауға батпай, көліктерін айналсоқтап,бүгежектеп, көргендеріне айыпты болғандай қиналады. Ойпырмай, ана дәу қараны айтсашы.Иттің өзі қарулы екен, Омар Ықтынұлын шиырып лақтырып, ұрып жығады келіп.Ол, шіркін,тірсегі майысқан әлжуаз, сонысына қарамай мұнша өлермен болар ма?! Дәу қараның ауыр соққысынан жер сүзе ұшып түседі.Іле-шала құлаған жерден сүйретіле тұрып,жауына айбат шегіп, қайта ұмтылады. «Күш атасын танымайды» демекші, дәу қараның кезекті бір соққысы талмауыттан тиді ме, кім білсін, әйтеуір өлермен жігіт құлаған орнынан қайта тұрмады. Қарсыласынан енді қауіптің болмасын білген анау көлігіне міне сап, Қаптағайдың арбиған тауларын артқа тастап тайып тұрды.Сонда ғана әкімнің жүргізушісі жүгіре басып таяққа жығылған бастығының басын сүйеп, қолтықтап тұрғызып, көлігіне әзер жеткізді.Машинаның артқы орындығына жайғасқан әкім орталыққа жеткенше тіс жармады.Ет қызуымен ештеңені сезер емес.Сөйтсе де тұлабойының әлде бір абройысыз нәрсемен былғанғанын сезді.Соны сезген сайын өзін қоярға жер таппай,ызалана аһ ұрумен болды. * * * Үсті-басының ұсқыны кетіп, бет аузы бұзылған күйеуін туған әйелі Әнипа ханым танымай қалды. -Ұйба,..ай!-деді сүйретіліп үйге әзер кірген күйеуінің пошымын көрген әйелі, шошына дауыстап.Қорыққаны соншалық: -Жаным-ау, саған не болды?!-деп жылап жіберді. Отасқалы байының мынадай кейіпке түскенін алғаш көрген Әнипа ханым өз көзіне өзі сене алмай, есі шыға қорқты.Кім біледі қазір неше түрлі бар ғой.Сабамақ түгіл өлтіріп кету де жаңалық емес.Соны ойлаған сайын әйел бейшараның зәресі қалмады: -Жаным ау! Жаным-ау,саған не болды?!- деп үрейленді. Артынша тез шиыраққан ол: -Кім саған қол көтерген, қай иттің баласы,- деп ызалана сөйлеп, дереу дәргер шақырып, аудандық ішкі істер бөлімінің бастығына хабар берді. Полиция сол күні ақ, Сақы Ақтанұлын қамауға алды. Бірақ Ораз Ықтынұлы бірге жүрген азаматты түрмеге жаптыру қажет емес, деп ушыққалы тұрған мәселені тоқтатып тастаған. Жаманат сөз қай бір тек жатсын, пықсыған шала секілді шым-шымдап елге тарай бастады. Бұрхан ақсақалдың құлағын қарып түскен суыт хабар осы еді.
* * *
Қарияның сәлемін естіген екі азамат абыз ағаларының үйіне дереу жеткен.Өртенгелі тұрған пәледен бір құтқарса Бозағаң ғана құтқарар,сол ғана мына тұйықтан алып шығар деген көмескі үміт екі жігіттің бойларын жылытқандай. Дегенмен үлкен кісі қалай қабылдар екен, деп екеуі екі бөлек келіп,имене есік ашты. Бозағаң абажадай үлкен бөлмеде жалғыз отырған. Қабырғада сірескен қалың кітаптар жиналған үлкен сөре.Одан берірек жазу үстелі.Бір қабырғада ақсақалдың жасырақ кезінде түскен үлкен портреті ілінген.Бөлмеде басы артық дүние жоқ екен. Еденге төселген қалы кілем есік пен төрді бойлап жауып жатыр.Қарияға сәлем беріп, төрге озған азаматтардың екеуі де үнсіз. Үй иесі де үнсіз. Бозағаң сөз таппай отырған жоқ,қысылып қиналғаны да емес.Көмейіндегісін айтпай тентек інілерін ықтырғысы да жоқ. Бір нәрсені пайымдай алмай отырған секілді, екеуінің түріне қарағанда бұлар ештеңе бүлдірмеген,кінәлі емес, елдікі жай сөз секілді.Бозекең соған қиналды «төбелессек екеуміз төбелестік өзгенің шатағы қанша» дей ме бұлар? Сөйткенше дастарханға ас келді.Сол кезде ғана үй иесі сөз бастады: -Мынау осы шаңырақтың дастарханы.Осы дастарханнан бай да бағыланда,үлкен де, кіші де дәм татты. Екеуің де менің баламсың.Көп болса менің жарты жасымдасыңдар,-деп тоқтады. -Не айтатыны бар,-деді сабырлы жүзіне де реніш, ашу, торығу дегеннің еш белгісі жоқ өзінің әншейіндегі біртоға қалпынан айнымаған қария.-Не айтатыны бар,-деді әуелгі сөзін қайталап,-сендерге ақыл айтудан аулақпын.Тыңдасаңдар айтар кеңесім біру ақ.Осыны айтқан ол екі азаматқа кезек, кезек еңсеріле қарап көз тоқтатып: -Жасы кіші іні, жасы үлкен аға деген.Кішіден ізет,үлкеннен құрмет бұрынғыдан қалған сөз. Ағаш көктейді тамыры болса,адам өркендейді төңірегіне сый құрметі болса.Өзіңді өзің сыйламасаң өзге сендерді қайтеді,-деді.Осыны айтқан ол бір сәт ой құшағына еніп отырып қалған. «Екеуі де ел басқарып жүрген азаматтар,осыларға сөзімді бекер болдыртым ба?» деген қапыл көңіл де жоқ емес. Дегенмен ішкі бір түйсігі жазабасқан жастарға жөн көрсеткеннің айыбы жоқ дейді.Дастархан басын торлаған үнсіздікті қайтадан өзі сейілткен Бұрхан ақсақал: -Азаматтар,-деді,сөздің түйінін айтуға көшкенін байқатып,- қысқасы біріңді-бірің кешіріп,қол алысып татуласыңдар.Оны шын көңілдеріңмен жасаңдар,-деді. «Неге бұлай болды,кім кінәлі?» деп тергемеді.Сөйтіп екі інісін татуластырған болатын. Қарияның ақылын тыңдаған екі тентек, қол алысып бір-бірін құшақтап ағаттықтарын кешкен еді. Осылайша ақсақалдың аталық тілегіне алғыстарын айтып қолтықтасып екеуі үйден шықты. Келесі күні аудан басшысы ертеңгілік жұмысқа дайындалып жатқан, осы кезде ас үйден шыққан әйелі Әнипа ханым: -Әлгі Сақыны не істейсің, басыңа шығарма, сотқа бер немесе жоғарыдағы бастыққа айтып арыздан,- деді. Мұны естіген Омар Ықтынұлы: -Мен саған айтпаған екем ғой. Кеше Бозағаң екеумізді үйіне шақырып татуластырды, ол менен кешірім сұрады,сонымен біз бәрін ұмыттық- деді. Мұны естіген Әнипа ханымның өңі сұрланып кетті: -Е,е..е... Сөйтіп кім-көрінгеннен таяқ жеп, мұрныңды бұздырып, сорлы боп жүр.Менің Мерген ағам болмаса сенің қай жеріңе әкімдік қонады,- деп кеміте сөйлеген кербез келіншек, күйеуін біраз тықсырып алды. -Әнипаш, қой енді,татуластық,ештеңе етпейді таяқ жеген сен емес мен ғой,- деп әйелін тыныштандырмақ болған-ды, бірақ одан ештеңе өне қоймады. Осы әңгіме дастархан басында ертелі-кеш қайта-қайта бой көтеріп, жатса-тұрса алдынан шығып ерлі зайыптылардың шырқын алды.Оның үстіне татуласқан Сақының өзі бұған әлі қырын қарап, жүре амандасып, «сен кімсің» дегендей дөңкигені де себеп болды ма,қайдам,әйтеуір әйелінің кезекті шапқа түрткен шатақ әңгімесінен соң: -Жарайды мен оның көзін құртамын, облыстағы үлкен бастықтың өзіне шағымданамын,-деп салды. Мұнысы шын еді.Әнипа ханым да күйеуінің батыл шешімін құптап, қуанып қалды. Айтқандай Омар Ықтынұлы сөзінде тұрып облыстағы басшының атына жазбаша да, ауызша да арызданды.Аймақ басшысы темірдей тәртіп орнатқан,кадрларды, іскерлігі мен тазалығына қарап бағалайтын талапшыл, ұстанымы қатал адам еді.Мына оқиғаны естігенде үнсіз отырып қалды.Әрине тірі адам болғаннан кейін басшы ретінде мына азаматтан қалай қателестім деп іштей қынжылған болар, сенімін ақтамаған кадрынан көңілі суыған шығар, әйтеуір сырт келбетінен ештеңе сездірмесе де бір мезет ауыр ойға шомған-ды. Түс ауа үлкен бастықтың қабылдауына келген Омар Ықтынұлы өзінен бұрын келіп отырған Сахыны байқады.Есіктен кіріп келе жатқан Омарды көрген ол бұған қолын созбады, амандық та сұрамады. Жалғыз-ақ айтқаны: «Бозағаңа уәде беріп едің ғой, неге бұлай жасадың»,- деді.Даусында өкініш бар.Сол екі арада бастықтың көмекшісі келіп: - Сіздер бірінші орынбасарға кіріңіздер. Сол кісі сіздерді тосып отыр,-деді. Омардың жүрегі зырық ете қалып, іші бауры бірден мұздап кеткендей болды. «Не бүлдірдім» деді ішінен.Бірақ бәрі де кеш еді. Үлкен бастық бұл екеуін қабылдамады.Енді қалай, деп едің өзді-өзі төбелесіп, өз бастарына ие бола алмай жүрген дәлдүріштерге ел тізгінін қалай сеніп тапсырмақ. Аймақ басшысы мұны жаңа қызметке тағайындағанда: «Омар Ықтынұлы,ел басқару—ел тағдырына жауап беру» деп осы бір сөзге салмақ сала айтқаны бар.Соны есіне алған сайын өзін қоярға жер таппай, ойы шашырап, өзімен-өзі арпалысып кетеді. Тас жолмен жүйткіп келе жатқан нар көліктің ішінде шіреніп отырған аудан басшысы өз өмірінің қайталанбас сәттерін өткеріп келе жатқанын өкінішті халде сезінді. «Шіреніп отыр», дегеніміз жай сөз, шындығында оның ет жүрегі егіліп; жүйке жүйесі сөгіліп, енді қайта қолына мұндай бақыт қонбайтынын; бақ жұлдызы мұншалық жарқырап, жайнап жанбайтынын; қарайған жұртының қоғадай иіліп,қолпаштамайтынын; мансап биігіндегі насат сезімді енді қайтып сезбейтінін; жан жүрегі езіліп тұрып түсінді.Түсінді де байлаусыз дүниеден, тұрлаусыз бақыттан,тайғақ тағдырдан,берекесіз тірліктен безінгендей болды. Ең әуелі өзінен өзі жерінгендей: -Құдай-ау, не деген тұзы жеңіл адаммын?!-деді ол іштегі ұлыған ойын тоқтата алмай. Сол мезет ойына басқа бір оқиға оралды. Ол осыдан көп жылдар бұрын болған-ды. Омар Ықтынұлы онда аудандағы ауыл шаруашылығының бастығы болатын.Үлкен мекемені асықша иіріп отырған кезі.Сол жолы әлде бір іс сапардан келе жатты.Дәл осы күре жолдың үсті.Дәл бүгінгідей тас қараңғы түн. Бұрын да талай жүріп жүрген жол,көріп жүрген есік дегендей.Сол жолы өзінің жекеменшік көлігімен сапарлап кеткен болатын. Екі-үш күн анда-мында соғып,үкіметтің жұмысын жолай бітіріп, көңілі жаққан жерден дәм татып, жараған аттай жортып келе жатқан.Қасында аудандық бір мекемеде қызмет істейтін жас ару,сұлу келіншек,.. Көңілі шалқып, оған жүрдек көліктің желігі қосылып,машинана фарының жарығы түн қараңғысын қанжардай тіліп қара жолды қақ жарып, ұшып келе жатты.Оның үстіне тоқтаған жерден өңеш жібіткені және бар, қызуға қызу пәрмен беріп жүйткиді дерсің.Тек отырмай ауық-ауық жолсерігі-келіншеке қарап,әзіл әңгіме айтып бірде айналып, бірде аймалап, қой десе қоймай қомағайлық танытып қояды. Тура аудан орталығына жақындап қалғанда жүйткіген көлік тас жолдан тайып-ақ кеткені.Не істеп не қойғаны белгісіз асаудай ала қашқан жеңіл машина ытқып-ытқып барып жол жиегіндегі телеграф бағанасын тұмсығымен орып түсті. Бишара келіншектің есі танып қалды. Омарға ештеңе болған жоқ.Сөйтсе де жерге түсе алмай,есеңгіреген қалпы көліктің ішінде ұзақ отырды.Кенет гуілдеп, шуылдап МАИ қызметінің машинасы қастарына жетіп-жетіп келді. Сонда ғана есін жинаған Омар көлігінен түсіп, келген МАИ қызметкерімен тілге келді.Онда да «сендерді мұнда кім шақырды» деп өздеріне дүрсе қояберсін.Бірақ мұны тыңдап жатқан олар жоқ, аудандық МАИ-дың аға лейтенанты Мәуен деген өзін таныстырған бетте, бұған бірден құжаттарыңызды әкеңіз деді. - Сен, Мәуен, сөзді доғар. Сен мені кім деп тұрсың?- деді бұл. -Мен ештеңеде білмеймін құжаттарыңды беріңіз,өзіңіз ішкенсіз, қасыңызда бөтен әйел, ол кім? Ол адам жарақат алған, өлі-тірісі белгісіз. -Ей, Мәуен,-деді бұл даусы гүжілдеп,- мен сенің көзіңді құртамын,.. Қызметтен қудырамын, кіммен сөйлесіп тұрғаныңды білесің бе?- деп инспекторға қарсы шабуылға көшкен. Мәуен инспектор да тісқаққан жыранды болса керек, бұның қоқаңдағанына айылын жиатын емес: -Омар,-деді ала таяғын арбаңдатып,- мен ана қасыңдағы қатынды тура үйдегі жеңгейге алып барамын, сонан кейін көремін сенің батырлығыңды. Одан да құжаттарыңды бер, мен үкіметтің жұмысында жүрмін,-деді айтқанынан қайтпасын білдіріп.Даусы да қатқыл,өңіде суық. Мына сөзден соң Омардың есі енді кіріп, мастығы тарқағандай болды.Әсіресе «ана қасыңдағы қатынды үйдегі жеңгейге алып барамын» дегенді естігенде дымы шықпай, денесі ысып, маңдайы тершіді. Қанша ойламайын десе де өткен күндердің ойқастаған өкініші өзегін жыртып көңілден кетер емес. «Әй,өзіме де со керек»,дейді ол ащуын сыртқа шығара алмай,ызасын ішке жұтып. Сол жолы соры қайнап,далада қала жаздады. Бүлінген өз машинасы, қираған телеграф бағанасын қалпына келтіретін болды, сөйтіп зордың күшімен қызметінде қалды емес пе?! Онда да қайнағасы Мергенбай мырза араласпаса мүлде су түбіне кетер ме еді. Қайран, Мекем-ай, десейші! Енді ара түсетін ол да жоқ.Оның да дүниеден озғанына жылдан асып барады. Қырсықты қарасайшы, бұл ауданға әкім болып оралғанда әлгі МАИ қызметкері әлі сол орнында, ала таяғын иіріп, дін аман жүріп жатыр екен.Омар Ықтынұлы жаңа лауазымның орынтағына отырған күннің ертеңінде әлгі ала тяқты Мәуенді орталықтан шыға берістегі МАИ бекетінің тұсынан өте беріп көріп кілт тоқтады. «Иттің баласы» деді ішінен.Ана жылғысы есіне түсіп кетіп. Көлігінен жылдам түскен ол жол жиегіндегі шашылап қалған қоқыс қапшығы мен босаған қалбырларды аяғының ұшымен теупіп-теуіп қалып: -Ей,сен бері кел,- деді қызмет машинасының қасында тұрған көлік инспекторы Мәуенді қолын сермей шақырып. -Мына жерді неге жинамайсыңдар,- деді ол қасына жетіп келген Мәуен инспекторға. -Кешіріңіз, әкім мырза,-деді анау шекесіне қолын сарт еткізіп: -Көшенің қоқысын жинау менің міндетім емес. -Мен саған міндет-сіндетті көрсетем, керек болса көше сыпырасың,- деді. Ашуы тез тұтанған әкім дереу қалта телефонын алып, аудандық ішкі істер бөлімінің бастығына қоңырау шалып. -Полковник мырза шұғыл түрде шыға берістегі МАИ бекетіне жетіңіз!- деп бұйырды. Бастық айтса жан қала ма, әні-міні дегенше ол да жетіп келді.Полиция полковнигі байсалда адам болатын тентек әкімнің айғайын үнсіз тыңдап,басын изеген қалпы «жасаймыз» деп қала берді. Ол кетісімен «жарайсың Мәуен осы бетіңнен танба»,деп қызметкерін қолпаштап кетті.
* * *
Осы кезде аудан басшысы (енді бастық емес,) мінген қара тұлпар орталыққа кіре берістегі МАИ бекетінің қасынан өтіп бара жатты.Жол жиегінде ала таяғын алды аспандай асынған баяғы Мәуен инспектор, мұның көлігіне «өте беріңіз» деп ұлықсат етіп тұрғандай.Кім біледі ертең қалай боларын.