Жангелді Немеребай. Арман аялдамасы

ӘДЕБИЕТ
3039

Автобуспен келе жатып ой толғап,
Терең шомып кеткен екем ішінде.
«Арман бар ма?» - Деді шопыр айқайлап,
«Бар» дедім де жалғыз тұрдым түсуге.

Қиял құсы күніге мың самғар көк,
Арманы жоқ адам бар ма расында.
Аялдама жәй аталар «Арман» деп,
Мен тұратын қабат үйдің қасында.

Бір арманның құшағында сол бір кез,
Автобуста сезім отын маздаттым.
Еске оралып жол-жөнекей мөлдір көз,
Үй жағымнан өтіп кете жаздаппын.

Тәтті қиял тербегенде көңілді,
Аңсар толы дертті жаның емделер.
Кетіп бара жатқандай боп көрінді,
Автобуста еш армансыз пенделер.. .


 ***

Баяны жоқ жалғанның бес күнінде,
Соға бердім айналып ескі күнге.
Жаздың үні жыраққа кеткен сайын
Сазды мұңы жақыннан  естілуде.

Ұзатып сап жаз дейтін құба қызды,
Қарсы алатын жыр жазып  құла күзді.
Халық еркелеткенмен хəліңді ұғып,
Өмір еркелетпейді-ау сірə бізді .

Естелікті айлар мен жыл құрайды,
(«Ескеріпті»-деп кейін кім жылайды?)
Қайта алмаған күздегі құстай болып,
Пай-пайлаған көңілім тұнжырайды.

Құлазиды қырлар да гүл қаптаған,
Құла күздің даласы жұмбақ маған.
Жазды қойшы,айналып тағы келер,
Менің жазым күн сайын қымбаттаған ...


 ***

Мен бүгін өмірден бір сәтті ұрладым,

Мен бүгін қателіктің таттым нәрін. 

Сананың бұздым солай тыныштығын,

Қаладым біле тұра хақтың барын.

Сол кезде мені іздеген өзге түгіл,

Өзімді өзіме де таптырмадым.

Көңілің бір нәрсені шын қаласа,

Болады екен Тәңірі бір қараса.

Болмайды екен ол шақта үнсіз қалу,

Болмайды екен жүректі тыңдамаса.

Өмірдің сол сәтіне тимес едім,

Сағым күн сабырымды ұрламаса.

О, ғажап!

Бақ-жұлдызым жанды бүгін,

Сепкендей періштелер таңғы нұрын.

Жеткендей қысқа қолым көкте күнге,

Бір үміт мұз-кеудемнен жарды гүлін. 

Ал енді осы сәтті ұмытуға,

Жетер ме?

Әй, жетпейді-ау бар ғұмырым...


 ***

Бұл көңіл - найзағайдай жарқылдауық,
Бұл көңіл - кетпейтұғын əркімге ауып.


Жалт қарап жасын қыздың жанарына,
Жан - жүрек өртке айналып барады да.


Осылай тағдыр гүлін сыйлай ма екен?
Осылай бақыт беріп қинай ма екен?


Ол бақыт - шаттық емес айқындайтын,
Ол бақыт - еш пендеге айтылмайтын.


Байланып қызыл жұлдыз кірпігіне,
Айналып кетеді екен күн түніңе .


Бұл көңіл - найзағайдай жарқылдауық,
Бұл көңіл- кетпейтұғын əркімге ауып.


Толқыншаш қалар деуші ем мəңгі есімде,
Толқынды кетеді екен толқын жауып ...

27.04.2019 ж


Алау мүсін


Сақтаған көркемдігін, бояу күшін,
Жаныма жылу берген алау мүсін.
Сен деген аяулы едің  әуел бастан,
Әлі де аяулысың.

Ойымның әлемінде жүрген дара,
Жансың- ау жаралғандай гүлден жаңа.
Сезімді мөлт еткізген ,тер төккізген,
Сендегі бір мең ғана.

Сен әлі үлбіреген кейпіңдесің ,
Түсіме кіріп жүрсің кей түнде шын.
Көргеннен селт еткенмін, серт еткенмін,
Жүректің сейфіндесің.

Жанымда болар ма едің және бүгін,
Мұңлымын, алайда ол - әдемі мұң.
Шөлімді әлсін-әлсін басушы еді,
Сөзің мен бал ерінің.

Қайтадан оралса еді  сәттер өткен,
(Бір белгі қалса деп ем көп деректен)
Жазылған жұмбақ жырлар - сағынышым,
Сезсең  ғой ... Әттең, әттең.


Өмір жолы


Өміріңнің өз жолы бар қалайда,

Тағдыр сенің жоспарыңа қарай ма?

Өткен күнді ұмытпауға болады,

болашақты болжау қиын алайда.


Ерегеспе, мейлі онымен ерегес,

қалауынсыз шаттығына бөлемес.

Тілегенмен ғұмырыңда басқа өмір,

Тағдыр сені таңдайды екен... 

Сен емес. 


Арманына жеткен бар ма шаршамай,

өткен шақты өткен бар ма аңсамай?

Тағдыр_сыншы сені қалай таңдаса,

Махаббат та дәл солай.


Жету үшін бағыт алған мәреңе,

Өмір_сараң, оңай олжа бере ме?

Дұрыс жолмен, бұрыс жолмен жүрсең де,

сүрінесің о, неге? 


 ***

Көлеңке түспей тұрмас жамалыңа,
Өкпе артып не қыласың заманыңа.
Қыстың да көздерінде жылылық бар,
Үңілсең әппақ әлем жанарына.

Қадірін ұғар болсаң фәнидің сен,
Лауларсың жігеріңді жани жүрсең.
Әркімнің бойында бір ұлылық бар,
Сырласып жан-жүрегін тани білсең.

Тағдырдан тиер талай өз үлесің,
Жандарға алуан түрлі кезігесің.
Надандық бар екенін көрген кезде,
Өлшемін адамдықтың сезінесің.

Арманға жеткен кімдер, шөккен кімдер?
Адам да сияқты ғой еккен гүлдер.
Аңсаудан тұрса дағы мынау өмір,
Сағыныш болмас барлық өткен күндер.

Қызыл күн мұнарлатып батқанда да,
Бақ қонар сәт болады ақ таңда да.
Ешқашан адам жұлдыз болған емес,
Болады тек жұлдызды шақтар ғана ...


Жангелді  НЕМЕРЕБАЙ

author

Жангелді Немеребай

АҚЫН

Жаңалықтар

Сарыағаш аудандық полиция бөліміне арызданған жергілікті тұрғын үйдің жанында ойнап жүрген кішкентай...

Жаңалықтар

Бүгін Ташкентте өтіп жатқан спорттық гимнастикадан Азия чемпионатында бірнеше жаттығу бойынша финалд...