Махаббат, сен қандайсың осы? ( Нұрлан Хавдайдың бір әңгімесіне орай)

ӘДЕБИЕТ
2489

Бұл – «Мәдениет» порталына жарияланған шағын ғана әңгіме! Аты –«Екі-үшеудің күйбеңі». Биылғы жастар жылына арналып өткізілген «Семсер» атты онлайн-байқауға қатыстырылған және жүлде алған әңгіме! Бәйгеге ылайық екенін алдымен қадап айтқан да өзіміз едік. Неге? Көлемі десеңіз, мүлде қып-қысқа! Бірақ шымыр дүниені айқындайтын көлем бе? Әлбетте, жоқ! Оқиға десеңіз, ол да әлде бар, әлде жоқ! Алайда, шын талантты туындының айна-таразысы оқиғада ма? Әй, қайдам! Санаңды селк еткізер тосын образ ше? Ондай көзге ұрып тұрған оқшаулықты да байқамаған сияқтымыз. Сөйтсе де... әңгіме тартымды! Жып-жылы! Бастысы - оқылады! Оқымасыңа қоймайды! Сені жетелейді! Сонымен, нені баян етеді бұл әңгіме?.. Бас кейіпкер Шара үйінен сыртқа күл төге шықса, «көрші үйден екі көз ере» шығады. Жас келіншектің соры да, бағы да – сол екі көз! Күйеусіз емес, әрине! Қосылған қосағы Сәмет «ер азаматтың сымбаттысы». 

Алайда, жалғыз ғана кемістігі – көзі көрмейді. Әйтпесе, бұл дегенде емешегі үзіліп-ақ тұр. Тіпті ер десең ер екені өз алдына, жаны да барынша нәзік, жүрегі жылы жан екенін әйгілейтін ісі де бар - есік алдында неше түрлі гүл де өсіреді. Соның бәрі бір басында бола тұра бұл жас арудың өзін-өзі «соқыр түйе жетектеп, құмда адасқан бәдәуи» секілді сезінетінін қайтерсің! Сөйтіп, күйзеліп жүрген кезінде, ойда-жоқта көрші үй жақтан екі көз пайда болар ма! Ал, Сәмет болса, «дүние көз алдымда жалғыз-ақ рет жалт етсе ғой» деп арман күйін кешулі. Шара үшін өз баспанасы «адамы бар, иесі жоқ» шаңырақ! Ана көрші жақтан қылтия қарайтын екі көз – Боранбай болса, сезіміне ине жүгірткендей, жанына маза бермей-ақ қояды... Әңгіменің ұзын-ырғасы осылай өрбіп, аяғына дейін ештеңені ашып айтпай, оқырманын ынтықтырумен әлектендіреді. Шара қайтер екен? Күйеуі ше? Ана ұятсыз «екі көз» ше?.. Ақыр соңында... соқыр Сәмет қайтыс болады да, ақ ешкі мен қара ешкі ол өсірген әсем гүлдерді емін-еркін аралап, апалаң-топалаң жасап жатады. Гүлге ие жоқ! Әсемдік аяқ асты! Тіршіліктен тәртіп кетті! Бәрі де босаңсыды... Астарынан нені аңғардыңыз? 

Ал, ол жағын, алдияр оқырман, өз қиял-пайымыңызға қалдыра тұралық. Айтарымыз – жас қаламгер ініміз Нұрлан Хавдай жақсы әңгіме жаза алыпты! Оқылатын және ойландыратын көркем дүние жарық әлем есігін емін-еркін ашқан екен! Ешкіммен салыстырып, ештеңемен шендестіріп жатқым жоқ! Бастысы – әңгіме бар! Сол – үлкен қуаныш!!!

:Жолтай Әлмашұлы

author

Жолтай Жұмат-Әлмашұлы

ҒАЛЫМ

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...