Өркен СалубайұлыӨркен САЛУБАЙҰЛЫ 1984 жылы 4-тамызда Шыңжаң өлкесі Алтай аймағы Қаба ауданының Көлба...
Ақын Табысбек Үсеннің 7 өлеңі
3123
"Мәдениет порталына" бұған дейін елге белгілі бір топ ақын өлеңдерін ұсынған болатын. Бүгін жас буын өкілі ақын Табысбек Үсеннің 7 өлеңін оқыңыздар!
Аруақ Мен - Құдайдың Ойымын, Менің ойым - Өлеңім, Тәнім тауып алады Өзіне тән керегін, Жүрек өзі біледі Нені сүйіп, сезерін. Мен бір бөлек әлеммін, Сұрамаңдар себебін! Кеңістік кеп қонады Кірпігіме қаласам, Содан кейін еркелеп Періштемен санасам. Мынау Өмір – кәдімгі сәтсіз елес тәрізді, Ой көзімен қарасаң. Мен – жарыкпын, сәулемін, Адам атын жамылған, Жоқтан бар боп табылған. Мен – тағдырмын дерексіз, Топыраққа жазылған... Уақыт (диптих) І Уа, қайырлы уақыт! Қайда кетіп барасың?! Кім жазады жүректердің Жарасын, Кім басады өкініштің өксігін, Ем бола ма есептеулі бес күнім, Неге біздер үлгермейміз кешіріп, Неге менің жанарымның ішінде Сол кыз ылғи кемсеңдейді кешқұрым?! Уа, уақыт мейірлі! Кім береді өткен өмір есебін, Кімге артады ұры түндер Кеселін?! Жарқ-жарқ етіп мәнсап қуған маңдайлар, Қашан ұқпақ бәрі жалған екенін?! Уа, уақыт қадірлі! Кім табады армандарды жоғалған, Кім іздейді тағдырларды тоналған?! Қаншама үміт үзілуде зорығып, Ізгілікке жол алған... Неге мына күз келді де ертерек, Қызғалдақты алып кетті көгалдан?! Сол болды ма мазағы, Неге том-том кітаптардың ішінде Күрсінеді қара сөздің мазары, О, не үшін түнге малып қаламын Карашығым айға өлең жазады?! ІІ Сақ-сақ күліп уақыт кетіп барады, Қайда кетіп барады? Үнсіз сүйіп кеңістіктің кірпігін, Жұлдыз жылап ағады, Кара таста қайғы болса егерде Желден шығар азабы. Қара түннің қасіретін арқалап Құлпытастың маңдайына қонған ай - Ғасырлардың жанары. Мырс етті де өте шықты уақыт, Үлгермедім, қайтейін... Үлгермедім жапырақты жұбатып, Білмей қалған кайтерін, Жете алмадым Құмға сіңді жол біткен Сағат біткен армандарды сенделген Өлтіреді корлықпен. Үлгермедім: Сүйіп, Күйіп, Кешіріп. Уақыттан озам деген – бос үміт. Бесті мінген бекзададай жылжиды, Бес күн өмір Маңдайымды опырып... *** Мың рет ойлан, Жүз рет толған, бәрібір... Тіршілік деген... Қара торғайдың әні бұл. Ышқынып тұрып айқайға басып Жылайсың, Адам сенгісіз асқарға шығып, Құлайсың. Құмырысқаның тірлігін көріп күлесің, Несіне оған күлесің? Өйткені қанша ақыл, қайратың болса да. Дәл сол жәндіктей бірлігің жоғын білесің! Түндіктің бауын түс ауған кезде ағытып, Кеш батса болды Кердөненіңді мінесің. Ұрпағымын деп ұлы да ұлы халықтың, Ұлықтың барып босағасында үресің. Несіне олай үресің? Өйткені, кеше, бөлтірік кезде Бөрілігіңді жоғалтқаныңды білесің! Білесің бәрін, Бақыттың қайдан келерін, Құдайдың нені берерін, Халықтың неге сенерін Жарықтың қашан жанарын Және де қашан сөнерін. Сондықтан шығар, марқаның Кештеу шешесің көгенін... Мен өзімді тапқан күні Пейіш бақта боламын. Мүмкін жанам тозақта... Содан кейін қалып қоям со жақта. Дәл сол күннен бастап мені Іздейді жұрт бұ жақта: Кітаптардан, Ғаламтордан, Газет пенен журналдан, Қыраттардан, Суаттардан, Орман, тоғай, нулардан. Әйтеуір бір деректерді табады Уақытқа ұрланған. Ал, әзірше өзімді іздеп келемін, Ешкімге жоқ керегім... "Сені тауып берем", - дейтін жан болса, Жүрегімді беремін. Тоғыз Өмір деген өкінішті сауалға Жауап іздеп тырбындық, Данышпансып махаббат пен зауалға, Арнау айттық, Оны мәнсіз жыр қылдық. Адам қандай, тұрмай жатып төсектен, Шаршап қалған таңғы шайға үлгермей. Еш себепсіз бір-бірімен өштескен, Мына мәнсіз ғұмырын Біреу үшін сүргендей. Солай, солай бәріміз. Өмір жайлы өсек айтып бітпейтін Тым күлкілі халіміз, Өз тағдырын мадақтайды амалсыз, Жәутеңдеген жанымыз. Біз іздеген сауал мәні тым терең, Ол жайлы мен үндемен. Жалғыз ғана өлмейтін, Онсыз өмір көркеймейтін, өнбейтін. Ол - ақиқат. О, немесе мағына жоқ ешқандай, мысалы: 4 ке 5 ті қосқандай. Солай... Бізді ұмытып кетер, сірә, бұл ғасыр, Уақыттың сыңғыр етіп сырғасы. Тауып алар бізді сосын болашақ, Келер ғасыр құрдасы. Бізді қайда апарады көшелер, Осы жерден өткен едім кеше мен. Бұл кафедан шығып едім мұң ішіп, Тағы мұңға толып қапты кеселер. Бізді күтіп жүреді екен қандай бақ, Мейір іздеп қанша жүрек сандалмақ? Мына түннің құшағында түнедім, Періштемен сүйісуді армандап. Біз осылай күн кешерміз дерексіз, Бір қарасаң ақымақ та емеспіз. Біз – әншейін Құдай жерге тастаған. Киім киген елеспіз. Жалғыздық Несіне мұңаясыз?! Несіне қайғырасыз?! Бәрібір тар бөлме жасыңызды сүрте алмайды. Айта алмайды өзі де жалғызсырайтынын, Зарығатынын, Сіз сияқты жабығатынын. Сіз де мынау ғаламдағы жай ғана нүктесіз, Өзіңізден басқаға мұңыңыз батпайтын, Өзіңізден басқаға сөзіңіз өтпейтін. Жыламаңызшы, Өзіңізді жұбатуға мәжбүр боласыз. Өзіңізді жұбатуға сөз таппай қаласыз... Жыламаңазшы! *** Мөлт етті... жанардан мөлт етті өзіңді сағынған жүрегім. Өзің деп өксіген аңғалдау сағыныш, Ақ үміт, Ақ арман, Тілегім... Мөлт етті жанардан, Жарығым... Тағдырым, Тәп-тәтті ғұмырым. Селк етті кеудемде селк етті... Сенделген сезімім, Сергелден көңілім... Қарашы... Қарашы, ауада билейді - Өзіңе жазылған хаттарым. Өксиді жапырақ тілінде Жазылған дастаным. Өзіңе жете алмай Зарығып, Талығып Жүректен құлайды ақ қанат көңілім... Ақ қанат көңілім ақ мұңға малынып, Мөлт етті... Ал енді, көзіңе қарашы, Кеудемде нұрланған жарық күн сен едің. Жалғызым, Жүрегім, Қош енді, кутуден жалықтым ...