Абай намаз оқыған ба?

АБАЙ ҚҰНАНБАЙҰЛЫ – 177
5080

Абайдың әкесі Құнанбайды қайта танығанымыз сияқты біз Абайды да қайта танысақ. Көркем шығармадағы Абай мен шын Абайдың арасы қаншалық. “Абай жолы” романындағы Абай намаз оқымайды, соған қарап қаламгерлердің арасында Абайда намаз оқымады-ғой дейтіндер табылады. Сөзіміз дәлелді болуы үшін “Абай жолы” роман-эпопеясынан үзінді келтірейік:

“Абай: -Е, немене, бұл не бар молла-қожаң жиналып, мені Мекеге жібергелі жатырсыңдар ма? Әлде “басы намазға тиген жоқ еді, Құдай жолына салайық, сауап алайық” деп жүрсіңдер ме? - деді”.1./№4 том, 321 бет./ 

Тағы да романға кезек берсек: “Ал Дәрмен мен Мағаш, Кәкітайлар өздері сүйсінген ойларын аша алмаса да, Абай айтқан жайларға соншалық ынтыға қызығып тыңдайды. Абай әлі сөйлеп отыр. 

-Хатта, ол философ құран ішінде адам иланғысыз ертегілер де бар, ғылым, фарасат білген сау ақылды адамдар иланбайтын “жын, сиқыр” сияқтыларға балаша илану да бар дейді. Еске алыңыздаршы? “Әлем тәракәйфа фағғала раббукә би асхабиль фил” деген аят қандай еді? Яғни, “Тәңірі иеге күфірлік келтіргендіктен филь қауымына қарсы, ғажайып құстар келіп, әр адамның баласына тәңірінің қаһар тастарын тастап өлтіргені кәні!” дейді ғой құранда. Осыған қалай лиануға болады? Яки, және де күндегі бес уақыт намазда, мына Көкбай оқып жүретін құран дұғалығы бар. “Құл ағузі бираббил фалақ минашәррима халақа, уәминшари нәффәсәти фил ғуқад” дейді. Яғни, “раббыңнан сақта” деп сұра, сиқыршы кемпірдің шүбірекке түйіп, әфсун оқып сиқырлап тастайтын пәлекетінен сақта деп тіле!” дейді. Бұл философ айтқандай, өзіміз осы күнде иланбайтын, бақсы-құшнаштың сандырағына иланғандықты көрсетеді емес пе? Міне,“хақикат” деп жүргеніміздің кейбірі бара-бара осылай ойлай берсек, сиырқұйымшақтап барып, әлдене боп кететіні де бар!-деп күліп тоқтады.

Жас достарының көбі Абаймен қоса күлді, Көкбай бұдан арыға шыдай алмай, тысқа қарай тартты. 1./№3 том.30-31беттер./

Әрине, біз қазақтың дара талантты жазушысын жамандаудан аулақпыз, оған сол кездегі билік, адамдар кінәлі, ол “саптаяқпен ас ішіп, сабына қарауыл қойған” кер замандағы туынды екені ойлансақ жеткілікті. Алаш орданың хатшысы болған жазушыға қалай жазу керектігін алдын ала қатаң ескерткен болуы бек мүмкін.   

Әйтсе, шын Абайға бірге көз жүгіртейік: 

Қазақ оқымыстысы, үлкен ұстаз Айжарық (Қамраддин) Айтілеуұлы. 1807жылы туылған, 1889 жылы 81 жасында Баянауылда Алланың рахметіне қауышқан. 1834 жылы Бұхараға кетіп 15 жыл бойы медресседе оқыған. Құран һам хадис ілімі бойынша жоғары білімді. Ислам ғұламаларының ғажайып еңбектерін қанып ішіп, әдепті бойына сіңірген кемел жан. 1866 жылы Омбы Кадет корпусында оқып жүрген інісі Халиолла хат жазған Абай Қамраддин хазіретіне сәлем айтады. Айжарық(Қамраддин)ұстаз Жидебайдағы Абайды кітаппен қамдаған десек қателеспейміз дейді белгілі шығыстанушы, филолог ғалым Серікбай Қосан. (ұлт ақпарат сайты.18,08.2020). Ал жадидизмнің негізін қалаушы ғалым Шаһабудин Маржани(1818-1889). Ол шығыстану әлемінде қомақты еңбектер жазған. 20 жасынан Бұхара, Самарханда білім алып, Қожа Мұхаммед Баһауддин Нақышбанди(қ.с) тариқатын мықты ұстанған ғалым. Шаһабудин Маржанидың тікелей өз пірі Әбу Сайыд иби Абдулхай(ха) Самарқандтық болған. Ш.Маржани Самарқандтан кейін 1845-48 жылдары үш жыл бойы Бұхарадағы Мир-Араб медресесінде болып, содан кейін еліне келіп мешіт, медреселер салдырған. /2.24-26б/ Олар дін ислам ілімімен қатар математика, химия, жаратылыстану, қоғамтану, жағырафия т.б оқытқан. Сөйтіп Алланың жасырып қойған ғылымын ақылмен, ғылыммен табуға ұмтылған. /3.64-65б/

Әл-фарби мен Абайды жалғаған Ш.Маржани Әл- Фарабидың түркі екенін, оның қазақ даласынан шыққанын алғаш дәлеледеген адам. \3. 65 бет\ 

Ол өзінің «Таным ақиқаты», «Қазан мен бұлғар турады ақпараттар», «Ханафи даналарының еңбектерін түсінуге құрал кітап» сияқты еңбектерінде Әл-Фарабидың ғылым, философия, музика саласындағы қағидаларына тоқталады. Абай мұны оқыған. \2.24-26б \ Ал Семейдегі Абай оқыған медресесінің құрушысы түрік зиялысы Ахмет Риза(1858-1930) жадидтік бағытты ұстанған.\5\ Медресе Маржанидың жолымен ғылымның барлық саласын оқытқан. \3. 65 бет\

Лиаһи ілімдер әуелі адамның рухына сіңеді, сосын барып ол тәнде (бойында) көрініс береді. (Қазақтың исламы осылай қалыптасқан болатын, кейін өкінішке орай әлсіреді). Аузында қанша жерден ілімі болып, іс-әрекетінде имандылық, мәдениеттілік, әдеп, ар-ұят, намыс, жауапкершілік т.б құндылықтар болмаса, оны кім дейміз? Демек, білім адам бойында көрінуі керек, сонда ғана ол шынайы білімді болады. 

Абай медреседе Құран, сүнне, усул, фиһ, ақида білімдерін жақсы білді, білім Абайдың рухына сіңді. Сонымен бірге ол жерде араб, парсы, түркі тілінен қара таныды. Кейін орыс тілін үш ай оқыған. 

Абайдың Абайлығы да оның «Патша Құдай сиындым, тура баста Өзіңе» деп бір Алладан медет сұрауында. Бар ісін жалғыз Жартушығы тапсыра қолына қалам алған ақын Құранды тікелей оқып нәр алған, шығыс шайрлары Фирдоуси, Низами, Хафиз, Жами, Сағди, Науаи, Сәйхалилердің илаһи жырларын түп нұсқада оқып бойына сіңірген. Орыс көзімен айналаны шолған. 

Абай бәрін өз жүрегінің сүзгісінен өткізіп синтездеп, туған еліне өлмес шығарма ұсынды. Қазақтың бас ақыны, қазақ көсем сөзшісі «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос»деп бірлікке шақырып, елді үлкен болашаққа бастады. «Құдай бір Құран шын, Құдайдың Өзі де рас, Сөзі де рас» деп өзіңді жаратқан Алланы тануға үндеді. «Жүректің көзі ашылса, Хақтың түссе сәулесі, іштегі кірі қашырса, адамның хикмет кеудесі»деп адам айналамына бір сәт ақыл көзімен емес, жүрек көзімен қарай алса Құдірет иесін таниды. Сонда Жаратушының нұры түседі, бар күнадан пәктенеді, сол кезде адам «нағыз адамға» айналады деп өзінің «толық адам» болу идеясын ортаға қойды.  

Абай атамыздың №12, №13, №16, №27, №28, №34, №35, №38, №45-ші қара сөзінің барлығы оның намазда терең ойға шомып, Аллаға жақын болғанының айғағы. Ал №7, №17,№19, №25, №31, №32, №43-ші қара сөздерінде жас ұрпақты, жалпы қазақты ғылым-білімге шақырады, соның жолын үйретеді. Бұл Абайдың ағартушылық, ойшылдық қыры, ол өз алдына үлкен әңгіме. Қалған 30 сөзінің барлығы дерлік, қазақ психологиясы мен қоғамындағы кемшіліктерді саралай талдайды және оны шешудің жолын исламдық құндылықтарды “тез” етіп соған салып түзеуге шақырады. 

Пайдаланған әдебиеттер:

  1. Мұхтар Әуезов “Абай жолы” №3,4 том, Жазушы баспасы, Алматы 2013жыл
  2. Ғылым іздеуді адамның адамдық борышы санаған. Мақсат Алпысбес. “Аңыз адам журналы ”24-26 беттер.
  3. Қыдырбек Әлқожаев “Абай эстетикасы және ислам” Ан-Арыс баспасы, Алматы 2007жыл
  4. Акбар Мажит, Су жоу шоиң “Абай ақылиялары” ҚХР ұлттар баспасы, Бейжің.1995 жыл
  5. Инерниет ресурстары: Google. Яандекс 

Нұрхалық Абдырақын 

author

Абай

АҚЫН

Спорт

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының экс-ойыншысы Ұлан Қонысбаев Euro-football.ru сайтына берген с...

Жаңалықтар

Бұл ерекше жүздесу Лондонда өтті. Ең ұзын және ең қысқа әйелдер кездесіп, бірге шәй ішіп, әңгімелест...