Кіршіксіз сезім ақиқаты

Фото интернеттен

Жаңалықтар
941
 
Жаратушы құдірет, Сенің бар екендігіне шүбә келтірмеймін. Барсың! Жүрек түкпірінде... санамыздасың. Сондықтан сенің алдында біз бәріміз мына кеңістіктің Уақытша ғана тұрғыны ретінде алдында бас иеміз. О Жасаған ием!.. Аз күнгі сейілге пенде баласы мәз, сауыққа тоқ, сайран күнге бақытты шаққа ырза!..
 
Көктем туды. Асқақ Алатаудың басы ғана мизам шуаққа мыңқ етпей тұр. Шың басындағы аппақ қар, жаулығы желбіреген тәккәппар келіншектей ағараңдап алыстан көрінеді. Жайнап келе жатқан базарлы шағы. Ызың-ызың еткен көліктер. Менің көңілім нәзік жүрегім, махаббатым барлығы өткен шаққа оралып аңсаумен аһ ұрып отыр. О құдірет Сен барсың! Бар болсаң менің аз күнгі махаббатымның қызығын неге аз, ғұмырын қысқа қылдың!? Заманым менің! Заңғарым менің!
 
Кино лентасындай сырғып бара жатқан сырлы ғұмырымыз көп сағымның арасына кіріп сіңіп жоғалып бара жатқандай. Үлкен үміт сөнді. Орның сағыныш басты. Заман білесіз бе? Ең алғашқы рет екеуміз танысып үлкен өмірге қадам басамыз, қалған күндерімізді бірге өткіземіз деп жоспарлап жүргенде –көктемнің алғашқы лебі істеттес 8 наурыз Халықаралық әйелдер мейрамы қарсаңында сіз маған ерекше сыйлық жасадыңыз. Соншалықты қымбат та емес. Бірақ мен үшін тосын сый. Абдырап қалдым. Оның үстіне қалам құдіретімен ақ қағазға жүрек жазуын жазып жатқан кезіңіз. Кезекті шығармаңызды жазып, түн баласы көз ілмей таң ата, таң рауандап атып келе жатқанда төсегіңізге қисайып тәтті қиялдан арылып жатушы едіңіз..
 
Иә, бұл сыйлықты маған беріп тұрып «Жаным менің ендігі ғұмырымды сабақтастырып әрі қарай әуенді кезеңімізді бірге қол ұстасып өткізетін менің гүл райхан бағым сенсің!..» деп ағынан жарылдың. Иә, Өмір атты кең айдында қайығын салып, ескегін өзім ұстаймын деп талпындық. Мен үшін қаншама дүние жаздың. Сырттан көріп келген көріністерімді жіпке тізіп шай үстінде айтушы едім. Әсіресе, қызықты тұстарын. Маңдай теріңіз шып-шып терлеп, бірден жазуға отырушы едің. Иә, сол көріністерді сонсоң тізбектеп жазып, маған оқушы едің!
 
• Аз ғана ғұмыр бірге кешсек де біраз дүниені жарық әлемге әкеліп оқырманыңызға сыйладыңыз. Маған деген кіршіксіз, таза, мөлдір ақиқатыңыз адал болды. Жаным деп еркелетіп, күнім деп маңдайымнан иіскейтін едіңіз. Қайтейін. Соның бәрі артта қалды. Соның бәрі... құр бір елеске айналды. Жалпы махаббат құдіретінің шексіздігінде шектеу жоқ. Атақты жазушы О. Бальзак «Махаббат ол екінші рет дүниеге келуін» депті. Махаббат — саңырау еститін, соқыр көретін қасиет. Д.Уилдмон.
 
• Махаббат — өмір сүруге құштарлық. М.Горький. Иә ұлы талант иелерінің барлығы махаббат жайлы айрықша пікірде болған. Екеуміздің бір-бірімізге деген шексіз махаббатымыздың лебі ерекше еді. Қайтейік... Бірақ қыр гүліндей көктеп келе жатып, бірден үсік шалды. Кейде қолыма қалам алып ұзақ үстел басында отырам өзіңіз жайлы жазсам ба деймін. Өзіңіз айтушы едіңіз ғой «руханият дүниесінің гүлденіп, елдің ықыласы мен ынтасы мына әлеуметтік желіден шаршап кітапқа ауады» деп. Иә. Ол күнде алыс қалмаған сияқты. Сосын барып ойлана. Мен неге заңғарым жайлы, Заманым жайлы жазбайын деп. Ұзақ түнді ұйқысыз өткізіп, ертеңіне жұмысыма барып жүрек түбіндегі сағынышымды тағы да ойлаймын. Жалпы, қалам ұстаушылардың қиял әлеміне барып сүңгіп қайтатындардың екінші біз білмейтін тынысы болады. Олар көбіне жүректен ауырады. Адам денесінің патшасы жүрек. Жүрекпен түйсінесің, жүрекпен сүйесің, жүрекпен ұғынасың. Ал жүректі паршалауға ешкімнің қақысы жоқ. Кейбір кебір мінезділер, адамның көңіл-күйіне қарамай, түсінбей жан әлеміне сызат түсіргісі келеді. Мұндайда жүрек тулайды, кірпік буланады.
 
Сонымен көктемнің гүл мерекесі. Заманым қоңырау шалды. Дауысы мұншалықты жарқын, қуаныштың әсем лебі бар:-Менің бақытым, аяулым, ардақтым, ақ періштем, са-ған ерекше сыйлық алдым. Қабыл аласың ғой?-дейді сұраулы дауыспен.
 
-Ия... иә... әрине қабыл алам дедім.
 
-Жақсы... Қазір мін-е, міне деп келді. Кішкентай сыйлығын, қолыма ұстатты. Бұл сыйластықтың, біздің ұлы махаббатымыздың алғашқы бастамасы еді. Мұндайды Әз атамыздың сөзі еске түседі «Екі адамның бір-біріне шын ықылас пен қалтқысыз қызмет етуі, не араларындағы адал махаббаттың, не асыл достықтың арқасы» дегені. Не болмаса ұлы ойшылдардың «Махаббат жастар айтпақшы құмарлықпен емес, сенімділік пен баяндылықпен өлшенеді» депті. Екеуміз сол күні мына шексіз аспан астында, ұлы жердің үстінде бақыттан басымыз айналып, рақаттанып Алматының саябағын аралап біраз жүрдік. Заманым, заңғарым басынан кешкендерін со-нау балалық шағынан бастап баяндады. Бір үлкен хиқаятқа сұранып тұрған дүние, бірақ жазбаймын. Қайтем «өткен шаққа» оралғым жоқ. Екеуміз осынау ұлы өмірде махаббат айдынында бірге қалықтап, бірге қол ұстасып бірге жүрсек. Содан асқан сірә бақыт жоқ. «Келші» деп маңдайымнан иіскеді.
 
О тағдыр!
 
О тағдырымызды жасаушы Тәңір!..
 
Енді-енді ұлы мақсаттарға көз тігіп көңіл дүрбісін салып болашағымыздың қазығын қағып жатқан тұсымызда Заманымды, заңғарымды, кең жүректің иесін қайтпас сапарға алды да кетті. Жылда құс қайтып, қар кетіп, көк шығып, шөп шығып, қыр гүлдеп, Алатаудың ақбас шыңындағы сүр қар Күн ананың мейірімінен жіби бастаған кезде көңілім құлазып жетімсіреп отырам. Мұндайда табиғат аясына шығып қыдырып, қырдың қырмызы гүлін теріп келсем бе деймін. Бірақ, Заманым жоқ. Заңғарым жоқ. Оның рухы Көк аспанның ар жағында ақ қанат періштер әлеміне кетіп қалған. Қайтпайтын сапарға. Егілем. Жылаймын. Ол сыйлаған сыйлықты қолыма алып қараймын. Бәлкім біздің ұлы махаббатымыздың жалғыз куәсі боп қалғандай. Қолыма алып жиі қараймын. Осы бір кішкентай сыйлықта үлкен жүрек жатыр. Үлкен сезім жатыр. Кіршіксіз ақ сезім. Ол сезімді мен жан қалтама салып алғам. Оны мәңгілік жадымда сақтап қоямын. Ойға батам. Ой...ойлар. Жүрек тулайды. Кірпігім буланады.
 
Тағдырыма тура келген серігім,
Мен бейбаққа сыйлады екен сені кім?!
Шар басымда, шаңырағым, сен тұрсың.
Басқалардың барлығынан жерідім.
Ауырлықтың көтердің - ау көбін сен,
Сенен келіп қуат алдым жеңілсем.
Сен - жер болдың, нөсер болып төгілсем.
Шұғыласың, қара бұлт боп көрінсем.
Мен - түн болсам, сен - таң болдың жаңа
Мені - қола, сені - шойын жаратқан.
Мен - ашу да, сен - ақылсың нәрі аққан.
Сен - Адамсың, мен аждаһа зәр атқан.
Білемін ғой, білмейді деп жүрсің бе?
Түсінемін кеудеңдегі дүрсілге.
Оңашада, жұрт көзінен жасырып,
Күрсінбеші, жалынамын, күрсінбе!
Әлі екеуміз аттанамыз сан жылға,
Күрсінбеші, қуаныш көп алдыңда.
Күрсінбеші, жүрегімді тыңдашы,
Талай - талай кереметтер бар мұнда!...
 
деп шайырлар жырлапты. Заманым жайлы, Заңғарым жайлы әлі де айтам. Жазам оның жарқын жүзін жазам. Оның адамгершілігін жазам. Оның шүбәсіз, жас баладай аңғалдығын жазам. Оның адами рухының бәрінен биік тұрғандығын жазам. Оның кісіге деген кішілігін жазам. Заманым менің амалым қанша, үлкен үмітте жүріп, қысқа ғұмырды келте қайырдың..! Бүгін сенің туған күнің
Әттең...
 
Жатқан жерің жарық,
 
Жаның жәннатта болсын.
 
Жұбайы Гүлмира Әжіханова
author

Заман Төлеуов

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...