Жолдыбай БазарШиқылдап есік ашылған сәтте іштегі күлімсі иіс қолқаңды қауып, еріксіз бетіңді тыржита...
Жеткеншек Меңдіғалиұлының қысқа әңгімелері
ЖАҢБЫРДА
Күн бұлттанып, аяқ астынан жаңбыр жауып кетті. Жұмысынан үйіне бет алған бойжеткен әп-сәтте су астында қалды. Үстіне жұқа киінген арудың қалқалайтын қолшатыры да жоқ еді. Түнерген аспанмен бірге сары қыздың да жүзін мұң шалды. Артынша жылаған бұлтпен бірге көз жасына ерік берді. Бірақ онысын ешкім байқаған жоқ. Мөлдіреген жанарынан мөлтілдеген жасы жаңбырмен араласты. Көшедегі ағаштар мен жолдағы аялдамадан да қалқа іздемеді. Аяң жүрісі өндіртпеді. Үсті малмандай су болған ол үйіне жетуге де асықпады. Бойын сағыныш пен мұң билеген талдырмаш қыз жол шетімен әлі ілбіп жүріп келеді. Алдыңғы жаңбырда сүйіктісінің қаралы хабарын алған-ды. Онсыз да ішқұса боп қиналып жүрген жанды тағы да бүгінгі жаңбыр жылатты. Сүйген жүрек сүйіктісін сағынады, одан әрі көңіліндегі қоңыр мұңның бояуы қоюлана түседі. Бұл – екі ғашық бірін-бірі шексіз сүйіп тұрса да мынау жалғанда сүйіктісімен бірге болу тағдырына жазылмаған ғашық қыздың мұңы еді. Егер сүйгені тірі болса, күрең күз тоңдырмайтын еді, жаңбырға жыламас та еді. Ол осы жаңбырда денесінің емес, жүрегінің жаурағанын анық түсінді...
ӨЛІМ
Үйдің мүлгіген тыныштығын мазасыз телефон шырылы бұзды.
–Ало, тыңдап тұрмын?..
–...
–Иә, менмін!Күйеуі боламын!
–...
–Не дейсіз?!.
–...
–Қалайша?.. Қашан?!
–...
–Жандарым-ау, үшеуі бірдей ме?!.
Ол суық хабар естіді.Төбесінен біреу мұздай су құйып жібергендей болды. Бір орнында сілейіп тұрып қалды. Жанарынан ыршып шығып үзіліп түскен жасты да байқаған жоқ. Таңертеңгілікте өзіне еркелеген қос құлыны мен жан жары жол апатынан оқыс жағдайда көз жұмыпты...
...Бала-шағасынан айырылу оған оңай тиген жоқ. Қайғыны көтере алмай, ішкілікке салынып кетті. Көп ұзамай баяғыда өзі мың, екі мың теңге садақа тастайтын қайыршылардың қатарына қосылды.Енді күздің қара суығында қайыр тілеп, базар бұрышында отыр. Асыға жүрген қызыл күрткелі әйел бұның алдындағы тозыңқы аяқ киім коробкасына 500 теңге тастаған. Соны алмаққа бекінгенде кейін келген біреу 10 теңге тастап жатып, әлгісін іліп әкетпек болды. Бұл да білегінен ұстай алған. Лып еткен анау ләм деуге мүмкіндік берген жоқ.Бұған еңкейе жақындап, жүрек тұсына бізді сұғып алды. Денесі екі рет сілкініп, алған тынысы бұзылып кетті. Мұрнынан қан тамшылап, көзі қарауытып, қырылдап бара жатты...
Көзі тірісінде бала-шағасына үнемі «Сендермен қашанда жаным да, арым да бірге» дейтін-ді. Айтқаны келді. Енді ол да ғайыпта...
КӨБЕЛЕК-ҒҰМЫР
– Көбелекті өлтірмеңізші,ағай! – деді Балауса бірге істейтін әріптесі Ерболға төне түсіп. –Өтінемін, оны жайына қалдырыңызшы?!
Жұмысқа жаңа тұрған жиырма бір жастағы жас қыздың жалынышты үнмен өтінген дауысы дірілдей шықты. Жұмыспен қамту орталығында істейтін екі кадр қас қарайғанға дейін бітпейтін есеп-қисапты жөндейтін еді.Оларға берілген тапсырма сондай. Ал терезеден ішке енген құрт көбелек пырылдап, аядай кабинетті шыр айналады. Жарықты һәм жарқын өмірді бұл да жақсы көреді. Бірақ кедергі келтірді деп Ербол сияқтылар бұған үнемі «қастық қылғысы» келеді.Аз ғана күн, тіпті, бірнеше сағат қана өмір сүретін көбелекті...
– Бұл мақұлық жұмыс істетпей, –деді ол оралған газетті көбелек жаққа қарай тағы да бір-екі рет сілтеп, – әбден мазаны алды! –Артынша алдындағы қалың журналды сол жаққа қарай лақтырып жіберіп еді,әйтеуір– көбелекке тимей қиыс кетті. Белгісіз мекиенге тап болғанын, әлде өзін бөтенсінгенін сезді ме, қара мұрттыдан жан сауғалаған көбелек енді қыз жаққа тербеле ұшты. Жай сәйкестік шығар кім біледі, бәлкім, алдағы оқиғадан хабар берді ме– көбелек «ағайлап» тұрған қыздың қолына кездейсоқ қонды. Қалай кез болғанын өзі де сезбей қалғандай. Қоп-қоңыр құрт көбелек. Енді жылауға айналған қызды осы сәт ұстап қалған сияқты. Аяқ астынан күлімсіреп жүзі бал-бұл жанды. Лезде аппақ та нәзік қос қолының алақан аясын тереңдете айқастырып, көбелекке ұяшық тор жасап ұстап тұрды.Сосын қолын қытықтай қанатын қағып пырылдағанын екі құлағымен кезек-кезек тыңдады. Жұқа ернін қос бас бармағының бүккішіне сәл тигізіп, Ерболға әдейі естірте: «Сенің ғұмырың менің емес, Құдайдың қолында! Өзіңді өзің сақтап жүр! Ағай сияқты «қаскөйлердің» қолына түсіп қалма! Түсіндің бе?!» – деп ойнақы әрі риза пішінмен сыбырлап, терезеге жақындады. Қордаланған қат-қабат жұмыстан шаршаңқы болса да, сол кеште Балауса көбелекті құтқарғанына іштей көңілді еді.
...Алайда көбелектің қорғаушысын ешкім өлімнен құтқара алмады. Ақ қан аурумен ауырған жас маман бір аптадан соң көз жұмды. Жұмыстастары көңіл айта барған. «Жастайынан көбелекке қатты үйір еді,қарғамның көбелек сияқты ғұмыры келте болды!» деп ұзақ аңырап жылаған анасын қалың көпшілік жұбата алмады.
...Аядай кабинетті айналып құрт көбелек ұшып жүр. Сыртқа шығар саңылау іздейді. Пырылдап... Құтқаратын қорғаушысы жоқ. «Бәлкім, бұл алдыңғы көбелек шығар, болмаса Балаусаның рухы шығар?!.» деп ойға шомды Ербол орындығының арқалығына шалқая түсіп. Ол бұл жолы көбелекке тиіспеді.