Нұршат ӘзінбекқызыТаза, мөлдір өлең жазатын Нұршат көркем сөзді тізіп, көпшілікті таңғалтуға талпынб...
Жолтай Жұмат-Әлмашұлының кітабы Мәскеуде жарық көрді
Белгілі жазушысы Жолтай Жұмат-Әлмашұлының «Жизнь горькая и сладкая» атты кітабы Мәскеуде орыс тілінде кітап болып басылып шықты. Бұл туралы rast.kz хабарлады, деп жазыды "Мәдениет порталының" тілшісі.
Белгілі жазушы-драматург, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жолтай Жұмат-Әлмашұлының бұл жинағы алдымен 2018 жылы Астанада «Ащы да тәтті өмір» деген атпен қазақ тілінде жарық көргені мәлім. Ол «Олигарх және Олимп» атты роман-элегия мен «Интерадам» деген роман-әфсанадан тұрады. Енді, міне, осы фолиант Ресей астанасындағы әйгілі «Художественная литература» баспасынан 14 баспа табақ көлемінде басылып шығып отыр.
Кітапты орыс тіліне аударған – Ербол Дәулетов. Ал әдеби редакторлық қызмет жасап, көркемдік жағын пісенттеген – орыс тілді башқұрт жазушысы Флюр Галимов.
Айта кетейік, «Художественная литература» кешегі Кеңес Одағы мен бүгінгі Ресейдің көркем әдебиет саласындағы №1 баспасы болды. Ол 1930 жылы 1 қазанда Госиздаттың әдеби-көркем секторы мен «Земля и фабрика» баспасының базасында «Государственное издательство художественной литературы» (ГИХЛ) атпен құрылды. Ал 1963 жылдан бері қазіргі «Художественная литература» деген атаумен қалың оқырман қауымға жақсы танымал. Ол бүкіл дерлік кеңестік кезеңде КСРО-дағы классикалық көркем әдебиеттің ең басты баспасы болып есептелді.
Қазақ жазушысының аталмыш кітапқа енген екі романы да осындай даңқты баспа ұжымы тарапынан өте жоғары баға алып отыр. Оны туындының аннотациясына жазылған тұшымды тұжырымдар анық байқатады. Соның ішінде «Олигарх және Олимп» романындағы бүгінгі күннің өзекті тақырыбы – қазіргі заманғы элитаның ұлт ұпайын түгелдейтін құндылықтарды жиып қойып, жеке бастарының баюы қамын күйттеп кеткені сынға алынуы ерекше атап өтіледі. Баспагерлер екі туындының да жаңалықтары мен өткір тұстарына кеңінен тоқталады.
Шынында романдар мен жазушыға беріліп отырған бағамдар атап өтуге тұрарлық. Мәселен, Ресей Федерациясы мен Башкортостан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Ресейдің Үлкен әдеби сыйлығы мен Валентин Катаев атындағы әдеби сыйлығының лауреаты Флюр Галимов осы кітапқа жазған рецензиясында: «Формат газетной статьи не позволяет подробно писать об этой книге большого писателя, и я уверенно заявляю – живого классика казахской литературы Жолтая Жумата-Алмашулы. Я считаю, что по этим романам нужно писать кандидатские и докторские диссертации, литературоведческие монографии, потому что книга «Олигарх и Олимп» – это совершенно новое слово в казахской литературе», – деген байламға қазық байлайды. Ал сөзінің түйінінде: «Видный писатель Жолтай Жумат-Алмашулы своими романами «Олигарх и Олимп» и «Интерадам» внёс в казахскую литературу совершенно новые темы и новых героев, чем серьезно обогатил родную словесность. А это – дорогого стоит. На такое способны только очень талантливые писатели–новаторы. Жолтай Жумат-Алмашулы поднялся на такую высоту», – деп шындығын айтып, ағынан ақтарылады.
Несі бар, мұны бүткіл қазіргі заманғы қазақ жазушыларына берілген пайым деп санауға да болады. Бұл біздің бүгінгі әдебиетіміздің дұрыс бағытта келе жатқанын танытады.
Біз қарымды қаламгерді осы жеткен жетістігімен шын жүректен құттықтаймыз.