Иранның әлемге танымал кинорежиссері Аббас Киаростамидың 1995 жылы ақпанда Вашингтондағы Америка кин...
Бақытгүл СӘРМЕКОВА. Етікші
Есін білгелі көріп келе жатқаны табан мен ұлтарақ. Дене болмысы да кәсібіне икемделіп қалған: жауырыны еңкіш тартып, мойыны төменге қарай иіліп отырады, басының иығынан жоғары көтеріле қоюы да тым сирек. Қыл тектес қалың қасына дейін төменге қарай қайырылып өсіп, кірпігіне жалғасқан. Мұрынын пысылдатып тартқыштай береді. Үнемі төменге қарап отырғандықтан мұрынына өзі мидың артық сұйығы деп есептейтін мұрынбоқ жиі жиналып қалатын болса керек. Қолындағы жібі үзіліп кетсе немесе шегесі қисық қағылса мұрынның пысылдаған дауысы тым жиілеп кетеді. Құйрығын басып отырған орындығы шағын, тізесін тым бүкпей отырғанына қарап бойының тапал екенін білуге болады. Шашы? Қысы жазы жібі тарқатыла бастаған ескі, кір сіңген майлы малақайын басынан шешпегендіктен шаштаразға баруы сирек. Бурыл шашы желкесіне түсіп, құлағының үстінен бұйраланып малақай астынан шыға келген кезде ғана бір барады. Тырнақтарының айналасына, саусақтарының жарылған, жырылған тұстарына сұп-сұр кір сіңген. Онысы ақ тырнақты ортаға алып айналасын қаптай мүк өсіп келе жатқандай көрінеді. Сұқ саусағы мен бармағына жұққан желімді алжапқышына сүрткіштеп алдын салтақтап тастаған. Кейде жұмыс аяқталар уақытта қырылдаған дауысымен әуені де, сөзі де түсініксіз әндететіні бар. Бірақ, бұл құбылысты байқағандар жоқтың қасы.
Бұл етікші. Атының кім екені де белгісіз. Өткен-кеткеннің аяқ киімін тігеді, ақысын алады. Тапсырыс берушінің бетіне емес, үнемі аяғына, тапсырған затына қарайды. Аяғындағы жылтыраған жаңа аяқ киімін көрсе іштей қанша уақытта тозатынын жобалайды. Шеберлігін біреу келіп мақтаса аяқ астынан абыржып, терлеп-тепшіп, қасы, мұрыны, ауызы жыбырлап ыңғайсыз жағдайға түседі. Бұндай кезде қандай жауап қайтару керек екенін ол білмеуі де мүмкін. Сосын іштей әлгі кісінің мақтауы сыртқа естілді ме екен деп елеңдейді. Әсіресе, көрші дүңгіршектегі самса сататын жуан белді, сөйлеген кезде бар денесі дірілдей қозғалатын ақсары әйелдің естігенін қалап тұрғанын өзі де жөндеп сезбейді.
Бүгін жұмысын ертерек аяқтап, дүңгіршегін кілттеп сыртқа шықты. Қарыны аш болмаса да жаңа біз атап өткен әйелден самса алды. Оны сол жерде тұрып жеді. Бұған назар аудармастан үлкен пышағымен асығыс пияз турап жатқан әйелге бірдеңе айтқысы келгендей ішке қарай елеңдеп қарап қояды. Жып-жылы ұлтарақ салып бергені үшін біреудің алғыс айтқанын, иа болмаса ақшасын артығымен төлеп, бұны арқасынан қағып, бас бармағын шошайтып «Мынауский шеберсің!» деп мақтап кеткен әлгі жігіт туралы айтқысы келді ме кім білсін? Самсасын тауысып болып, қалтасынан кір сіңген сұр шүберегін алып ауызын сүртті де, бетіндегі әжімдерін жиырып күлімсірегендей кейіп танытып, төмен қараған күйі: «Рахмет!» деді. Өзіне қаратылып айтылған «Сен әлі осы жерде тұр ма едің?» деген самсашы әйелдің нәзік дауысын ести сала ыстық шай ұрттағандай қолқасынан бастап, ішіне дейін жылып кетті. «Иә, бүгін табыс көп болды, тапсырыстарды ерте аяқтадым» деп жауап қайтарғысы келеді. Бірақ сұрақ пен жауаптың арасында біраз уақыт өтіп кеткен соң бұл сөздерді айту орынсыз екенін біледі де, үндемеді. Бүгежектеп кетіп бара жатып, артына бұрылып, дүңгіршек терезесінен аппақ білектері дір-дір етіп әлі пияз турап тұрған әйелге қарады. Ол болса көзінен ыршып түскен жасты алжапқышымен асығыс сүрте салып, кері жұмысын жалғастыра берді.
Өз өлшемінен үлкендеу болса да жап-жаңа костюм киіп алған арық жігіт дүңгіршекке келіп, самсашы әйелмен қалжыңдаса бастады. Аяқ киімінің тозығы жеткен, күтімсіз екенін көрмесе жұрт бұл жігітті бір мекемеде бастық, немесе әйтеуір әкімдердің жанында жүретін белсенділердің біреуі деп ойлауы мүмкін. Самса пісіретін ыстық пештің қызуына беті алабұрта қызарып терезеден басын ғана шығарған күйі әзілдесіп тұрған ана әйел де солай ойлауы мүмкін. Күлімдеуге икемсіз езуін тартып етікші де жымиды. Кімге, неге жымиғаны белгісіз.
Күнделікті автобусына мінді де, адамдардың әңгімесін тыңдады. Калада болған атышулы қылмысты талқылап жатты біреулер, біреулер жанармай қымбатшылығын әңгіме етті. Тас жол төселінбеген балшықты көшелерге күйініп отырды көрші көшеде тұратын жүзі таныс кемпір. Дауысы қаттырақ шыққан сайын аяғымен онсыз да бауыры сөгілгелі тұрған ескі автобустың еденін тепсініп қояды. Ескі етігіне жұққан балшық көптен бері жуылмай, тас цементке айнала бастапты. Бұл да алуан мәнді әңгіменің біріне ілескісі келгендей ерінін икемдеген. Алайда не айтарын білмеді. Тағы да езуін құлағына қарай сүйкімсіздеу созыңқырап жымиған кейіп танытты да артынша ыңғайсызданып қалды. Біреулер күліп отырғанымды байқап қалды ма дегендей көзіне қарай бұйраланып өскен қастарының астынан қарашығын жасқаншақтана жоғары көтерген. Бұл отырған тұсқа қарап отырған ешкім де жоқ екен.
Қала сыртындағы жабайы теректер қаптаған күтімсіз саяжайдағы үйшігіне кірді. Күні бойы жылы пештің жанындағы жатқан қара ала арық мысық тырнақтарын еденге қадап тұрып, керіліп алды да мияулап, аяғына оратылды. Етікші пешті жағып, сүт жылытты.
«Көшемізге тасжол салса жақсы болар еді-ау...» деп күбірледі.
Есіне етінен жуасы көп болса да ып-ыстық сорпасы шығып тұратын дәмді самса мен оның қамырын илейтін аппақ жұмыр білек есіне түсіп ыңылдап ән айтты.
Мысық жылы сүтке мұртын малды...