9 сәуір күні 17:00-де Ақтөбе қалалық мәдениет үйінде «Ауыл партиясының» қолдауымен жас а...
Орал қаласында Жұбан Молдағалиевке ескерткіш қойылды
Биыл қазақтың көрнекті ақыны, қоғам қайраткері Жұбан Молдағалиевтің туғанына 100 жыл. Бүгін Орал қаласының қақ ортасындағы Жұбан саябағының төрінен ақиық ақынның еңселі ескерткіші бой көтерді.
Қазақ руханиятының жақсылары мен жайсаңдары жиналған ескерткіштің ашылу рәсімінде сөз алған облыс әкімі Ғали Есқалиев алдымен жұртшылықты Жұбан ақынның 100 жылдық мерейтойымен құттықтап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді. «Биыл қазақтың ақиық ақыны, халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Жұбан Молдағалиевтің туғанына 100 жыл толып отыр. Жұбан Молдағалиев – төл әдебиетіміздің көкжиегін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосқан қарымды қаламгер. Ол – ұлтжандылық пен отансүйгіштіктің озық үлгісін көрсетіп, еліне адал қызмет еткен қоғам қайраткері. Аса көрнекті ақын еліміздің бірқатар басылымдары мен Жазушылар одағын басқарып, әдебиет пен ақпарат саласын дамыту жолында аянбай еңбек етті. Жұбан Молдағалиев Отанға деген ыстық махаббат пен ерекше сүйіспеншілікке толы туындылары арқылы тұтас халқымыздың рухын асқақтатты. Әсіресе, оның «Мен – қазақпын!» атты поэмасы ұлттық ерекшелігімізді айшықтап, қанымызға сіңген асыл қасиеттерімізді дәріптейді. Сондай-ақ қазақтың намысын жанып, елдікке шақырады, ерлікке үндейді. Халқымыз Жұбан Молдағалиевтің қоғамды дамыту мен әдебиетімізді өркендетуге сіңірген еңбегін ешқашан ұмытпайды. Ел тарихында өшпес із қалдырған біртуар тұлғаның өнегелі өмірі өскелең ұрпаққа әрдайым үлгі бола береді деп сенемін», делінген құттықтау хат мәтінінде.
– Жұбан ақын жалпы халыққа ортақ болғанымен, жерлестерінің ақынның рухының алдындағы қарызы мен парызы көбірек. Бұл тек Жұбан ағамызға арналған ескерткіш емес, Тәуелсіз Қазақстанның қазіргі уақыттағы биік абыройы мен елдіктің символы, – деген өңір басшысы Ғали Нәжімеденұлы тарихи сәтке куә болу үшін ұрпақтарымен бірге Жұбанның еліне арнайы келген аяулы жары София Мәлікқызына өңір жұртшылығы атынан шексіз алғыс білдірді.
Өз кезегінде София Мәлікқызы ақынын ардақтаған Жұбан елі халқының өзіне өте ыстық екенін жеткізді. – Жұбанның 100 жылдығына қалай да жетуім керек деп, өзімді күттім. Елдегі жағдайға байланысты сақтандым. Міне бүгін аман-есен орталарыңа келдім. Ақ Жайық елінде керемет жұмыстар атқарылған екен. Бәріңізге көп рахмет. Алдарыңызда басымды иемін, – деді ақынның жары.
Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет: – Ақ Жайықтың топырағынан түлеп ұшып, Алаштың аспанында қыран болған, өлең жырлары қазақ дейтін халқына ұран болған Жұбан ағамыздың Оралдың төрінде ашылған еңселі ескерткіші құтты болсын! Бұл ескерткіш осындағы Сырым мен Абайдың ескерткішіне серік болып тұр, қалаға көрік беріп тұр. Бұл жер ұрпақтардың тәу етіп, тағзым ететін, ғашықтардың гүл қойып келетін жеріне айналсын. Бұл жай ескерткіш емес, найзағай поэзияға орнатылған ескерткіш, бұл – қазақтың ар-намысына қойылған ескерткіш. Ескерткішті орнатқан ел азаматтарына, Жұбан ақынның жерлестеріне Қазақстан Жазушылар одағының атынан рахметімізді айтамыз. София апай сонау 1947 жылы қалай келін болып түскенін, қаладан келіп, қазақтың салт-дәстүрін бойына қалай сіңіргенін, оны өз ұрпақтарына қалай дәріптеп жатқанын әңгімелеп жатыр. Бұл кісі елдің, халықтың, поэзияның анасына айналып отыр, – дей келіп, София анамыздың иығына қамзол жапты. Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Жұбанның жыр әлеміндегі тілекші қарындасы Ақұштап Бақтыгереева, Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов, мүсінші Серік Рустамбеков, Жұбан топырақтан түлеген перзенттердің сәлемін жеткізген ақын Сағынтай Бисенғалиев ізгі тілектерін арнады.
Ескерткіштің авторлары, елордалық мүсінші-сәулетшілер – Серік Рустамбеков пен Ербол Зиябеков.
– Мен үшін осы тарихи іске қатысу – аса маңызды болды. Өйткені Жұбан ағамыздың көзін көргенмін. Оның ұлы Қуанышпен институтта бірге оқып, көп жыл жолдас болдым. Қуаныш та Қазақстан сәулет өнерінің дамуына елеулі із қалдырды. Көп жыл Сәулетшілер одағы төрағасының орынбасары болды. Ұлы тұлғаның жарқын бейнесін болашақ ұрпаққа жеткізу – үлкен міндет, зор жауапкершілік болды. Оған бар күш-жігерімізді, тәжірибемізді салуға тырыстық. Бізге осындай жауапты жұмысты сеніп тапсырған облыс басшылығына алғыс білдіремін. Бұл жұмысты біз республикалық ашық конкурстың нәтижесінде қолға алдық. Қоладан құйылған ескерткіштің биіктігі – 3,5 метр. 1,8 метрлік тұғырнама табиғи гранитпен қашалған. Бұл мақсатқа 70-80 млн. қаражат бағытталды, – дейді сәулетші Серік Рустамбеков.
Орал қаласында Жұбан, Қадыр ақындардың мерейтойларына арналған шаралар легі әлі де жалғасуда.