Батыр Бәукең туралы келіні Зейнеп Ахметованың естеліктерінен

ЕСТЕЛІКТЕР
3678

Кейде екі адамның үйлесімділігіне қарап таңғаласың. Тәңір өзі тауып қосып, кейін осынша мінсіз тандемге өзі де тамсана, сүйсіне қарайтын іспетті. Мұндай ой қазақтың ұлыларының маңдайына біткен асыл аналарымыздың даналығы туралы сөз болғанда еріксіз санаңды билеп алады.

Қазақтың қаһарманы Бәукеңнің жалғыз ұлы, асылдың сынығы Бақытжан Момышұлының жұбайы Зейнеп Ахметова да құдды осы шаңыраққа келін болып түсу үшін жаралғандай сезілетіні рас. Атаның айтқандарын бала келін боп босағадан аттаған сәттен-ақ санасына құйып отырған Зейнеп апамыздың естеліктері қанша кітапқа арқау, қанша келінге нұсқау, тәрбие көзі болды?!

Бауыржан Момышұлы немересі Ержан Момышұлымен


Батыр атамыздың бүгінгі жарық дүние есігін ашқан күніне орай сол естеліктерден бөлісуді жөн көрдік.

Зейнеп Ахметова батыр Бәукеңмен болған алғашқы кездесу туралы: "Жас кезімізде атаның кітаптарын оқып, ол кісі туралы аңызға бергісіз әңгімелерді естіп өстік. Отқа салса күймейтін, суға салса батпайтын баяғының батыры сияқты елестетінбіз. Алпыс үшінші жылы қазіргі Әл-Фараби атындағы университеттің Филология факультетінде үшінші курста оқып жүрген кезімізде атамен кездесу болды. Бірінші рет сол кезде көрдім ол кісіні. Сонда бұл кісі де біз сияқты адам екен-ау деп ойлағаным есімде",-дейді.


Оқи отырыңыз: Бауыржан Момышұлының поэзиясына арналған жинақ шықты


Ал, енді келін ретінде қолына көшіп келген алғашқы күндерді былай деп еске алады:

"Кез келген қыз бала түбі келін болатынын білді. Мен де білдім.  Бірақ бірден "арыстанның апанына" түсіп кетемін деп ойлаған жоқпын. Көпшілігі Момышұлының келінінің өмірі керемет деп ойлайды. Олай емес. Талай қиындықты басымнан өткіздім. Бірінші келген күннен-ақ қателік жіберіп, атаның айқайын естіген адаммын. Біз қолына көшіп келдік. Ол кезде 25 жаста едім. Қызметтен шығып, "Қызмет қайда қашар дейсің,  атаны күтуім керек" деп шештім. Біз келгенде ата "Сендер орналаса беріңдер" деп өзі санаторийге кетіп қалды. Үйдің іші бос. Ақтап-сөктеп, тазалап қойдым.  Бірақ атаның кабинетіне кіріп көрмеппін. Кіргенде байқағаным – мен ойлағандай керемет кабинет емес. Тағы бір таңғалғаным, еденнен төбеге дейін бір кереге түгел кітап екен. Қуысқа таман атаның төсегі қойылыпты.

Ортада тұрған үлкен үстелдің үсті қобырап жатыр.  Пысықтығым ұстап, жым-жылас қылып жинап тастадым. Үстелдің үстіне жазу машинкасы мен ақ қағазды ғана қалдырдым. Бірнеше күннен соң есіктің қоңырауы шырылдады. Тез барып аштым. Ата: "Қоныстарың құтты болсын!" деп кіріп келді. Мен асүйге жүгірдім. Бір кезде  атаның тау қопарардай күркіреген дауысы шықты. Шошып кетіп, жүгіріп барсам, ата кабинеттің ортасында тұр. "Кім мынаны жинаған? Кітаптарды сапта тұрған сарбаздай қақшитып қойған?"  деп айқайлап  ұрысты. "Мен жөндеп едім…" деп бірдеңе айтқан болдым. "Жөндегенің құрысын, кет, көрінбе көзіме!" деп айқайлады. Алапат айқайдан кейін аяғым да алға жүрмей, ілбіп басып, асүйге келдім. Ағыл-тегіл болып келіп қалған көз жасымды іркіп, ерінімді қатты тістеп алып, ваннаға барып, суды барына ашып қойып жыладым. Әбден ішім босағасын есікті жайлап ашсам, баласы екеуі жайбарақат әңгіме  соғып отыр. Мені байқап, ата: "Бері келгін" деді. Ақырындап жанына барып, төмен қарап тұрып кешірім сұрап: "Енді қағаздарыңызға тиіспеймін" дедім. "Әй, балам, мой беспорядок, это есть высший порядок" деді ол. Түк түсінген жоқпын. Кейін білдім. Сырт көзге қобырап шашылып жатқандай көрінгенімен, ол кісінің өзінің әдеті екен ғой. Содан соң "Жылағың келгенде, суды сарылдатпай-ақ жылай бер" деді. Ең алғашқы  күнім  осылай  басталды".

Батыр Бәукеңнің келінінен Ұлт Анасы деген атқа жеткенге дейін Зейнеп апамыз талай сыннан өтті. Атаның қасында өткізген жылдар туралы "Шуақты күндер" кітабында айтылады. Содан алынған кей естеліктерге де тоқталып өтейік:– Балашка шайың бар ма? - деген дауыс ойымды бөліп жіберді Атамның жақсы тынығып, сергек тұрғанын біле қойдым. Неге десеңіз, көңіл-күйі өте жақсы кезде мені "балашка" дейді, бір қалыпты болса "балам", ал ренжи бастаса "Зейнеп" тіпті ашуға мінгенде "турчанка" деп айқайлайды.

***

Тура қақаған қыстың ортасында етігімнің сыдырмағы ажырап кетті. Әрі – бері шұқылап көріп едім, қолымнан келер емес. Амалсыздан күздік туфлиімді киіп, етігімді шеберханаға апардым. Жол-жөнекей талайлар аяғыма көз тастап өтіп жатыр. Пендешілікпен бір түрлі қорынғандай болып үйге жеткенше-ақ еңсем түсіңкіреп қалды. Есіктен кіргенде атам коридорда телефонның қасында тұр екен. Жіті көзбен бая-аяғымды бір шолып өтіп:

– Әй, балам, мынау қандай сән?- деді.

– Етігімнің сыдырмағы бұзылып… соны…

– А, сәнің бе десем, салақтығың екен ғой, жазда күн қайнап тұрғанда қыс хабар беріп: "тоны жоққа сәлем айт, етігі жоққа өзім барам" демеп пе еді?

Әлгіндегі көңілдің көлеңкелене қалған түйткілі лезде ғайып болып, ал кеп күлейін. Алайда атама тән осы екі ауыз қызық сөздің өзінде ақыл да, тәрбие де бар болатын.

Зейнеп Ахметова***

...Мезгіл түске таяп қалған. Газ плитасына шай қойылып, қайнағанша бүгінгі газеттерді қарап отыр едім, есік сынып кетердей тарсылдады. Үйде жалғыз отырған соң әрі әдеттегіден тыс мына тарсылдың өзгешелігі шошытып жіберді. Тапа-тал түс болса да есікке келіп:
– Бұл кім? – дедім.

– Мен! Атаңмын! Бар, киін! - деді күн күркірегендей үн есіктің сыртынан. Алғашқы қорыққаным қорыққан ба, зәрем ұшты. "Бар, киін" деген сөздің байыбын бірден ұға алмай, үйде киіп жүретін халатымның түймесін бір салып, бір ағыттым. Киім салатын шкафқа жүгірдім. Сасқалақтап, киімдерімді жұлмалап, әлекке түстім де қалдым. Дегенмен өзіме-өзім "сабыр-сабырлап" үстіме жеңі ұзын көйлек, басыма орамал, аяғыма шұлық тауып кидім. Барып есік ашып, ата-бабамның салтымен иіліп сәлем салдым.

– Бақытты бол, балам! - деп қолын болар-болмас басыма тигізіп, бөлмеге кірді. Ата жалғыз емес, қасында бір кісі бар, өң-түсінің қандай екенін көргенім жоқ, бірден басымды көтеруге батылым жетпеді..."

Олар кеткен соң талайға дейін өзіме-өзім келе алмай дел-сал күйде отырып қалдым. Шірей бұралған домбыраның тырсылдап тұрған ішегі босағандай бір күй кештім. Біраз уақыттан кейін атамның əрбір сөзін есіме қайта түсіріп, жүйелеп талдай бастадым.
... "Бар, киін" дегенін де өзімше түсіндім. Жасыратыны жоқ, үйде жеңіл болсын деп кеудесі ашық халат киіп, жалаңаяқ, шашымыз қобырап жүре береміз. Содан бара-бара əдетке айналады. Үйге біреу келе қалса да, сол күйі қабылдай береміз. "Көшеде емес, өз үйімде жүрмін ғой", - деп, өзімізді өзіміз жұбата салатын əдетіміз тағы бар. Атам мені осындай келісімсіз, ашық-шашық күйде көргісі келмеді. Мен өзім де аңқайған киімге жақын емеспін. Өз əкем де ондайға жаны қас кісі еді.

"Баланы жастан, келінді бастан" деген өте дана сөз. Мен кейін, атаммен бірге тұрған жылдары осы алғашқы жүздесудегі көңіліме түйгендерімнен таңбадым. Атам еш уақытта сен былай киін, олай киін деп айтып көрген жоқ.

Атам өз өмірінде сый-құрметке, қошеметке бөленген адам. Бірақ халқымыздың жақсы салттарын сақтап, əдеп пен ізет көрсетуім тіпті ұнап-ақ тұратынын білетін едім.

А. Оралқызы

author

Бауыржан Момышұлы

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Сарыағаш аудандық полиция бөліміне арызданған жергілікті тұрғын үйдің жанында ойнап жүрген кішкентай...

Жаңалықтар

Бүгін Ташкентте өтіп жатқан спорттық гимнастикадан Азия чемпионатында бірнеше жаттығу бойынша финалд...