Мына суретте: ақын Тұманбай Молдағалиевқа өлең оқып отырған жас кезім. Кейін Тұманбай ақынға оқыған...
Айгүл Сейілова. Тәуелсіздік дәуіріндегі әдебиет
Жаратушыны тануға бет алды
Әдебиет – қасиетті әлем. Жан-дүниеңізді ғұмыр бойы әлдилейтін, әлдиінен мұң шашыраған шығармалар болады. Оқыған сайын оқи бергіңіз келеді. Бәлкім, ол шығарманың терең иіріміне бойлай алмайтын шығарсыз, оның тілдік, стильдік ерекшелігін де түсінбессіз, бірақ тіршілік күйін шертіп тұрған осынау туындының мейлінше дархан, әулиедей адал, абыздай шыншыл әрі қасиетті саналатын Әдебиеттің нақ өзі екенін, оның сізді ешқашан жатырқамайтынын, жек көрмейтінін, адастырмайтынын әлдебір түйсікпен сезе қоясыз.
Әдебиет өкілдерінің ішінде менің де жаныма жақын, әңгіме-хикаяттарын басыма жастана жатып оқитын жазушыларым бар. Олар – тәуелсіздік дәуіріндегі, яғни, қазіргі кездегі жазып жүрген талантты жазушылардың барлығы. Әрине, олардың әрқайсысының өз жазу мәнерін, талғампаздығын, талант-қабілеттерін айтпағанда, құдайшыл болмыс-бітімдері қызықтырады. Осы жерде тарихқа шегініс жасап, ХІХ-ХХ ғ.ғ орыс діни философиясына қысқаша тоқтала кетсем деймін. Орыс діни философиясының, оның ішінде славянофильдіктің негізін қалаушылар ретінде есептелетін Киреевский мен Хомяковтың «бүтін ақиқат бүтін адамға ғана ашылады» дейтін идеялары орыс ойшылдары Н.Бердяевтің, Н.Лосскийдің, Л.Карсавиннің, С.Булгаковтың, П.Флоренскийдің, т.б шығармашылық қызметтерінің негізін құрады. Киреевский мен Хомяков: «Бүтін ақиқатқа жету үшін адам өзінің барлық рухани күштерін – сезімдік тәжірибе, рациональды ойлау, эстетикалық перцепция, адамгершілік тәжірибе және діни парасатты бүтін бір тұтастыққа жинау керек. Сонда ғана адам өзінің нағыз болмысын түсініп, Құдай туралы жоғары рациональды ақиқатты иегереді»,-деді. Олар сонымен қатар адамгершілік тәжірибеге, интеллектуалдық интуицияға, ең бастысы, адамның Құдаймен және оның патшалығымен байланыс орнатуға мүмкіндік беретін мистикалық діни тәжірибесіне де сенді. Осыдан барып славянофильдер тұжырымдағандай, ресейлік қоғамда «қауымдық принциптің» таралуына байланысты «соборшылдық рух» беки түсті. Шіркеудің бастапқы нақтылық екеніне ешкім дау тудырмады. Міне, сол кезде «Мәскеу – үшінші Рим» доктринасынан «Қасиетті Русь», «Ұлы Русь», «ұлттық түбір» идеялары бой көтеріп, орыс адамының танымын тәрбиелеуге қызмет етті. Жалпы орыс діни философтарының мақсаты – тәжірибенің алуан түріне (әсіресе діни тәжірибеге) сүйенетін бүтін тұтастық ретіндегі әлем туралы теорияны жасап шығару болатын. Ол теорияның қаншалықты деңгейде жасалғанын білмеймін. Есесіне, орыс діни философтарынан мейірі қанғанша сусындаған ақын-жазушылар өсіп шыққаны, олардың әдебиеттің «алтын ғасырын» жасағаны есімізде. Олар – Толстой, Достоевский, Пушкин, Чехов, Бунин, Гоголь, т.б. Әлемді таң қалдырған осы кісілердің болмыс-бітімдері құдайшыл болатын... Әңгіме қазақ әдебиетіндегі құдайшыл жазушылардан шығып отыр ғой. Сондықтан, Роза Мұқанова мен Қуандық Түменбайдың бір-бір туындысына болашақта жазылмақ көлемді материалдың бастамасы ретінде тоқталып өтсек дұрыс болар. «Сормаңдайды» оқи бастағанда-ақ жүрегіңіз әлдебір жамандықты сезетін сияқты. Өйткені, күйеуі, екі ұлы бар Бану атты көркем келіншек дәл жас қыз сияқты алабұртып, махаббаттың оты санасын жаулап, кездесуге баруға дайындалып жатыр. Келіншектің емізулі баласын құшақтап, бастауышта оқитын ұлын күйеуіне тастап, ғашығымен, яғни Мұстафамен бірге қалаға кетіп тынатын жеріне келгенде де, «е, нәпсісіне ие бола алмаған әйелден бәрін күту керек» деп қабағыңызды шытасыз. Бір жағынан «Бәлкім сүйген шығар? Бірақ әкесіне тастап кеткен баланың жағдайы не болар екен?»-деп абыржи да бастайсыз. Жарайды делік. Мұстафаның ауылда қалған алғашқы әйелі алдымен жынданып кетіп, соңынан қайтыс болды. Бұл жерде де сап-салқын санаңыз көмекке келіп, әйелдің қайтыс болғанына күйзелуден бұрын, «бір еркекке бола жынданып кеткені несі?» деп айыптай бастайды. Бұл да дұрыс-ақ болсын. Ал шешесін сағынған Қаныбек ұл ше? Оның аяқасты болған үміті, қасірет сыздатқан жүрегі, кірленген сенімі... Соны көтере алмай жаны үзіліп кеткен қайран ұл. Өз басым сол тұста жылап отырдым.
«...Есейемін, ертең өзім іздеп табамын деген тәтті қиялдан үміт үзіп, бала дәл бір қарт адамша ауыр күрсінді.
...Қаныбек ойы әр саққа жүгіріп, мынау өмір, тіршілік деген қызықсыз екен ғой деген сәби тұжырымға тірелді. Өмір жолының өзіне беймәлім, шым-шытырық тұстарынан сескеніп, көзі жасаураған қалпы әлденеден түршігіп қабағын шытты. Ертеңгі күннен, алдағы болашағынан, сондағы үрейлі жалғыздықтан қорыққаны ма, көрпесін кеудесіне тартқан бойы көз жұмды.
Сандырақтап жатып екі қолын көтеріп, құшағын жайды. Сонда бәлкім, шешесі шынымен-ақ келіп, маңдайынан өз демімен иіскеп, «тұра ғой, құлыным» деген болса, сағыныш кернеген бала жүрек атып тұрып, Бануды бас салар ма еді? Сөйтіп жазылып кетер ме еді? Бірақ олай болмады. Ауаға бос сермеген Қаныбектің сидиған арық қолдарын ешкім ұстамады...». Бітті. Ары қарай оқуға соншалықты құмартпайсыз. Өйткені сәбидің көз жасын, оның өлімін ақтап алатындай ешқандай да мәнділік жоқ. Түйсігіңіз алдамайды, шынында да солай екен. Банудың тіршілігі қым-қуыт, бірақ мәнсіз. Айтпақшы, баласының қазасынан кейін ол іссапармен басқа қалада жүрген Мұстафаға: «Баламның өліміне сен кінәлісің. Менде енді ешқандай қызық қалған жоқ. Алғашында сүйгенім рас еді. Сөйтсем, тұңғышыма деген аналық махаббатымнан ол сезім биік емес екен. Хош!»-деген ыңғайдағы хат жазады. Хатты апарып салатын шығар деп күтіп отырсыз. Осы жерде бір ерлік жасап, махаббатынан бас тартатынына, күнәһар екенін бар болмысымен сезініп, ең болмаса өз ожданымен бетпе-бет қалатын жалғыздықты таңдап алатынына кәдімгідей үміттенесіз. Шешуші сәтте хатты жіберуден айнып қалған пенде тұр алдыңызда. Сосын оған деген әртүрлі сезімдеріңіз де өз-өзінен жоғалады. Тіпті, Мұстафа қайтқан соң, үшінші рет тұрмысқа шыққанда да селт етпейсіз. Әңгіменің ең соңында өгей шешенің күнделігін оқып отырып, оны не ақтарын білмей, не даттарын білмей дал болған Арман образының да әсері әлсіз. Өйткені, сіз бағана оқуға құмартпай қалған жерде-ақ келіншекке үкім кесіліп қойған болатын. Сормаңдай...
Роза – парасатты жазушы. Мына бес күн жалғаннан мән іздеген, сөйтіп жүріп тағдырдың тәлкегіне түскен сормаңдай келіншекті ешқандай айыптамайды. Оған деген мүсіркеушілігі де жоқ. Банудың өз аузына өз қылықтарын ақтайтын әсіреқызыл сөз де салмайды. Бірақ осы әңгіменің тереңіне бойлағанда бір нәрсені ұғасыз. Жазушы кейіпкерінің әрбір қадамы үшін күйзеліп отырады. Кеудесінде Құдайы жоқ болған соң иманы кемшін сормаңдай әйелдің мәнсіз ғұмыры жанын бебеулетеді. Сөйте тұра «Оның Құдайы жоқ қой, Құдайсыз жерде қандай мән болушы еді?» демейді. Бірақ жазушы жанын күйзелткен сезімдер сіздің де жүрегіңізге көшіп алған сияқты...
Қуандық Түменбайдың «Қазанама оқушы» деген әңгімесі бар. Бұрын құрылысшы болған, нарық заманында қысқартуға ұшыраған соң, темірден түйін түйіп, бір қалада күнелтіп жүрген Рахман деген жігіт ағасының тіршілігі туралы. Бірақ оның ерекшелігі – газетке шыққан қазанаманы дауыстап отырып оқиды. Соңынан бетін сипап, «күнәсін кеш» деп күбірлеп қоятыны бар. Әңгіменің бас жағында бұл «асқазан рагы болуы мүмкін» деген қорытындымен ауруханада жатып, жазылған соң үйіне келсе, әйелінің бір жапырақ қағаз қалдырып, басқа біреумен кетіп қалғаны туралы айтылады. Кейіпкер онша қайғыра қоймайтындай. «Күміскүл деген қатын бар, көрсеңдер оны атыңдар».Дәл осылай деп жазып, қабырғаға іліп қояды. «Әйелге деген көзқарасы қызық екен» деп мырс ете қаласыз. Хош, ары қарай кеттік. Диамет, Истмат деген бауырлары ертеректе қайтыс болыпты. Құдайға сенбеген атеист әкеге жөндем жерден мола да бұйырмаған. «Е, Кеңестік саясаттың салқыны кімдерге тимеді бұл тұсқа да немқұрайлылау көз жүгіртуіңіз мүмкін. Бірақ мына иманды кісінің тіршілігі жан-жүрегіңізді әлдилеп отырады. Туған-туыс, құда-жегжаттан жұрдай, кіндігінен тараған ұрпағы да жоқ Рахман үйін кімге қалдырарын білмей дал болатын сәт қандай әсерлі. Ойланып-ойланып тоқтағаны – бес баласымен күйеуі тастап кеткен Махфуза. «Өле кетсем үйіме ие бол. Қазір де бала-шағаңмен келіп араласып тұр» дейді алғашында әйелдік сайқалдықпен боянып-сыланып, қылымсығанымен, кейіннен өзіне таң қала қарап қалған Махфузаға. Әңгіме соңында кейіпкеріңіз әйел әкеліп тастаған екі пышақты қайрап отыр. Тәмам. Бір қарағанда пәлендей ешнәрсесі жоқ сияқты. Бірақ есіңізде қалып қояды. Біріншіден, дәл мұндай үлгідегі әңгіме қазақ әдебиетінде болған емес. Екіншіден, мына кейіпкер сізге ұнады. Ішкі байламы берік, жүйкесі мықты, тәубашыл, жалғыздығы өзіне жарасымды. Екі дүниесінің де иманын ойлап, қара шаңырағында қауқиып отыр. «Жалғыз жүріп бақыт таппайсың. Оны қоғамнан да таппайсың»-дейді әл-Ғазали. Алайда мына кісі туралы «бақытсыз» екен деп айта алмайсыз (әдетте көркем шығармалардың көпшілігінде жалғыздық бақытсыздықтың символы ғой). Қайта мұның өмірі миллиондаған адамдардыкімен салыстырғанда әлдеқайда бақытты, мәнді. Өйткені, әлемді мәтінге көшіру идеясы кеңістікті кезіп жүргенде, сөйтіп адамдардың құндылықтар туралы танымы мидай араласып, бей-берекет өмір сүре бастаған дәуірде де өз болмысынан ауытқымаған, иманы кәміл адам тұр алдыңызда. Өркениеттен жырақ ауылдыкі де емес, қаланың адамы...
Мен бұл екі әңгімеге жайдан-жай тоталған жоқпын ғой деймін. Бір-біріне мүлде ұқсамайтын екі әңгіменің ортақ өзегі бар. Ол – Құдайды дәріптеп, жоғары ақиқаттың Құдайда екенін, жеке адамның әлдебір махаббатының, қысқа ғұмырдағы қуаныш-қайғысының түкке де татымайтынын, оның өмірінің мәнін түсініп, әлемдік болмыспен тұтасуы үшін алдымен Құдайын тануы керектігін шебер жеткізуінде. Оқырман, сіз не байқайсыз. Мен тәуелсіздік дәуіріндегі әдебиеттің Құдайға бұрылғанын, бұдан ары құстай ұшатынын аңғарамын...