Суретте әлемге әйгілі ит Хатико. Адамдардың адал досына айналған бұл ит 1923 жылдың қараша айында дү...
Жантас Еркін. Сенбі
3289
(новелла) Сенбі – алты аяқты өрмекші сияқты. Тек сенбі күні ғана тіріледі. Басқа күндері де осылай болса ғой. Саған жетіде «оятқыш» соғуы керек болған. Соқпады. Б бәрінен бұрын оянып алды. Түстен кейін Бора досымен «Retro»- да кездесетінін есіне алып, не туралы әңгімелесеміз деп ойланып тұрған. Әдеттегі – әдебиет. Пайдасыз дүниелерді айту ғана, оны пайдалы етеді. Коньяк түбіне жететін шығар. Қу сүйектеніп кетіпті. «Келесі – менің аялдамам!». Түсіп қалды. Көңілсіз аспан. Қар жауа ма екен. Ішпеу керек. Үстел үсті. Алты рөмке бос тұр. Бора бөлек адамдай түтіннің құшағында отыр. Түтін – оның ойлары.
- Көресің бе?
- Жоқ, білесің, мен шекпеймін. - Көмектеседі... - Неге көмектеседі?
Бора демін шығарды.
- Бәріне.
Жарты сағат бұрын тапсырыс берген фрикадельки жетті. Қып-қызыл. Екі бөліп жеуге арналған. Даяшы көңілсіз. Шәй-пұлды алдын-ала беру керек пе еді. Екеуі тыныш ойларда ұзақ отырды. Автобус тоқтап қалмай мына жерден шығу керек. Әңгіме ашық болмағаны ешкімді де ренжітпейтін сияқты. Кенет Б-ның жады өткен апталық сенбіні іздеп кетті. Айтарлықтай ештеңе болмаған-ау, есіне түсіре алмады. Иә, еске алардай ештеңе болмаған...
- Ақырындап жиналсақ, қарсы емессіз бе?
Бора түтінін создақтатып отырған кейіпте терезеге қарап жауап берді.
- Күзді сағынған жоқсың ба?
Б-ның есіне көңілсіз бақтағы сары жапырақтар, күшігін ерткен жалғыз басты орыс кемпірлер орала кетті. Басқа ештеңе...тіпті әлгі орыс кемпірлер қазір өліп қалған да болар...сондай кәрі еді ғой.
- Жоқ, сағынышқа мұқтаж емеспін.
- Себебі сенің басқа да мәселең жетеді. Ал, тұрайық!
- Даяшы, шот!
Бір адамдық үстелде екі мыңдық шәй-пұл мен «қызыл жұмыртқалар» ғана қалды. Трубадан аққан су тамшысы бір есін жиса тоқтап қалыпты. Тырс, тырс,тырс. Осынау дыбыстар оның тек құлағында ғана сақталып қалған. Миының ішінде тамшылап жатыр. Тыр-тырс-тырс...Дәретханада қанша отырғаны есінде жоқ, тек бір білері бұлар «Retro» дан кейін де бірнеше барға бас сұққан. Онда «Retro» дағыдай емес, тым көңілсіз. Көңілсіз жерде көп ішіледі. Міне салдары...Өзін жұмысында қалдырып кеттім бе деп ойлаған. Сондай тар, әрі иісі жайсыз. Одан гөрі жертөледе ескі кітаптардың құртын тазалап отырғаны жақсы еді ғой. Тфу, сенбіден жек көрерім жоқ. Бәлкім мәселе сенбіде емес шығар. Сыртқа шықты. Қар жауыпты дейді. Түсі ме, әлде өңі ме!? Маңызды емес. Бақытты болса болғаны. Әлдебір қуанышты сезім оған күліп қарайтындай. Басқа мән таппағаннан шығар. Түсінде тым жабырқаулы көздерді көп көретін. Қар боп жауғысы келді. Әрбір ұлпасын жерге түсірмей ұстап алып, жүрегінде еріткісі келді. Жалғыз екені енді ғана есіне түскендей... «...Неге біз өткен апталарда болған оқиғаларды дереу ұмытып қаламыз. Әлде біздерді біреу осылай өлтіріп жатыр ма? Бәрімізді. Осылай өлтіріп жатқан болар. Ұмытып қалсаң өлесің. Дәл солай. Өлесің...!». Б осылай аяғын ілбіп басып, үйіне қарай беттеді. Оның көз алдына роботтар елестейді. Роботтар... Адамның өлмейміз деген арманы. Күлкілі! Сағат 02:41. Б жалғыздығын құшып, тар төсегінде ұзақ жылады. Қайғысыз, өкінішсіз армансыз...себепсіз. Сағат 03:54. Қалжыраған миын дәл бір қырық адам қырық жерге отырып, жаңғақ шаққандай тесіп барады. Бұл өлгісі келмеген адамдай, өмірді боқтай береді. Тыныштық өзі бір тылсым ажал. Өзіне тартып әлек. 05:36. Шала – жансар. Жан беру оңай ма? Күн шыққанға дейін өліп қалса арманы жоқ еді. Сенбі аяқталып келеді. Сондай тез. Эпилог Дүйсенбіде кездескеше, өрмекшілер!