Алма Түсіпбекова: Түнекке түскен сәуле

ӘДЕБИЕТ
2511


Жалғыздықтан жапа шеккен Гүлбанудың бойы тоңази бастады. Темір тордан ұрлана кірген Күннің сәулесіне қолын созды. Алланың адамзат баласына сыйлаған нұр құдыреті оның ырқына көне қоймады. Кім білсін, жылулық патшасы тығылмақ ойнағысы келді ме, әлде Гүлбанудың мұң басқан жүзінен тайқыды ма, беймәлім. Ақыры, жарық іле-шала темір керуеттің үстінде жатқан сәби шұлығына түсіп, тұрақтады.

Көңілін күс басқан ана жүрегінің жарасын қайта тырмалып, қара мысық ойлар көзін сығырайтты. Тағы да жамыраған ойлардан жаңылысып, шексіз жапанда айқұлақты молаларды кезіп кетті. Көзін тас қылып жұмып еді, шексіз сұп-суық сұрғылт әлемге тап болды. Секем көңілі байыз таппай сықырлап ашылған есіктерге қайта телмірді. Гүлбану ақырет күннен бейхабар дүниеге алданғанын сонда ғана біліп, аһ ұрып бармағын тістеді. Кеудесінде аласұра соққан бір жапырақ ет жазадан құтылса да, зілмауыр үрейден арыла алмайтынын анық біледі. Себебі қабір – мақшар алаңындағы ұлы соттың есігі бір күні айқара ашылады. Ал, ол - ақырет дүниесіне апаратын жалғыз жол. Ауыр күрсінген әйел алқына бастады... Жыртық көңілін жамайын деп айналасынан сәл ғана жылу іздеп еді, бәрі тас керең...

- Иә, ия, ана жүрегі бір сұмдықтың болғанын сезеді. Мойнына бейкүнә нәрестенің қанын жүктеп, күнәға батып, одан шығар жол іздейді. Аласұрып, бармағын тістегенмен, мұз құрсана қаруланған әділетсіздіктен құбжық ештеңе жоқ екенін ол іштей сезінеді.

Күнделікті темір тордың есігі ашылған сайын осы бір жұтаң, әлжуаз жанның дегбірін әбден қашырды. Түрме ішінде бар тапқан ермегі сәбидің сылдырмағы мен шағын ғана қуыршаққа кигізетін кішкентай ғана шұлығы. Бұл нәрестенің шағын киімі күнде мың тоқылып, сан рет тарқатылады. 

Гүлбану бір қараған адамға мылжа-мылжасы шығып, өмірден түңіліп кеткен жанға ұқсайды. Оның жас үлбіреген қауызы кеуіп, солып қалған тәрізді. Тек лып еткен сенім шырағы оны қараңғылыққа бермей айналшықтайды. Сонау уысы балға толы тәтті күндері көз алдында сырғып өте берді...

Алғашқы бір ұшқын сезім, болашақ жарымен танысқан сәтте лып еткенді. Жас жүрек аһ ұрып, сезім ноқтасынан бір сәт босаңсымады. Көзін жұмса, тәтті қиял арғымағына отырғызып, жеті қат көкті шарлап кетеді. Балауыз балбыраған тәні мен құлпынайдай еріндері құштарлық құшағына бөленген. Ал, ол шатанғанда қолаң қара шашы Күн көзін көмкеріп кететін. Тана көздерінде жанған сиқырлы от бар. Сол жалын лапылдап, ынтық жанды дәл көз алдына әкелді. Оның сұңғақ бойы, қара торы келбетіне біткен қияқ мұрты, қой көздері ол үшін ғажап әлем... Ақыры кеудедегі кесек ет өз дітегеніне жетіп, екеуі бір қайыққа отырып, өмір айдынына қатар аттанды... 

Сарыарқаның төсін еркін жайлаған қарт Ұлытау қабағынан қар еріп, бүгін елжірей қалған. Сірә, жастардың, ауыл тойының көркіне кедергі болмайын дегені шығар. Көктемгі ағаш бұтақтары да лезде-ақ, бүршік жарып үлгеріпті. Мамырлаған қаздармен қатар жарысқан қара домалақтар сақаларын үйіріп, қас қылаң бергенше абыр-дабыр. 

         Той-думанға қанық болған дүйім жұрт тарқасып, өзара шүпілдесіп жатты. Ардақты Үсеновтардың әуелеті, келін түсіріп, анасының қолын ұзартыпты. Ауыл арасын «Қуаныш ұзағынан сүйіндірсін!» - деген ақ тілектер іле-шала шарлап кетті... 

 Гүлбану есіктен жымиып кіріп еді, шашын төбесіне тас қылып түйіп алған енесі тұр екен. Күйіс қайырған теке құсап, кебістей ернін қиқаң еткізді де, - Болсайшы езілмей, сен шай бергенше діңкеміз құритын болды ғой! Бұл үйге құт емес, жұт келген шығар,- деді де, ауыз үйге лып берді.

         Жас келіннің қатты сасқаны сонша - ол ыстық самаурынды қолынан сусытып алды. Аяғына төгілген ыстық су, өзегін жаншып өтті. Сол-ақ екен добалдай енесі Күлән ит терісін басына қаптап:

        - Ой, сорлы-ай, дүниеден мақұрым қалған неме! Жылтырақ көрсе жармасқан сендейлерден түңілемін осы. Жетімдерді аяма, желкеңді үзеді деген осы-ау!- деді. Тағы да Гүлбанудың жетімдер үйінде өскенін, лашықта тұратын әжесінің барын еріксіз есіне салды. 

         Жататын бөлмеге аяғын сылт басып, кереуетке отырды. Сырт-сырт соққан сағатқа қарап еді, көзі жетпеді. Қолына ұялы телефонды алып, Болатқа қоңырау шалды. Жауап жоқ. Атандай тоғыз айдың жүзі болды, ол да жарына селкеу қарайды. Жұмыстан кеш келеді. Тіпті кей сәттерде жауап қатпай, теріс қарап, қызық атаулыны түзден іздейтін болды. Ол,ол ма бүгін жарық Айды жанына серік етті. Ұйқы жоқ, аяғының күйігі оған қосылып мазасын қашырды. Соңғы кездері жүрегі айнып, төсі бұлтиып, жүріс тұрысы ауырлай бастады. Алланың бұйрығымен бойына біткен артық жүректі ана көкірегі қалай білмесін...

         Таң қылаң берген. Бұрынғыдай емес Ұлытаудың биік шыңдары ақ шәлі жамылып, бойларынан суық ызғар шашады. Оған қоса етегіңді түруге асыққан сумақай жел қармен ойнап, төңіректі ақ бұрқасындата борайды. Тек өлі тыныштықты бұзған ала сиыр күйіс қайтарып, келдің бе дегендей Гүлбануға сүзіле қарады.

- О, тоба, не деген бейнет десеңізші ?! Бұрынғыдай емес, қарны құрғыр тіреп, бел шыдатар емес. Жарықтық-ай, кернеген ақ торсықтан сымдай тартылып атқылаған сүт ақ шелекке сауылдай құйылып жатыр. Байлаулы тұрған бұзау да несібемді азайттың дегендей, бұйдасын керней тартынады. Аппақ сүт шелек ішінде теңселіп, жүкті әйел ебедейсіз адымдаған сайын ернеуден лықси төгіліп, жерге тамшылайды. Әйтеуір жетті-ау үйге. Сол-ақ, екен төргі бөлмеде енесінің күйеуіне айтып жатқан сөздерін құлағы шалып қалды. 

- Қарағым-ау, мына бәлені анау қара кемпіріне апарып таста. Енді өзі қалып, баласын асыраймыз ба? Басында айтып едім, анау Қонысбектің қызы Әйгерімді ал деп, бірақ сөзіме құлақ аспадың. Қарап отырсам , мен түгіл өзің де кейінгі кезде одан сырт айналдың. Мына жетімнің айы - күні жақын қалды. Әлденені сылтау қыл да апарып таста үйіне. Сосын бірдеңе қылып, Әйгерімге қолқа салармыз. Қанша дегенмен оқыған мұғалім қыз ғой және де мынау сықылды қу тақыр емес, байлығы да бар. Ботам-ау, анасының сөзін құлақ асқан бала жаман болмайды -  деді де, арқасынан қағып-қағып жіберді. - Анау, қара жерді жастанған әкеңнің де рухы саған риза болады. Сөйт, балам! - деді де енді жалғастырсам бірдемені бүлдіріп алармын дегендей күрт тыйылып, тілін жұта қойды. 

        Гүлбанудың көзіне жас үйіріліп, тағат таппай булығып-булығып демін ішіне тартты. 

- Қу тастанды тірлік, мына дүниеде өксігенім аз болды ма, таңды таңға ұрып, өмір бойы терезеге телміруім саған жетпеді ме?!- деп жұдырығын құшырлана тас жұмды. Тек тарғыл мысық қана міз бақпастан оған қарап отыр. 

         Гүлбанудың үні бір кезде талықсып шықты. Болат қасына таянды, кезінде өліп-өшіп сүйген жарының жүзінен салқын леп сезілді. Бейне көз алдында мұздан жасалған адам тұрғандай.

Өшір үніңді, сен келгелі осы үйдің түтіні түзу шықпады, жалғыз анамады сыйламай, шаңырақтың берекесін қашырдың! -деді де, қолын көтеруге оқталды. Аузынан бұрқыраған ащы судың иісі көкірегін жарып, жүкті әйелдің жүрегін айнытты...

         Сайын далаға әмір жүргізген тентек жел, байғазыдан құр қалғандай есікті теуіп, ішке лып қойды. Пеште бықсып жатқан шоқты тұтатпақ еді, онысынан ештеңе шықпады. Мұз патшалығы иесіз даланы да, осы үйді де жайлап алғалы қашан... Оған қоса бөлмедегі күңгірт сәуле онсызда жүдеу көңілдің берекесін қашырады. Тек сығырайған майшам маңайына жарық беріп, сәл де болса үміттің отын үрлейді. 

         Біраз уақыт есінен танып қалған Гүлбану перезентханада көзін ашты. Көз алдында жүзінен нұр төгілген ақ халатты абзал жан тұр. 

- Қызым, жағдайың қалай? Недей жағдай сені осындай-күйге душар қылды? 

- Сізге шындықты айтуға тура келеді. Бала жатыр ішінде қысылып қалған. Сондықтан нәрестені ішіңізден жарып алуға мәжбүр болып отырмыз,-деді Гиппократ антын қабылдаған әлгі адам. 

         Екі сағатқа созылған операциядан кейін жас келіншек көзін ашқысы келеді, бірақ жанары құрғыр ырқына көнбейді. Аузы құрғыр тілге тамызар бір тамшы суға зар болды. Басы айналып, лоқсығысы келеді. Осындайда шіркін туған жердің самал желі соғып, бетіңнен аймаласа, төсінен аққан мөлдір бұлағын татсаң, жанның бір бақытқа кенелер еді-ау! 

         «Жығылғанға жұдырық » демекші - онсыз да мардымсыз көңіл жанына медеу болар ештеңе таппады. Аяулы алақан, ақ уызға жарымаған жанның жарасы үлкен. Осы сәтте өзін мүлдем жалғыз сезінді. Тіпті қасында жатқан қызыл шақа балапанына зер салып қарамады. Қарағысы да келмеді. Көзін терезенің жақтауына салып, әлдекімді тағат таппай тосады... Кеудедегі жүрек алқынып, ауызына тығылады. Тағы да жасқа ерік беріп, күздің күңгірт ауласына тап болды. Үкілі армандары сары жапыраққа айналып, табан астында таптала берді. Құлағына әжесінің мұңды әуені шалынды. Сол мұңды әуен бала кезінен тансық. Сол әуенді жүрек құрғыр өршілене тыңдайды. Сол әуендегі жем іздеген бозторғай үні де оның жан сырласы. Тіпті ол өмірінің басты кейіпкеріне айналғандай. Туғалы ана сүтін ембеген, әке көзін көрмеген балаң көңіл өмір бойы бір жылылықты аңсайды. Тек бар білетіні есейген шағында балалар үйінен әжесінің асырап алғаны. Содан бері қанша жылдар өтсе де үрейлі көңіл бір сәт серпілмей қойды...

         Үшінші күні төсі құрғыр иімей, нәрестені аштан қатырды. Оның ащы дауысы жер жарады. Қасында жатқан келін-кепшіктердің тойы бір тарқар емес. Келіп жатқан құртқа қосқан ыстық сорпа мен жаңа піскен бағлан қозының, қара күрең шайдың бұрқыраған иісі мұрын жарады. 

Тек Гүлбануға келіп жатқан жандарды көзің шалмайды. Базары тарқап, тауы шағылған ол сары уайымға берілді. Сүйіп қосылған жарын ұзақ күтті. Хат жазбақ болып еді, оның да қиюы келмеді. Соңғы кездері нәрестеге мүлдем көңіл бөлмейтін болды. Оның жылаған даусын естісе жастық астына тығылып, тұла бойы дірілдеп, көзіне қорқынышты әлдене елестейтін болды. 

Сол елес бүгін бір сұмдыққа итермеледі. Оған Ібіліс-Құбылыс серік болды. Ақыры ол оның қақпанына түсті. Ендіге жерде өз тәнінен бөлініп шыққан нәрестені жер бесікке үнсіз бөлеу еді. Оның қиюын әлгі шебер Әзәзіл шебер ойластырғандай. Шала есінен айырылған Гүлбану астында жатқан жаялықты алды да, оны қақ айырып, ұзынан екі бүктеп, бұғанағы қатпаған нәрестенің мойнына салып, қылқындырды. Оған қатты күштің де қажетті болмады. Бірер минутан соң сәби кірпігінде бір жас тамшы шыланып қалды. Өмірге жұдырыған түйіп келген нәресте періште күйінде кете барды. Тек сәлден соң кішкентай алақандары ашылып, жүзін мәңгілік ұйқы аймалады. 

         Осы кезде Гүлбану үрейден селк етті. Ол алды артына қарамай далаға тұра ұмытылды. Бір сұмдықтың болғанын сезген медбикелер палатаға ентелеп кірді. Бірақ бәрі тым кеш еді. Қолын қанға малған жарымжан келіншек сол баяғы мұңды әуенге салды. Тек жем іздеген бозторғай көрінбейді... 

         Гүлбану көптен бері мезі болған осы ойлардан селк еті де, көзін қайта ашты. Ол өзінің жасаған қылмыс әрекетінен құтылғысы келді. Оның жалғыз жолы біреу ғана. Өзіне қол жұмсау. Сәлден соң  құлағына жаңғырып, дүркін-дүркін беймәлім нәресте дауысы естілді. Ащы дауыс естілген сайын тозақтың отына асықты... 

        Көз алдында шағала саңғырығы жапқан сасық жартас. Ойша беттеп келеді. Сенері де, жығылса сүйенеріде жоқ еді. Оның енді шылау басқан үй пешіне ешкім алтын бөлен тастамайды. Ақыры сорына жалғыздық жеті.  Жалғыздық бәлкім ол арманың қанбаған шөлі болар. Үш күн жарлы жан. Фәниден Бақиға озғанша жарлы. Гүлбануға осы кеселдің рецепі жоқ тәрізді. 

Амалы таусылып, тауы шағылған келіншек түрме ішінен әлдене іздеді. Сол-ақ екен иығына біреу келіп ыстық алақанын қойды. Жалт бұрылып қарап еді, түрме ішінде өзімен қатарлас сотталған Шолпан екен.

Сен өз-өзіңді жегі құрттай жей берме. Болар іс болды. Аяғыңды Ібілістің жолына еріп, шалыс басқан екенсің. Бірақ әлі де тым кеш емес. Себебі Алланың мейрімі шексіз. Жаратқан иемнің сөзі жүрегіміздің саңылауын ашатын, көгірегімізді тазартатын нұр тамшылары. Біле білсең мен де ақиқат әлемінен адасып, алаяқтарға ердім. Бар бақытымды басымнан теуіп, осындай күйге душар болдым. Бірақ сенімім алға қарай жетелейді. Себебі он cегіз мың ғаламды жаратушы тәңірім еркіндіктің шегін білу үшін адамзатқа ақыл сыйлады. Ал сіңілім, сана жүректің көзін ашады. Ендеше алдымыздан бұл дүниеде іздеген ақиқат есігі ашылмақ. Ой таразысына салсаң ,бұл дүниеге адамдардың келу мақсаты – ақиқат есігін ашу емес пе?! Ол есікті ашқан пендеге хақ жолдың қақпасы ашылады. Сол кезде Гүлбану еңкілдеп, жылап жіберді. Бойынан адам айтқысыз үлкен қара күш түскендей болды. Тұла бойы бусап, жібіп сала берді. Көзінен ыршыған жастар тізбектеле берді. Сол күні ол еріксіз сәждеге басын қойды... 



Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...