Серікжан Қажи. Бір суреттің тарихы жайлы баллада немесе жауап беру

ӘДЕБИЕТ
1910
Серікжан ҚажиСерікжан Қажи«Бұл жерде басқа ешкімді жазаламауларыңызды сұранамын.
Мен бәріне өзім жауап беремін»
 
Мамадияр Жақыпов,
«Жетісу» газетінің 1985-1987 жылдардағы Бас редакторы

Өзге емес, жауап берем мен өзім,
Тілімді кес, түрмеңе жап, төземін.
Күні кеше «жаңа алаңда» жазықсыз,
Жастарыма қаруыңды кезедің,
Шындықты іздеп шығып еді, «жау» болды ,
... Енді менің келгендей ме, кезегім?!.

Желтоқсанда...жас тұнады жанарға,
Қанша қыршын тапталды екен табанда?!.
Ұл-қызымды иттеріңе талаттың,
Тепкілеттің ар-ұятсыз наданға.
Сотқа сүйреп, «итжеккенге» айдаттың,
... Сол арсыздық қол салмақ па, маған да?!.

Желтоқсанда... сол күндерде ызғарлы,
(Көңілдерде мәңгі өшпейтін сыз қалды).
Ұл-қыздарым алау болып жылытты,
Сақылдаған сары аязда мұз-қарды.
Жастарымның жасымады жігері,
... «Иліктірсем» деп тұрсың ба, тұлғамды?!.

Желтоқсанда... соқты дауыл, бір ағын,
Жаратқаннан сақтай көр деп сұрадым.
Қан қасапта иілсе де, сынбаған,
Жастарыма тәуба жасап, жыладым,
Қызыл-ала қанды көріп, аһ ұрдым,
... Тағдырымның күтем мен де, сынағын?!.

Желтоқсанда... әуре-сарсаң мына жұрт,
Қас-қағымда ерлік, ездік сыналып.
Халқын сүйген қайраткерден, тектіден
Іздедіңдер «халық жауын» шығарып.
Бір қазақты бір қазаққа куә ғып,
... Енді мені жау дейсің бе, «қуанып»?!...

«Халық жауы» ... таңсық емес бұл ұғым,
Зар заманда... салды талай «құрығын».
Олар Мағжан, Ахмет пен Міржақып,
Сәкен, Ильяс ірілері ірінің.
Күні кеше ақталды сол арыстар,
... Мен де елімнің ар-намысты ұлымын...

«Халық жауы»... Алашым деп аһ ұрған,
Туған халқын ел болуға шақырған.
Аңсағаны азаттық һәм еркіндік,
Теңдік іздеп айдалған һәм атылған.
Кең өлкемде көкбөрі – Рухы жортып жүр,
... Жан алсаң да, қамалсам да, бас ұрман...

«Халық жауы».... зар заманның «амалы»,
(Дәл сол кездей бүгін де жұрт қаралы).
Желтоқсанда... жарқ етті бір найзағай,
Дүр сілкінтті ұйқыдағы сананы.
Таяу қалды, Тәуелсіздік таңы атар,
... Мен арыстан, құрсаудағы жаралы...

Мағжан сынды кәміл сенем жастарға,
(Алаш атын жазады ертең аспанға!!!).
Шынымен де бір ғажайып күй кешкем,
«Жетісуға» бұл суретті басқанда.
Қаймықпастан қасқайып тұр төрт батыр,
...Ертең аңыз, жазылар-ау дастан да...

Назар салсаң бейнелерге аңдап бір,
Асқақ қарап Рысқұлбеков Қайрат тұр,
Қайсарлықты, сезінесің, өрлікті,
Атой салған жасын – Намыс, Арды – өткір.
Өлімнен де қаймықпайды тік қарап,
... Мені-дағы дәл солардай жан деп біл...

Әр заманда бір «сұрқылтай» деген шын,
Ал әзірше жауап алар, «төремсің».
Ертең тарих төріне енер бұл сурет,
Сан ұрпаққа асқақ Рух берер шын.
Жастарымнан артық емес «шыбын жан»,
... «Бұл майданда бала өлгенше, шал өлсін»...

... Ешкім де емес, «кінәлімін» жеке мен,
Қандай жаза арқалатсаң, көтерем.
Төрт батырым «Жетісудан» ұрандап,
Құлақ түріп қарайтындай жеті әлем.
Қарсылығым – қара жүрек қоғамға,
... Перзенттік парызым бұл өтеген.

Тайдырарсың қызметтен, мәнсаптан,
Айырарсың кәсібімнен нан тапқан.
Табылар-ау екі қолға бір күрек,
Жайлы орынға жан емеспін Ар сатқан.
Тәуелсіздік қарлығашы бұл сурет,
... Сыр шертетін алмағайып сол шақтан...

Есіңді жи, бұл бейнеге үңілде,
«Қаңғып келген шүрегейге» жүгінбе.
Дүние кезек, қатал Уақыт тезге алар,
Ертең жауап бересің сен бүгінге.
Батыр ұлдар оралады еліне,
... Ақталармыз, Шындық жеңер түбінде...

Р.S. «Саяси қырағылығынан айырылған және газетте оқырмандардың ашу-ызасын қоздыратын идеялық зиянды суреттерді жариялауға апарып соқтырған саяздық көрсеткені үшін» деген жаламен «Жетісу» газетінің бас редакторы М. Жақыпов КПСС мүшелігі қатарынан шығарылып және қызметінен босатылды. Сол кездегі республика басшысы Колбиннің нұсқауынан кейін  алып шаһар Алматыдан жұмыс табылмай, бір жылдан аса уақыт Күрті аудандық «Шұғыла» газетінде корректор болып қызмет атқарды. Бүгінде  Мамадияр ЖАҚЫП ағамыз зейнеткер, Алматы қаласында тұрады. Қазақстанның Құрметті журналисі.

Жаңалықтар

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жуырда ғана қайырымдылыққа аударған қазақстандықтардың қаржысын жымқы...

Жаңалықтар

Оқиға Алматының Наурызбай ауданында қоғамдық көлік аялдамаларының бірінде күндіз орын алған, деп хаб...