Сұраған Рахметұлы. Жауынның вальсі (монопоэма)

ӘДЕБИЕТ
2920
Сұраған РахметұлыСұраған РахметұлыҚып-қызыл жиекте өртпенен балқыған әжімі,
Бұлттардан салбырап қыраулы шапақтар, 
бүркенген нешеме өң,
мыс биік тәжілі.
Үркерлер үркіп кеп түседі су толған кесеңе,
Ағынның бетінде жадағай жез жейде, жез белбеу
жазылып,
Жауынның иісінде мөп-мөлдір қаз үні.
Кірпіктің ұшында сол өңдер,өлеңдер ақұба татыр-ды,
Парақтың бетіне бөгеліп тынысың,
жеткізді хатыңды,
төгілген шашыңдай аңқуы  әтірдің...
Қаламның ұшында билеген самал жел, иісімай,
жаңбырдың нәріндей сағыну, аршаның бүріндей күрсініс...
Адырдың қырында орақтың басындай қисық Ай,
қасында ғажайып бір сыбыс.
Сөзіңе симайтын,реңдер гүлдердің жанында,
сағым жүр жас тұнған... 
Жағалау жап-жасыл малшынған нілдерге,
алаулы сүмбірдің астында.
О, менің аяулы ұйығым,сезбегем: өмірдің іздері 
сағыныш - тұңғышым,
Өртелген хаттардың жауабы – лаулаған жалынмен
ұшқынын сепкенін,
Ышқынып жылайды біреулер, соңынан ыңырсық күлкісі...
Қара мұң шыр айдап, ақ бұлттар шешеді шекпенін,
Бояусыз, үні жоқ меңіреу мерзімдер – жыл құсы.
Жасыңның жартысы жаңғырып, шырқырап
кектеніп,
түн жапқан аспанға қарайсың қынжылып талыға,
жүдеген кеспірмен,
Ең соңғы өлеңнің шумағын мұнарға малып ап,
Есіңе аласың күпірлік әуенін күн санап біршама ескірген.
Тұнжырап сұрайсың үндемей «бұл не?...» деп мыс түннен
жалына,
Түн жылап жабады болдырған дауалы жаңбырын үстіңнен, 
Баяғы жүрегің налыған.
Аспанның көзімен қуанып, жас талдың сәнімен мастанып...
Өзіңмен өзгеріп,өзіңше зарланып,
өзектен көжектей безектеп жүгірген самалдың соңынан 
ұмтылып,қарманып,
Арманың ақыры арманмен бітеді.
Көзіңнің жасында өмір жоқ, құрғайтын –
байсыны бармағың,
Гүлдердің дестесі қурайтын сағатын күтеді...
Көзіңе көрінбей келген жаз; қоштаспай күн-сынап,сусымақ,
ақыры,
Маусым мен ақпаннаң азуы бір-бірін шайнайды,
басқасы құр сынақ мақұрым.
Ошақтың үстінде апталар қайнайды,
сүлдерін сапырып.
Ақ саумал, қаптаған алаулы, бәрі де санаулы
аяғы айлардың,
Сағыныш соқпағы – алдыңда аяңдап, ойлардың аяғы,
еш үнсіз дүбірлер,
Қап-қара көбелек секілді қанатын жаяды, 
қап-қара іңірлер!
«Жауынның вальсі» Шопенде; – соңғы ырғақ... өтеді,
өледі қол бұлғап.
Көзіңді алдаған, шөгірлі өмірлер, бояулар өзіне сіңірген,
Көгіңде өлімші көк бұлттар жөңкіліп жол дымдап,
Өзіңді алдаған өңдердің бір тобы – өзгерген
өңіңдей солғындап,
Өзгерте алмайсың алдыңа жағылған білтені,
шағылған шырпыны,
көзіңнің түр-түсін көмірмен сүртеді,
іңірдің төгілген сүлкіні.
Бір дауыс айқайлап: «...өмірге сенбеңдер!»
Гүлдердің еріні жұқтырған көңіліңнің – жымиған күлкісі,
Түндерің көлбіреп көмкерген сүлдерің, төңкерген шеңберлер,
өзара қырқысып.
Шеңберлер адасқан, айналған баяғы бағыттар,
сенделген.
Сендерден кетеді сусыған уақыт-табыттар!

Ішіне тынысын қамайды балапан үндерің,бұлқынған
сілкінген, пы-ы-р деген.
Сіркіреп төбенің сұп-сұры жыртығы,
Адасқан аққудың қанаты секілді ауаны жұлқиды жыпылық кірпігің,
жел кеулеп іргеден,
шіркін Үн...
Апырай, не деген ұжымақ қыр: күмбірлеп үрлеген,
Ай нұрын құшақтап, Айменен қоштасқан райлы ең  үр Түнім.
Өзіме көрінбей, өзімді көрмеймін, көзіме сенбеймін кірлеген,
жылқылар ойнақтап шабады кеудемде
жалымен, шаттығым.
Сағыммен толқиды дүрбелең 
тәтті мұң.
Ауылдың үстінен шөгеді алақан таңбалы Шың,
Мамырға тіркеліп бұйдалы белдердің керуені ұласқан,
пәниде.
Ұшады айналып бозторғай ұяда бұйыққан балапандары үшін,
ұрандап, зарилеп.
Білмейсің неліктен инеліктер етене, көмейің өзгеше боздағыш,
Аяғың салбырап аспаннан түскендей,
қолтықтап тәуратты, інжілді.
Санаңда құбылыс, құлқыңды сүйрейді қозғалыс... 
Құранда жазулы назымды ожданың.
Қалайда ғұмырың жаңғыра бастайды мың жылғы!
Бір күнің дүрбелең - өмірің, мың күнің біртүрлі - ғұмырың,
Бәрі де көшпелі, өтпелі ұлы күш, 
мәңгілік аты бар ғаламда кімнің!?
Түн деген қара ніл, шойын жол төселген жүздеген шақырым,
Тұяғы аспанға ұшқынын лақтырған дүлділің,
зақымды күйсандық ішінде Паганин ақбұрқақ – «Каприс».
Кеңіске сіңеді тегісі  ұлы үннің.
Кім білген бекер ме, тұңғиық әуенмен ілімнің иірімі,
бір күннен туады уағыз, ілбиген ақыны - нақұрыс,
Жұлдыздың шуағын қағып қап ботаның құйрығы,
ойыңмен ойнайды  жетектеп сапырып!
Сәт-уақыт шексіздік шегіне жетеді құйғытып,
айырылсаң бүгіннен түріңді көлеңке жалмайды, 
жолыңда бүрсеңдер...
Жартылай тазарған көңілің, қайтпайды назардан ми бүтін,
Алтын Ай алдайды тағы да, соңынан ертеді 
Күн шеңбер.
Беу,маңғаз жоталар!
Сағыныш, сағыныш, сағыныш! Жаңбырдың ып-ыстық бүркуі,
Ақ қасқа шыңдардың бетінде сан айғыз ноталар.
Жан-жан жаққа шашырап өреді кеудеңде ықтаған 
құстардың қиқуы,үркуі!
Арманның соңында нүкте жоқ, айналаң деңгелең сағымшар,
күзбенен көктемнің айқасы.
Өзіңмен отқа бір өртенер өзіңдей көкірек табылса,
маңдайың соғылған сағатқа мың алғыс айтасың.
Бір жәудір тамшыға тұншығып ғұмырың,
Айдындап, арқырап, айнала кісінеп, ширыққан күліктей
ой, әлің,
Бояулар сөнеді қылқалам ұшына ілікпей!
Ақ сеңгір өксиді бұлағы булығып, әп сәтке көзіңде
бір мысқал жас тұнық,
Ағызып жөнелген өзенге өзіңді жұлып ап өзіңнен,
өткелде кідірген өмірдің тасқыны.
Басында бақыттың ұясын жасырған алдыңда биік қыр,
баурайын ордалы жыландар қоршаған, иріліп.
Дүниең осыған түгелдей сиып тұр,
күтеді, күтеді, күтеді аптыққан жүрегің біреудің бұйрығын!
Әуенге иленіп пиғыл мен қимылдың астасы,
әуелден ымменен жазылған үнсіздік пернеден секірген үнсіз күй,
Гендельде сенделген бұлақтан басқасы...
Кеткен бе, бұлақтан басқасы жат қонып,
Жайлауым ескі жұрт саған кеп, ошақтың орынын жастанып,
аспанға қараймын арайлы ақшаңдақ,
ат жолы.
Бітпеген жерінен күтпеген өмірдей басталып,ұласып ұшады 
бүктеген хат болып.
Пәнидің парағы жабылып, ашылып... дауысы естілер сәлемнің,
күнделіктеріндей сызылған,
Алдында аңырып, жабығып жыларсың жалғыз көз әлемнің,
құлына айналып кетердей бұзылған.
Тамырлар қаныңмен қайнайды, құтыла алмайсың, кешіктің,
Қалшиған қарауыл секілді қарсысың 
тағдырға қасарған.
Ақырып, айқайлап қорқыныш келеді топсасы есіктің,
іс шапқан нашарға.
Долбарлар доллараға жабысқан ғаламның өрбіген өсегі,
көңілден өсетін, өшетін көмірден басқан өрт.
Бұл ғұмыр - өзіңнен өзгеше, өзіңнен өңге іздер көшегі,басыңды 
шырмаған басқа ауру, басқа дерт...
Шашаңнан байланған сан аян құлайтын, жылайтын көзіңнің
түрі көк,
Бақырып ұрпақтар келеді құндақта жұмбақша өтерін білгендей,
Білтеге жабысып өртенген көбелек тірірек,
Гүлдердің нілдері қайтадан  топырақ өңіне сіңгендей,
діңіне.
Қараңғы бұрышта қамалған тұспалдар,
Түйінін шешуге сансырап үйренген сағатсыз санатың,
түйрелген параққа қарындаш ұшталаған -
ұшатын қанатың.
Өмір мен өлімнің арасы өзгеше – түс көру: Өзгерген...
Елеусіз кеспір де.
Қысқарған бұйданың ұшына байланған мойының,
бес күнге таласпай өтеді ешкім де!
Жағаңа құстардай қонады басқаға сілтеген сойылың...
Кешесі, ертеңсіз өлшемдер өзгерген ескірген,
сөнген өң!
Шексіздік арасы жойылып,
теңдесін іздеген цифрлар  тойынып жүздеген нөлменен!?
Қиырға шабатын аттардың шабысы шахмат парында
әуелде адамдар есепке көнбеген,
шөлдеген ханың да көнбеген лағнет тағында...
Болдырып ақындар көнетін өзіне ауырмай, сырқамай,
басқаға бағынбай,
Бозторғай өсетін ұядан алыстап шырқамай, өсетін шағында.
Арқардың жондары қиянның көзінде бір жақын, бірі алыс заманда,
Оларда көнеді өренін табарда алдаған сағымға.
Сағымдар қонбайды белеске жел ескен,
Бұйра жал адырлар бұлттарын қуалап, шудалы жартасы 
бурадай шабынған.
Жаныңды жайнатып, судағы жазулы әуендер, назымды елестер,
шуағын жағады ағынға!

Кигіз үй түндігін шалқайтып айпарып, аспанға қараңыз үңіліп,
көресіз үзілген ақырғы іңірдің жұлымын,
Жаныңыз қорқады жанынан түңіліп...
Сезгендей селкілдеп тыңдайсыз құмыққан, кейіппен түн үнін.
Түндігің көгіңе түгелдей көмілген тымықта,көңілге жұлдыздар
жамырап төгілер мезетте,
Сағаттың шеңберін қоршаған тастайын - баяғы 
жылдарда тұрғызған,
Жусанның исімен сағыныш елеңі бастайды өксігін кезекпен.
Ұмыту, ойлау мен сансырауаралық балалық дәуренге жетелеп,
мұңлы ызғар,
өңіңді жылытады өртелген тезекпен...

Іңірім ірікіліп, білтесі өртеніп сөнді Күн,
Бұлттардың тірсегі құзардың басында. 
Тамыздың жұп түні жылқының жып-жылы өңдігі
Ой боздап барады Серкенің қылаңдау шашында
алақан арқаңнан сипалап өткендей ... Бір ыстық.
Қуаныш - құс жолы, құшақтап барады үт сүтін,
бір уыс тыныштық.
Кілегей ұшында солықтап.
Шағылған шыныдай сынық Ай, быт-шыты шығады...
Адасқан қанаттар аспанда алысқа қалықтап...
Сағыныш сазында саңырау құлағың!
Шуағы білтедей шалқиды бар елең,
Сол сәт пен сол кештің тасталған кейіпі,үскіні,
Жуады көзіңді жаңбырдың тамшысы-қара мең!
Өшпейді ішкі үнің.
Жаңбырдың иісі таныс бір әуендей кім айтқан, мұңайтқан
өксікті тынысың
Кеудеңе құлазып құстарың сыңситын зарығы
Сындырған шыныдай уақытты дыбысы
ойыңа сүрініп, ойыңмен шашалдың,
өлімнің қараңғы-жарығы
әдемі сәттерің жасырынып жүгірген елесің қашанғы...
Қараңғы іңірлер... Сұры мұң...

Стамбул, Есенюрт 2020
author

Сұраған Рахметұлы

АҚЫН

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...