Ұларбек Дәлейұлы, ақын-жазушыМен оқуға түсетін жылы Серілік тауы баурайындағы Бәйже басын жалғыз үй...
Заман Төлеуов. ҚАРАҚУЫС (роман)
4 тарау
Басын осы жерден оқи аласыз.
Ғалам, көліктері арылы-берілі неше қатар болып сапырылысқан көше жиегінде жерді нұсқап, «такси» тоқтатқан кісілердің тұсына таяды. Ана бір жылдары ескі «шохасымен» өзі де жолаушылар тартқаны есіне түсті. Өстіп сұқ саусағын төмен кезеген біреуді көрсе, өзін басынып тұрғандай ақ сайтаны ойнап, әдейі тоқтамай кететін-ді.
- Бірінші президент атындағы баққа осы тұстан бара ма?
Топ арасынан бір қыз бала суырылып:
- Аға, сіз жолдың қарсы бетіне шығып, көлік ұстаңыз. – деді. Ғалам алды-артына бажайлап қарап алды да жолаушылар өтетін тұсты іздеп, соноу маңнан көрінген бағдаршам жаққа бет алды. Мынау арқырай ағылған көлік нөпірін, ол – ерсілі-қарысылы жосыған қым-қуыт пішін мен түстегі қоңыздарға ұқсатты. Жол жиегіне кідіре салып, қанатын жалп ашып, жемтігін іліп алып, жүйтки жөнелуде. Ал, көше бойы сабылысқан қалың жұрттың, тірлікке ұқасамайтын сенделісі – кісі таң қалдырады. Еш себепсіз, топырлаған қара – жақсылықтың нышаны емес. Елдегі жұрт осылай жинала қалса, бір бейбақтың дәмі түгесілген дей бер. Ал, мыналардың ештеңеден қымсынар түрі көрінбейді. Өздеріне тән бір тірлік. Ауыл жұртының бір-бірімен жолыққанда – ұрлық жасаған адамша көзін ала қашпай, аман-саулық сұрасып, тіпті аз-кем әңгіме-дүкен құратындары да бар. Қаланың адамдары – анау, көшедегі қоңызша жүйткіген темір көліктердің бір түрі секілденді. Бір-бірін елемейтін, көрмейтін, енді қайтып жолықпаса өкінбейтін – сезімсіз нөпір. Мүмкін, содан болар, Ғалам, ауыл тәртібі бойынша әр ұшырасқанның жүзіне бақжия бір көз тастап өтуді – әбестік деп санамады...
* * *
Қырмызымен әлеуметтік желіде танысқандарына жеті-сегіз ай боп қалды. Содан бері тек фейсбук арқылы ғана қарым-қатынаста. Рас, кейінгі кезде телефонмен сөйлесе бастаған-ды. Бастапқыда Қырмызының дауысына үйрене алмай, әлденеге тым қатқылдау естілді ме6 Ғалам орынсыз сұрақ қойып, қызды ренжітіп те үлгірді.
«Темекі тартасың ба?» деген оның сауалы Қырмызының жанын осып
түскен өрескел сұрақ болды. Қырмызы бір-жар күн хабарсыз кетті. Әбден реніші тараған болуы керек, өзі хабарласты. «Менің дауысым соншалықты тұрпайы естілді ме? Темекі тартатын әйелдерге теңегеніңізге қарағанда?». Ғалам осы күндерді адасқан адамдай ес-түс жоқ күйде өткізген-ді. Қырмызы өзімен бірге қызметтес жораларынан: «Менің дауысым қандай? Темекішіл әйелдің дауысына ұқсай ма?» деп сан мәрте сұрапты, «Дауысың өте әдемі, мөлдір!» деген сан мәрте жауап алады.
Осы бір келеңсіздік Ғаламның есіне түскен сайын, екі беті дуылдайды. Бұл сөзді Ғалам әзіл ретінде айттым деп ойлаған-ды. Орынсыз әзілі Қырмызыны жәйсіздікке ұшыратып, өзін де оңдырмады. Бүгінгі кездесуде Қырмызы сол әбес қылығын есіне салса не дер еді? Қай шәйтан түртіп әзілкештігі ұстап кетті екен? Сол күнге дейінгі жинаған абыройдан жұрдай болып, әр хабарласқан сайын ақталумен болғанын қайтесің...
Таксист еркек сөзқұмар біреу екен. Үш әріптің тыңшысы секілді саяси мүңкімесі бар сандалған сұрақтарды қойып, сонысына өзі жауап береді. Кісінің пікірін аңдау үшін көкейдегіні асыра даттау яки мақтау керек. Ғалам өзімен-өзі арпалысып отырған мынаған көз қырын салды да тіс жармады. Анау әңгімесіне еліткен, елітпегенді елеместен өз бетінше сөйлеп келеді. Қарны тоқ, уайымы жоқ адамның кейпі. Әлде, табиғаты осындай бейпіл, оттауға жаратылған ба екен? Діттеген жерге де жетті-ау...
Биік дарбазаға қарай бет алды. Тарамданған жалғыз аяқ бетон саяжолдар. Жиектеп орнатылған орындықтар. Сап түзей көкке ұмтылған, түсі ерекше жасылтым шыршалар... Қыстың соңғы күндері еді. Ел қарасы да мәз емес екен. Президенттің қола мүсіні орнатылған шалғайлау тұстан – бейсауат жүрген бір жалғыз адамның сұлбасы байқалды. Ол оқыс бұрылды да Ғаламға қарай баяу беттеді...
... Уақыт тоқтады. Ғалам тұрған орнында сіресті де қалды. Оған қарай жәйлап басып келе жатқан қыз бала екені анық танылды. Ол – бұны жайпап өтетін, әлде жайқалтып кететін бір ғаламат күш иесі сияқтанды. Сірә, осы күнге дейінгі тұмшаланған түнек тәрізді күйкі тірлігін сілкіп-сілкіп, бір түйір шаң қалдырмайтын – теңдесі жоқ тазалық таяп келе жатқандай ма?.. Жөні жөн-ақ... Бірақ, сол өзгеріске Ғаламның өзі әзір ме десеңші... Оның ішін алақұйындай аралап: бірі сол, бірі оң жетектей жөнелгісі келген сужүрек сезімдер екі көзін атыздай етіп, алдындағы қауіп яки бақыт екенін ажыратуға мұрша бермеді. Виртуалды әлемдегі еркін араласып, етене болып кеткен секілді түсіністік пен бауырбастылық су сепкендей ғайып болды. Қыз бала, бірте-бірте жақындай түсуде...
... Жастық шағы есіне түссе Ғалам – өзгенің түсін жорығандай суықтықты сезінетін болды, соңғы кезде. Бұрындары сол өткен шақтарынан әлдебір жағымды әсер алып, өнегелі бір нәрселер көргендей болушы еді. Келе-келе сол келмеске кеткен өмірі – иісін жоғалтқан жемістей емексітуден айырылған сынды. Сол бір шырайлы сәттерді – күннен күнге қалыңдай түскен мал қиындай, бүгінгі тірлігінің қоңыр-қошқыл демі өшіріп бара жатты...
Ара-тұра қатар өскен жора-жолдастарының арасына түсе қалса ғана – бұның жалындаған жастық шағындағы не бір ерліктерін естеріне алатын-ды. Бала кезінде аса шақар болса, өсе келе ол мінезі қайсарлыққа, беті қайтпайтын жаужүрек өжеттікке айналған сынды еді. Спорттың сан түрімен қатар шұғылданып, республика көлемінде танылды. Тіпті, қалада оқып жүргенде түрік пен орыстардан таяқ жеп жүріп, төбелесті де меңгерді.
Ендігі тұрысы мынау... Қаймықпай беттеп келе жатқан белгісіздікті тайсалмай қарсы алуға жүрегі дауаламай, аяқ-қолдан жан кетіп, өзін қараңғы бір қапастан жарыққа атып шыққан бейшара хәлдегі, шарасыз аңдай сезінді. Япырау, осында келер алдында киген киіміне, өзінің бет-тұрпатына неге кішкене болса да зейін салып қарамады, десеңші. Қазақтың «жерден шыққандай» дейтіндігі осындайдан болар... Көзге ілерлік бір елеулісі жоқ, бәр жағынан жүдеу, егде адам ғана екен ғой. Қай бетімен осы кездесуге келді?! Қыз бала Ғаламға екі-үш қадам жетпей кідірді. Ғалам оның қалалық мәнердегі киім-кешегіне аса мән берген жоқ. Арбалған құстай алдындағы қыздың қос жанарына көзі шағылып: осыншалы ұялы, ойлы, терең мұңы қарашығында дірілдеген, мұхит сынды ғаламат қуаты бар көзқарастың болатынына қайран қалып, өң мен түстің арасында тұрды...
* * *
«Сәлеметсіз бе, Ғалам ағай! Сізге Достық ұсынып едім, қабыл алмадыңыз. Соған байланысты Сіздің жекеңізге шығып, себебін білейін дедім. Және Сіздің жазбаларыңыз көңілге қонымды. Сондықтан Достық ниетімді тағы ұсынғым келеді. Қабыл алсаңыз өте қуанышты болар едім.» – деген Қырмызының сонау кездегі тілегі Ғаламның есіне түсті. Бастапқыда әншейін қарым-қатынас түрінде дамыған бұл таныстық екеуара қолдау тауып, ақыры осы кездесуге бел шештірді. Бет-әлпетін көрмей, бетпе-бет келмей әңгіме-дүкен құру әрине, аса ауыр жүк емес. «Бет көрсе, жүз ұялады» деген осы шығар? Алдындағы кейіп-келбеті бейтаныс, виртуалды әлемдегі өзі сомдаған бейнеге еш ұқсастығы жоқ қызға – тіл-ауыздан айырыла қараған Ғаламның түрі жанашырлық еді...
***
- Аға, сіз үшін адам бойындағы ең қадірлі қандай қасиеттер?
- Адалдық, арлылық, сертке беріктік... көп қой тізе берсең...
- Осының барлығын тұтастырып, адам деген атқа лайық ететін жиынтық қасиетті не деп атауға болады?
- Ол туралы ойланып көрмеппін... болмысы шығар?
- Сол болмысты қалыптастыратын жаңағы өзіңіз тізген қасиеттер десек, соның әрқайсысында өзіндік діл бар емес пе? Оны қалай тарқатар едіңіз? Мысалы: адалдық туралы айтыңызшы.
- Адалдық – біреудің алдында атқаратын борыш емес. Ол өзіңнің тегің, дем алғандағы тынысың, кеудеңдегі жүрегінің дүрсілі сияқты табиғи қалпың болар?..
Осы секілді ой толғаулармен екеуі мессенджерде жазысып, сағат түнгі онға таяғанда Қырмызы: «Мен жатам. Қайырлы түн!» деп тарыдай жасыл шамын кілт өшіретін-ді. Үміт, Сенім, Махаббат дегендей не бір тақырыпқа ат шалып,
Қырмызы сұрақ қоюдан жалықпаса, Ғалам жауап жазудан бір жалықпады.
- Жердің сонау бір түкпіріндегі ауылда, күнігі қой қора мен сиыр қорадан ұзап шықпайтын кісіден осындай ой туады деп күтпеген едім! Біліміңіз қандай?
- Асқан білім жоқ. Күн көрістік кәсіп жасар білім бар. Ой мен қиял бала кезден әуес ермегім. Малшылардың баласы көбіне жалғыз ойнайды. Көрші отармен аралық шалғайлау да бала-шаға аракідік қана бас қосады. Содан барып, өзіңді өзің ойнатуға тура келеді.
Ғаламның көз алдына жон-жон боз шағылдың алаңқайындағы жалқы киіз үйдің тұсында өзімен-өзі алқым-жұлқым болып, ойнап жүрген жалғыз баланың кейпі келеді. Жайлау төсіне шыққанда әрдайым қоңсылау қоныстанатын бір шопан, халық жырларын жатқа соғушы еді. Мектепке дейін Ғалам әкесінен хат танып, «Батырлар жырын» ежіктеп оқып, одан төменгі сыныпқа барғанда кәдімгідей мақамдап, әндете жырлауға шамасы жеткен-ді. Әне, сол жырдағы батырлардың біріне айналып, шешесінің бір сабауын ат қып мініп, келесісін қылыш қып ұстап, шашақтары қурап дән тастауға айналған құрай біткеннің басын қас жауындай қырқа шауып, майдан құрып жүрген түрі...
***
- Сәлеметсіз бе! – деді Қырмызы Ғаламның қасына тым таяғанда. Ғалам жөпелімде не дерін білмей, қатты абдырап, өзінен жас адамға айтатын үйреншікті: – Аманшылықтамыз, сәнім! – деген сөздің аузынан қалай шығып кеткенін аңғармады. Қыз мырс күлді. Ғаламнан мүлдем ес кетті. Расында, жер қақ айырылса: күп беріп, сүңгіп кетуге әзір еді. Қырмызы өте көркем және бойшаңдау көрінді. Киім киісін де енді байқады. Қазіргі сәнге орай, Ғаламның ортасына тән емес – өзге әлемдік мәдениетті аңғартады.
- Сәнім дегеніңіз қызық екен?
- Кешіріңіз... аузыма байқамай түсіп кетті!..
- Әдемі сөз! Қалай жеттіңіз?
- А, рақмет! Бір құдайдың арқасында...
- Сізді өзгеше елестетіп едім... Виртуальді әлемдегі Ғалам аға бір басқа, сіз бір басқа сияқтысыз.
- Оныңыз рас!.. Мен өзіме-өзім кейде ұқсай бермеймін...
- Оны қалай түсінуге болады?
- Сізбен араласқан Ғалам ауылда қалып, оның сырт киімі құсап мен келдім.
- Кісіні күлдірмеңізші!.. Саябақ ұнады ма? Бұрын келіп пе едіңіз?
- Алғаш аяқ басуым. Керемет екен!
- Шыршалардың иісі қандай десеңізші! Тынысыңды ашады!
- Мен таулы өлкеде өскен адаммын ғой. Осы көрініс жаныма аса жақын.
- Ал мен қырдың қызымын. Біз төбені де дөңді де тау деп атай береміз!..
Қысылыс-қымтырылысты тарқататын осындай қоңыржай әңгімемен екеуі саяжолды құлдап, бақтың келесіне басына жетіп, қайта оралды. Манағыдай емес, Ғаламның бойы да ойы да сәл шираңқырап, қасындағы қыз бен төңірекке де еті үйрене бастаған сыңайлы. Соның өзінде де сырт көзден жасқанғандай – әлдебір, жабайы үркектік: қарадай кетіп бара жатқан қараны көзі шалса, өзін аңдып жүрген біреу ме дегендей селк етеді. Күллі дүние бұның ұрлығының үстінен түскелі тұрғандай қуыстанады. Сонымен қатар, жас адамның алдында әлі де болса өз кейпінен қымсынып, именуі тарқар емес.
Қырмызы қарағай қалқасындағы арқалы ағаш орындыққа таяй бергенде:
- Аға, сәл отыруға қалай қарайсыз? – деп Ғаламға жымия қарады. Ғалам өз ойымен өзі болып келе жатқан-ды. Алғаш не дерін білмей, ұсынысқа қарсы еместігін аңғартқандай жалп етіп, отыра кетті. Сосын сасқалақтап қайта түрегеліп:
- Кешіріңіз! Суық тиіп қалмасын, – деп қамқорси міңгірледі.
- Киімім қалың... жәй аяғым талып кетті...
- Ондай болса отыралық...
Арада біраз үнсіздік орнады. Ғалам жан-жағына тағы ұрлана көз тастады. Бір танысы кездесіп қалатындай, манағы қуыстануы қайта өршіп, ту сыртынан әлдекім тарпа бас салатындай сіресті. Осы тұста Қырмызы басын қыйсайтып, Ғаламның иығына сүйенді. Онсыз да ойран-асыр хәлде отырған Ғалам, қыздың жақыннан үрлеген деміне тұншыққандай, басын аулақтата ұстап, көз қырын салды. Қырмызы еш алаңсыз, жаны тыншыған бір мыймырт күйде оған сүйеніп отыр. Ғалам бірте-бірте өз-өзіне келіп, мына бейкүнә қызға тірек болып отырғанына таңырқап, ақырын ғана маңдайынан сүйді. Қырмызы жүзі жадырай, жылы көзқараспен оған тіктей қарады да:
- Кешіріңіз, өмірімде алғаш рет бір кісінің иығына сүйенгім келіп кетті... – деді де басын көтеріп алды. – Сіз басқаша ойлап қалмаңыз... мына қыз көре сала жабыса кетті ғой деп.
- Құдай сақтасын! Қандай адам екеніңізді іштей білем ғой...
- Етегімді ешкім көтермеген, өзімді арзан санамайтын, жүрек қалауым болмаса – пәниден жалғыз өтуге тайынбайтын бір қырсық қызбын!..
* * *
... Сол ұзақ-сонар кештерде мессенджермен жазысып, Қырмызы сұрақ салып, бұл жауап қайтарған кездері есіне түсті.
- Ғалам аға, Сіз махаббат туралы қалай ойлайсыз?
- «Махаббат – саусаң сыйыр, мінсең ат» деп өскен баламыз ғой!.. Қайдан білейін...
- Тіпті бала махаббатыңыз да болмады ма?
- Қырмызыжан, бәрі болды ғой. Тек, оны әңгіме етіп айтуға болмас. Ол – ішкі жара тәрізді, жөушендіге жазыла қоймайтын дерт пе дейсің...
- Махаббатты дертке теңегеніңіз қызық екен? Ол – бақыт емес пе? Әлде жөушендіге айта бермейтін жасырын сыр ма?
- Сондай сыр десе де болады... Және алғашында бақыт болып та көрінер... Тегі, бақыт дегеннің өзі де – екіұшты ұғым ғой. Әркім өзінше қабылдап, бағалар. Бірақ, жұмырбасты пенде үшін бұл жалғанда баянды еш нәрсе жоқ сияқты.
- Сіздің ойыңызша бұл өмірде маңызды түктің де болмағаны ма?
Махаббат – дерт, бақыт – баянсыз нәрсе?.. Өмірің – өзіңмен бірге көрге ала кететін сыр... Мен, сізден өз өміріңізді жария ет деп отырған жоқпын. Сол ұзақ тәжірибеден түзген ойыңызбен бөліссеңіз ғана деймін. Махаббат пен бақыт екі ұғым ба? Әлде, тыйынның екі жағы секілді бір бүтін бе?
- Өз ойымша махаббат өзінше, бақыт өзінше болуы мүмкін емес. Бақыт – махаббат тудыратын сезім болар.
- Ал ешқандай сезім тумаса ше?
- Онда ешқандай да махаббатың болмағаны шығар?
- Яғни, бақытты болу үшін махаббатты бастан кешіру керек болды ғой?
- Олай деп нық айта алмаймын. Себебі, махаббаттың соңы әмісе бақытсыздықпен тұйықталып жататындай... Сондықтан екі адам арасында өзге бір асыл сезімнің болуы тиіс.
- Сыйластық, құрмет тағы сол сияқты дегіңіз келе ме?
- Ол да қажет. Тек, әлгі махаббат күйінде бастау алған албырт сезім
уақыт өте қолайлы жағдайы туындаса жеміс тәрізді пісіп жетіліп, ағаш сынды тамырланып, жөушенді жел-желемікке бой бермейтін, төңірегіне қорған бола алуы тиіс деп есептеймін.
- Сіз соған жеттіңіз бе?
- Жеттім деп айта алмаймын... бірақ, соны түсінетін хәлге бір табан жақын екенімді сеземін. Сосын бір айта кетерлік жәйт: сенің осыншалық мәрттігіңді, қорған бола алатын қасиетіңді ұға алатын жаныңда жан болмаса, бұл талпынысың ешкімге керексіз, жәй далбаса болып та қалатындай күмән бар.
- Неге? Нені-нені, ал жақсылықты бәрі түсінуі тиіс емес пе?
- Әрине, солайы солай ғой. Тек, кейбіреуге сол уақытта оның қажеті шамалы болып, енді бірінің соны ұғатын сана саңлауы бітеу тұруы мүмкін.
* * *
Осы бір қас-қағым сәтте санасында бұлаң етіп өте шыққан қысқа естелік – қыз болмысын ашып беретін ақиқат іспетті еді. Оның жас бала тәрізді әр жолы жаңа бір нәрсені түсінуге ұмсынған қызығушылығы шексіз, кей-кейде өз пікірімен де тай-таласқа түсетін-ді. Жалпы алып қарағанда қатардағы пенде баласы ескере де, бара да бермейтін әлемде тұратын ғажап жан дерсің...
- Қырмызы, осы дүниеде бір ғана асыл перизат болатын болса, соны – сіз дер едім!.. Бұлай деуіме ешқандай бүкпелі себеп жоқ. Өйткені, сіз соған лайықсыз. Осы келген біраз жасымда өзіңіздей табиғаты туыс, ауа мен су секілді өмірлік қажет қасиетке ие жанды кездестірген емеспін.
- Аға, романтикаға жақын екенсіз! Өлең жазбайсыз ба?
- Мектеп қабырғасында болмаса... кейін өлеңге мұрша болмай кетті ғой... Ақын болмасам да ішкі дүниені өзімше аңғарам. Кей-кейде сол өз деңгейімде пайым жасаған боламын. Бұның барлығы оқыған-тоқығандықтан емес, әншейін, өмірге келген әр адамның ой түйе алуы дұрыс деп ойлаймын.
- Сізбен осылай тіл табысып кеткеніме өзім де таңқаламын. Расында бір тылсым күштің барлығын мен де аңғарам. Кейде ойлаймын: сіз – Тәңірдің берген құдіретін кезінде түсінбеген, соған мойынсұнбаған, соның кесірінен қараңғылықта қалып қойған кісі сияқтысыз. Сіздің өміріңіз тек азаппен ғана өтіп жатыр. Пенделік тұщыну сізге жат. Ал құдіретті жартылай, шала-шарпы тану – нағыз бақытсыздық болар. Бұл әрине, менің ойым ғана...
- Шындығыда мен ешқандай құдірет яки тылсымдық қасиеттерді өз басымнан аңғарған емеспін. Рас, кей кездерде санама ойда жоқта ағыл-тегіл танымдық сәуле құйыла кетеді. Егер оны сол сәтінде жазып ала алмасам, ұшты-ғайым жоқ болады. Қайта ойға түсіріп, сөзбен құрау бекершілік. Қайталанбас, ешқандай талдау мен уәжді талап етпейтін саф таным...
- Ал, қойған сұраққа жедел жауапты қайдан табасыз?
- Сұрақ түскен сәтте, төбеден өрілген ой шұбатылып түсе бастайтындай.
Соның ұшытығынан ұстап, тарта беремін... Былайша, менің жауабым секілді көрінгенмен, оны мен ешуақытта санамды сарқып, ойланып-толғанып көрген емеспін. Ол, баяғыда екшеліп, менің қатысымсыз, өз бетінше түзілген тұнба тәрізді.
- Яғни, осы айтқан және жазған ойларыңызға сіздің қатысыңыз болмаса, сіз – екі ортадағы ары-бері тасымалдайтын қатынас құралы ғана болдыңыз ғой?
- Мүмкін солай да шығар...
* * *
Қалай дегенмен ақпан айының соңы еді. Күнделікті тазаланып тұратын сая бақ іші қара күзді еске түсіргенмен, ағаш түптерінде саркідірленіп жатқан ескі қар жұрнақтары – қыстың соңы екенін аңғартады. Және соған орай жымысқы ызбары да бар. Бұлар орындарынан түрегеліп, қатарласа шығар тұсқа қарай құлдады. Екеуі де іштей өз ойларына беріліп, осы бір кездесудің мәнісін анықтағысы келетін сияқты.
Қырмызының қабағы пәс тартып, Ғаламды салқын көзқараспен бір шолып өтті. «Сіз де әншейін, көптің бірі секілді пенде ғана екенсіз ғой. Өкінішке орай, ерекше таңдау ұсынған миссияңызды дұрыс атқара алмағаныңыз үшін – құдіреттің кәріне ұшырайтыныңызды білемісіз?», деген сұрақ көкейіне келгенде, денесі дір ете түсті. Көңілін күдік биледі. Дегенмен, осы араластың аяғы немен тынар деген таңсықтық одан да басым еді...
Ғалам көз қиығын жол жиегіне таман, алшақтау келе жатқан Қырмызыға тастады. Сөйтті де кілт тоқтады. Мойны қарысып қалған адам секілді сірескен. Қырмызы өз бетінше жайлап басып, ұзап бара жатты. Сәлден соң ту сыртымен сезгендей кері бұрылып, күле сұрады.
- Сізге не болды?
- Жәй-жәй, ештеңе емес...
- Түсіңіз бұзылып кетіпті, айтыңызшы не болды?
- Өз көзіме өзім сенер сенбесімді білмеймін...
- Бірнәрсе көрдіңіз бе?
- Иә, мен сізді көрдім...
- Оның несі таңқалышты?
- Сізді басқа кейіпте көрдім. Сіздің қырлы келбетіңіз өзге бір дүниеден аса қимас бейне болып жарқ етті. Осыдан соң көре алмасам, қалған өмірім өттің уытындай өкінішпен өтетінін аңғартты. Содан шошыдым!
- Менің қырымнан көрінген түрімнен бе?
- Жоға, қайта көре алмай қалсам, қайтемін деген шарасыздықтан.
- Мен сізге таң қала бастадым, шыныменен... манада: «Сізбен араласқан Ғалам ауылда қалып, оның сырт киімі құсап мен келдім» дедіңіз. Енді өзге әлемнен мені көріпсіз... Өзіңіз қалай ойлайсыз, осы туралы?
- Ешнәрсе де айта алмаймын... Солай көрінді, оның қандай құпия яки тылсым екенін өзім де білмеймін. Тек, сезетінім: ол да бір нағыз өмірдің нышаны, іргелес әлем бардай ма?.. Соңғы кезде өзімнің екі бөлініп кететінімді байқадым. Кейде сол екеудің сыртынан тағы өзім қарап тұрғандай болам... Ақыл-есімнен адаса бастадым ба деп қауіптенем... Сосын елеске беріліп кетпей, қауіптенгенімді ойласам, саумын ба деймін...
- Қазіргі кванттық физика ғылымына сүйенсек сіз айтқан жанама әлем бір емес, ондаған көрінеді. Біздің тура осы секілді сұлбаларымыз сол ондаған әлемде өзінше ғұмыр кешіп жатады-мыс. Бір әлемде өлетін болсақ, екінші әлемде тіріміз. Сондықтан адам өз өлімін ешқашан да көре алмайды екен. Яғни, мәңгі тірішілік деген осы дейді.
- Бұл ғылым түрінде дәлелденген бе?
- Сізге бір қызық айтайын... мысалы қазіргі күні дәлелді деген пікір ертең табиғаттың тағы бір сыры ашылса – осыған дейінгі баспалдақ боп қана қалады екен. Әлемнің шексіздігі секілді, ғылым да шексіз ізденіске бағышталған.
- Барлығы шексіз болса, онда ешқандай ақырғы түйіннің немесе Ақиқаттың болмағаны ғой?
- Мен осы уақытқа дейін киелі жерлерді көп араладым. Бойларына құдірет дарыған қасиетті аталарымыз бен аналарымыздың басында қонып, мінажат еттім. Ол жерде де шындық пен жалғандық аралас жүр. Бірақ, өз басым бір ғажайып тылсым күштің барлығына күмәнсіз сенем. Ол күш – сөз қуаты арқылы ма әлде, өзге бір самал секілді жұпар болып сезіле ме, оны анық айта алмаймын. Десек те, сіздің жазғандарыңыздан сол самалды аңғарғандай болдым. Және де осындай араластыққа себеп болған сол жазбаларыңыз. Шынымды айтсам, мен өз көңілімдегі сұраққа жауап аларыма ешқашан да сенбеп едім... Ал, Ақиқатқа келсек, оны біз осы әлемнен, яғни «бес күн жалғаннан» іздейтін сияқтымыз.
- Сізге, қаншалықты дұрыс жауап бере алғанымды білмедім... Дегенмен екеуара бір үндестік барын толық түйсіндім. Мүмкін, жаңағы елес тәрізді селт еткізген күйзеліс те соның әсерінен шығар. Ал, Ақиқатты осы бар кезімізде іздеп таппасақ, кейін оның қаншалықты қажеттілігі бар? Діндарлардың о дүниесі секілді ертегіден іздеуіміз керек пе? Өлген адамға Ақиқаттың керегі бола ма екен? Және Жаратушының өзі адамды осы дүниеге әлдебір миссияны атқару үшін жаратқан жоқ па?
- «Бала сүй, үй сал, тал ек» дегендей ме?
- Тіпті, сол ғана болса да... Осы қарапайым көрінген шараның өзін екінің-бірі атқара алмай жатқаны шындық қой? Ал біз, соноу биіккке, таным шыңынан табылғымыз келеді. Өзімізді қойып, Жаратушыны тануға ұмтыламыз.
- Менің де сізге айтпағым сол еді. Адамдар өз ара қарым-қатынасын реттеу үшін де әлдебір әсер керек. Өздері шығарған заң, шариғат жолы тағысын тағы қағидалардың бар болғанымен ту сырттан келетін күшті ойламаймыз. Тылсым дегенге аса сене бермейміз. Басымызға күн туа қалса ғана шарасыз хәлде ғайыптан көмек тосамыз.
- Тылсымды пенделік қолмен ұстап, сезбесек оның бар екендігін қалай ажыратамыз?
- Міне, мәселе осында!.. Біз өз көзімізбен көріп, қолымызбен ұстаған нәрсеге ғана сенеміз және оны бар деп есептейміз. Соның кесірінен тірі болсақ – бармыз, өлсек – жоқпыз деген ой туады. Ал жалпы осы көріністің бастауы – сол Ойдан туғаны қаперімізге келмейді.
- Сонда, біз бір-біріміздің ойымыздағы бармыз ба? Яғни, Жаратушының өзі де ойдың жемісі болды ғой? – деп Ғалам Қырмызыға жымия қарады.
- Анық айта алмаймын... дегенмен адамзатты тегін жаратпағаны ақиқат. Сосын, хайуанаттан айырмашылығымыз саналы болуымыз шығар?..
- Әрине, ол баршаға аян дүние ғой. Бірақ, сол хайуанат әлемі менің ойымша Жаратушының өзіне бізден гөрі бір табан жақын тәрізді.
- Оның себебін айтайын ба аға,? Олар жаралыс заңын бұлжытпай орындайды, ал, адамзат «ой» деген – көк сағымның соңында жүгірген тентек балаға ұқсайды. Немесе түпсіздің түбіне жетуге әуес – әумесір! – деп Қырмызы сықылықтай күлді. Сосын өзі кішкентай қыздың кейпіне еніп кетіп, еркетотай қылықпен шолжаң басып, әумесір адамды елестеткен күлдіргі қимылдар жасады.
Ғалам ары қарай ой сабақтауға немесе қыздың мына еркелеген қылығын қолдарлық уәж таппады. «Бұл неғылған қылықты бала?» дегендей Қырмызыға ұрлана көз қиығын тастады. Сол сәтті аңдып келе жатқандай Қырмызы да жалт қарады. Екеуінің көздері ұшырасқанда, қыздың жанарында жылт еткен мысқылды от ойнап, тағы сықылықтай күлді.
- Мені не деген көкмалта қыз еді деп келе жатқан шығарсыз?
- О не дегеніңіз, әдемі әңгіме болды!.. – деп Ғалам езуіне келмеген күлкіні зорлап әкеліп, жымиған рай танытты.
* * *
Президент бағының пұшпағына жетіп, одан екеуі кері қарай аяңдады.
- Сіз қашан қайтасыз?
- Ертең кешке деп отырмын, бұйыртса...
- Ә, есіме енді түсті... бір үлкен апаңыздың жылдығы деп едіңіз ғой.
- Әкемнің ағасының қызы ғой. Тоқсанға таяп дүниеден өтті.
- Қабыл болсын! Ол кісінің әкесі Алашорда қайраткері болған ба?
- Иә. Он бес министрдің бірі, Қазан университетінің заң факултьтетін бітірген Базарбай Мәметов деген алғашқы қазақ заңгерлерінің бірі. Халық жауы атанып, талай бейнетті көріп, 1946 жылы көз жұмған. «Қатарыммен қоса бірге неге атылып кетпеді екем, мына күйікті көргенше!» деп көзі тірісінде өміріне налып, арманда өткен азамат еді. Сол атамыздың қызының асын жүргізбекпін...
- Сіз не, асабасыз ба?
- Жоға, мындағы ағайындардың дені орыстілді және өткен тарихқа да шорқақ... «Өз әпкеңіз ғой, мән-жәйді білесіз, жол сіздікі» деп қолқа салған соң, ауылдағы мал-жанды тастап, келуге тура келді.
- Басты себеп сол дейсіз ғой?..
Ғалам не дерін білмей қыздың бетіне бақжия қарады. Бұндай сұрақты ол күтпеп еді. Қырмызының келбеті ренжіген кісіге ұқсамағанмен сөз ырғағында бір кейістік бар секілденді. Ғалам от басып кеткендей хәлге түсіп, ақталмаса болмайтындай күй кешті. Шиеленісе бастаған сәтті Қырмызының өзі тарқатты.
- Әншейін айтқаным ғой... қатты абдырап қалған сияқтысыз?
- Шынымды айтсам, негізгі себеп – Сізді көру болатын-ды.
Ал апамыздың асын – соны іске асырушы сылтау деуге аузым бармайды. Бір-бірінен кем түспейтін екі маңызды шәруамен келдім деп ойлағам... Сіз мені есеңгіретіп тастадыңыз!..
- Қазірден бастап үйрене беріңіз, мен сондай тұтқиыл адаммын! – деп Қырмызы сықылықтап күлді. Ғалам басын сипалап, қуанышын жасыра алмай, қайта-қайта ыржия берді. Ол өзін мына қыздың қолына түскен ойыншық тәрізді сезінді. Аса бір сақтықпен әр сөзін ойланып айтпаса, күлкі-мазаққа айналатынына күмән қалмады. Осыған дейін қыздың бұны пір тұтқандай құрметі – шолақ тұмандай сейіліп сала бергендей ме? Ғалам өзінің: епетейсіз, көрген-білгені қой қора мен сиыр қораның ар жақ, бер жағындағы ғана келте кісі екенін амалсыз мойындады. Осы әзірде ол Қырмызымен қош айтысып, өз жөнімен сабай жөнелуге дайын еді. «Тең – теңімен, тезек – қабымен» деген осы екен ғой... Әуселесі жетпейтінге ауыз салпитқаны қай сасқаны? Жігерін құм қылатын шәруаға бас-көзсіз кірісіп кеткеніне зығырданы қайнап: «Не деген есуас едің?!» деп өзінен зілдене сұрады. «Ешқандай есуас емеспін! Менің сырт киімім болып келген сен есуассың!» дегендей болды әлдекім. «Мен емес, екеумізді бір порымға сыйдырып қор қылған жаралыс есуас шығар?» деп Ғалам іштей жауап берді. «Жоқ, тек сен ғана кінәлісің, бәріне!.. Сенің болмысың маған сырт киім болуға ғана жарады. Жаңа ғана өзің мойындағандай қой қора мен сиыр қора арасынан ұзай алмай қалған келте кісісің. Пендешілік қара тірлікке көмілген көңілің көркөкірек болып, саған қосақталған менің де сәулем суала бастап еді... Мына ғажап бала – кезінде, кездессе деп сан армандаған жан емес пе?.. Ғайыптан жолықтырған кереметке дән риза болғанның орнына тағы да пенделіктен аса алар емессің!». Ғалам ашуланды: «Менің басымды қатырғанша өзің сөйлес! Өремнің қос қораның арасындай ғана екенін біле тұра – несіне бір кіріп, бір шығып жылтыңдайсың?!» Дауысы қатты шығып кеткенге ұқсайды, Қырмызы жалт бұрылып:
- Бірдеме дедіңіз бе? Сізді тістеп алған сияқтымын ба? Ғапу етіңіз...
- О не дегеніңіз! Өзім, былай... ойға түсіп кетіппін...
- Сонда дауыстап ойланасыз ба? Образға кіріп кеткендей болдыңыз.
- Адам есейген сайын не бір қылықтар шығара бастайтын көрінеді. Баяғыда бір әжеміз өзімен-өзі сөйлесіп отыратын-ды. Біз күлетінбіз «Әже, жынмен сөйлесіп отырсыз ба?» деп, әжеміз сонда ұрсатын: «Иеммен сөйлесіп отырмын. Тантымаңдар, ауыздарың қыйсайып кетеді!» деп.
- Сіз Ие дегенді қалай түсінесіз? Кейде оны адамның Егесі деп те атайды ғой.
- Біздің тән-қауашағымызда жалғыз өзіміз ғана емес, тағы бірнеше өзім бар секілденетін болды, кейінгі кезде... Жаңа соның бірімен байланысып қалған сияқтымын.
- Не үшін байланыстыңыз? Ол өзінің көрсоқыр, мешел болып қалғанын менен көреді. Расында, жалқаулық, бойкүйездік, тоғышарлық, немқұрай болудың барлығы маған тән секілді. Олардың мені қамшылап, тәннің қалауына жығылмауымды өтінген бір пұрсатын орындамаппын. Былай қарасаң олардың да кінәсі аз емес. Неге өздері тізгінді қолдарына алмады.
- Менің ойымша олар деп отырғаныңыз – жанның иесі де, сіз – тәннің иесісіз. Тегі, индивидтің әлеуметтенуі деген термин бар. Бастапқыда индивид әлеуметтік құндылықтарды игеріп, сол ортаға сай қалыптасу сатысынан өтеді. Келесісі: өзін-өзі танып, тұлғалық дәрежеге жетуі арқылы қоғамдағы өзге мүшелерге ықпал жасай бастайды. Содан соң ол – бір әлеуметтік топқа еніп, сол ортада қабылетін ашып, мойындалуы тиіс. Осы тұрғыдан қарағанда Сіздің болмысыңыздағы тай-таластың себебі – жоғарыда айтылған сатылық даму заңдылығының бұзылуынан деп ойлаймын.
- Солай болса солай шығар... Тек, Сіз айтқандай тақтайға салып қойған тәртіп жалпыға ортақ емес екеніне күмәнсізбін. Қазақ «Бес саусақ бірдей емес» деген сөзді мүше ерекшеліктеріне ғана қарап айтпағаны мәлім. Әр адамның ой-санасына да қатысты болар. Өйткені айдан анық бір нәрсені екі-үш адам өзді-өзінше көреді де дара қорытынды шығарады. Немесе біреуге тәтті татыған дәм, келесіге ащы сезініп, түкіріп тастауы да мүмкін.
- Адам психологиясы да бармақ іздері сияқты қайталанбайтын ерекшелік. Және оның әлі күнге зерттелмеген мүмкіндіктері қаншама дерсіз! Дұрыс айтасыз, жалпыға ортақ ереже болғанымен, әр адам – өзінше, дара әлем. Жан туралы көп айтылып келеді. Тіпті оның салмағына дейін өлшенген тәрізді. Жанды – дене сезімі, әлдебір күшті қуат деді. Осының бәрі біздің дүниетанымдық өлшемімізбен ғана айтылған болжамдар. Жанның шынайы қандай екенін ажырата алатын ұғым мен таным біздің мыймызда әлі қалыптасқан жоқ. Қолда бар құралдың әлеуеті арқылы ғана ой түземіз.
- Жан дегенде – Ұлы Жаратушының бір шашыраған сәулесі көз алдыма келеді. Сезінуіме қарағанда Жаратушы да, Жан да осы тұнған төңіректің ішінде. Кейбіреулер «Құдай менің өз ішімде» деп жатады. Меніңше: өз ішің не, осы айналаң не бәрі бір жаратылыс емес пе? Түбі қуа келгенде, бәрі – әлгінде өзіңіз айтқандай, санамыздағы ойдың жемісі сияқты. Егер біз күндердің күні өз ойымызды меңгере алсақ – сол ұқсап жаратылған Жаратушы сынды, дүние құрау шеберлігіне де қол жеткізетінімізге сенесіз бе?...
- Әрине сенемін. Сізге бір сұрақ қояйын... осындай ой түзу амалдары қашаннан бері қонды?
- Анық айта алмаймын... және бұл менің бойыма қонған тұрақты қасиет деп те санамаймын. Айтып отырған ойларымды жатпай-тұрмай екшеледім десем жалғандық болар. Аракідік есіп өтетұғын ауаның толқуы тәрізді беймәлім леп...
- Өміріңізде есте қаларлықтай ғажайып сынды уақиға, сәттер болды ма?
- Бес-алты жас шамасында болармын... түсімде ауыл жиегіндегі өзеннің жағасында жүр екенмін деймін. Бір кезде судың бетінде құрғақ жерде басып жүргендей, қолына қамшы ұстаған бір ата тұр екен. Үстінде белін буған, бозғылт ұзын шапан. Қысқалау сақал-мұрты ақ қылаң, басында да бозғылт бөрік. Мен судың бетін басып атаның қасына бардым. Ол ештеңе деместен қолындағы қамшысын ұстатты...
- Қызық екен!.. Оны қалай жорыдыңыз?
- Ол кезде түс жору немесе оны біреуге жорытатын жаста емеспін ғой. Сол көрген сурет қалпында санамда мәңгі сіңіп қалыпты. Оны да сөз реті келген соң, ғұмырымда сыр қып ашып, өзіңізге ғана айтып отырмын.
- Тағы қандай ерекше жағдай болды?
- Бұл, сол жиырманың ішіндегі кезім болар... бір таудың басына шығып, қолыммен тұманың көзін аршып жатыр екенмін деймін. Тек, қара лай ғана ағады. Әбден әл-дәрменім құрыды-ау дегенде жанымнан ұзын сырық табылып, соны тұманың ұңғысына тығып, істіктей бастадым. Тағы да қара лай атқылап барып, сәлден соң гүр етіп, әлгі қуыстан от лаулады. Бұл жолы өзімше жорыдым. Менің өмірім бейнетті болатын секілді және не жақсылық көрсем де қартайған шағымда ғана көрем деп түйдім...
- Сізге Құдірет бір емес, бірнеше қабат ескертулер жасаған. Бірақ соның бірін елемегенсіз. Пендешіліктен аса алмай – өзіңіз айтқандай қос қораның екі ортасында қалып қойғансыз.
- Жақсы, мойындаймын... Ал мына түсті қалай жорыр едіңіз?
- Айтыңыз, көрелік...
- Бір хан сарайындай жайға тап болыппын. Бұл жерде таныс кісілер бар сияқты сезіндім. Маған қарсы бір шала таныс әйел адам шықты да «ер соңымнан» деді. Неше қабатты үй екен, әлгі кірген жерім. Баспалдақпен емес сырғанақ тәрізді бір астаушамен жүйтіп төменге түстік. Әлгі әйел алдымда ұшып барады. Бір кезде күмп етіп жердің ойығына түсті де кетті. Соңынан мен де бардым. Қос ақым екен, соның біріне борпылдақ құмын бұрқыратып ол жоқ болды. Оң жағында бос орын көрінді. Іштей «бұл маған шығар» дедім. Бірақ, ақымдағы құм астан-кестен болды да сол жағынан WORD деген логотипі бар кебін жамылған еркек маған бір қарап қайта сүңгіді. Не істерімді білмей абдырап мен тұрмын. Сол кезде ер адамның саңқылдаған, анық дауысы естілді: «Күллі әлемді жаратқан Жаратушы Тәңірдің атынан саған бір тапсырмам бар. Мына баланы өзіңе аманат етіп тапсырам, өзіңнің балаңдай қара! Ал, осыны!..»
Топырақтың ішінен жаңа туған нәрестені әлгі біреу қолын шығарып ұсынды. Жаңағы ақыммен екі араға темір шарбақ пайда болып, мен сыртында қалыппын. Шарбақтың арасынан қолымды созып едім, арасы кемінде екі-үш метрдей екен. Күшімді салып бақтым, жетуге. Қарасам екі қолым ұзарып, әлгі баланы алақаныма алдым. Жаңа туғаны көрініп тұр, денесі дымқыл. Содан алақанға ұстап сыртқа алып шықтым. Бала маған қарап жымың-жымың етеді. Күлкісі неткен мөлдір еді! Былдырлап бірдеңе деп сөйлейді. Тіпті, ауылдағы бір апайдың да атын айтқандай болды. Ел арасына апарып қоя бердім. Қуыршақтай нәрсе құлдыраңдап жүгіре жөнелді...
Оның осы маңда жүргеніне күмәнсіз сенім мен бойымды әлдебір жеңілдік пен төрт құбыласы толысқан толайым сезім баурады.
Енді бір сәтте төңірегім қауіпке толып, бір биікке жүгіріп шықтым. Сол арада қамауға түскен бір әйел адамды көрдім. Оны түтіп жеуге ұмтылған қалың жаудан құтқармақ боп ұмтылдым. Әлгі адамды тік көтеріп алып, биіктен ырғып, қырандай қалықтай жөнелдім. Төменде қару-жарақты қалың тобыр қалып бара жатты. Бағытымыз шығыс. Ұшып барамыз...
Заман Төлеуов