***Мен өзен болғым келмейді,Қыс түссе, қататын.Және Күн болғым келмейді,Кешқұрым бататын.Тасқын да б...
Елімізде балалардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру тұжырымдамасы әзірленді
Қазақстанда балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуға қызығушылығын арттыру мақсатында арнайы тұжырымдама дайындалды. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Нұрғиса Дәуешов мәлім етті.
«Ел болашағының баянды болуы жас ұрпақтың білім-білігіне де байланысты. Осы орайда Мемлекет басшысының бастамасымен біздің министрлік жаңа бастаманы қолға алып отыр. Қазіргі уақытта елімізде 11 мыңнан астам кітапхана жұмыс істейді, оның 4 мыңға жуығы біздің министрлікке қарасты. Биыл балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы аясында балаларға арналған кітаптардың саны мен сапасын арттыруды көздеп отырмыз. Өйткені бұл заман талабы және кітап оқитын балаларда таңдау болуы тиіс», - деді Нұрғиса Дәуешов.
Вице министрдің айтуынша, Қазақстанда балалар мен жасөспірімдерді кітап оқуға қызығушылығын арттыру мақсатында арнайы тұжырымдама әзірленді.
«Ол тұжырымдаға сәйкес, биыл елімізде балалар мен жасөспірімдерге арналған түрлі бағыттағы 10 мыңға тарта іс-шара өтпек. Және жылдың әр айы бір тақырыпқа арналады. Мысалы, осы наурыз айы «Ертегілер әлемі» болса, қыркүйекте ата-анамен бірге кітап оқу шарасын өткізуді ойластырып отырмыз. Сондай-ақ, биыл айтулы жыл аясында балаларға арналған 33 әдеби туынды шығару жоспары тұр», - дейді министр орынбасары.
Бұған дейін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Ұлттық кітапханада еліміздегі балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы аясында өңірлерден келген шығармашыл балалармен кездескенін хабарлаған болатынбыз.