Қанат Тілеухан. Медаль (әңгіме)

ӘДЕБИЕТ
11333

Екі өкпемді қолыма алып баспаға жетіп барғанымда көңілім су сепкендей басылды. Бұрын-соңды кім кітап шығарып көріпті?! Сегіз баспа табақ жазбадан пышақтың қырындай ғана кітапшаның шығатынын мен жазған білді дейсіз бе? Көрімдік сұраған баспа қызметкеріне оң қалтамда дайындап қойған бес мың теңгемді қимай-қимай қолына ұстаттым. Шығып бара жатып «екі мың теңге берсем де болар еді» деген оймен тысқа қарай беттедім. Жолай «Қазақстан» ұлттық телеарнасында жұмыс істейтін курстас досым Мақсатқа соғып, екеуміз түскі асқа бардық. Мәкең алғашқы кітабымның құрметіне берекелі дастархан жайды. Кітаптың іші-сыртын қарап шығып:

– Қақа, мына кітаппен сені фотоға тартып алып, әлеуметтік желіге салып жіберейін, – дейді.

– Қажет емес.

– Неге?

– Бұл кітап облыстың мәдениет басқармасының қолдауымен шығып отыр. Олар «барлық қаламгерлердің кітаптарымен бірге өзіміз жариялаймыз» деген.

– Мм-м.

Әрине, Мәкеңнің ұсынысы ұнап-ақ тұр. Амал қанша? Көрімдігі мен дастарханына самарқау ғана айтылған рақметімді Мәкең түсінбей қала берген-ді. Жұмыстағылар да, үйдегілер де кітабымды қанша мақтаса да, баспада нілдей бұзылған көңіл күй бір көтерілмей-ақ қойды. Арада бір апта өткенде баспа қаламақы орнына үш жүз кітап бергенде де сол күйден арыла алмадым.

Күн артынан күн еріп, жүйрік уақыт зымырап өте берді. Аздап шеті ғана бұзылған алты «пачка» кітап үйдің бір бұрышында елеусіз ғана жатты. Сұраған достарға ұялғаннан бересің, әйтеуір. Тырысқан шеке елден ұстазым  хабарласқанда жазылды ғой. Жұмыстан шығып, үйге қайтып бара жатыр ем, телефоным шырылдай жөнелмесі бар ма. Нөмірі таныс болмаса да, бірден көтердім.

– Алло! Тыңдап тұрмын.

– Қақабай, сенбісің? Қалың қалай?

Сәл бөгеліп барып жауап қатқандай болдым. Қоңырау шалушы менің танымағанымды бірден білсе керек, көп күттірмей:

– Мен ғой, Гүлсім апайың. Сабақ берген апайыңды ұмытып қалғансың ба? Ұстазымның сөзінде зілсіз наз жатыр.

– Кешіріңіз. Жұмыс соңы болғасын шаршаңқымын. Даусыңызды танымай қалғаныма ұяттымын, – деймін.

– Үлкен азамат болдың. Шаруаларың көп. Түсінемін ғой.

– Кішкентай адаммын ғой, – деймін Гүлсім апайдың сөзінен ұялғандай кейіп танытып.

– Қайдағы кішкентай адам? Кітабың шығыпты. Жазушы болыпсың. Мектепте аудандық газетке жазып жүруші едің. Мен сенің сол кезде жазушы болатыныңа сенгенмін.

– Рақмет, рақмет.

– Кітабыңның шыққанын облыстық телеарнадан естіп білдік. Құтты болсын!

– Рақмет, рақмет.

– Қақабай, жарайды, сенің көп уақытыңды алмайын. Елге кел. Ер-азамат туған жерін ұмыта ма екен?

– …

– Өзің оқыған мектепті көр. Оқушылармен кездесу ұйымдастырамыз. Жастар өзіңді көріп талпынады.

Аузыма сөз түспей қалды. Тағы да алғыс жаудыра бердім.

 – Рақметіңе рақмет. Өзің келесің бе? Соны айтшы, – деді мұғалімімнің шыдамы таусылып.

– Иә, әрине, барам! Барам!

Ауылға кездесуге баратынымды естігенде кәрі шешем: «Е-е, Тілеукеннің жаман ұлы да ел қатарына қосылды дейтін болды ғой Көкталдың жұрты. Әкең марқұм бұны да көре алмады», – деп көзіне жас алды. Әйелім киетін киімімді дайындауға кірісіп кеткен. Сонымен қойшы, кездесуге бір ай уақыт бар. Күнде дайындық. Бұндайда уақыт өтсеші. Өтпейді. Әдетте атуы мен батуы тез қаланың күні табандап жатып алып қанды қарайтты. Бір жағынан, ол да дұрыс. Бәрі ойдағыдай өтуі тиіс. Күнде жатарда кездесуді ойша елестетем. Астымнан су шыққандай жатқан жерімнен атып тұрып, ойыма түскенді қағазға түсірем. Ертіп баратын жігіттерді де ойластырып қойғанмын. Тізімнің басында Ерсін досым тұр. Ерсін екеуміз сонау тоқсаныншы жылдары «Т» қаласында училищеде бірге оқығанбыз. Қазір ол көпке танылып қалған композитор. Облыс орталығында филармонияда еңбек етіп жүр. Жолай ертіп аламын. Алматыдан шашбауымды көтеріп баруға Ескен мен Тұрлыбек дайын. Екеуі де ақын. «Көкталыңды жырға бөлейміз» деп, сапарлас болуға сөз берген. Қысқасы, дайындық жаман емес сияқты. Күнара Гүлсім апаймен кездесудің жайын бір пысықтап аламыз. Айтпақшы, ауылға апаратын кітаптарымды да реттей бастадым. Кімге беретінімді ойластырып, қолтаңба да қойып қойдым. Алғашында көңілімнен шықпаған жұқалтаң ғана кітаптарымды қазір қомсынбайтын сияқтымын. Өткенде Ескен: «Мәселе көлемде емес, өлеңде», – деген еді сұқ саусағын шошайтып. Бұл сөз айтыла-айтыла жауыр болғанымен, құлағыма майдай жақты. Кірпіштей қалың болмаса да, өзім үшін іші інжу-маржанға айналып кеткен. Жұп-жұқа болса да, осы кітап мені жазушы етіп тұр.

Межелі күн таяп қалғанда Гүлсім апай тағы да қоңырау соқты.

— Қақабай, хал қалай? Дайындық қалай болып жатыр?

— Өздеріңіз қалайсыздар? Бәрі жақсы.

— Бізде де. Саған бір өтініш болып тұр.

— Иә, қандай? Айта беріңіз.

— Жазу-сызудың ортасында жүрсің ғой. Кездесуді бір жарқыратып көрсетсек.

— Саспаңыз, апай, – дедім паңдана түсіп, – Ойластырып қойғанмын. Республикалық, облыстық телеарналар мен Derbes.kz деген сайттан тілшілер болады. Және өзім істейтін радио жаңалықтан кеш туралы хабарлайтын болады.

— Жақсы, – деп қысқа қайырды ұстазым. Айтпақ болған сөзін жұтып қойғанын бірден сездім.

— Апай, басқа шаруа болса іркілмей айта беріңіз.

— Облыстық газетке шықсақ деп едік. Аудандағы басшылар бірден көрер еді.

— Е-е. Сөз болып па? Оны Ерсін шеше салады, – деппін Гүлсім апайым Ерсінді білетіндей.

Апайыммен сөйлесіп болысымен бірден Ерсінге қоңырау соқтым. Досым бір ауыз сөзге келген жоқ. «Кәке, тапсырмаңызды тастай қыламыз» деп қуантып тастады. Алайда бәрін ойластырғанда ұстаздарыма сый-сияпат жағын қалай қаперімнен шығарып алғанмын деп ойым сан-саққа кетті. Неге екенін білмеймін, ұстазым «Қақабай, саған бір өтінішім бар» дегенде оқыған мектебіме, мұғалімдеріме құр қол бармауым керек қой деген ой басыма келген. Ендігі уайым сол болды. Оқушыларға футбол, баскетбол, волейболға арналған доптар мен мұғалімдерге сырға, сақина апарсам қалай? Жоқ, болмайды. Он жылдық кездесуде тура сондай сыйлық жасағанбыз. Оның өзінде сынып болып ақша жинадық. Жарайды, доптың жарасы жеңіл. Ал сырға, сақинаны сатып алуға аз ақша кетпейді. Ондай ақшаны қайдан таппақпын? Тапқанның өзінде, жазушы басыммен құдалыққа келген құдағидай салпыншақ үлестіргенім қалай болмақ? Бір күн, бір түн ойланып, ақыры ұстаздарыма қандай құрмет көрсету керегін таптым. Медаль!

Алматыда «Қазақ қоғамы» деген республикалық үкіметтік емес ұйым бар. Түрлі шаралардың басы-қасында жүреді. Дүниеден өткен танымал тұлғалардың мерейтойын өткізіп, ас та беріп жатады. Түрлі салада еңбек етіп жүрген адамдарға сый-сияпат жасап жатады. Неше түрлі медальдар шығарады. Мәселен, ұшқыштарға Талғат Бигелдинов атындағы төсбелгісі бар. Оның басшысы Нұрмат Қапалбек деген іскер жігіт. Әрі баспагер. Қазақ тарихы мен әлемге аты әйгілі шетелдік тұлғалардың өнегелі өмірлеріне арналған кітаптар да шығарады. Былтыр бір өтінішін орындап, Қазақ радиосына баспасы жайлы бағдарлама ұйымдастырып бергенмін.

Сонымен қойшы, арнайы бір күнімді арнап Нұрекеңе бардым. Нұрматтың жасы менен бес жас үлкен. Үлкендігін бұлдамайтын ақжарқын азамат екен. Бірден «досым» деп сөйлесіп кетті менімен. Мен бұйымтайымды айттым. «Шаруаңды «шесть секундта» шешеміз» деді сөзге келмей. Жұмыс үстелінің тартпасын ашты да, алдыма жарқыратып медальдардың түр-түрін қойды. «Қазақстанның қоғам қайраткері», «Алаш ізбасары», «Ұлт мақтанышы», «Айтыстың ақмылтық ақыны», «Жыл әншісі», «Театр майталманы», бітпейтін бірінен-бірі өткен әдемі медальдар. Менің іздегенім көзіме түсер емес. Әйтеуір, арасынан «Мәртебелі мұғалім» және «Ыбырай Алтынсарин» атындағы медальдар шықты. Қайсысын таңдарымды білмей біраз әбігерге түстім. Көмекке Нұрекең өзі келді. «Досым, «Мәртебелі мұғалім» мектеп мұғалімдеріне арналған. «Ыбырай Алтынсарин» атындағы төсбелгі колледж, университет оқытушыларына беріледі. Дұрысы – соңғысы. Атына да жақсы ғой», – деді. Таңдауым «Ыбырай Алтынсарин» атындағы медальға түсті. Нұрекең менімен бірге сапарлас болуға да келісті. Айтпақшы, медаль құны отыз мың теңге екен. Маған едәуір жеңілдік жасап бергенін айта кетпесек болмас.

***   ***  ***

Сонымен ойламаған жерден арамызға Нұрмат екі медалімен қосылып, Көкталға қарай жол тарттық. Меймандос ауыл құшақ жая қарсы алды. Елде қалып қойған екі-үш құрдасым аяғымызды жерге тигізбей, хан баласын күткендей елпектеп жүр. Бізге сабақ берген ұстаздардың біразы зейнетке шыққан екен. Ауылдағы ағайындарды көріп бір марқайып қалдым. Мектептің кішігірім мәжіліс залына оқушылар лық толған. Қол соғып қошемет көрсетіп, бізді төрге жайғастырды. Жастар өлең оқып, ән салды. Менің бір әңгімемнің желісімен қойылым көрсетіліп, кітабым жайлы қазақ әдебиетінен сабақ беретін бізден жастау келген келіншек баяндама жасады. Сабақ берген мұғалімдерім бірінен соң бірі сөз алып, менің оқушы кезім жайлы естеліктерімен бөлісті. Жастар тарапынан сұрақтар да қойылды. Алматыда өз басым осындай кештердің талайына куә болғанмын. Бірақ ылғи да ішім пысып, мазам кететін. Менің кешім өзіме өзгешелеу сияқты. Өзгешелеу емес-ау, ерекше! Қасымдағы қаламдастарым өлеңдерін оқып, менің талантыма да тоқтала кетуді ұмытпай барын салды. Ақыры сөз маған жетті.

— Құрметті ұстаздар, ауылдастарым! Мені қаламгер достарыммен шақырғандарыңызға рақмет. Ықылас-пейілдеріңізге разымын. Азғантай ғана қуанышымды зорайтып тұрсыздар. Әсіресе оқушыларға алғысым шексіз. Өз басым осы сендер үшін келдім. Өйткені жастар – біздің болашағымыз. Ертеңгі елдің иесі сендерсіңдер. Ал ұстаздарымның жасаған жақсылығын ешқашан да ұмытпақ емеспін. Оларға мәңгілік қарыздармын. Ұстаздар елдің баласын өзінің баласындай бағып-қағып өсіреді, оқытады. Алаш арыстары «Алты Алаштың басы қосылса, төрдегі орын мұғалімдікі» деп бекер айтпаған. Әрі-беріден соң, мемлекеттің шаңырағын уық боп көтеріп тұрған қазақ мектептері. Өкініштісі, қазір аяулы ұстаздарымызды ардақтай алмай жүргеніміз шындық.

«Оның рас, сөзіңнің жаны бар» дегендей алдыңғы қатарда отырған апайлар бастарын изеп, сөзімді қостап жатыр. «Қазір ұстаздарымызды оқушылар, ата-аналар, ел-жұрт, қоғам қадірлесе, ең бастысы – сол. Сіздерді билік қана емес, қоғамдық ұйымдар да, қазіргі демократиялық қоғам да марапаттауы тиіс. Осыған орай, Қазақстан Республикасы  Әділет министрлігінің тіркеуіндегі республикалық «Қазақ қоғамы» ұйымының төрағасы, танымал қоғам қайраткері, баспагер, менің аға-досым Нұрмат Қапалбекке сөз беремін». Ду қол шапалақ соғылып, Нұрмат орнынан маңайын барлай маңғаздана көтерілді.

– Көкталдық бауырлар! Бізге деген қошеметтеріңізге Алла разы болсын! Қайрекеңдей қазақ әдебиетіне жазушы сыйлаған сіздерге алғыстан басқа не айтуға болады?! Алматыда мүйізі қарағайдай жазушылар ұлдарыңыздың жазғандарына оң бағасын беріп үлгерді. Қайрекеңнің алда талай сүбелі шығармалары жазылатынына сеніміміз мол. Жаңа ұлдарыңыз мені таныстырды. Қоғамдық жұмыстармен айналысамыз. Әрі баспагермін, – деп, Нұрмат сөмкесінен өзінің құрастырған кітаптарын шығарып көпшілікке көрсетті. – Бұл кітап өскелең ұрпаққа өте-мөте қажет. Әсіресе оқушыларға. Мәселен, мына кітап мемлекеттік гимніміздің авторы Шәмші Қалдаяқовқа арналған. Бұл жобаның ақылдастар алқасында елімізге белгілі педагогтар, ақын-жазушылар,  ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері бар. Сіздерге бір-екі кітап қалдырып кетем. Асықпай көрерсіздер. Сол азаматтардың ұйғарымымен мектептеріңіздің басшысы Байдәулетов Еркінбек Момынұлы мен біздің Қайрекеңнің сынып жетекшісі Манатбекова Гүлсім Қайымқызын марапаттауға рұқсат етіңіздер.

Көпшілік тағы да қол соқты. Алматыдан мың шақырым жердегі шалғай ауылдағы ұстаздарымның жүздері бал-бұл жанып мәз. Кеуделеріне қадалған медальмен бірге жүздері де жарқырап, балаша қуанып тұр. Ауылда күтпеген жерден шығармашылық кештің соңы тойға ұласты. Мектеп пен құрдастардың дастарханынан бөлек, медаль иелерінің шаңырағында бір-бір малдың басын мұжып, Көкталда үш-төрт күн аялдап қалдық. Қоштасарда ағайын бізді қимай-қимай Алматыға аттандырды. Көлікке отырар кезде Еркінбек ағамыз жеке шығарып алып, бұйымтайын айтты.

— Қайратжан, Көкталың таудың қуысында жатқан елеусіз ауыл ғой. Өзіңді, өнерлі достарыңды көріп бір жасап қалдық. Неміспен соғысқан ардагерлердің соңы Жақып ақсақал былтыр қайтқан еді. Кеудеме медаль тағып мені ардагер еттің, – деп, тауып сөйледім-ау дегендей өзіне-өзі риза боп сөзін жалғай түсті. – Айыртау ауданында мұндай құрметті Гүлсім апайың екеуміздің ғана көргеніміз болмас. Аудандағы басшыға бір медальдің реті бола ма?

— Ереке, бұйыртса ретін келтіреміз. – Жауабым екіұштылау шықты ма екен, аузын құлағыма тақап:

— Бір малыңды қысқа салым салып жіберем, ауылда малдан басқа қолда не бар дейсің, – деді сыбырлап.

— Жақсы.

— Келістік! – Ерекеңнің төбесі көкке жеткендей болды.

Көктал қолын бұлғап артта қала берді. Қым-қуыт тірлігі бітпейтін Алатау етегінде олпы-солпы болып жатқан Алматы салқынқандылықпен қарсы алды. Бір-бірінен аумайтын қаланың зырлауық күні зырлап өтіп жатты. Ауылдағы өткен кездесуді бұқаралық ақпарат құралдары арқылы білген жолдас-жоралар, таныс-тамырлар хабарласып құттықтап жатыр. Бірі «Алматыда өткізуің керек еді» десе, енді бірі «тұңғыш кітабыңның тұсаукесерін туған жерде кескенің жөн болыпты» десті. Бір күні елімізге аты мәлім ақсақал жасына келген ақын ағамыз хабарласты. Өз құлағыма өзім сенер емеспін.

— Бала, мен Асқар Әбілқасым деген ағаң болам, – деді тұтқаның арғы жағынан зор дауыс. Алғашқыда абдырап қалып, не дерімді білмей:

— Білеміз, аға, сізді. Білеміз, – дедім сасқалақтап. Артынша «Ассалаумағалейкумді» шатып-пұтып айтқандай болдық.

— Біздің кезімізде шыққан кітабымызды ағаларымызға апарып, ақ батасын алушы едік. Қазір жастар алды-артына қарамайтын болыпты.

— …  

— Есесіне теледидардан жаһанға жар салады екен. Өзіміз бес поэма жазған соң ғана ақын болып едік.

Өмірі араласпасам да, базынаға толы Асекеңнің сөздері ұнап барады. Аты елге мәлім, атағы жер жарып тұрған ақын ағамыз өз інісіндей көріп, реніш айтқанда тұрған не бар?

— Ағаттық болды, аға. Сізге арнайы кіріп шығамын.

— Е-е, енді жөнге келдің, бала. Кітабыңды алып кел. Оқиық, пікір айтайық. Сенің былай, жазуың жаман емес. Мен сол баяғы журналымдамын. Баспаның да жұмысы бітпейді. Бірақ арасында уақыт тауып қарап шығайын.

— Жақсы, аға, жақсы.

— Енді, так. Шаруаға көшейік. Маған бір медаль керек.

— Медаль?

— Иә, медаль. Бір құдам бар, мынау Талғарда. Келесі аптада алпыс беске толады. Үлкен той. Ұзақ жылдар бойы кемпірі екеуі мектепте сабақ берді. Соларға медаль тақсақ қатып кетпей ме?! Сенде медаль бар деп естідік.

— Аға, ол медальді мен Нұрмат Қапалбек деген бауырыңыздан алғанмын. Сол жігіттің нөмірін жіберсем, – деп күмілжи жауап бердім.

— Бала, так, мен ол Нұрматыңа хабарласып жүремін бе? Әңгімені көбейтпей, осы шаруаны бітіріп бер.

Ақын ағам сөзімді күтпей, байланысты үзіп жіберді.

Қойшы, сонымен, ақын ағамыздың шаруасына жегілдім. Нұрмат пен Асекеңнің ортасында сабылдым-ау. Асқар Әбілқасым, жұрт айтқандай, қырсық шал емес, қытымыр шал болып шықты. Жиырма мың теңгені төрт бөліп берді-ау, әйтеуір. Қолымды бір сілтейін десем, жасы үлкен ағадан ұят. Әмбе, ауылдағы мектеп директоры Еркінбек ағамыздың өтініші – ол бар. Нұрмат екі клиент тауып бергеніме жеңілдік жасай ма деген дәме де жоқ емес. Осылай шапқылап жүргенде елден Гүлсім апайым хабарласты.

— Алло, Қақабай, амансыңдар ма?

— Аманшылық. Өздеріңіз қалай? Ауыл-аймақ аман ба?

— Аман, аман. Өткенде өзің таққан медаль бар. Кездесу туралы облыстық газетке шықпады ғой.

— Солай ма?

— Иә, одан бері біраз уақыт өтті. Соны тездетсең.

— Мақұл. Басқа не жаңалық?

— Тыныштық. Сен кеткесін ағайын-туғанға жудық марапатымызды. Айтпақшы, Ерағаң сәлем айтқан.

— Ол кісіге де сәлем айтыңыз. Айтқаны қаперімнен шыққан жоқ.

Журналистика саласында он бес жылдан бері еңбек етіп келе жатсам да, облыстық газетке шығудың қиын екенін білмеппін. Ендігі жұмыс Ерсінге күнде қоңырау шалу болды. Ол да саспайды. «Жігіттерге айтып қойдым, алдағы нөмірге кетеді» дейді хабарласқан сайын. Бірақ шықпайды. Шыдамның да шегі бар. Менен екі-үш жас үлкендігі бар облыстық газеттің бас редакторының орынбасарына хабарластым.

— Алло, Есмырза Тасымов па екен?

— Иә, – деді Ескең даусын зорға шығарып.

— Бұл Алматыдан Қайрат Тұрсын деген жерлес әріптесіңіз, – дедім сыпайылық танытқандай болып.

— Әй, Қайрат бауырым, хал қалай? Бірден айтпайсың ба? Өткенде тығылып келіп, тығылып кетіп қалыпсың. Мұнда да әдеби орта бар. Араласпасақ та, сырттай өзіңе тілекші елдің азаматтары жетеді.

 Ескең маған сөз бермей, іші-бауырыма кіріп барады.

— Еске, ыңғайсыздау болып қалды.

— Жарайды, ештеңе етпейді. Біз де шақырту күтпей-ақ баруымызға болар еді. Сол күні газет шығып жатты емес пе? Өмір алда. Әлі талай еркелеп ауылға келерсің. Сонда алдыңнан шығармыз.

— Иә, иә. Еске, сол сапар жайлы мақаланың жатқанына біраз болып қалыпты, – дей бергенім сол еді, Ескең есіле жөнелді:

— Қайреке, сол мақала менің қолыма бүгін ғана түсті. Бөлім редакторының тартпасында жатып қалған ба екен, әйтеуір, жаңа ғана қарап шықтық. Саспа, осы нөмірге салам.

— Жақсы болатын еді, рақмет.

— Медаль тағып кеткенің жөн болған екен. Айыртау адам аяғы баспайтын жерге айналды ғой. Ондағы мұғалімдердің қуанышын осында отырып-ақ біліп отырмын.

— Ниетіңізге рақмет. Қолдан келгенше ғой біздікі.

— Қайреке, саған өтініш. Бізге де сондай екі медаль керек. Енді… Тегін емес екенін білеміз ғой. Бағасы қанша?

— Отыз мыңнан.

— Тым қымбаттау екен. Түспейсің бе?

Медальді өзім соғып жасайтындай саудаласып жатқаныма ыңғайсызданып қалдым.

— Еске, оны Нұрмат Қапалбек деген «Қазақ қоғамы» ұйымының басшысы тағайындайды. Телефонын берейін, өзіңіз хабарласыңыз. Мен содан алған бағамды айтып жатқаным ғой, – деп ақтала түстім. Есмырза баж ете түсті.

— Ол кісіні танымаймын ғой. Маған тіпті басқа баға айтып жүрер. Алпыс мың теңге салып жіберейік, өзің алып, осы редакцияның мекенжайына жіберсең.

— Жақсы, тек мақаланы осы аптадан қалдырмасаңыздар.

— Келістік!

Есмырза берген уәдесінде тұрды. Мен де оның шаруасын бітіріп бердім. Медаль саудасы мұнымен тоқтаған жоқ. Көкталда мектепте менің кітабым жайлы баяндама жасаған мұғалім де хабарласып, үш медальға тапсырыс берді. Бас-аяғы Айыртауға жеті-сегіз медаль жөнелттік. Қайдан естігенін білмеймін, Таразда тұратын бір курстасым бар еді, ол бірден алтауын алды. Алматыдағы қаламдас жігіттер де мен арқылы «Ыбырай Алтынсарин» атындағы төсбелгіні сатып алып, ауылдағы ұстаздарына сый етті. Бұрындары көрген жерде аман-сәлеміміз түзу болғанымен, Нұрматпен көп араластығымыз жоқ еді. Қазір жұбымыз жазылмайтын болып алды. Екеуміз «Отырар» қонақүйінің астындағы бильярдқа барып шар ұратын болдық. Әр жұманың кешінде «Пивасик» деген сыраханаға барып, түн ортасына дейін әңгіме-дүкен құрамыз.

Жұма күні жұмысты аяқтап тастап, Алматы көшелері шамын жаққанда Нұрмат екеуміз әдеттегідей сыраханада кездестік. Менен бұрын «Пивасикке» келіп алған досым жылап отыр. Бағана ғана телефонда даусы жарқын-жарқын шығып көңілді еді. Шошып кеттім.

— Не болды? Тыныштық па?

— Шығарған кітаптарымды Қапан Қайырбеков мақтапты. Қапан Қайырбековтің өзі. Білесің ғой, сен ол кісіні.

— Түу-у, адамның зәресін алдың ғой. Мен бір жаман хабар алды ма десем…

— Қапан Қайырбековтің өзі! – Нұрмат сұқ саусағын шошайтып, алдындағы тобылғы торы сырадын тартып жіберді. – Даяшы, бір сыра, төрт кәуап алып келші, – деп айқай салды көзінің жасын сүртіп. Даяшы қыз зыр етіп бір саптыаяқ сыраны алдыма қойды.

— Қайрат, сен Қайырбековті білесің ғой?

— Әрине, білеміз. Қазақ журналистикасының атасы!

— Сол қазақ журналистикасының қара нары, атасы, бабасы менің журналымды мақтапты, – Нұрмат тағы да көз жасына ерік берді.

— Ол не үшін мақтапты? Қай жерде мақтапты? Тарқатып айтсаңшы.

— Журналистер күніне жарияланған байқаудың «Үздік баспагер» номинациясына кітаптарымды қосқан едім ғой. Бәйгелі болып отырмын. Қазылар алқасының төрағасы Қапан ағамыз екен. Қазылардың отырысында менің, менің журналымды мақтапты.

— Әңгімені бәйгелі болғаныңнан бастамайсың ба? Ал, құтты болсын! Қолыма сырамды алдым.

— Қайрат, қалай түсінбейсің? Қайырбековтің бір ауыз сөзінің өзі бәйгеден артық қой. Қазылар құрамындағы таныс жігіттер айтып берді. Мақтапты. Мақтағанда еңбегімді елеген ғой. Бұйыртса, келесі аптада Астанаға жол жүрем. Марапаттау салтанатты кеші болады.

Нұрмат маған тілек те айттырмады, сөз де бермеді. Академик Қайырбековтің сөзін әр үтір, әр нүктесіне дейін қалдырмай ұзақ баяндап берді. Екеуміз әдеттегідей аттың басын жіберіп, сырадан біраз сілтедік. Екі көзі оттай жанып, желпініп сөйлеп отырған досымды мен де қуып жетейін дедім. Маған да сөз тие бастады. Бір заматта біздің оң жағымызда бос тұрған үстелге жасы бізбен шамалас, басы қазандай, бұғақты жігіт келіп жайғасты. Денесі зор болғанымен, өзін ұстауы біртүрлі. Шылымын қос саусағының ұшына қыстырып тартады екен. Бізге көзінің астымен бір қарады да, сыздана даяшыны шақырды. Нұрмат қызып қалды ма, білмедім, әндете жөнелді.

Көк тудың желбірегені, 
Қазақтың асқақ беделі.
Махаббат, қайрат екеулеп,
Шымырлатқаны денені.

Көк тудың желбірегені,  
Жаныма қуат береді.
Таласқа түссе жан мен ту

Жан емес, маған керегі –
Көк тудың желбірегені.

Көк тудың желбірегені –
Елдіктің асқақ өлеңі,
Жан-жаққа тартпай, қазағым,
Бір сөзге жинал дегені.

Көк тудың желбірегені,
Бақыттың елжірегені,
Қиырда қалған қазақтың
Көзінің мөлдірегені…      

Досым көзін жұмып алып, бақырып-шақырып Ибрагим Ескендірдің әнін аяғына дейін айтып шықты-ау, ақыры. Музыкалық қабілеттен жұрдай Нұрматтың әнге таласы барына таңғалып отырмын. Сызыла темекісін будақтатып отырған көршіміз орнынан тұрып кетті. Соны сезгендей Нұрмат көзін ашып, май-май шашын артқа бір қайырды да: «Анау кетіп қалды ма?» – деді маған тесіле. Жауап қатқанымды күтпестен қарқылдап күліп: «Оның лақап аты – «Көк ту», – деді. Орны суып үлгермеген көршімізге естірте айқайлап сөйлегенін түсіне қойдым.

— Біреуде нең бар? Ол да біз сияқты жұмыстан кейін демалуға келген шығар.

— Ол біреу емес. Ол флажок!

 Нұрматты масайып қалғанға жорып, жейтін бір нәрсе алдырайын деп көзіммен даяшы қызды іздей бастадым.

— Қайрат, ол менің ескі танысым. Бұрын 17-телеарнаның жаңалықтар қызметінде бірге жұмыс істегенбіз. Мектеп, ауруханалардың төбесіндегі өңін күн жеп қойған туларды іздеп жүріп түсіретін. Сосын, «мемлекеттік рәмізді қорладыңдар» деп, қорқытып ақша бопсалайтын. Сөйтіп, жағдайын жасап алған арсыз. Қазір шығарушы редактор болып алған, – деді тістеніп.

— …

— Байқадың ба, «көк тудың желбірегені» десең, орнынан тайып тұрады. Нұрмат тағы да қарқ-қарқ күлді. Көк тудың әңгімесін түсінетін менде жағдай жоқ. Тек сыраға ақты бекер араластырып жібергеніме іштей өкіне бастадым.

— Көк тудың арқасында ақшаның астында қалды бұл ит, – көзі шатынап кеткен Нұрмат үстелді бір қойды.

— Айтпақшы, ақша демекші, өткендегі медальдардың ақшасын ала келгенмін, – деп, қалтамнан конвертке салынған ақшаны алып, досыма ұсындым.

Әңгіменің ауаны медальға  ауысқаны жақсы болды. Көк тудың тақырыбы лезде жабылды. Досым ықылық атып отырып конвертті ашты да, ондағы ақшаны көзімен санап шығып, төс қалтасына сүңгітіп жіберді. Қунақ қимылдап келесі қалтасынан темекісін шығарып, бір талын тұтатты.

— Жарайсың, Қайрат! Осы сенің жолың жеңіл-ей. Менің медалімді медреседегі молдаларға өткізіп жібердің.

— Олар медресе ұстаздары. Ал медальді медресе түлектері өздері іздеп келіп алды, – деп оның сөзін түзетіп қойдым.

— Какая разница? Медреседе сабақ беретіндер де молдалар ғой. Респект! Бұл жолы Нұрмат шиқ-шиқ етіп күшене күліп қолымды алды. Танауымды көтеріп, шалқайып қалдым.

— Пах! Қайрекең шірене түсті ғой. Медресеге медаль сату сөз болып па? Атыраудағы бір кәсіпкер дүниеден өтіп кеткен әкесіне «Ұлт мақтанышы» деген медалім арқылы көше алып берген. Көше беретін комиссия марапатқа қарайды екен ғой. Сондықтан да медресеңізбен мақтанбаңыз.

— Мәссаған! Медалің мықты екен! Сөз жоқ!

— Қайреке, екеуміз бірігіп енді орден шығарсақ қалай? – Досым өз идеясына өзі тамсанып кетті.

— Неге шығармасқа?!

Бейне бір келісімшарт жасасқан іскер азаматтардай орнымыздан атып тұрып қол алысып, сосын құшақтаса кеттік. Саптыаяқтарымызды көтеріп соғыстырмақ болғанда, босап қалғанын бір-ақ аңғардық. Екеуміз жарыса «даяшы» деп айқай салғанымызбен, даңғырлаған музыкадан даусымыз сыра тасып жүрген сары қыздың құлағына жетпеді. Сырахананың жеке кабинасынан шыққан бағанағы бұғақты жігіт бізге қарай ыржалақтап келе жатты. Қолында бір бөтелке арағы бар. Нұрмат бұл жолы «Көк тудың желбірегені» деп ән бастаған жоқ.

author

Қанат Тілеухан

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...