Ақын Ахат Расулдың 7 өлеңі

ӘДЕБИЕТ
4215
Әлемнің үмітіне үрей туғызып, көңіліне қаяу түсіріп, жан әлемін құлазытып тұрған осынау пандемия кезінде "Мәдениет порталы" кішкене болсын жүректерге жылу сыйлағысы келеді. Осы мақсатпен портал ұжымы қазіргі қазақ поэзиясында өзіндік орыны бар ақындарға сауын айтып, өздерінің көңілінен шығатын 7 өлеңін сұрап, жариялап келеді. Бұған дейін елге белгілі Бақытгүл Бабаш, Құралай Омар, Айнұр Төлеу, Ұларбек Дәлейұлы, Мақпал ЖұмабайТоқтарәлі ТаңжарықҰларбек НұрғалымұлыЫқылас Ожайұлы, Мирас АсанТөлеген МеллатЕрлан ЖүнісЕрғали БақашАсылбек ЖаңбырбайСерікбай ӘбілмәжінұлыЫрысбек Дәбей секілді ақындар өлеңдерін ұсынған болатын. Ақындарға алғысымыз шексіз!
Қадірменді оқырман, бүгінгі ақын - Ахат РасулМархабат!Ақын Ахат РасулАқын Ахат Расул
* * *

Талыға ма екен құмдар да, жалыға ма екен жылдар да,
Келеме екен жатқысы түрегеліп тұрған шыңдар да?
Аспандағы жұлдыздар шаршайма екен қалқудан,
Мәңгіліктің қойнында мұңаяма екен мұңдар да?

Талығам, ал мен жалығам жалғанның солғын сұрынан,
Шеңбектеймін жүректі қақ болып қатып суынған.
Кеңістігіне кеудемнің найзағай атып шалмасын,
Әліде нені сағынып құстармен бірге шұбырам.

Сабылам сары далада, сағымға сіңіп сандалам,
Тәңір ме мені шақырған, жындар ма әлде арбаған.
Тартылып кетем талғамсыз түпсіздіктердің түбіне,
Атылып кетем аспанға таласып маған бар ғалам.

* * *

Жел мұжып ескірген молалар,
Қираған құлыптас, құлаған обалар.
Ежелгі бабалар жұртында
Салынған ойрандар, додалар.
Ескірген соқпақтар 
Сол жерден жалғасын доғарар.

Бауырын сүйретіп бесінде,
Қырқадан сағымдар көшуде.
Бүйірі тесілген бейітке,
Көлеңке бұғынып есірген.
Ғасырлар аптабы қақтаған,
Қақтардың кендірі кесілген.

Жорықтар күн жатып, түн қатқан,
Соғыстар қайғысы мың батпан.
Шаңырақ шаттығы шайқалып,
Сағанақ, босаға сынды оқтан.
Қан жауған ғасырлар тарихы,
Тастардан тіл қатқан.

Сары қурай қыратта,
Жете алмай бұлақта жұмаққа.
Сары дала сарығын сағағы,
Зар қылып тартады ұзаққа.
Жылаған даланы, құлаған моланы,
Сағымдар көтеріп жұбатқан...

* * *

Не дейін сірә сағагн жаным-ау,
Қасыңда жүріп таба алмадым-ау.
Кеудеме салған дертке айналды өртің,
Емі жоқ оның ғаламда мынау.

Іздедім көктен, жерден еркешім,
Әлде ғайыптағы елден бе екенсің?
Жалғаннан жалғыз шарқ ұрып сені, 
Таба алмай жүрсем кеудемде екенсің.

Жасырынғансың жүрек түбіне, 
(Сені де сол жер жүдетті білем.)
Жазым боп мен Жайығында жанның,
Жағада жыладың Жібек мұңыңмен.

Құмдарға сіңіп,  мұңға батамын,
Сағым көтеріп шыңдарды асамын.
Жұлдыздан сенің жүзңді көріп,
Үніңді желден тыңдап жатамын. 

Әзірге мейлі айыптар жалған,
Жеткізер бізді ғайыптағы арман.
Мен махаббатпын Қособада өлген, 
Сен махаббатсың Жайықта қалған...

* * *

Етегін жерге батырған ерен тауларды сағалап,
Кербесті міндім аяғын мұздай тағалап.
Жолаушы кетіп барамын алыс,
Сары жұртқа қонып, 
Тас молаларды паналап.
Шаңға жеткізбей шапқанда шалқып шалқарым,
Жас емес көзден жалыны бөлек ағады от.

Молалар пана! 
Содан арқама жал бітіп,
Таң күтіп тұрар құласам болды сам жұтып.
Елпілдеп кетсем, еңкілдеп кетсем егер мен,
Жылатар адам...
Жұбатар мола жан бітіп.
Балбалға қонған бозторғай ұшып басымнан,
Дейтіндней мені сәреден ғана ал күтіп.

Ұлиды бөрі іңірдің түртіп іргесін,
(Мықтылығы оның!
Демеймін жолды жүр кесіп.)
Бөрі жүрегім кете алса бұзып түрмесін,
Келер еді ғой ұлы
Ұлығандармен тілдесіп.
Ақымақпын ба?..
Топырақпын ба қайтарар жердің қарызын,
Айтады оған бөрі мен ажал бір кесім…

Керуен жолдары

Изендей иланып,
Жусандай жүгінем далама,
Сары бел,
Сыр құйған сары қурай санама.
Сұлбасы сағыммен созылған керуен,
Молаға түнеген тастардан қалаған.

Боз шаңыт кілкіткен құмдауыт жоталар,
Сапарлар...
Керуен жолдары көкжиекке апарар.
Талыққан сары құмдар...
Жалыққан жалданба жарлылар,
Тағдырлар –
Көзіне құм толып адасқан боталар.

Ғасырлар –
Керуен жолдары құмдарға сіңіскен,
Шилеуіт құдықтан қауғалап су ішкен.
Зар мұңлы жалданба жарлының бар құны,
Өлшенген бір жармақ күміспен.

Керуен жолдары іздерін бүркер құм,
Адасқан боталар аспандағы үркер мұң.
Кездейсоқ жолаушы жолықса шешетін,
Керуен жолында жоғалған бір теңмін.

Түзгенді төбеде...
Жыңғылды жырада...
Мүбәда...
Мені де тауып алар бір адам...
Әй бірақ тыңдайды қай құлақ қайғыра,
Жарлыны шапанын жұрттағы жұрыннан құраған.

Ботамын керуен жолынан жырылған,
Көзіме құм толып белгісіз бағытқа қуылғам.
Айырма тәңірім қоңыраулы құмымнан,
Мен керуен жолында адасып туылғам...

Қыпшақтық қымыздың иісі 

Іңірдің үрейлі ұсқынын,
Қабылдап мазасыз мас түннің мысқылын.
Сүңгідей салбырап суыққа төземін,
Аяздың Алтайы атасы жіберген үшкіріп,
Бұрқасын бораймын ысқырып.

Көретін көзіме күн тамған,
Қарашық қойнынан қомағай түн саулап.
Қанымды қапыда қасірет қырсаулап,
Мейрімсіз өмірдің мезгілі мұршамды ап,
Ессіздеу елесім жүр самғап.

Жоғалттым өзімді,
Бар едім,
Ар үшін құрбанға шалындым, жан едім.
Ауасыз аймақта айналам әңгекті,
Бір жұтым шындыққа зар едім.
Оу, өмір не қылған тар едің.

Ізедім өзімді ескі үннен,
Іздедім белестен кеш кірген.
Жұрттағы құрымнан елеусіз ескірген,
Жұтатын жиектен керуен көш кірген,
Іздедім өзімді....
Бұлан бір даланы кештім мен.

Түңілем,
Білмеймін межемді,
Мызғасам сабылып іздеймін ежелді.
Алыстан Алтайға... оралам,
Қартайғам.
Қыпшақтық қымыздың иісі аңқып,
Жусаний жұтамын төңкере көзені...

Өлең 

Бақыт та, азабым – тағы өлең жазамын,
Тырнаймын ауызын асқынған жараның.
Бабамның басына қойылған балбалға,
Қуара сүйенген қобыздың шанағын
Боздатып,
Боз іңген зарына саламын.

Елеңдеп ежелге құлағым,
Оқият осқыра орғиды пырағым.
Ғарыштың түбіне сүңгимін сәуледей,
Оқыстан шамданса шашылған шуағым
Зеңгірде 
Жасындай шарт етіп сынамын.

Көкжиек кемері күңіренген күдерім,
Киеді басына батар күн шүленін.
Белгісіз бағыттан бебеулеп бір әуен,
Белгісіз бір дауыл салады түренін.
Сосын мен
Тұңғиық түніме кіремін.

Тұңғиық түндерім тылсымат,
Жанымды жаншыйды жаһатсыз мың сұрақ,
Даланың жазамын жаралы ғазалын,
Ажалдың иісі тұрса да бұрқырап. 
Шапқылап жүреді
Тамырда жылқы жыр шұрқырап.

Дауасыз дерттермен омлған,
Жауапсыз қоғамға қорына тоналған.
Артық-ау күйсіз бір күндерден
Қара да бойы жоқ, қарда ізі
Жалғыз дүр
Пырақтың соңынан жоғалған.

Бақыт та, азабым – тағы өлең жазамын,
Жырыммен жерұйық жамалын табамын.
Жыртылып шұлығым, тесілсін табаным,
Келгенше жазамын ақ, адал ажалым.
Сол кезде түлетіп ұшырам жүректі
Мәңгілік
Жыр оқып тұрады мазарым.
author

Ахат Расул

АҚЫН

Жаңалықтар

Түркияның Ризе қаласында лай көшкіні жүрді, деп хабарлайды madeniportal.kz. ВВС мәліметінше, Чайели...

Жаңалықтар

Ақмола облысы Атбасар қаласындағы тұрғындар жаңа үйдің құрылысына сын тақты, деп хабарлайды mad...