Жадыра ШАМҰРАТОВА. Секундтар арасындағы шексіздік (новелла)

ӘДЕБИЕТ
8040

Арасында ұйытқи соғып кететін желден үй алдындағы теректер шуылдасып, торғай шықылықтағандай болды да, қайтадан тыныштық орнады, тек ауыл шетіндегі өзеннің гүрілі ғана естіліп тұрды. Осы ауылға келін болып түскен көктемде де осылай гүрілдеп, лекілдеп арнасынан аса жаздайтын өзеннің мінезі сол бір шуақты күндерде өзі жас, алдан тек шат-шадыман шақтарды ғана күткен Сәлиманың жүрегін себебін өзі де біліп болмайтын қуанышқа толтыратын. Одан бері де қаншама су ақты, аққан су сай-салаға сіңген сайын Сәлима да жас келіншектен жасамысқа, енді міне, салиқалы әйелге айналды, сонда да көктем сайын өзеннің гүрілін естігенше асығар еді, мұның Ақылжаны қалаға кеткен сол күні де өзен осы ерекше әуенімен шығарып салған. Қазір сәуірдің басы, судың деңгейі біршама жоғары, үсті көпіршіктеніп, алыстан қарауытып көрінеді. Өзен жағасына келсе ғана Сәлиманың көптен күпті болған көңілі баяғы сабырлы қалпын тауып, жаны да аздап тыныштық табатындай.

***

Жатайын десе үстінен басып тұншықтырғандай, тұрып жүрсе аяғынан шалып жүргізбейтін зілмауыр ойлардан құтылар күні бар ма екен Сәлиманың? Үш жыл, сегіз ай, 14 күннен бергі серігі жалғыздық қана. Ақылжанның үйден кеткеніне осынша уақыт болған екен. Сәлима бұған дейін жалғыз ұлынан ұзақ уақыт көз жазып қалудың не екенін білді ме екен, тіпті бір сәтке болсын, «ұлымды жылдап көрмеймін ау» деп ойлап көрді ме десейші. Әкесі жол апатынан қайтқанда мектепке енді іліккен баланың сабаққа алғыр болғаны, үлкендерді ағалап, көкелеп тұратыны, көршілердің «анау өзіңдей Ақылжанға қарамаймысың, қандай тәрбиелі, үлкенді сыйлауы бөлек» деп өз балаларына үлгі ететіні еске түседі... Сәлима түн ортасында да дамылсыз кешкен ой ағынына тойтарыс бере алмай зіркілдеген шекесін қолымен ұстап жатып, ұлының соңғы кездердегі келбетін, екеуара не айтқанын тап кешегідей қаз-қалпында еске түсірмек болады. Ұлы мектепте волейболды жақсы ойнайтын, үнемі турникке тартылып, гир көтеріп жүргесін бе таралып өсіп, келе-келе бұлшықеттері айқындалып, сымбаты көз тартарлық жігітке айналды. Қасы әкесінікіндей қалың, ал мұрыны нағашы атасыныкындей қырланып, кісіге тіке қарағанда жанарынан ұшқын атып тұрады. Өзі кішкентайынан сезімтал болды, кейде мұның не айтпағын, не ойлап отырғанын дөп басатын. Сәлиманың жалғыз ұлынан өзге кімі бар, үйдің бар шаруасын ұлымен ақылдасып отыратын болды. Бұлардың ауылы үлкен жолдың бойынан бес-алты шақырым жолда болғандықтан қалаға жетіп қалу қиын емес, Ақылжан да үйіне жұма сайын келіп тұратын. Соңғыда оқуын бітіріп, енді ғана қызметке тұрған ұлының біртүрлі есейіп, мінезінің тым салмақтанып кеткенін Сәлима байқаған. Жұмысқа тұрғаны бар, оның үстіне жас жігіттің қызбен қыдыратын уақыты. Күні ертең «Мама, жақында келініңді көрсетем» дейтін шығар», дегенді ойлағанда Сәлиманың көңілі алып-ұшып кететін. «Сап, сап, асықпа, күні ертең ол күн де келер, шіркін ай, мұның арманы да сол емес пе, тек әкесі көре алмай кеткені болмаса» дейді өзіне өзі. Соңғы келгенінде ұлының ұзақ жуынып, төргі бөлменің есігін жауып алып намаз оқитынын да байқады, арақ ішіп қисалаңдап, не жұмысы жоқ, не басының сыйы жоқ, құр сенделіп жүрген біреулердің баласындай емес, жас болса да имандылыққа бет бұрғанын өзінің іші теріс көрмеген. Бүгін жалт-жұлт етіп көзді қызықтырғанымен күні ертең көрген түстей өте шығар жалған дүниенің уақытша екенін жастай түсініп, намазын оқып, құлшылық үйренгеннің несі жаман деп ұлының осы кезге дейін жаманат сөз келтірмегеніне шүкір еткен. Тек Ақылжанның соңғыда сақал қойғаны ғана онша ұнамады. Өзі мұртсыз, уылжыған жас теріге тақыр жерден өніп шыққан бір уыс шөп-шалам секілді сақалдың үйлеспей тұрғаны да рас еді.

– Жап-жас жігіт, андағы сақалың не? – деген жаратпағанын білдіріп.

– Жігіттердің арасында осындай сән бар, мама. Ер адамда сақал болуы керек.

– Ай, білмеймін, сақалдылардан қорқатын болдық қой.

Ұлы үндемеді. Өзі тұйықталып кеткен бе, шай үстінде ақтарылып әңгіме де айтпады, бұрынғыдай өзі араласатын кластастарына да бармады. Кеткенше телефонға телмірумен болған ұлын шешесі азығын дайындап, қалтасына мұғалімдік айлығынан жинаған қаражатынан салып, екі бетінен алма-кезек сүйіп шығарып салған.

– Мам, ақша қажет емес, өзім де айлық алып жүрмін. Бұрынғыдай студент емеспін, енді өзіңе жұмса. 

– Беріп тұрғанда ал енді, саған бермегенде кімге берем? Студент кездегідей емес, кішкене бос уақытың да көбейген шығар, енді жиірек келіп тұр, құлыным. Такси күн сайын шығады, зыр етіп келіп кетесің.

– Ия, келем ғой. Айтпақшы, мам, қаладан жұмыс іздегің келмей ме?

–Зейнетке шығуыма жылға толмайтын уақыт қалды деп отырғанда жылы орнымды суытып қайтем. Әкеңнің оты сөнбесін. Ауылдың жартысы менің алдымнан шыққан шәкірттерім, бәрі сыйлайды, үйренген жерім.

– Бәрі көшіп жатыр ғой, Сапар ағалар да көшті деп естідім.

– Ол көшсе жер алып, үй салып алды. Біз не деп көшеміз, пәтер жағалап тапқан-таянғанымызды соған бергенше осы жерде отыра бермеймін бе? Сен де ер жеттің, азамат болдың, күні ертең жұмысыңды жақсылап жасап орнығып қаларсың, үй боларсың. Ал, жарайды, балам, кешігерсің. Айран ішіп ал.

Қалаға кеткеннен кейін де ұлы хабарласып, мұның халін біліп тұрды. Бір сөйлескенде жұмыстан жаңа шыққан бетім дейді, бірінде кабинетке кіріп бара жатқанын айтады. Тек алдыңғы күні ұлына қоңырау соғып, телефоны өшіп тұрғанын байқады. Бастапқыда жұмысы қауырт, әрі жас маман, мүмкін, қолы тимейтін болғасын өшіріп қойған шығар деген. Үшінші күні де телефоны жабық болғанда көңіліне алаң кірді. Қасында бірге жүретін досы Саянға хабарласып еді, «Апа, кешіріңіз, өзім де көптен көрген жоқ едім» деген жауап алды. Жиеніңе бас-көз болып жүрерсің деп тапсырған өзінің немере інісінің нөмерін терді, «Бізге келмейді, ұлыңыз сыра ішкен адаммен қас қой осы күні» деп мырсылдай күлді ол. Сол күні көңілі елегізіп, мазасы болмай, оқу меңгерушісіне тығыз шаруасы барын айтып, ерте жүретін таксиге мініп қалаға келген бойда ұлының жұмыс орнын бірден тапты.

– Ақылжан Жұбай деген жас маман екі ай ғана жұмыс істеп, өз еркімен жұмыстан шығып кеткен, өз қолымен өтініш жазғанына бір аптадан асты, – деді шашына ақ кірген, көзілдірікті бастық.

Сәлима түсінбей қалды. Жұмыстан кеткені несі, ондай ештеңе айтпап еді ғой...

– Сонда өзінің жұмысын ауыстырып жатқанын, не болмаса бір жаққа кетуі мүмкін екенін сізге де айтпады ма?

«Расымен де онысы несі, тым болмаса маған хабарласып, жұмысымды ауыстырам деп те айтпағаны?»...

Ол енді қайда барарын білмей бір сәт көшенің ортасында тұрып қалды. Үйден шыққанда қалаға барған бойда ұлымен кездесіп, баяғыша оңаша отырып әңгімелесіп, үйреншікті кафеден ас ішкен соң қашанғыдай қалалық базарға соғып, керегін алып кері қайта берем деп ойлап шыққан. Есеңгіреп отырып, телефонын тағы ақтарды, қарап отырса ұлының жора-жолдастарының да телефонын білмейді екен. Соңғыда ұлының «бұрынғы пәтерден шығып кеттім, жасы өзім шамалас балалармен бірігіп басқа жерден пәтер жалдап жатырмыз» дегені де есіне енді түсті. Сонда бұл өзі «ол кімдер, қай аудан, қай ауылдан?» деп те сұрамапты ғой, Ақылжанның қай досын танып жатырмын деді ме... құдай ау, мұның орнында басқа бір шеше болса баласының қасында қандай адамдар жүргенін білгісі келіп, тәптіштеп тұрып сұрар еді ғой. Сәлима өзін-өзі кінәлап келеді. Тек аман болса екен дей береді. «Мүмкін, Ақылжан телефон номерін ауыстырған шығар, тіпті телефонын жоғалтып алуы да мүмкін ғой, оны неге ойламаған, кешке дейін «мама, сөйтіп едім» деп өзі хабарласатын шығар. Болмаса телефон ұстауға рұқсат етпейтін компанияға қызметке кіріп, қауырт жұмыстан босамай жатуы да мүмкін ау. Ту-у, адамдар ай, не боп кеткенбіз, баяғыда телефонсыз да аман-есен жүрдік қой, осыкүні ғой телефоны сөніп тұрса шошып кетеміз, қит етсе жаманат шақырып... Сәлима өзін жұбата бастады, ауылға жүретін жеке таксиге отырған кезде қасындағыларға бүкіл ішкі уайымын білдіргісі келмеді.

Бар ойы қала жақта, телефонның бетіне қарап Ақылжан бір хабарын берер, не біреулер ұлының жағдайынан хабар айтар деумен екі күн өтті. Телефонға телміре түскен адам өзі тентек қой секілді болады екен, көңілі алаң болғасын істеген шаруасының да берекесі жоқ. Сағаттарың не, күткен кезде минуттардың өзі жылжымайды, тіпті секундтардың өзі баяғыша сырғып ағып кетпейтіндей. Ақылжаннан хабар күткенде әр секундтың арасы да ұзақ секілді, әр секундтың арасында шексіздік бардай көрінеді Сәлимаға.

Сәлима өзі бұл жақтың қызы емес-ті, күйеуімен жоғары оқу орнында танысып, осы ауылға келін болып түскеніне де міне, отыз жылға таяпты. Күйеуі үш ағайынды жігіт еді, үлкен қайынағасыөмірден өтті, ортаншы қайынағасы көптен сырқат. Сәлима әуелі сол қайынағасына барып ақылдаспақ болды. Бірақ, өзі төсек тартып жатқан адамның мазасын алудың артық екенін ойлап кідірді. Сосын әкесіне қарайлап, сол шаңырақты ұстап отырған қайнысына барып мән-жайды айтты. Отызға келген жігіт ертеден қара кешке дейін темекісін сорып отырып, арасында булығып ұзақ жөтеліп қойып, жеңгесінің айтқан хабарынан кейін жерге төселген ескі қоңыр кілемнің кірден әрең көрінетін өрнегінен көзін алмаған күйі ойланып қалды.

– Сонда Ақылжанды ешкім көрмеген бе?

– Айтып отырмын ғой, көрдім, білдім деген бір адам жоқ. Түн ішінде бұзақыларға тап болып жазым болмаса екен...

– Жұмыстан неге шығып жүр, ел жұмыс таппай жүргенде?

– Уфф... Қайдан білейін...

– Соның сақал өсіріп, мінезі өзгеріп жүргені ұнамайды маған.

– Ұнамаса, бөтенің емес, бауырың ғой, айтпадың ба?

– Ия, ол мені тыңдайды деген. Соңғыда маған келіп, «көке, дастарханыңызға арақ қоймаңыз, ол һарам» деп ақыл айтқан.

– Енді... онысы дұрыс қой.

– Дұрыс болғанда... мен күнде арақ ішіп жатыр ма екенмін? Құдаларды шақырып отырып қалай құймайсың, сосын айтады тағы, өткенде ана Сәрсен ұлының тойын арақсыз өткізгенде осы ел сыртынан сөз боратып, «әлдеқандай қылып шақырып отырып, қонағына бір шиша құюға жарамады, молда болғансып, сараңдығын жасырғысы келеді» деп әжуаламап па еді.

– Жә, қоя берші қайным. Тап қазір сондай сөзді тыңдайтын шамам жоқ, не ойларымды білмей отырмын. Не істейміз, ал? Ақыл берші? Қайдан іздеймін баламды?

– Жеңеше, сен сол баланы адам қылдың, оқыттың, бәріміз көрдік қой қалай өсіргеніңді. Ешкімнен кем қылмадың. Сүйткен еңбегіңді зая қылып... Оңбаған! Санасы дұрыс болмағаны да...

– Болды! Сәлиманың көзі шатынап, даусы қатты шығып кетті. – Болды, жетер! Сен немене өзі... осы әулеттің бас көтерері деп, сол баланың бауыры деп ақыл сұрап келіп отырсам... Таба алмай жаным қысылып отыр емеспін бе? Тіпті қайдан іздерімді де білмеймін, ұшты-күйлі жоқ. Сені ақыл қосады деп келіп отырмын.

– Болды, болды, жеңеше. Ренжіме... Не істегенде... Меніңше полицияға бару керек.

***

Алдымен полиция, одан соң Ұлттық Қауіпсіздік қызметіндегі ұзақ кідірістен кейін Көші-қон қызметінің мәліметінше 22 жастағы Қазақстан азаматы Ақылжан Жұбайдың атына шетелге шығатын құжат алынғаны, Ақылжанның Түркия арқылы Таяу Шығысты бетке алғаны мәлім болғанда... Сәлима не ойларын білмеді. Естігенінен... әлдекім мың батпан кесек арқалатып жібергендей болып, иығын салмағымен жаншыған ойдан өз денесін ауырлап, тізесі бүгіле жаздап, көкшіл әйнектері самсаған жеті қабатты ғимараттан теңселе басып шықты. Құдай ау, Сирия қайда, біреу қайда? Ақтөбеден әрі ұзап көрмеген бала ол жақта не жоғалтты? Ақылжаным ай, ақылды деп жүргенде не істегенің бұл?

Бар тілеуім өзінің үстінде екенін білмей ме... шешесін ұмытып, есінен біржола шығарып басы ауған жаққа қалай ғана кете алады? Құдай ау, не жазығы бар еді ұлының алдында? Ішінде әлденелер үзіліп жатқандай болған Сәлиманың осы сәтте ешкімнен, қасындағы қайнысынан да қымсынбастан, көшенің ортасында отыра қалып аңырағысы келді. Сонда ғана шешесінің зарлы даусын естіген Ақылжаны жетіп келердей.

Сәлима кешке дейін де, ертең таңмен де Ақылжан хабарласар деп үміттенумен болды, оның шекара асқанын кеше өз құлағымен естісе де соны миымен қабылдар емес. Адам басқа біреудің басындағы бақытсыздықты естіп-білгенімен сол қайғы өзінің басына келмейтіндей, келуі мүмкін еместей көретіні бар емес пе, Сәлима да жат діннің жетегінде Сирия асып, не өлі, не тірі екені белгісіз баласының азабын арқалаған аналардың бар екенін білсе де, өзі де күндердің күнінде сол кепті киер деп ойлап көрмепті. Апыр ау, қалай болды, сонда мұның ұлы әнебір сақалдыларға қосылып, қолына қару алып, соғыспақшы ма? Ол тіпті пышақ қайрап, өз қойын союға жүрексінетін бала емес пе деп, көзге көрінбейтін біреумен диалогы іштей жүрсе, енді бірде «Осының бәрі жай әшейін, құр далбаса әңгіме болса екен, ұлым «мама, саған хабарласуға қолым тимей жатыр еді, енді босадым» деп өзі-ақ байланысқа шықса екен» деп тілеп келе жатты. Бірақ, ішкі түйсігі мұның әлдебір белгісіздікпен беттесерін, жауабын небір ақылды бастардың өзі шеше алмастай, күрделілігі миды сындырар жұмбақтарға кезігерін сездіретіндей ме... Енді бір сәтте... әлдекімдердің арбап-алдауына түскен ұлын соғыс болып жатқан Сирияға жетіп үлгертпей орта жолдан тоқтатып қайырып алуға болатын шығар деген үмітті ой келіп, әр минутты текке жібермеуге, тезірек ұлын қатерлі жолдан тоқтатуға жанталасты. Айналшық жегендей бір барған есігіне әлденеше барып, құқыққорғау органдарының есігін қағып, ұлын шекарадан ұстап қалу туралы өтінішін жеткізгенімен, неге екенін, мұның қатерлі жолға аттанған сормаңдай ұлын тездетіп жолдан ұстаудың орнына ондағылар Сәлиманың өзінен жауап алып шаршатты емес пе. Осы кезге дейін жай ағыспен баяу жылжыған Сәлиманың өмірі айналасы бір жұманың ішінде өзгеріп кетті.

***

Үйіне сүріне жетіп көз жасына ерік беріп, біраздан соң өзінен-өзі жұбанып сабасына түсті. Айналысатын күнделікті тірлігі толып тұрса да қолы бармайды, ұйқысы да келмейді, балға үймелеген арадай басына қаптаған ойларының да бірде біреуі тиянақты емес. Сирия дегені қай жақта өзі деп интернеттен ақпарат іздеді, видеоларды ашты. Кейде жаңалықтардан көрсетіп жатса да соған бар зейінін салып қарамайды екен, бұл жолы тарс-тұрс атылған автоматтардың даусы, жерді сілкіндіріп жарылған бомба, судай төгілген қан, ашық күнде адасып, қолдан жасалған тозаққа өз еркімен тіленіп барып баудай түсіп жатқан бейбақтар туралы көргендері жанын ауыртты, ұзақ қарауға жүрегі шыдамады, «менің ұлым да осылардың арасында жүр ау, бекерге батпаққа батты ау, азап арқалады ау» дегенді ойлаған сайын ішінен бордай үгітілді, одан сайын есеңгіреді. Ұлына деген өкпесін, өмірден көрген жақсылығының аз екенін айтып әлдекімге мұңын шаққысы келеді, бірақ кімге айтады? Ауыл-үйдің о бір жылғы өсегін қайта үрлеп, ермек іздеп жүргендерге ме? Олар мұның жанына түскен жарасына одан сайын тырнақ батырып, қопсытып, одан тартар азабын ұлғайтар деп қауіп еткен Сәлима үйінен шықпады.

***

Сәлиманың ел ұйқыдан тұрмай жатып қалаға жиналып, ұлын қайтаруға көмек сұрап құқық қорғау органдарына бас сұғуы жиіледі. Осы жерге жиі келіп жүріп өзі секілді баласын іздеген басқа аналармен танысты. Египетке демалуға барам деп Сириядан бір шыққан Костя деген жігіттің анасы Наталья Викторовна «Сабыр етіңіз, біз балаларымызды Құдайға тапсырамыз, тек сол ғана оларды көріп отырады» деді әлде мұны, әлде өзін жұбатқаны белгісіз. Мұның ұлынан көз жазып қалғанын, қайдан іздейтінін де білмей сандалғанын үнсіз тыңдаған егде жастағы әйел де өзінің қиян шеттегі қантөгісте жоғалған баласын сағынғанын, қан қысымы көтерілгенде ақыры көрмей кетем ау деп қорқатынын айтып егілген сәтте Сәлима өзгенің шерін қозғағанын түсініп, аздап сабырға келгендей. «Осы жерге қайта-қайта келіп ұлдарын сұрастырып, көмектесіңдер деп жүрген шешелердің өзара чаттары да бар, сол жерде әркім өз баласы туралы айтып, ары қарай не істеу керегін ақылдасып отырады, сізді де тіркейін, бір көмегі тиер» деп мұның да номерін жазып алды. Ұлдарын жоғалтқандардың тобындағы адамдардың көп екенін көрген Сәлима шынымен шошыды. Ерінбей санап көріп еді, мұның өзінен басқа 129 адам бар екен. Солардың бәрі айдың-күннің аманында өзі секілді ұлын жоғалтып, санасымен сарғайғандар.

***

Осы күні Сәлима телефонын түн болғанда бұрынғыдай өшіріп тастамайтын болған. Хабар күтіп елеңдеген адамның әдеті ғой. Күндердің күнінде түнгі төрттен жиырма минут кеткенде мұның телефонына жасырын номерден қоңырау түсті. Түн ортасында дырылдай жөнелген телефон даусынан әуелі қатты шошып кетті, жасырын номер екенін көріп тұрса да кенет жүрегі атқақтай соғып, телефон соғушының өзінің ұлы, мына жарық дүниедегі жалғыз сүйеніші Ақылжаны екеніне күмәні болмады. Жандәрмен телефонға жармасты.

- Алло. Ақылжанбысың?

– Мам! Мен ғой! Мам, жылап тұрсың ба? Бұл даусы құмығып, дем жетпегендей тұрып қалды, аузына сөз түсер емес.

– Мам, көп сөйлесе алмаймын, халің жақсы ма?

– Балам... қайдасың? - деді көзінен шыққан жастан кеңсірігі толып қалған Сәлима сөзін үзіп-үзіп.

– Мен... Ислам мемлекетіндемін. Айтпай кеттім, сен жібермейді, жылайды деп ойладым. Мұнда келуіміз керек болды, көмектесуіміз керек болды, мам... Бұл біздің борышымыз ғой.

– Қайдағы борышты айтасың? Мені, жалғыз шешеңді тастап...

– Мам, кешірші. Кешір. Уайымдама, менде бәрі жақсы...

Осы кезде телефон үзіліп кетті. Онымен қоса Сәлиманың ішіндегі жұлын-жүйкелері де бырт-бырт етіп үзіліп жатты. Түннің ортасында, жападан-жалғыз отырып, өзінен басқа тірі жан жоқ даңғарадай үйде ал кеп жыласын. Ал кеп аңырасын. Дұрыстап сөйлесе алмағанын ай, баласының қандай күйде екенін әбден сұрап үлгермегенін ай, ай...ай... Оны ешкім жұбатпады, онысы да жақсы екен. Іші толып қалыпты.

***

Сөйтіп жатып, тепсе темір үзетін жігіттерді елінен бездіріп, сенімін өзгертіп, қан төктіріп, ананы баласынан айырған, сәбилерді жетім қалдырған аты-жөні белгісіз қатерлі соғысты ашқандарға, аналардың көзінен тоқтаусыз аққан жастан үлкен тоған жасап, балам ержетіп енді қызығын көрем бе деген шешелердің басына қайғының қара аспанын орнатқан соғысқұмарларға лағнет айтты. Алла жолындағы соғыс деген не өзі, Алланы соғыссыз ақ жақсы көрсе, құлшылық етсе болмай ма деп Сәлиманың ойы онға бөлінді.

Ұлының бұл жолға қалай тап болғанына миы жетпеді, басқа ақиқат тапқаны қашан еді, оны да есіне түсіре алмады, бірақ, жат ағымға кеше тап болмағаны анық, бұған дейін дайындықта болған шығар ау, осы жолға кетерде әлдебір күштің, болмаса бір жағдайдың әсер еткені анық. «Келуміз керек болды, көмектесуіміз борыш» дегені не сөз, қандай борышты айтады? Адам бір нәрсені ойлай берсе не есі ауысады, не бір шешімін тапқандай болады. Бірнеше күн өткенде барып әлеуметтік желілерде Ақылжан сияқты жастардың өз ой-пікірін жазып, суреттерін жариялап отыратынын білді. Ақылжанның ауылдағы ек-үш кластасынан оның «В контактеде» парақшасы бар екенін естігенде іштей қуанып кеткендей болған Сәлима жан-жақтан қамалаған мың сан сұрақтарына жауап іздемек болып далбасалап, интернетті ақтарып, ұлының «в Контактедегі» парақшасын қарады. Ұлы парақшасында адамгершілік, достық туралы қанатты сөздерді жазыпты, мұсылман еркектер мен әйелдерді, балаларды аяусыз өлтіріп жатқан видеолардың астына «мұсылман бауырлар, мұсылман әпкелер мен олардың жазықсыз сәбилері үшін қайғы шекпеу мүмкін емес» деп жазып қалдырыпты. Осындай мазмұндағы жазбалар бірнешеу екен. Сәлима жазбаның жазылған уақытын қарағанда осыдан екі жыл бұрынғы екенін көрді. Жүрегі шым етті. Сонда мұның ұлының дайындығына екі жыл болған ба, бұл қалай байқамаған? Жалғыз ұлының не ойы бар, досы кім, бірін білмейді, құдай ау, сонда мұның қандай шеше болғаны? Мұғалім болғаны, баласының тәртібіне өзінше мән бергені қайда қалды? Өзегін өртеген өкінішке қылар амалы қалмағандай бір сәтте жүдеп қалды. Үстел үстіндегі қытай шамының жарығы кереуетке ақырын жылжи түседі. Жым-жырт тыныштықта Сәлима ғана өзінің жүрегінің дүрсілін естиді. Күздің ұзақ түнінде өзін қамалаған ойдан, тынысын тарылтқан шарасыздығынан қалай қара үзіп қашып шығарын білмей жанталасады. Түс көрсем, тым болмаса түсімде ұлыммен қауышсам дейді. Аспан түрлі-түсті реңк алып, бұлттар қызғылт болып көрініп, барлық үйдің шамы сөніп, әр үйде шешелері балаларының көрпесін қымтап, сәбилер болса аналарының омырауында алаңсыз пыс-пыс етіп, түн төбесіне жарқылдақ моншақтарын тағынып, жер-әлем тыныстап жатқан шақта Сәлима да көзі әрең ілініп, түсінде ұлын көріп жатар еді.

Ұлдарын іздеген шешелердің чатына кіргелі біраз мәліметке қаныға түсті. Ұлдары Сирияға кеткен шешелердің арасында «тезірек өзіміз қимылдамасақ болмайды, бір әрекет қылмасақ кейін кеш болып, өкініп қалуымыз мүмкін» дегенді жиі айтатын, баласы үшін жалаңаяқ жер түбіне баруға, Ансария жотасын кесіп өтіп, Аз-Завия тауларынан асуға даяр аналардың көп екенін байқады. Шешелер үмітсіздікке билеткісі келмейді. «Сізге балаңызды қайтаруға әлі де мүмкіндік бар, - деп үміттендірді мұны біреуінің шешесі. Ал менің ұлымды... Құдай білсін, - деген ол өз сырын жазды. - Қателік өзімнен болды, 2012 жылы 18 жастағы ұлымды Египетке бекер жібердім. Ол оқуға кеттім деп еді. Мені алдапты. Оның Таяу Шығыста қарулы қақтығыстың ортасында жүргенін Сирия мен Иракқа аттанған қазақстандық 150 жиһадшының хабарынан соң білдім ғой». Әйелдердің арасында ұлымен байланыс ұстап отырғандары да бар болып шықты. «Менің ұлымның кеткеніне үш жыл болды, осы үш жылда екі рет жараланған. Сирияда жүріп қырғызстандық әйелге үйленген, баласы да бар екен» деген әйел бір күні ұлының шекарада ұсталғанын, Сусе қаласында түрмеге түскенін жазды. «Балаңыз аман-есен болсын» деп жұбатты оны келесі бір әйел.

Бұл чаттағы әйелдер өз баласының қайда екенін білмей сансырап, білген күнде де қайтара алмай отырып, бір-біріне жылы сөздер айтып жұбата білетін. Олардың аналық жүректері осы болып жатқан жағдайға тек мейірім арқылы қайрат көрсете алатынын ұғатын. «Тап қазіргі уақытта Суседегі жағдай күн өткен сайын қиындай бастаған, жергілікті пунктті күн сайын бомбалап жатқандықтан ондағылар ішетін сусыз отыр, жол да бұзылып, қатынастан ажырап қалған. Көшедегі өлген адамдардан аяқ алып жүру қиын болып қалған көрінеді, сол себепті де Суседе өкпе ауруы да өршіп кеткен дейді» деп жазды біреудің шешесі. Сәлиманың байқауынша бұл әйел ондағы жағдайды үнемі біліп, хабар алып отырады. Оның жазғанының астына ешкім жауап жазбады. Дәл осы сәтте әркімнің өз баласын уайымдап, қолынан ештеңе келмейтін дәрменсіздіктеріне опынып, шарасыздықтан көкіректері қарс айрылып, уайымның шеңгеліне түсіп, қайғыға берілгенін Сәлима да сезеді. Өзі де Ақылжанын сол қара бұлт құрсаған, ажал оғын сепкен бөтен қалада болмағанын тілейді. Ақымақ балалар ай, ай, ақылсыздар ай.... шешелерін қайғыға батырып, айдаладағы бөтен елде от кешіп, оққа ұшып жатқан ессіздер ай... Сәлима күн сайын осылай ой кешіп жатып таңның қалай атқанын байқамайтын болған. Оның ендігі бар күткені телефонның қоңырауы, екі көзі өзі секілді шерменде болған шешелердің чатында. Біреуі көңіл жұбатар бірдеңе жазса, біреуі болмаса біреуі мұның Ақылжанынан хабар алса дейді. Үміт үзілмейді. Күдік те қалғымайды. Олар өзара кеңесіп, әркім өзінің естіген-білгенімен бөлісіп, кейбіреуі сол жақтан келді деген видеоларды салып, өзара ақылдасып отырады. Осылай күндер өте берді. Айлар да аунай берді. Арада біраз уақыт өткенде шыдамы таусылған біреуі: «Құқық қорғау органдарынан бір хабар күтіп отыра бергенше ұлдарымызды өзіміз іздеп шығайық» деп ойын ортаға тастады. Шешелер жолға шығу туралы жоспар құрысты, белсенді топтың бастапқы қарқыны ұлын, қызын жоғалтқан, немересін сағынған әрбір ананың ішіндегі өлеусіреп сөнуге айналған үмітін үрлеп, қайта маздатқандай болды. Сәлима да осы топтың ішінде еді. Соңғы күндері жылай беруді қойып, ол да ұлын көзімен көріп, өзімен алып қайтуға шын бекінген. «Әлдекімдердің алдағандарына арандап қалдың ау.... Әлде ол жақта соғысқа қатысқандарға ақша береді деп жалғыз шешеңе көмектеспек болдың ба екен...» Осылай ойласа бітті, Сәлиманың көз алды бұлдырап, екі иығы селкілдеп жүре береді.

– Мен Ақылжанға барам ба деп отырмын, - деді қайнысының үйіне келіп отырып.

– Қалай бармақсың?

– Өзім сияқтыларға қосылып іздеймін тағы. Бүйтіп қарап отырып жынданып кететін түрім бар.

– Егер келмесе ше?

– Қалай келмейді?

– Қалай кетсе солай келмейді де! Әйтпесе, жалғыз шешесін қалдырып есі дұрыс адам кете ме?

– Келеді, неге келмейді екен?

– Келетін болса онда о баста неге кетеді?

– Жә, болды... Келеді, алып қайтам.

– Жеңеше. Саған оңай емес, түсінем. Бірақ, бекер әуре боласың ба деймін. Өзің ойлашы, тепсе темір үзетін жас жігіт, ауру емес, сақау, саңырау емес, егер ол келмеймін десе оны қалай алып келмексің? Егер оның құжатын алып қойған болса, не біреулер күштеп ұстап отырған болса келейін десе де келе алмауы мүмкін, санасы уланып, миы айналып қалған болса өздері де еліне, үйіне қайта оралмайтын көрінеді, саған айтарым, жеңеше, соған әзір бол! Егер олардың саналарын әбден улап, миларын ауыстырып қойған болса келген күнде де адам болу-болмауы да белгісіз ғой, - деді қайнысы бір жағы күйініп, бір жағы қызынып.

– Туф... Аузыңнан бір жақсы сөз шықпайтын болды ғой сенің. Сонда маған балаңды іздеме, күдеріңді үз деп отырсың ба?

Сәлима көңіліне қарап, жылы сөзін қимаған қайнысынан мүлдем көңілі қалғандай болып, қақпасының көк сыры көше бастаған мыжырайған саман үйден басын төмен салып шығып кетті.

***

Ақылжанға барам дегелі Сәлимада ес жоқ. Әуелі оған апарам деген дүниесін жинақтап көріп еді, жаңа киім-кешек, ұзаққа шыдайтын азық-түлік дегенің қызға апаратын жүктей болып тым көбейіп кетті. Ақыры осынша заттың Ақылжанға не қажеті бар, бәрібір өзімен бірге елге оралатын болса деп, тек ең қажеттілерін ғана алды. Күткенде күн де келіп болмайды екен. Ұлын көргенше тағат таппаған Сәлима әуелі апта санады, сосын күн, ақырында сағат санауға айналды. «Я, сәт! Я, Алла, өзің жар бола гөр» дегенді де неше рет қайталаудан жалықпайды. Қиялында ұлымен бірге маңдайы жарқырап қайтып келе жатады Сәлима. Ақыры күткен күн де келді ау... Ұлдарын іздеген әйелдер, арасында бір-екі ер адам бар, оншақты адам Түркияға ұшып келгенде өздерін не күтіп тұруы мүмкін екенін болжамаған, бірақ, көрмеген, білмеген жер, заңы басқа, оның үстіне соғыс жүріп жатқан жерге келе жатқасын кедергінің де, қиындықтың да болатынына іштей әзір еді. Ұлдарын көздерімен көрсе басқа кедергіні елейтін бе еді бұл шешелер! Ұлдарын жат елден алып шығып өздерімен елге әкете алса, көрген бейнет те бір ақ сәтте ұмытылмай ма!

Бұларды күтіп алған жігіт ағасы намаздан кейін шай беріп, микроавтобусқа отырғызды, бұл тіпті алдын ала ұйымдастырылған шаруадай көрінгені де бар. Сәлима қайда келді, қай жолмен жүрді, бағыты қай жерде екенін де шамалай алатын жағдайда емес, жасы келген әйелдің жол жүруі де оңай емесін өз басынан өткерді ау осы жолы. Әуелі Ақтөбеден Астанаға поезбен келгені бар, одан самолетте ұзақ ұшқаны бар, әрі-бері жүрістен бе, уайымнан ба, екі шекесі зіркілдеп, желкесі тартып, басын әрең көтеріп келеді. Тек ұлын көрсем деген тілегі ғана мұны қолынан жетелеп келе жатқандай. Осынша ұзақ жолда өзі ішінен бас шайқап келеді, бұйырмысқа дауа бар ма, ұлын іздеп осылай тау асып, теңіз кешіп, бөтен жерге табан тигізем деп ауылдағы мектепте сабақ беріп жүрген Сәлима ойлады ма... Жүрегі қатты-қатты соға түскен ол ұлын көргенше асықты, соңғы кездері уақытты күндермен, сағаттармен емес секундтармен есептегісі келер еді, сонда ұлына жақындай түсетіндей, сонда ұлымен кездесер күнге бар болғаны бірнеше секундтар ғана қалғандай көрінеді өзіне. Енді бірнеше жүздеген әлде мыңдаған секундтардан кейін ол сәт те келіп жетер, тек сол секундтар қашан болады? Бұл келіп жетем дегенше ұлына бірдеңе болып қалмаса екен дейді. Сәлимаға осынау секундтар арасында көз жетпестей, үн естілместей шексіздік бардай көрінді. Осы шексіздіктің арасымен адымдай жүріп отырып ұлымен тезірек қауышса арман не!

Түріктің жалауын ілген әскери соғыс машинасы тоқтаған тұстағы тікенек сымдар жүргізілген шекарада күйеулеріне бармақшы болып отырған оншақты жас әйелді, олардың балаларын көрді. Елден шығарда бұларға «Сол жерге көліктеріңді қалдырып, өткізген адамға әрқайсысың 100 доллардан беріп, өздерің әрі қарай жаяу кетесіңдер» деген. Жүзін күн қаққан қараторы мұсылман мен бұларды бастап жүрген түріктер өзара бұларға түсініксіз тілде тілдеседі. Мұның шамалауынша олар «Қаруың бар ма»? «Құжатыңды бер» деп жатқандай. Бір кезде түріктер кері оралды. Қолдарын сермелеп әлдене деп жатыр, бір сөзін шамалайды, бір сөзін түсінуге қиналады. Сөйтсе... бұларды шекарадан өткізбейтін болыпты. Бұлар кері қайтуға мәжбүр болды. Салы суға біржола кеткендей Сәлима барған жағынан қайтып келе жатқанда өзінің айналасын үмітсіз қалың тұман қоршап алғандай сезінді, сол көзді байлаған қалың тұман арасында ұлын ғана емес, өзін де жоғалтып алғандай, қайда бұрылса да белгісіздік, қайда бұрылса да жан-жағынан ызғар есіп тұрды.

***

Күндер өте берді. Ауылдастары Сәлиманың жалғыз ұлының жиһадшы болып кеткенінен түгел құлақтанып болғалы отырған жердің басты әңгімесі сол. Жалғыз әйелді біреу аяды, біреу мүсіркеді. Бұлардың біріне де назар аудармаған Сәлима ұлынан хабар күтумен болды. Кезекті рет қалаға барып, тағы да құқық қорғау орындарына бас сұғып, ұлы туралы білмек болғанынан нәтиже болмады. Базардың шыға берісінде ескі-құсқы заттар сататын жерде отырған сығанға бал аштырып, «жақында үйіңізде үлкен той болғалы тұр» дегеніне қуанып екі мыңдығын беріп, біраз күн сол сөзді малданып, сығанның аузымен айтылған сол бір ауыз сөзге жанын жылытып жүргені де өзіне аян. Адам әр нәрседен үміт етіп, не болса соны жұбаныш көргенде тіпті не істеп, не қойғанын да аңғармай ма, Сәлима сұрастырып жүріп басқа бір алыс аудандағы құмалақшы кемпірді іздеп барды. «Көріпкелі бар екен, айтқаны айнымай келді ғой» десіп, жұрт аузының суы құрып тамсанған сол құмалақшы ғана мұның ұлы туралы ақиқатты ашып айтып бере алатындай, тек соның ғана сөзі бұған дәру болатындай. Ішінен ұлымды оралмайды деп айта ма деген қаупі де жоқ емес. Шүңірек көз, бүкір кемпір құмалақты шашып тастап ұзақ ойланып отырды да, «бүгін құмалағым сөйлемей тұр» деп отырған жерінен екі ұмтылып барып әрең тұрып кетті. Екінші рет келгенінде құмалақшыны көрмеді, көмекшілерінен «осы айда құмалақ тарта алмаймын, «серттемін» деп айтып жіберіпті. Оның қандай, не серт екенін кім біліпті, әйтеуір, құмалақшы «сертке» отырғанда ешкімді қабылдамайды екен. Сөйтіп жүргенде Сәлиманың жүрегін бүлк еткізіп аунатып, ұлы тағы бір рет қоңырау шалды.

– Мам, мен қазір Мосулдамын, - деді ұлы. Ақылжанның жасып шыққан даусында діріл бар еді. Мұны Сәлима бірден байқады. Сәлима ұлымен асықпай сөйлескісі келгенімен, баласы қатты асығыс көрінді.

– Мам... ауырып жүрген жоқпысың? Мам, мені кешірші... Мен қателестім, жихад деп..., біз алданыппыз... Сені азапқа салдым ау, анашым... Осыны айтқанда ұлы жылап тұрды. Телефонның ар жағынан ұлының жылағанына бергі жақта жүрегін біреу инемен шабақтап жатқандай күйге түскен Сәлима да не істерін білмей «балам ау, балам ау» дей берді.

– Енді келесің бе? Қашан келесің, балам?

Ұлы оның сұрағына жауап бермеді, қысқа ғана қайырды.

– Қазір менде байланыс та, интернет те жоқ. Ақшам болғанда хабарласам. Мам... мені кешір...

Сөйтті де байланыс үзіліп кетті. Одан бері қанша күн, қанша минут, мыңдаған, тіпті миллиондаған секундтар өтті десеңші. Сәлиманың ұлына деген сағынышы да шексіз, күткен төзімі де шексіз. Арасы шексіздікпен жалғанған секундтар оның шашының ағын әлденеше рет қайтара санап шыққандай. Тек Ақылжаннан еш хабар болмады.

***

Адам байғұс әйтеуір басқа салғанды көтерсе болды, митыңдап жүре береді екен ғой, жүрген сайын көре де береді екен. Бірде телефонына бөтен номермен біреу шығып, Ақылжанның шаһид болғанын айтты. Бір сәтте ес-ақылы өзінен алыстап кеткендей, есірік күйге түсе жаздаған Сәлима сол бойда есін жинап ала қойды. Ойына ұлдарын іздеген аналардың чатында айтылған әңгімелер түсті. «Кейде қайта-қайта ұлын сұрап, мазаламас үшін әдейі «сіздің балаңыз өлді» деп хабарлайтындары бар, бірақ, ол көбінесе жалған ақпарат болып шығады» деп жазған болатын біреудің анасы. Және соған мысалдар да келтіргесін бе, бұл айтқаны сол жердегі шешелерге иланымды да көрінген. Сәлима да бөтен адамның айтқанына сенбеді. Тіпті сенгісі де жоқ. «Маған ұлымның өлгенін алдымен дәлелдеңіз!»деді. Осылай деуі мұң екен, байланыс үзіліп кетті. Осы жағдайды чаттағы мұңдастарына айтқан кезде сондағы біреу жақында бірнеше адамның ирандықтардың қолына тұтқынға түскенін, Ақылжанның да сол жерде болуы мүмкін екенін айтты. Ұлының тұтқынға түсуі мүмкін ау дегенді ойлау Сәлимаға оңай болмаса да, оны әйтеуір, тірі болса екен дейді. Тірі болса тірі адам әйтеуір бір күні бір жерден шығады ғой. Ол өзінің ұлының суретін әлеуметтік желілерде мейлінше көбірек таратып, қайткенде бір ақпарат алсам деуден жалықпайды. Осы күндері Сәлиманың шашы аппақ болып ағарып кетті.

***

Кезекті рет ұлын іздеп қалаға шыққан Сәлима қабағының ортасындағы әжімі тереңдеп, ұнжырғасы түсіп, әбден қалжырап келе жатты. Ол бұрын осы жолмен жүргенде шаршамаушы еді, қар жауғасын да жер ауырлап кеткен ау. Қар жауып тұр. Осындай күні Ақылжаны үйде отырмайтын. Қысты ерекше жақсы көретін. Ақылжаны тап қазір қасында болса қыстың болымсыз шуағына да, қалықтаған қарға да бірге қуанар еді. Сәлима дәл қазір аналар ғана сезінетін сағынышпен, сағыныштың зарын тартқан жүрекпен, ұлына деген ағыны қатты, бүкіл жер-дүниені басып кетердей қуатты сезіммен ән салғысы келді. Қардан ба, маңдайдан сорғалаған терден бе, төмен құлдилаған жастан ба, көздері ашып келеді. Осы қара жолдың бойында, бүкіл өмірінде дәл осылай баяу жүрді ме екен, өмір бойы жүріп келе жатқан жолы болса да жол өнетін емес. Өз қиялын малта құртша сорып аяңдай береді. Баяғы бір қиял, бір ой. Ақылжаны маңдайы жарқырап кіріп келетін атты күн қашан болар екен, ұлын маңдайынан сүйіп, құсалықтың тұңғиығына батуы жақын көңілін жұбатар сағат тууына неше ай, неше күн, неше сағат қалды екен? Осыны ойласа Сәлима кейде қарадан қарап дегбірінен айырыла жаздайды. Күтудің азабын, түнде ұйықтамаудың, апталап, айлап, жылдап телефон шылдырын күтудің, «Менде бәрі жақсы, мама» дегенге сенбеудің, соңғы сөйлескенде даусының ырғағы қандай болып еді деп ұзақ-сонар ой кешудің, жанына түскен жара ешуақытта жазылмаудың не екенін ұлын жоғалтқан ана ғана біледі. Ол өзінің махаббаттан, құштарлықтан, арман мен үміттен, мыңдаған бақыт сәулесінен жаралған перзентін өртке шарпылмайтын қанатымен қымтап, қуатты дұғасымен жебегісі келеді. Әлдеқалай перзенті жарақат алып қалар болса мыңдаған дауыстың арасынан оның даусын қапысыз таныр еді, осынау суық та қатал әлемде жаза басқан құлынын өзінің ақ жүрегімен, адалдығымен қорғап қалар еді, оның опынған көз жасын, жан жарасын, қателіктерін өз мойнына алып тұрып кешірер еді. 

***

«Ойбай ау, Сәлиманың мақтап жүрген жалғыз ұлы Сирия асып, жиһадшы болыпты» деген қаңқу сөзді ести-ести көнген. Түнеугүні көптен сырқат Қадиша шешей қайтыс болып, соның садақасында отырғанда келесі шеттегі екі әйел мұның сол жерде отырғанын аңғармай, сыртынан әңгімелегенін де естіп отырды.

– Байғұсқа қиын болды енді, ұлы күмәнді ұйыммен байланыста болған көрінеді ғой. Сирия асып кетіпті.

– Күмәнді ұйымы несі?

– Әлгі балағы шолақ, сақалдылар ғой.

– Сол рас па екен өзі?

– Ій, рас, бәрі айтып жүр емес пе?

– Сұмдық ай, жас балалардың санасын бұзған ау... Бәріміз де бала өсіріп отырмыз, уайымдайсың...

– Ол баласы өзі кеткенімен қоймай, көрші ауылдың үш-төрт баласын да азғырып, теріс жолға салыпты дейді. Менің де елден естігенім ғой...

– Құдай сақтасын...

***

Ұлының альбомын алдына алып, кішкене кезіндегі суреттеріне қарап ойланып отырып қалатынды шығарды. Әсіресе, Ақылжанның бала күнгі суреттері оны күйеуі бар кездегі, ұлы еркелеп мұңсыз өсіп жатқан ерекше бақытты, ғажайып шақтарға ала кететін. Міне, мына суретте мектептегі Наурыз мерекесінде ұлының Жиренше шешен болып сахнада қойылым қойған кезі. Тез жаттайтын зерек ұлы кәдімгі қарияларға ұқсап мақалдатып сөйлеп, елді риза қылған! Ал, мына сурет күйеуі жол апатынан қайтпас бұрын үшеуінің қалаға барып қыдырып жүргенде түскені. Ол кезде екеуі де жас, Ақылжан сол кезде өзі аузынан тастамайтын шректің үстінде мәз боп тұр. Ұлының суретттерін қарай беру өзінің уайымын қалыңдатып, сағынышын ұлғайта беретінін түсінгенде барып альбомды көзге түспейтін жерге апарып қойды. Бір күні ұлына бөлме жасақтап, кірсе-шыққысыз қылып қойсам қайтеді дегенді ойлады. Ойлады дегенің де, сол бойда кірісіп те кетті. Егер осы ойлағанын тезірек іске асырса, ұлына деген бөлмені сәндеп, жасандырып, ең жайлы бөлмеге айналдырса, ұлы да тез келетіндей көрінді өзіне. Бұрын Ақылжанның бөлмесі аталып жүрген бөлменің аты Ақылжандыкы болғанымен, бұл бөлмеде төсек жинайтын кереует те, шифоньер де, артық кілем де тұрушы еді. Ауылдың интерьері. Сәлима оның бәрін көрші балаларға айтып шығартып, төбесін әктеді. Ақылжанға ұнайды ау деген тұсқағаздарды таңдауына да жарты күн кеткен шығар. Өзіне салса гүлді тұсқағазды таңдар еді, Ақылжан ондайды ұнатпайды. Өрнектісін де көрді, қаланың көрінісі барын да байқады, ақыры, ұлым келгенде жарқырап тұрсын, ақ деген жақсы ғой, тілекші болсын деп өрнегі білінер-білінбес ақшыл түстісін таңдады. Ұлының кереуетін де жаңалады, оған жабатын төсек пен жамылғыны да ұлына ұнайды ау дегенін сатып алды. Ұлының келуіне бұл да тілекші болсыншы деп жаңа стол алып, оған Ақылжанның компьютерін жайғастырды. Ақылжанның бөлмесі шынымен де жайнап, жарқырап тұрды. Бір күні ұлы келеді, осы кереуетке жатып, осы орындыққа отырады деген ой Сәлимаға қол қусырып отырмауға, одан әрі ұлын іздеуге, ең бастысы үміт үзбеуге күш беретіндей.

Ақылжаннан хабар болмады. Бұл шеті мен шегі жоқ белгісіздік қашанға дейін созылмақ? Ақылжаны жоқ Сәлима жартылай ғана тыныстап жүргендей. Жүрегінің де жартысы ғана қалған. Бар тілегі жер күнді тезірек айналса, сағат тілі алға асықса, сөйтіп ана мен баланың тезірек кездесер күнін жақындатса дейді. Апталар айларға, одан жылдарға созылып, өзін әбден жалықтырған, мезі еткен мұңды серпіп тастап, оның орнын қуаныштың әуені алмастыратын күн келер ме екен...

Бұл күндері Сәлиманың жаңбырмен бірге жылап, күн сәулесімен жұбанып жүрген жарым көңілі ұсақ-ұсақ бөліктерге бөлініп қалған сынықтар секілді, осы ұсақ бөліктерді жамап-жасқайтын не амал бар? Уақыт болса зырылдап өтіп жатыр, тек мұның жанындағы жараны емдеуге құлықсыз. Осыкүні біресе қан қысымы, біресе жүрегі, әйтеуір, ауыра беретін болды, дәріханаларда дәрінің неше атасы сіресіп тұр ғой, тек құсалықтан, мұңнан емдейтін дәрі ғана сатылмайды. Сәлима ағарып кеткен самай шашын орамалдың астына жасырып, ұлының үлкейтілген суретін қолына алды. Бұл сурет Ақылжанның диплом алған кездегі суреті еді. Ұлы мұнда қуанышын жасыра алмай жымиып тұр. Ертең 14 сәуір, Ақылжанның туған күні. Бетін әжім айғыздаған кәрі әйел жаңа ғана ашытқан қамырдың бетін жапты да, үй тазалауға кірісті. Терезелерді жалтыратып сүртіп, шкафтардың ішін ретке келтіре бастады. Қолы шаруада болғанымен ойы шартарапты айналып жүр. «Ертең Ақылжанның туған күні ғой» деді өзіне-өзі күбірлеп. « Құлынымның туған күнінде құран оқытсам несі айып оның? Тірі болса тезірек оралар, әйтеуір, бір шарапаты тиер...» Өзімен мектепте бірге істеген 5-6 мұғалімге «Ақылжанға құран оқытатын едім» деп жеткізген еді. Ешқайсысы «Оныңыз не, балаңыз қайтыс болмап еді ғой» демеді. Не десін? Ұлының не күйде екенінен өзге тұрмақ өзі де бейхабар. «Осы көшедегілерге түгел айттым, ана көшеден Қаныш ата мен Сәрсенкүл апайға айтарсың деп олардың келініне тапсырғам, ұмытып кетпеді ме екен», – деп самбырлай сөйледі ол қасында біреу отырғандай. Шағын ауыл түгел ұйқыға кеткенде тек қақ ортадағы еңселі үйдің шамы ғана сөнбеді. Бұл түні осы үйде базардан әкелінген көкөністер қайнатылып, төрт-бес түрлі салат жасалды, тәтті нандар пісіріліп, балық пен тауық қуырылды. Осының бәрін жалғыз өзі жасап үлгеріп жатқан әйел қашанғыдай ой үстінде. «Тауық еті қызарып, жақсы пісіпті, дәмі де балдай тәтті болу керек, Ақылжан осыны жақсы көретін. Ет қуырып, соус құятын салатты да ерекше сүйсініп жейтін еді, оны да жасап қойдым» деді ол құдды осы шараға баласы арнайы қатысатындай. Тездетіп шелпектерді пісіріп, бетін ақ қағазбен жауып қойды. Сағат түскі 12-ден асып барады екен. Құран оқитын уақыт жақындапты ау, көршілерім тезірек келе қойса екен. Ол н жайнап тұрған үстелді көзімен шолып шықты, өз ойынша бәрі өз орнында, дайындығында қапы жоқ. Сәлима сыртқа шықты. Одан қайтадан үйге кірді. Бір кезде терезеден әріректе келе жатқан үш адамды көрді. Қарсылап алмаққа қайта сыртқа шықты. Олардың екеуі мұны байқамады ма, көшенің арғы басына бұрылып кетті де, әріптес келіншек Назым берірек келіп, амандасып жатты.

– Аманбысың, Назым, қош келесің, қасыңдағы кімдер, көзім жетіңкіремей жатыр?

– Ааа, олар Күнсұлу мен Сәнім ғой, апай.

– А-а, олар кірмеді ме, оларға да айтқан едім. Әлі ешкім келмей жатыр. Бейсен ағаға да айттым.

– Апай, - деп кібіртіктеп қалды Назым. - Кешірерсіз, сізге ескертейін деп едім, айыпқа бұйырмаңыз, оқытқан құраныңыз қабыл болсын, мен анау Рахила апайдың немересінің шілдеханасына асығып бара жатыр едім. Күнсұлу мен Сәнім де сонда кетті.

–А-аа... Солай ма. Жарайды, бара ғой, айналайын. Ақылжанымның жақсы көретін мұғалімдері еді деп айтқаным ғой...

– Ия, дұрыс қой, апай. Балаңыз... аман келсін енді... деп қоштасып кетіп бара жатқан Назымға қарап тұрған Сәлиманың көңілі жасып қалып еді.

Ол шақырған адамдар келсе осы жерден күтіп алайын деп тағы да біраз тұрды да, еңсесін басқан көңілсіздіктен арылмаққа, әрі қазандағы етті табаққа түсіріп алмаққа үйге кірді. Төргі бөлмесінің терезесі үлкен көшеге қарайтын. Бір кезде бір-бірін сүйемелдеген Қаныш атай мен оның кемпірі Сәрсенкүл апайдың бұл үйге бұрылмай, көшенің ана басындағы Рахиланың үйін бетке алғанын көрді. Құран оқиды деген Бейсен қарт та кешігіп жатыр. Сәлима үстелдің басында жалғыз өзі отырды. «Келмесе... өздері білсін... Жиһадшының үйіне келгілері келмеген шығар. Әлде бәлесі жұғады деді ме...» Ол сағат тіліне қарап отырып, ұлы кеткелі қаншама мыңдаған, миллиондаған, тіпті миллиардтаған секундтардың өте шыққанын ойлады. Сол секундтарды жалғаған шексіздік мұның төзімін қашанға дейін сынамақ... Сол секундтар арасына жасырынған шексіздікте мұның үміті де сол күйі көміліп барады... Өзінің ұлына деген шексіз сағынышын, шексіз махаббатын сол секундтар арасындағы шексіздікке шым-шым батырып кешкен күндері қашан аяқталар екен... Ұлының үлкейтілген суретін қолына алды. «Жарығым ау, күнім ау... саған арнап құранды өзім оқимын. Бар болсаң аман жүр деп дұға қылам, жоқ болсаң...» Сәлима өзінің сөзіне өзі толқып, даусы жарықшақтанып кетті. Осы кезде портреттің де көзінен бір тамшы жас үзіліп түскендей болды...

Жадыра ШАМҰРАТОВА

author

Жадыра Шамұратова

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Абай облысында әскери қызметкерді өлтіру ісі бойынша сот үкімі шықты. Үржар аудандық қорғаныс істері...

Жаңалықтар

Биліктегі «Грузин арманы – демократиялық Грузия» партиясының кандидаты, парламен...