Асқар АлтайБұл оқиға 1986 жылғы Алматыдағы аты шулы желтоқсан күндерінен соң алыстағы Сібір орманы і...
«Ақидаңыз толық емес!» (портрет-эссе)
Негізінде мұндай тақырып қойылмау керек еді. Артымнан ерген інім жұрналст-қаламгер Бекен Қайратұлының шығармашылығына өзімше шолу жасайын дегем-ді. Тақырып, «Қазақтың жоқшысы» болуы яки «Жоғалған қазақты іздеуші» болса мәтін мазмұнына дөп келгелі тұрған.
Бірақ, осы мәтінді жаза бастағанда осыдан он жылдай бұрынғы оқиға көз алдыма елестеп, есіме түсе кетуі... осы әріптес ініммен арамызда айтылмайтын тақырып жоқ, емен-жарқын сөйлесе беретінімізге бір кепіл секілді сезілуі анандай тақырып қойылып кетуіне себеп болды ғой деймін.
Күздің ортаңғы айы болу керек, Астанадан Бекен екі-үш жолдасымен бірге Алматыға келді, сапар бағыты Қажылыққа бару екен. Әрине, қуанып құттықтап жатырмыз, үйге қонаққа шақырдым. Бірақ, өздері жеке қонақүйге баруды қалады, содан оларға өзім бардым.
Қала ішінен шағындау қонақүй іздеп жүргенімізде, ауызымыз қыза-қыза келе «саясат-паясаттар» да айтылып кетті, сөздеріміз ара-тұра шәлкем-шәліс түсе бастады. Осындай бір сәтте Бекен інім маған: «Аға, ақидаңыз толық емес!» деп, қалды.
«Ақиданы» әрине, иман деп тіке мағынада қабылдағандықтан көзім ақиыңқырап, мұртын тырдай ғып қырған, шақана қойған сақалды інімнің түріне қарай қалдым да мырс етіп: «Мұртты тырдай ғып қырып, екі елі сақал қойғанда ақида толық болып кете ме!?» деп, сарт ете түстім.
Сөзім екі жолдасына да тиіп кеткендей болды-ау сірә, олардың да сақал-пақалы дәл сондай екен. Бекен інім менің оқыс шабуылыма жедел контр-атака жасауға тиіс болып қалғандай күйге түсті де, менің мұрын астыма көз тоқтата тұрып: «Аға, мұсылмандық әдепте мұрттың суағарын ашып, ерін үстінен көтеріңкіреп қою шарт. Сіздің мұртыңыз да келісіп тұрған жоқ!» деді.
Ілезде, ел аузында айтылатын «екі таз» есіме түсе түсе қалды, әбден дауласып, айтпағандары қалмай тұрғанда бір таз келесі тазға: «енді, әйтеубір бас жаққа барыспайық!» депті де екеуі де жым болыпты, дегендей мұрт мәселесі шыққан соң мен де ес жиып осы тақырыптағы шын сөзімді төгіп-төгіп жібердім:
«Көкетай інілерім, мені қитықтырып тұрған нәрсе тіпті де мұрт емес! Ақида деген сөз тағы қайдан шыға келді? Иісі қазақ Иман деген сөзді білуші едік қой. Иманды адам, иманжүзді кісі дейтінбіз. Енді, ақида толық емес дегенде егер бұл сөз иманға қатысты болса, бар Құдай, бір Құдай деп жүрміз. Жәбірәил бастаған ұлық төрт періштеден тартып біз тіке көзбен көре алмайтын саныз періштелерді де бар дейміз. Құран Кәрім түскен ақырғы пайғамбардан бастап алдыңғы Зәбур, Тәурат, Інжілді әкелген Дәуіт, Мұса, Иса қатарлы бүкіл адамзат қауымдарына келген жүз мыңдаған Елшілерді де мойындаймыз. Пәни дүниеде болып жатқан жақсылық пен жамандықты да жаратушы бір Құдай, не тілесең сол болады. Ақырзаман ақиқат, ең соңында Адам Атадан бергі бүкіл пенде баласы түгел қайта тіріліп Құдайдың алдында сұраққа тартылады, тозаңдай жақсылық, тозаңдай жамандық ескерусіз қалмайды. Ең соңында Құдайдың әділдігімен уақыты жоқ мәңгі дүниедегі рахатқа толы Жәннат мекені мен азап-тозақ орны Жәханнамға адамдар баратыны хақ. Енді, осыларға нақ сенген соң өзіміз алдына баратын хақ Құдайды қайда екен, деп бас қаңғыртып неміз бар?!» дедім.
Қажылыққа ниет еткен інілерімнің жүзі жылып, бірі ақырын ғана: «Аға, Исламның өз термині деген де бар ғой» деді, жұмсақ үнмен. Мен де басымды изей құптай тұрып: «Солайы солай ғой, дегенмен материализмнен мәңгірген біз секілді адамдарға оңай болмай тұр. Ислам елінен оқып келген бауырларымыздың жазған Ғылымхалын оқып, истинжа мен истибраны айыра алмай басым қатқанда, қазақша ауыр, жеңіл дәреттің тазалығы десе қайтеді екен, деп кіжінгенім бар...» деп едім, бәрі мәз боп күлісіп қалды. Сонымен, аға-іні боп разы-хош болып шығарып салысқан едік.
Алайда, айтпағым ақидадан гөрі Бекен інімінің жүріп өткен журналистік жолының қилы қырларын еске түсіргенімде оның Моңғолияда оқыған, қызмет еткен мамандығы артилерист офицер болғандығы сәл таңдандырса да Қазақ еліне келгеннен кейінгі алғашқы қызметі қойшылық пен балықшылық болғаны тіпті, қызық пен шыжыққа толы десе болады.
Сол қойшылық кезінде болар, Бекен Алматыға келіп алғашқы таныстығымыз солай басталып еді. Одан бұрын да ел арасына тарап кеткен атақты «Қайдан келдің дейсіз бе?» «Ата мекенге неге келдім?», «Не әкелдің дейсіз бе?» «Келген кезде нені көрдің дейсіз бе?» дейтін өлеңдерімен сырттай таныстығым, көңіл хоштығым бар еді.
Сөйтіп, өзімізге дерті ұқсас «қазақпен ауырған» бауырыммен бетпе-бет жүздесудің сәті түскен-ді. Офицер десе дегендей шалт қозғалып, көзі жарқ-жұрқ етіп, қабағына түсіп тұрған маңдай шашын бір сілкіп, оң қолын соза, сұқ саусағын безей сөйлейді екен. Ара-арасында өзін өзі мысқылдап кеңік-кеңік күліп қояды. Әңгімесінің көбі өзінің жайып жүрген қойы туралы.
«Қорада мың қой, көңіл тоқ, көйлек көк. Мал көрген қазақтың баласы емеспін бе? Таңертең ертелеп тұрып алдым да, қой өрістей берсін де, өзім шәй-пәйімді асықпай ішіп, артынан жайланып барармын деп, есік алдына шыға сала, шәйт-шәйт деп бар дауысыммен қойға қарай айқайды жіберіп қалдым. Мұндайда керейдің қызыл қойлары орнынан дүр көтеріліп, анау шетте жатқан қылыш мүйіз серкенің бастаған жағына қарай жайлап жылжый жөнелемейтін бе, еді. Жо.о.қ, мына итқұйрық ақтар орнынан тұрмақ тұр ғой, селт етер емес. Тағы бір неше рет өңешім үзілердей айқайға бастым, мың қойдан бір қой орнынан тұрса де!
Есіктен келіншегімнің басы қылтыйды: «Не болды таң атпай сонша бақырып! Балаларды шошытатын болдың ғой!» деп. Жетіскенімнен айғайлап тұрым ба, дегендей қой жақты иегімен нұсқап қойдым.
Содан күдік туды, осы итқұйрықтар бәлікім туасылы түгел саңырау шығар деген. Шетте күйсеп жатқан бүреуінің дәл жанына барып, құлағына тақап шәйт деп, шаңқ ете түстім. Әлгі жатқан, күйісін тоқтатып, бетіме қарады «не болды саған?» дегендей көзқараспен. Жоқ, бұлар естіп жатыр, құлақ бар екен. Бірақ, неге тұрмайды?
Осы кезде басыма бір ой келе қалды, ә мыналар менің керейше қазақшамды қақпайтындықтан ұқпай жатыр екен ғой, деген. Енді, орысша шала-шарпы білетін екі-үш сөзімнің біреуін іске жегіп «Пааа шооол!» деп, бақырдым.
Жоқ, сол баяғы көрініс, ақ қойларым терең ойға кеткендей көздері мөлиіп, күйсе.е.е.п жатыр со қалпы. Күйіп кеттім. Қолымдағы үзілген ременнен жасап алған ұзын резеңке бишігіммен бірнешеуін оңдырмай осып-осып жібердім, сонда ғана әлгілер опыр-топыр орнынан тұрды. Содан қоралы қойдың топ ортасына барып, бишігімді ысқыртып оңды-солды үйірдім.
Сонда ғана бір-біріне еліктеп әр жерден топ-топ болып тұра бастады. Бірақ, тұрғаныңа болайын бастары қалай қарап жатқан болса солай маңып барады. Өріс қайда, қой қайда? Енді, жан-жаққа қаңғырып бара жатқан ақымақ қойларды өрісқа бағыттау үшін безілдеп айнала жүгіріп, қиқулап қайрып өлдім-талдым дегенде тау жаққа бетбұрғыздым-ау! Таңдай кеуіп, қара тер болыппын. Жәйланып шәй ішкен қайда! Мына мәңгүрт қойлар тауға барып алып мыңы мың жаққа кетсе не болдым деп, бір кәсе жылы су жұта салып, асығыс киініп ақ қойдың артынан жөнелдім...» Бекен інімнің ақ қой туралы ақпараты бұрын бұдан хабары жоқ мені қызықтырып: «Сонымен, әлгі ақ қойларың жөнге келіп тәрбиеге көнді ме?» деймін ғой.
Түңіле басын шайқады: «Аға, әскерлер ағартпаған шашты бір жылда ақ қой ағартты ғой, міне маңдайдағы он тал ақ шаш. Ақ қойды өріске шығарудың әлгіндей әлегі ет үйренген әншейін әуре, айналайын болып қалды. Олар төлдеген кезде көкемді көзіме көрсетті ғой.
Наурыздың ортасы туа едел-жедел ақ саулықтар сатырлап туа бастады. Үй-іш бала шағамызбен ақ қойдың көтен жағындамыз. Қозы туады, енді енесі мекіреніп жалап емізетін шығар десең, тұрып алып жайына, ештеңе болмағандай кете.е.е.п бара жатады. Қозы тудым-ау дейтін сыңай жоқ, құмалақ тастаған сияқты, әншейін.
Біз күйіп-пісіп жаңа туған жылбысқа қозына ала салып әлгі туған қойдың артынан жүгіреміз, біріміз басынан ұстап, біріміз емшегін қозының ауызына салып ауыздандырып ит әуіреге түсеміз. Бір ай дегенде дәл осы кеппен төл алып біттік-ау, әйтеуір! Тағы бір он тал шаш алдыңғы ақтардың қатарына қосылды, төл алудың сыйяпаты секілді...»
Інімнің кеңік-кеңк күлгені, ақ қойды ма, өзін бе қайсысын мысқылдағаны белгісіз, көңілді түрде маңдай шәшті бір сілкіп тастады. Мен ағалық жасап: «А, қой баққан оңай емес болса да, ата кәсіп қой, ақыры жеңіпсің ғой, бәрін...» деп, көтермелеп қойдым. Бекен інім шалт қимылмен қолын бір сермеп, дәл ақ қойды көрсетіп тұрғандай сұқ саусағын еденге шұқшита:
«Ой, аға-ай! Қой бағу ата кәсіп болса да, мына итқұйрық ақ қой ата бабаның қойы емес болып тұр ғой, бүкіл гәп содан ғой. Өзіміздің қызыл қой болса, бүйтіп шәш ағармайды ғой, шәйт десең өред, куәйт десең қораға қайтад, тіліңді түсініп тұр. Қозысын өзі туып, өзі ауыздандырады. Ал, мынау... қойдың өзін әбден айттым ғой, ал төлінің өзі алаяқ екен!» Мына көзіне еріксіз күлдім. «Төлі алаяқ дегенің...»
«Иә, көргенімді айтып отырмын, аға! Төл аман-есен аяқтанды, сүтке тойып марақая бере оттықтырмақшы болып, жұмсақ шөпті жіпке буып-буып төл қорадағы шарбаққа әрбірінің алдына асып қойдық. Сөйтсек, әлгі төлдері бар ғой, өз адындағысын жемейді екі жағындағы басқа қозының шөбін ұрлап жейді, енді бұған не дейсіз!?» «Енді, бұл да мәңгүрттік шығар, алаяқтық дейсің...»
«Енді, ол менің қойған атауым ғой, негізі мәңгүрт-алаяқтық десе дұрыс сияқты, алаяқтық дегеннің өзі мәңгүрттік пе, деймін. Кейде, осы туған тілімізді тәрк етіп, соны ұмыт қалдырғанымыз мынандай мәңгүрт ақ қойдың етін жегенімізден бе, деген ойға кететінім бар, аға!» деді. Жүзіне үңілдім, әзіл-қалжыңсыз шын сөзі секілді. Көз алдыма өзіміз сойып жеп жүрген ақ қойлар елестеп отырып қалыппын.
Тағы қанша айлар өткенде Бекен інім Алматыға келді. «Қазақстан-Заман» тілшілікке шақырыпты. Бірден ақ қойлдарының жайын сұрастырдым. Жүзінде қойларға бәлки өзіне арналған мысқыл жымиыс жүгірді. «Ә, ақ қойлардың менде өкпесі де, қарызы да жоқ шығар. Алдап-суладым, ақырын сабап та алдым, жалындым-жалпайдым, болмады. Құлағы бола тұра естімейді, көзі көре тұра көрмейтін сияқты сол алғашқы күнгі әуіреден аумаған қалпы ақ қой жарықтықпен қош айтыстым!» деп, мырс етті.
«А, содан ендігі кәсіп не болды?» дедім. «Бір жанашыр таныстарым Бекен балық бақсаң жаның тыныш болады, деген соң Зайсан жаққа балық шаруашылығына кеттім ғой» «Иә, балық малдан қарағанда...» деп, енді Бекен інімнен «балық хикаясын» білігім келіп емініп барамын.
Қолын аспанға қарай бір сермеп алды. «Алтайдың шыңдарынан асып аспанда шарықтап жүрген бүркітті ұстап, қолға үйретіп жүрген керейлерге судағы балық бағу бұйым боп па!?» деген астам көңіл су сепкендей басылды. Әйтеуір, судан шықпайтындықан мал құсап тау-тасқа қаңғып жоғалып кетпейді ғой, әрі құлақсыз мақұлыққа айқай-сүрең салып бақырып-шақырып шаршамайсың деп, ойлағаным бекер болды».
«Ал?» деймін аңыра қарап. «Малдан да өткен кілтипаны көп пәле екен!» «Қандай кілтипан?» «Оның ең қиыны улдырық шашу дегені екен. Балықтың еркегі мен ұрғашысын іріктеу деген машақат! Айғыр құсап жалы төгіліп, қошқар құсап мүйізі иіріліп тұрмаған соң көзі тостиған жып-жылмағай балықтың ереке-ұрғашысын тауып көріңіз!» «Е.е. е..сондайы тағы бар де!»
«Иә, ақыры гәзет жағалап жүрген жәйім бар, аға...» Міне, содан бері де ширек ғасыр зулап өтіп, Бекен інім елуді еңсеріп алпысты да алқымдап қалған екен. Ең момын дейтін ақ қойды да, бейуаз балықты да бағындыра алмаған сақа офицер қырық қатпарлы баспасөз деген асауға келгенде құрық, жүген, шалма, шідердің бәрін қатар қолданатын кәнігі шабандоз айналып шыға келгені көз алдымнан шұбырып кинолентадай өтіп жатыр, өтіп жатыр...
Шығыс Қазақстандағы «Тарбағатай» деген басылымда ауыл өмірінің асты-үстін төңкерген мақаламен бастаған жұрналист Астанадағы саясат сапырылысқан «Ақмола ақшамынан» келіп бірақ шықты.
Арасында, Дүниежүзі Қазақтар Қауымдастығы шығаратын «Алтын бесікте» қызмет етіп оралман, көші-қон тақырыбында қаншама мақалалар... шатағы көп, дау-шары мол тақырыптардан да аман өтті. Шатағы көп дейтініміз, «көші-қон квотасы» дейтін қомақты қаржы шыр айналып тұратын, «оралмандарға жер телімін тегін үлестіру» дейін ырғын пайда көзі бұрқырап тұрған... тақырып дегенім ғой.
Осылармен айналысып жүргенде «Бекенжан жағдай қалай?» десем, «Екі дүние алаяқтарымен алысу аға, қайдан оңай болсын!» дейтін, күлкі мен күрсініністің ортасындағы бір үнмен. «Ойпыр-ай, мына екі дүние алаяғы дегенің су жаңа сөзтіркесі ғой!» деп, таңданғаным есімде.
Соның арсында Тіл Комитетінің «Тіл және Қоғам» деген жұрналына бас редактор болып, «Қазақ тілі» деген ақ қойдан да қияпаты көп, қысаң, қия жолдармен «сөз көштерін» жетелеп көрді. Қазақ тілімен ауырғандардың не көретін түгел көрді деген сөз. Яғни, онсызда қазақша судай сөйлейтіндер ғана таңдай қақтырар, таңқалдырар мақалаларды оқиды. Ал, қазақша қақпайтындар ондай мақаланы оқымақ түгіл сондай нәрсе жазылатынан да хабары жоқ қой. Сонда, дейсің-ау, сонша мақала жазып әлгі еститін, естісе де елең қылмайтын ақ қойдан айырмашылығы аздарға қайран сөзді шығын қылу не мәнсүп дегенге келіп тоқтайсың...
Содан бір кезіккенде «Аға, мәселе тілде емес екен, шатасып жүр екенбіз. Гәптің бәрі намыста екен. Қалғып, манауырап жатқан қазақтың намысын оятсақ тіл өзі дүр сілкініп орнынан тұрмай қоймайды!» деді, шегелеп сеніммен айтты. «А, баурым, айтқаның дұрыс. Өлмей ұйықтап жатқа болса, суық су шашып ояту қиын емес» деп, құптап қойдым.
Сонымен бір қарасам, «Оян намыс.кз» деген табақтай жұрнал ашып, оның электрон-порталын қоса сүйреп, Бекен інімім облыс-облысты адақтап «подписка жиып» шауып жүрді. Шаңды бұрықыратып екі-үш жыл тынбай шапты, намысымыз оянды ма, жоқ па соны байқайтын шама да қалмаған біз де шаңды бұрқыратып қу тірлікті қуып жортып барамыз, көңіл баяғыдай.
Жортып демекші, содан беріде жылдар да аялдамай жортып біраз заман өткен екен. Әлдебір күні Бекен телефон шалып тұр. «Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында «Қазақ балуаны» халықаралық сайысы өтетін болды, аға. Осында келіңізші, замандасыңыз Бақыт балуан да бірнеше дәулерін ертіп Өлгейден келіп отыр» деді. Жедел жүгіріп бардым. «Ой, Бекенжан бұл спортты қайдан тауып алдың, тағы? Әлгі, гәзет, жұрал шығару қайда қалды?» деймін ғой, айран-асыр болып.
Бекен інім әдетінше оң қолын басын бұлт шалып жатқан Алатау жаққа бір сермеп, сұқ саусағымен спорт сарайын нұсқап: «Аға, гәптің бәрі дененің мығым болуында екен. Егер, бүкіл қазақ балуан болса, намыс та, тіл де, діл де, дін де қалпына келеді!» деп, қарап тұр. Баяғы жастау кезіндегідей маңдай шашын бір сілке ме, десем шашын алдырып тастаған екен. «Ал, онда?» деймін ғой, алқанымды жайып сұраулы жүзбен. «Қазақ спорты» деген гәзетке тілші болып кеткем, осы мақсатпен» дейді.
Сол жерде Бақыт балуанға сәлем бердік. Моңғолдың бура сан алпауыттарымен иық тірескен, дүниежүзілік спорт жарыстарында талай жүлдегер болған алып қазақтың аңғалдығы жайлы ел арасына тарап кеткен анекдоттар есіме түсіп: «Бәке, сөйтіпсіз ғой?» деп, сөзге тартсам алыптығына аңғалдығы жарасқан балуан: «А, ел сүйтіп жүр ме, есімде қалмапты» деп, гүр-гүр дауыспен күліп қояды.
Бақыт балуан өте бозбала кезінен бастап моңғолдардың ішінде өскендіктен кейбір қазақ сөздерін шатастырып, содан күлкіге қалатын кезі көп екен. Соның бірі: «Бақыт балуан жазда Бес Боғада деген әйгілі жайлауға үй-ішімен көшіп барып, киізүйін тігіп, жаздай қымыз ішіп, малшы туыстарымен ауылдас болып отыратын әдеті екен.
Бір күні таңертең ерте көрші ауылдан бір атты бала келіп сиыр сауып отырған Бақыттың келіншегіне әлдене хабар айтып кетеді. Әйелі үйге кіре ұйықтап жатқан Бәкеңе тез тұрып мәшинеңді тамыз, жоғары ауылдағы құдағи қайтыс болып кетіпті, ерте барып көңіл айтайық, дейді ғой.
Балуан апаш-құпаш тұрып дайын болады. Бәкең келіншегінен анықтап сұрайды, «Құда дегенде қайсысы?» деп, құдағи мен құданың қайсысы деп сұрап тұрған шығар деп ойлаған келіншегі «Құда емес, құдағи екен қайтыс болған, сен шатасып жүрме тегінде!» деп, қатты ескертеді. Бәкең тағы да ептеп сұрайды: «Осы құда мен құдағидың қайсысы еркек, өзі?» деп. Әйелі таңданады: «Құдағи деген әйел ғой, қызықсың, ә!».
Сонымен, екеуі кісі қайтыс болған үйге барады ғой. Отырғаннан кейін әйелі Бәкеңе ым қағады, ерексің ғой алдымен сен көңіл айт, деген сыңаймен. Бәкең қысылып кетеді. Әлгі, құда мен құдағидың қайсысы еркек, қайсы әйел екені есінде қалмапты.
Енді, оны анықтап отыратын жағдай қайда, Бәкең балуандық тәсілге салып, не болғанда да әлгі құда-пұда дегені еркекке айналып кетпесін дегендей: «Ұрғашы құдағидың алдынан жарылқасын!» деп, табан астында айтып салған ғой. Қазалы үйге жиылып отырған көпшілік мынандай сөзге күлмеске шарасы қалмай, бәрі иектерін жағасына тығып булығып қалса керек.
Пәни уақыт бізді тосып тұра ма, тағы қанша айлар өткенде қолыма Бекен Қайратұлының «Қазақтың атбегілік өнері» деген кітабы келді, арнайы жіберіпті. Альбомнан кем емес ат тұқымының не түрлі суретімен безендірілген жылқыға қатысты не бар соның бәрі түгел қамтыған үлкен еңбек екен. (Кейін Астанаға барып жүріп қызмет орнына кіріп шыққанымда осы кітаптың бүкіл сурет монтажын өз қиып, жапсырып жасаған көлемді эскиздерін көрсеткені бар).
Хош, сонымен арнайы жіберген соң, қолға ала сап бастан аяқ сүзіп оқып шықтым, телефонмен жақсы ниетімді білдірдім: «Бекенжан, мына еңбегің жылқы туралы тамаша оқулық қой, атбегілер мен ауылшаруашылық институттары бір жырғайтын болар!» дедім. «Аға, одан да басқа мақсатпен жазып едім, қанша кітапты қопарып жүріп...» деді.
«Ал, тағы не мақсат?» деймін, ғой. «Қазақты балуан, спортсмен болдырсақ бәрі түзеледі деуші едік қой. Ол да бекер екен, бүкіл мәселе қазақтың аттан түскенінен болыпты. Қалай аттан түсті солай рух кетіпті, қалай рух кетті солай діл нашарлапты... дегендей. Оның үстіне қазіргі қазақ жігіттердің қырыққа жетпей простатит болуы да атқа мінбеуден екен, сол үшін енді жылқыны қолға алдым, аға!» дейді. «Иә, иә, қазақтың бүкіл батыры неге астындағы атымен қатар айтылып аңыз болды дейсің, дәл айттың!» деп, көтермелеп жібердім.
Біршама уақыт өткенде «Аға, әлгі атбегілік өнері деген кітапқа бір жазбаша ілебіз болса...» деді. Дереу жазып, «Жылқыны жоқтау» деп тақырып қойып, аптасына көп рет шығып елге кең тарайтын «Айқын» деген республикалық гәзетке жолдап жібердім. Шықты, кітаптың мұқабасымен оқырман көз тігетіндей болып.
Іле бірнеше күн өте Бекен інім телефон шалды, рахметін жолдады, көшеде жүріп сөйлеп бара жатқанын ентігінен байқап: «Бір жаққа асығып кетіп бара жатырсың ғой, деймін, ә?» дедім. «Иә, аға, Құлмұқамет ағамыз өзі телефон шалды, Оу, Бекен мынандай кітап жазып тастапсың ғой, гәзеттен көрдім оқымаймыз ба, деп. Шыққанда беріп едім, міне екінші рет қайта апара жатырмын қолтығыма қысып алып...» дейді.
«Қазақ тілі», «Қазақ ділі» дейтін ащы да, тәтті дертпен осылайша ауырып, тәуір боп, қайталап сырқаттап жүргенде... өткендер ұмыт болып, тағы қаншама күндер оралмасақа еткен болар.
Қазақ мәселесінен біраз алыстап кеткен кезім еді. Енді, Хақ діннің қазақша аудармасына көңіл бөліп, мәңгірген басымымызды біраз түзеп алуға себім тисін, деп жүрген кездерім еді. Бір күні қолында бір сөмке кітабы бар Бекен бауырым аяқасты Алматыға жетіп келді. Әкелген кітабының бірін қолыма ұстатты. Байқаймын, тағы да оңай-оспаққа келмейтін көлемді кітаптың мұқабасында «Қазақия қалай отарланды?» деп, жалаулап тұр.
Қала ішіндегі бір кафеде әріптес аз ағайын жиылып кітаптың тұсаукесерін өткіздік. Әркім жақсы пікрлерін айтты. Мен де әріптестік әрі ағалық тілегімді білдіріп: «Отаршылықпен қарсы күрескендер де аз болмаған шығар, соларды да тауып қатар жазса тіпті, жақсы болар еді» дедім.
Бекен бауырым сәл кірбің қабақпен: «Аға, ол басқа тақырып қой. Мына қазіргі жұрт Ресейді көзімді ашып, көңілімді тазартқан, жабайылықтан құтқарып, мәдениетке жеткізген жан досым деп ойлайтынына көзім жетті. Әлгі, өзіңізге айтқан, қазақтың намысын ояту, одан кейін шымыр балуан болдыру, ер жігіттерін түгел атқа мінгізу... ол әншейін қиял екен. Енді, қазағымызға отаршылдықтың құлы болғанын білдірсек, орнынан атойлап тұрмай қайда барады?!» деген, жаңа уәжін айтты. «Ол да бекер сөз емес!» дедім, бас иізеп. Одан бері де жылжыған дариядай жылжып талай айлар ағып кеткен екен.
Елімізде тұмсыққа тұмылдырық киіп, Онлайн өмір басталған кезде, ватсабыма Бекен Қайратұлының мақалалары келіп түсе бастады. Сонау, коминтерн заманында Моңғолиядағы Баян-Өлгий деген қазақ аймаққа Қазақстаннан Абай Қасымов, Шәріп Өтепов, Төлеубай Қордабаев... осы азаматтардың жұбайлары және тағы талай мамандар барып қандас бауырларына оқу ағарту, жаңа саясат жағынан қол ұшын берген екен.
Міне. осы адамдардың басынан кешкен қилы тағдыры (барған қандас ағайындардың сәбилері шетінеп кеткенде жергілікті қазақтар өз балаларын солардың бауырына салып берген секілді) еске түсірген, естелік болып қалған сол кездегі фото-суреттері бар өте қызықты тарихи деректер... Және, Баян-Өлгейден сонау жер түбі Бйиск қаласына дейін түйемен германмен соғысып жатқандарға көмек жеткізіп керуен тартқан керей қазақтардың жанкештілігі мен түйе малының ғажап жершілдігі секілді аянышты оқиғалар... «Егемен Қазақстанның» электрондық нұсқаларында жарялануда.
Осыларды оқи отырып: «Е, Бекен баурым енді, қазақ мәселесінде басқа бағдарламаға кеткен екен, ғой...» деп, ойға қалғам. Осының алдында бір Астанға барғанымда алды жетпіс-сексен жыл өткен, соңы отыз-қырық жыл бұрынғы сирек фото-суреттердің қаншама жиынтығын көрсетіп, «Қобда бетінің қазақтары» деген альбом кітап дайындап жүрмін деп, еді.
Және, Ресей құрамында қалған Қошағаш қазақтары, Түмен, Омбыдағы қандастарымыздың беткебасар тұлғалары туралы да солай қайта-қайта сапар шегіп солар жайлы дерек жинап жүргенін айтқан-ды. Сонда, «Мұның қандай мәнісі, пайдасы бар?» дегенімде, «Гәзеттің ашық қалған, тесік қалған жамауына да пайдасы көп тиіп тұр...» деп, күлді. Мен де күлдім: «Бұл жамау болғанда оңай жыртылмайтын джинс жамаулар шығар!» деп.
Сөйтсем, Бекен інімнің бұдан да басқа біздің ойға келмеген бағдарламалары бар секілді. Бір күні қалта телефоным шақырған соң алсам: «Аға, осы сіздердің сұмындарыңызда қырғыздар бар деп, естідім, сол рас ба?» деп, тұр. Сәл ойланып: «Иә, иә бір сайды алып жатқан үлкен ауылды сыртынан ел қырғыздар дейді, бірақ өздері найманбыз, дейді» дедім. «Сонда, қайдан келген қырғыздар екен, аталарының атын білесіз бе?» «Аталары Рахан деген кісі дейтін, өте ертерек қайтыс болған секілді. Қазір үлкендері де азайған шығар, немерелері қалды ғой» дедім.
«А.а.а. нақ қырғыз екенін қалай білуге болады?» «Енді, арнайы барып тектесе оңай шығады ғой, керейшілеп жеті атаны тектегенде қайда барады» дегенімде інімнің зерттеушілік ынтасы тіпті, артып: «Иә, ол оңай, дегенмен сырт көзге байқалатын бірдеңе болса...» деді. Өткен шақты еске түсірдім. «Баяғы студенттік кезімде жазда ауылға демалысқа барғанда жайлауда той томалақ көп болушы еді. Сонда, әлгі қырғыз дейтін ауылдың жігіттері көкпар тартқанда қатты атойлап ат бауырына түсіп өлер-тірілерін білмей жүретін-ді. Сол мінезіне қарағанда мына Бішкектегі Ақордаға атпен кіріп кететін қырғыздарға мінезі ұқсайды-ау!» дедім.
Зерттеуші жұрналис інімнің дауысы көңілді шықты, бәлки әдетінше оң қолын бір сермеп, сұқ саусағын көтерген шығар деп шамаладым: «Иә, аға дәл айттыңыз! Мінез деген генмен келетін нәрсе!» деп, пікірімді түйіндеп жіберген еді.
Солай, «Қазаққа не әкелдім?» деген ыстық көңілмен келген әріптес інімнің «сан қилы бағдарламсының» бір қысқаша шолуы осындай.
04-01-2021.
АБАЙ МАУҚАРАҰЛЫ, Жазушы-жұрналист.