Жамбыл Артықбаев. Шежіре тыңдаймын десеңіздер

ӘДЕБИЕТ
4284

Мәшһүр: “Сайрам мешітіндегі тас бағанды кім орнатқанын жазайын. Ерте заманда Алатау, Қаратаудың аралығында Әулиеата мен Шымкент, Сайрамға маңайлас жерде «Қырық қақпалы Қарғалық»- атанған шаһар болыпты. Оның билеуші бастығы Ысқақ бап деген батыр болыпты. Мұның заманында қалмақтан Сауыр тонды Өтеміс деген батыр шығып, орталарында көп соғыс болып, ақырында Ысқақ бап Сауыр тонды Өтемісті байлап алып, тірідей қорғанның бір бұрышына қалап жіберіпті. Тас бағанды мешіттің қорғанына сол Ысқақ бап өзі көтеріп әкеп орнатқан екен, күшінің белгісін кейінгі заманның адамына көрсетемін!- деп. Бір тас бағанды Сайрамда «Ыдырыс пайғамбардың намаз оқитын жері екен!»- деп орнатқан дейді. Бір тас бағанды Қоқанды билеп тұрған күнінде Мәделі хан алдырған екен дейді. Үйіне жетпей, өліп кеткен.Бұл Ысқақ баптың бел баласы- Ибраһим ата- Сайрамның күншығысында ақ күмбез. Бұл Ибраһим атаның бел баласы- Қожа Ахмет Иассауи- Түркістандағы ақ күмбез. Қожа Ахмет Иассауиге күмбез жасаған- Әмір Темір Көреген. Сарт халқы жек көргеннен: «Темір ләң»- дейді. «Ләң»- сарт тілі, сарт тілінде «ләң»- деп, ақсақты айтады. Бір аяғының шолақтығы болса керек. «Өзінің түбі тегі- Қыпшақ Әмір Тағай батырдың баласы»- дейді”.Тәпсір:

-«Қырық қақпалы Қарғалық»- шежіренің басқа нұсқаларында «Қырық қақпалы Қарашық» делінеді. Біздің ойымызша бұл Түркістан қаласы мен оның жанындағы бір- бірімен байланысты қалашықтар. Ертеде барлығы бір жүйені құрап алып мегаполис болған !
-Сауыр тонды Өтеміс- шежіреде қалмақ делінеді, шын мәнінде оғыз тайпаларының ірі көсемдерінің бірі. Оның ағасы Қылыш хан туралы да деректер бар еді бір сәті түскенде жазармын. Бұлардың халқын қожалардың «Насаб намаларында» мүғ және тарса дейді. Мұғ дегені қазақтың мық, яғни ерте дәуірде қазақ жерін мекендеген аласа бойлы, мықты халық туралы айтқаны (мық үйі, мық обасы, мық шегесі, мық жусан т.б.). Тарса дегені Тәңірілік діндегі елдер дегені болуы тиіс. Ысқақ бап осы елдермен соғысты және ағасының кегін қуып Өтеміс батырды өлтіріп еді делінеді. Ұзақ әңгіме !

-Тас баған- оның біреуі Сайрам музейінің алдында тұр, жергілікті ел ұстын дейді !

-«Ыдырыс пайғамбардың намаз оқитын жері» - Сайрамға барсаңыз көресіз, тым ерте заманға қатысты бірталай қасиетті орындар бар. Біздің Сыр бойы қалалық өркениетінің көш бастауында Түркістан-Яссы тұр, одан кейін осы Кәрі Сайрам атанған Сайрам қаласы. Тарихы қола дәуірінен бастау алады !

-Мәделі хан- Қоқанның аты-шулы хандарының бірі, өзінің тоқал шешесін аламын деп атақты болған. Оның да әңгімесі көп, кейін жазармын, оның өлімінің ұстынға қатысы жоқ-ау деймін!

-Қожа Ахмет Иассауи Ибраһим атаның бел баласы- Әзіреті Сұлтан анау-мынау емес, билеуші, ел басқарушгы әулеттің өкілі ! Йассауи реформасының себептерін және мазмұнын түгел түсіну үшін Қарахан дәуірінің тарихына, мемлекеттік құрылысы мен идеологиясына дендеп ену керек. Мемлекет оңай құрылады деушілерге айтарым- әр нәрсенің негізі болады, идеясыз мемлекет үлкен фирмаға айналып кетеді. Бұл жердегі Қара хан түркі-оғыз халқының түпкі бастаудағы билеушілерінің бірі, Оғыз қағанның әкесі, өмір сүрген жылдары шамамен біздің пайғамбарымызға дейінгі 3400 жылдар !

-«Өзінің түбі тегі- Қыпшақ Әмір Тағай батырдың баласы»- басқа шежіре кітаптарда Барлас Тарағай бек дейді ! Барлас болса онда Найманға жақын болғаны, Дүрмен-Барлас деп те айтады. Осы мәселе терең зерттелмеген, құр бос әңгіме көп, шынайы жазушы жоқ.

Жамбыл Артықбаев

author

Жамбыл Артықбаев

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...