Заман Төлеуов. ҚАРАҚУЫС (роман)

ӘДЕБИЕТ
2604

Басын осы жерден оқи аласыз.

8 тарау

- Ата, аялдамаңыздан өтіп кеткен жоқсыз ба?

Терезеден көшеге көз салып бейқам отырған егде кісі, тосын сауалдан селк етіп, жалт қарады. 

- Жоға, қарағым... менікі, соңғы аялдама, – деді де зейінін қайта сыртқа аударды. Кондуктор келіншек жақтырмаған пішінмен иығын қиқаң еткізіп, ары кетті. Әйел сырт айналған кезде, үлкен кісі оның соңынан көз тоқтата қарады. Сырт пошымы еркекшора келген, үрпиген жирен шашты, үстінде біраз киіс көрген қызыл-ала, қынамабел күртеше, бұтында құйрығы солған жинсі, аяғында тайпақ табан, көне кроссовка. Жүрісі болдырған жылқыныкі секілді, енді біраздан соң жығылуға шақ. Автобус кенет жылдамдығын тежеді. Отырған ел алдыға лықсып, түрегеліп тұрғандары бірін-бірі итере, ұмар-жұмар ілгері ентелей шашылды. Наразылық танытқан ел азан-қазан шуласып, арасында боқтық та араласты.

-  Елдің қырайын деп пе едің!?

- «Прабаны» сатып алған біреу шығар?

- Шопыр емес, ауылда қой баққан біреу ғой! 

- Күнін көре алмай қақтыққан, қайдағы-жайдағылар қаптап кетті, қалаға!..

- !!!..

Бұл сөздер мемлекеттік және ресми тілде қатар – жүргізушінің басына бұршақтай жаудырылып жатты. Бір қызығы осы тосын жәйт – шуласқан жұрттың есін кіргізіп, жұдырықтай жұмылдырды. Бұған дейін әрқайсысы өз уайымымен келе жатқан-ды. Енді міне, бәрінің басы қосылды. Ортақ тақырып табылып, көкейлері бір мүддеге ауды. Өмірлеріне жаңа бір леп лап етті...

Шекесінде «LONDON» деген жазуы бар, аппақ телпегі басынан ұшып кетіп, елдің аяғына тапталған егде кісі ғана үнсіз. Манағы кондуктор келіншек жұрттан бұрын есін жиып, абыржығандарды сабырға шақырды. Соның арасында әлгі атаның сәл-пәл шаңға аунаған бейсболкасын да тауып алып, иесіне тапсырды. Енді бір сәтте, әлгіндегі ашулары су сепкендей басылған көпшілік – тіпті бір-бірімен емен-жарқын араласып, өздерінің бөтен емес, бір адамзат табынан екенін енді аңғарған тәрізденді. Жол-жөнекей түскен кейбіреулер – жаңа таныстарына амандық тілеп, қимастықпен қалысып бара жатты... «Адамзаты бір тапқа бірігу үшін – ортақ жау керек екен ғой?» деп ойланды егде кісі.

Жүргізушінің желке тұсынан қыдиған кондуктор әйел:

- Есің дұрыс па, сенің? Көзіңе қарап айдамайсың ба!..

- Сайтан біліп пе, қалқадан шыға келетінін!

- Ел дұрыс айтады, сен ауылда да жарытып айдаушы болған жоқ шығарсың!..

- Сені айдасам бопты да...

- Сөз емес сөзді сөйлегенше, наныңнан айырылып қалмауды ойласай! 

- Әй! Әрмен тұршы, алаңдатпай, тағы бірдеңеге ұрынамыз.

- Мен емес, сен ұрынатын!

- Қап! Рөлде отырмасам, қан жосаңды шығарар едім, иттің баласы!

- Қолыңнан келсе тоқтат та ұр мені!

Жүргізуші баяулап келе жатқан автобусты кілт тоқтатты. Сосын салонға атып шығып:

- Көлік ары қарай жүрмейді, бұзылды! Осы белеттеріңізбен келесі автобусқа отыра бересіздер... – деп жолаушыларға жария етті. Жұрт тағы абыр-сабыр әңгіме айтып, көңілдері хош болмай түсе бастады. Айтқанындай бес-он минуттан соң келесі көлік те жетті. Жүргізуші өз жолаушыларын соған кедергісіз отырғызып, сапарларын ары қарай жалғастырды. 

Автобустың артына шығып, етегін түрді. Темекісін будақтата сорып, ары-бері шұқылаған сыңай танытты. Сосын қолын бір сілтеді де алдыңғы есіктен салонға енді. Шикілсары әйелінің бет-әлпеті жирен шашымен тұтаса қызарып, өртше лапылдапты. Танауын қорс-қорс тартып, өзі мен өзі сөйлесіп отыр екен. Анау кіре сала төмпешке алмақшы болып, сырттан тісін қайрап келген еді. Жұдырығын түйіп жақындай бере: 

- Сен албасты, ғұмырымды қор еттің! Еңбегімді ілгері бастырмадың! Осы отырған жеріңде жаныңды жаҺаннамға жіберіп, бір жола құтылмасам ба!.. – деп оң қолды құлаштаған тұста ту сыртынан біреудің тамақ қырнағаны естілді. Еркек құлашын керген қалпы аузы аңқия, дабыс шыққан тұсқа бұрылды. Соңғы кезде осының автобусына жиі отырып, қала серуендейтін бір көз таныс шалды көрді. «Ештеңе ұқпадым» деген сыңайымен оның қасына таяп: 

- Ақсақал, жаңа, «бұзылдым» дегенімді естімедіңіз бе? Мен ешқайда бармаймын. Дереу түсіңіз.

- Мен асығыс емеспін. Жөндеп болғанша тосамын, – деді егде кісі жайбарақат қана. Сонша ниеттеніп келгенде әйелін соға алмай қалған ол, ары не қыларын білмей тосылды. Шалды желкеден дырылдатып, далаға атып жіберсем бе екен дегендей ойға да барды. Сосын рөлінің басына барып, салдыр-сұлдыр есіктерін жапты да қайта оралды. Құшыры қанбағанын аңғартқандай тісін тағы шықырлатып, бояу мен жастан бода-бодасы шыққан сықпытсыз әйеліне жауыға қарады. 

- Не қарайсың? Жаңа көрдің бе? – деді әйелі шаптыға. 

Осындай дау-жанжал үйлерінде де үйреншікті ғадет еді. Бұл – әйел адаммын ғой деп әлсіздік танытып, бұға салғанды білмейді. Көкбеттеніп, әбден таяқ өткенде ғана тілін тарта бастайды. Күйеуі іштей өзі де таң қалатын-ды. «Осы неме, жұдырықты әдейі тілеп ала ма? Ұрған сайын айызы қана ыңқылдайды. Сірә, төсектен сондай ләззат алмайтын сияқты?». Бөтен адамның көзінше тарпа бас салуға дәті бармай, бірте-бірте оның да ашуы сынайын деді. Бір сәтке тынши қалған үнсіздікті қалта телефоны бұзды. Базадан хабарласып, бұның жағдайын сұрап жатқан сыңайлы. Ол жалған жауап берді.

- Себебін өзім таптым. Ары кетсе жарты сағатта желіге шығамын. Рақмет! – деп, бұл үшін алаңдаған ар жақтағы біреуге жауабын берді. Әйелі дәнеңе болмағандай жайраңдап, орнынан түрегелді. 

- Қол жуатын суың қайда еді? Мына түріммен клиенттерді шошытармын! 

- Қайда болушы еді... орындығымның астында...

Егде кісі бұл екеуіне бір көз тастады да әйнек сыртындағы дүниені бақылауға көшті. Әйел жуынып, сіңбірініп болып, бұлардың қасына кеп жайғасты 

- Ата, сізден ұят болды-ау!

- Ұят болса үйге шақырып шәй бер. 

- Шақырсам шақырамын! Өзімнің де осы кісі секілді әкем болған. Сен ғой, әке тәрбиесін көрмей, жетім өскен!

- Қалай өскенімде шәруаң болмасын! Өмірден ерте кеткен әкем туралы енді бір сөз айтсаң, ешкімнің бетіне қарамаймын, сойып салам! 

- Ажалымнан үш күн бұрын өлмей тұрғанда зытайын! – деп әйел ғайып болды. Бетпақ қатыны кеткен соң, еркек егде кісінің қасына отырып, ақталған сыңайда: өткен өмірін еске алып, мұңын шақты.

***

Ол әскерден келген соң, біраз күн тетелестерімен сайрандап, ауылдағы бес-алты көшенің шаңын шығарды. Сондай бір жорықтан таң ата келіп, жатқаны сол еді, анасы қояр да қоймай оятып алды. Жоқтан өзгеден қорқа салатын момын шешесінің онсыз да шаралы көзі – мүлдем ұясынан шығып кетіпті.

- Не бүлдірдің қарғам-ау? Селсебет шақыртып жатыр! Бірге барайын, менде... 

- Ештеңе бүлдірген жоқпын. Келіп сәлем бермеді деп ренжіп жатқан шығар?

- Әй, осының да дұрыс сияқты... қаны бір, бір атаның баласы ғой. Барып сәлем бер.

Ол анасының осынша аңқаулығына қайран қалатын. Күйеуден ерте жесір қалып, бір-бірін жетектеген бес баланы бір өзі аяққа тұрғызды. Сүт кенже – осы еді. Мінезі әкесіне тартқан, бір сынса шорт кететіні қатты ұқсайды. Бұлар да сенгені өз қайраты, сиынғаны бір Тәңір болып жүріп жатқан, көп отбасының бірі... 

«Жетім» деген сөз оның желкесін шымырлатушы еді. Баяғыда мектепте жетімдерге арнап киім-кешек үлестіретін-ді. Өзгелері таласып-тармасып жатқанда ол намысқа булығып, далаға қашатын. Далдалау бір тұсқа барып, солығы басылғанша жылап алушы еді. Әкесіне өкпесін айтатын. «Қайран әкешім-ау, неге тез өліп қалдың? Бізді тудырған екенсің, асырап жеткізбедің бе? Сіздің жоқтығыңыз біздің бетімізге салық болды! Жетім атандық! Кім көрінген қорлауға дайын тұрады... » 

***

- Е, батыр, келдім-кеттім деген жоқ. Сенің әкең маған аға болып келеді... Туысқан ретінде айтайын, мына қыдырысыңды доғар. Сен келгелі ауылдың шырқы бұзылды. Көше толы мас. Көк шекпеннің буын бәріміз бастан өткергенбіз. Ақылымды тыңдасаң, қаладағы ағаңа бар. Ол бауырдың жақсы атағын ғана естіп жатырмыз. Ауқатты тұратын көрінеді, – деді ауылдық кеңестің төрағасы. Соңғы ауыз сөз – жігіттің намысын дүр сілкіндірді. 

Қаладағы ауқатты ағасы да енді болмаса, өзі іздеп келмекші екен. Бұның өз бетінше жетіп келе қойғанына қатты қуанды. Өзі істейтін автопаркке бастапқыда слесарь етіп алғызды да көп ұзамай қасына серік етті. Інісінің тумысынан еңбекқорлық нышан тез оянды. Ол қалайда ағасы секілді алдыңғы қатарлы, ауқатты адам болуды мақсат тұтты. 

Бір орта бойлы, талдырмаш, сары қыз оның көлігіне ертеңгілік тұрақты түрде мінетін-ді. Ол салонда бос орын болса да алдыға өрлеп, жүргізуішіні иектеп, жақын тұруға әуес еді. Қазақша мен орысшаны араластырып, бәлдір-батпақ әңгіме айтқан болады. Алғашқыда жігіт оны қаланың қызы болар дейтін. Өйткені орысшаға тек қалада өскен қыздар ғана жетік деп санайтын. Осы таныстық оның жігіттік делебесін оятып, ол тосатын аялдамаға таяғанда қарасы көрінсе екен деген алаң да пайда болды. Тіпті, келе-келе құмарта бастады... 

«Әй қарағым-ай, құрсағымнан шыққан төлім болса да айтайын, негізің дұрыс бала екенсің, менің қызымның басы бар, аяғы жоқ. Оның айдауына көнбе. Бала тауып берер... Бірақ, басыңа бақ орнатар деп айта алмаймын. Нағашысына тартқан бәтуасыздығы басым...» – бұл сөз, әлгі қыздың туған анасының аузынан шыққан лебіз еді...

Содан бері отыз жыл өтіпті. Еңбек үздігі болып, қаланың қақ ортасынан үш бөлмелі пәтерге ие болды. Әрине, оның еңбегінің еленуіне ағасы да үлес қосты. Табысы тасып, не ішем, не кием демейтіндей дәрежеге жеткендей еді. Шекелері торсықтай үш ұл тапқан әйелінің де аяғы жерге тимей қалды. Бірақ, көзге көрінбейтін бір жұт бұлардың шырайын кіргізбеді. Ол жұт сол әйелдің уысы мен қас-қабағында тұрғандай болды... 

- Сенің ұйғырға шатыс бірдеңең жоқ па? – деп бір күні күйеуі әйелінен ажырая сұрады. Анау лағманның нанын созып, бейқам отырған-ды. Тұла бойы дір етті де ескектеген қолдары қарысып, көкшіл көздері шатынай:

- Бұнымен не демекшісің?! – деп қалшылдай бастады. Күйеуі мырс етіп күлді де қойды. Анау жасап отырған тағамын ысырып тастап, бүйірін таянып шыға келді.

- Айт деймін, жаныңның барында!

- Өй, қалжың түсінбейтін мақау!

- Бұндай қалжың болмайды! Шешемді ойнас жасатып, әкеме мүйіз ілдіріп отырсың! Қазір збандап айтамын...

- Сенің бәлдір-батпақ тіліңді бұрын қызық көруші едім. Енді түсіндім енемнің «бәтуасыз» деген сөзін...

- Кім бәтуасыз?

- Сен! Ата-енем байқұс бара қалсаң бір малын сойып, қазан асып қарық қылушы еді. Сен отыз жылға таяп қалды созба нанға шөп-шалам қосып, бір шөкім етпен жүрегімді қарайтып келесің! Қашан бір ыстық қамырға саусақ күйдіріп, ет асайтын кез болар екен?

- Етті көп жеуге болмайды, зиян! Тамақты үнемдеп ішу керек. 

- Сенің үнеміңнен байып бара жатқан түрімізді көрмедім!..

Соңғы жылдары бұлар қонаққа баруды да сиретті. Барғылары келмегеннен емес, шақыратындар қатары сиреді. Жігіттің ауылдастары мен жұмыстас жоралары кезінде талай қонақ қылды. Кейін келе қарымтасы болмаған соң, олар да ұмытайын дегендей. Елдің төрінде жайтаң қағып, өз төрінде екі кісінің басын қостырмаған мына әйелдің сырын былайғы жұрт жақсы білді. Ал, күйеуіне аяушылық танытып: «Анандай табыскер ерді қор қылды-ай!» дейтін сырттай... 


- Ақсақал, ішімде жүрген запыранды не құса алмай, не айта алмай келдім, осы күнге дейін... кешіріңіз!

- Уақасы жоқ. «Ауызға келген түкірік, қайта жұтсаң мәкүрік» демекші, іште сақтауға болмайды. Мерез боп қата түседі.

- Құдай қосқан қосағымды жамандап, елден озғым келіп отырған жоқ. Біз неге кері кетіп барамыз деп күйінем! Қаланың қақ ортасындағы үш бөлмелі пәтерді сатқызды. Оны менің арқамда алғансың деп те соқты. Қойшы, осы тыныш болса екен деп бәріне көндім. Жарты ақшасына қос бөлмелі жұпыны пәтер алдық, қалғанымен бизнес жасауға бекінді. Бір жыл өтпей банкрот болды. Ол аздай әлдекімге белшесінен қарыз боп шықты. Бұл пәтерімізді де саттық. Қарыздан құтылып, сарқынына қаланың ту сыртынан оймақтай жер алып, неше жыл арпалысып жүріп, бір шатырды қалқайттық. Бұл жазған, бір жыл түгілі бір ай толығымен жұмыс жасап көрмепті. Мейлі, бала бақтым дер... асырау менің міндетім. Әкелгенді ұқсатпады ғой. Кейінгі кезде ұлдарымды өзіме қайрап салатынды шығарды. Олар да шешесінің аузынан түскендей жалаң тілдің иелері. Жатқанға жарылқасын деп өсіп келеді. Қатын болса, осы күнімізге жер дүниені кінәлап, кезінде үш бөлмелі үй берген Кеңесті мақтап, аңсайтындай. Сосын: «Бізді күл болмасаң, бүл бол деп далаға тастады!» деп кәзіргі үкіметті сыбайды... Ең соңында, бұған бай болып жолыққан мен айыпты болып шығам.

Менен кейін қалаға келгендер ханға сәлем бермейді... Соларға жолықсам, намыстан жерге кіріп кете жаздаймын!.. 

Осылай мұңын шағып, іші жеңілденгендей болды да сосын қол сағатына қарап: 

- Әлі он минут уақытымыз бар екен. Ақсақал өзіңіз қай жақтансыз? 

- Мен еш жақтан да емеспін, қарағым... 

- Түсінбедім?!

- Солай. Менің атым да затым да жоқ, бірнәрсемін. 

- Қойыңызшы!.. Еселаң қатынымның жынды қылғаны аз еді, енді сіз миымды ауыстырмақшысыз ба?

- Солай, қарағым... Оянсам бір жерде отырам. Сірә, көзім ілініп кетсе, қайта жоқ болатын сияқтымын. 

- Сіз сонда, тегінен жаңылып, адасып жүрген рух болдыңыз ғой? – деп жүргізуші күлді. Ақсақал оған қыңқ етпей, жайбарақат жауабын берді.

- Мүмкін, солай да шығар... Бір мекенімнің болғанын іштей аңғарамын, бірақ қайда, қандай екенін анық білмеймін. Жадымды біреу әдейі өшіргендей.

- Есіңізде мүлдем ештеңе қалмады ма? Отбасы дегендей...

- Сендерге қарасам, бір елес бұлдырайды. Егер бір ұқсастық көрсем, сол желіні қуалай ұзап кеткен тереңіме қайта кетер ме едім. Кейде, осы дүниеде болғаныма да аса сенімді емеспін. 

- Біздің де күйіміз соған ұқсайтын секілді. Бер жағымыз белгілі көрінгенмен, сол сіз айтқан терең бізге де мәлім емес. Барша өмір әркімнің өзінен ғана басталатындай бір шолақтық бар. Бізде жадымыз өшіріліп, тегімізден жаңылған сияқтымыз... Біздің өмір сүруге тұрарлық па?

- Мына әңгімеңе қарағанда мәз емес көрінеді. Сендер әмісе кінәліні ғана іздейтін сияқтысыңдар. 

- Өзі де солай ғой. Жаратты да қып-қызыл отқа әкеп тастай салды. Өз 

өмірім соның куәсі емес пе? Ертең балаларым қайтеді? Тағы сол менің итшілеген тірлігімді қайталамақ па? Сөйте тұра өлімнен қорқып, осы жалғанның бір сағатына жармасамыз... Сіз бақытты екенсіз!

- Ол да мүмкін. Ештеңені сезбеу – бақыт болса, онда келісемін. Жарайды, осының алдындағы бір көргенім есіме түсіп отыр. Соны айтайын. Оянып кетсем, үсті қонақ үй, асты мейрамхана бір зәулім ғимараттың есігінің көзінде мына телпегімді жәйіп, қайыр-садақа сұрап отыр екенмін.

- Сіз қайыршысыз ба?

- Өзім де білмеймін. Сөзді бөлмеші. Содан үлкен шыны есік ысырылып ашылды да ішінен қыз бала мен жігіт шықты. Буындары былқ-сылқ еткен қыз бала маған артын бере тұрды. 

- Осы аптаның аяғында штатқа ұшамын. 

- Жәйша ма?

- Колумбия универін тәмамдап жатырмын. Дұрысында әкем тәмамдатып жатыр. 

- Уау! Ол ең престижді оқу орны ғой!

- Мені қайда оқиды деп едің?..

- Класс! Тек, Сағынатын болдым ғой!

- Сен осы менің папамды қайдан танисың?

- О-о, ол кісі таңдаулы елуліктің серкесі емес пе?

- Енді түсінікті болды.

- Аяулым, не айтып кеттің?

- Ең алдымен менің әкемді танып, сосын маған жабысқаныңды білдім!

- Құдай сақтасын, ондайды айта көрме! Сені бір көргенде ұнатып қалдым! Бұл төңіректе саған тең келер ешкім жоқ!

- Әрине, мына дегенераттардың ортасында ақшаны суша сапырып, жарқылдап жүрген расында мен ғана шығармын. Сондықтан да бір көргенде көзіңе оттай басылдым!.. 

- Аяулым! Мен саған бар сырымды жасырмай айттым. Арманым мен талғамымның биік екенін де аңғардың. Ауылдан шыққаным да рас. Қазақ ауылдан шықпаса қайдан шығады? Қанша намыстансам да шындық сол!

- Жә болды. Менің әкем де ауылдың адамы болған. Сен ойлайтын шығарсың, қалада тұрсаң болды – қалалық болдым деп? Мүлде олай емес. 

- Сонда қалай? Мен қалалыққа ұқсамаймын ба? 

- Киім киісің, жүріс-тұрысың әрине келеді. Саған азғана түзетулер енгізсе жарқырап шыға келесің. 

- Түсінбедім? 

- Азаматты әйел ғана түзей алады.

- Папаңды сенің мамаң түзеді ме?

- Жоға!.. Мамамның өзі қырық жыл бойы қанша тырысса да қалалық түйсікті меңгере алмады. Қазақтың қалалық болуы үшін неше ұрпағы өтіп барып, ауылдан тамыры үзілуі тиіс. Менің әкемді осы қаланың тұрғылықты әйелі түзеді. Дұрысында жөнге салды.

- Қызық екен?

- Қызық ештеңесі жоқ. Әкемнің бізден өзге тағы екі отбасы бар. 

- Араласып тұрасыңдар ма?

- Айтады екенсің! Қалай еді, бір мақал бар еді ғой: «Атым бірдемемді жақтырмайды» деген?

- «Атым көтімді, көтім атымды жақтырмайды» деген бе?

- Иә! Олар өздерін бір саты жоғары санайды. Қанша керілгенмен сол зиялысымақтарды менің әкем асырап отыр. О-о! Машинам да келді. Кешке дейін сау бол! Айтпақшы, ұйқыңды қандырып кел. Түнгі клубтың шаңын аспанға шығарайық. Кетер аяқ менен ғой! Сенің «Аяулым» деп мені еркелеткенің қатты ұнайды!

- Мақұл, Аяулым! 

- Үш айдан соң елге оралғанда сені таппай қалмайын!

- О не дегенің? Сені аңсаумен жүрем ғой!

- Қайдам? Тағы бір жылтырағанның етегінен ұстап кететін сияқтанасың? Осындай әңгімеге куә болдым. Қыз жалтыр көлікке отырып ғайып болды. Жігіт оның соңынан көзін сүзе біраз қарап тұрды да есін жиған адамша жан-жағына жалтақтап алды. Сосын қос алақанын ысқылап: 

- Осы «құстың» құйрығынан мықтап ұстасаң жаман болмассың! – деп өзіне-өзі дауыстай жігер берді. 

- Расында жаман болмайсың, балам, – деппін мен де тыныш отырмай. Анау екі езуі екі құлағына жете ыржиып, менің екі иығымнан қапсыра құшақтады.

- Бақты берейін десе, портышкадан да бере салады деуші еді рас екен, ата! Мен ештеңе демедім. Ол қалтасынан бір бума қағаз ақша шығарып, ішінен майдасын таңдай бастағанда: 

- Қарағым, маған тиын-сиын да жетеді. Күн көріс емес, ермек үшін отырмын, – дедім. Жігіт көзі бақырая қарап: 

- Бермесем де болады ма? – деді.

- Әрине...

Жаңағы жайдары кейпі лезде суып, ол артына әлсін-әлсін қарағыштап, ұзай берді. Ал оның соңынан мынадай әңгіме қаңқылдап бара жатқаны құлағыма анық жетті.

- Сен кімсің?

- Асанмын...

- Маған бәрібір, асансың ба, масансың ба? Неге менің машинамның астына түскің келді? 

- Көлігіңіз өте қымбат екен... Ажалым келсе арулап көмерсіз... келмесе  – айыққанша емдеп, ауызбастырық берерсіз деп болжадым...

- Осы алған жарақатыңа екі есе таяқ қосып, өлімше етсем, не қылар едің?!

- Не қылушы едім? Итше қыңсылап қала берем... Бірақ, сіз өйтетін кісіге ұқсамайсыз. Мені аяп, жебесеңіз кейін бір кәдеңізге асамын, аға!..

- Мақұл. Құжаттарың бар ма? 

- Әрине, аға. Онсыз жүруге болмайды. 

- Ей, сен, мына фамилияға қандайлық қатысың бар?..

- Солардың кенжесімін. Бір ауылданбыз ғой, аға!.

- Жерлеспін де..Менің астыма әдейі түстің бе?

- Бір жылдан асты аңдып жүрмін... Бірақ маңыңызға жолатпады. 

- малсыз, өстуге тура келді.

- Өліп кетсең қайтер едің? 

- Маған қазір тірі жүрудің өзі қауіпті!

- Түсінбедім?..

- Белшеден қарызға батып, тығылып жүрмін... Анда-санда осылай көлік астына жығылып, нәпақа табамын. Егер аналар ұстаса басымды кесе салады. 

- Қарызға қалай баттың?

- Құмар ойынның кесірінен!..

- Қанша?

- Екі жүз тонна жасыл жапырақ!..

- Немене?!

- Екі жүз мың бакс...

- Бұндай ақша үшін мен де сені аямас едім! Ал қолыңнан не келеді, соны айт.

- Нархозды бітірдім. Қаржыгермін...

- Қалтасында сынық бақыры жоқ қаржыгермін де!..

- Әзірше солай боп тұр...

- Тегі, өмірден бірдеңе дәм етесің бе? 

- Әрине! Егер сіз сәл ғана қолдап жіберсеңіз... Сізге де кезінде біреу-міреу сөйткен шығар? 

- Оны қайдан білесің?

- Бұрын «Адамнан жасырғанды құдай біледі» деуші еді, енді «Құдайдан жасырғанды адам біледі». Маңдайыңызда жазулы тұр. 

- Зарлап қалған біреу екенсің өзің! Жақсы. Саған алғашқы тапсырма. Мынау менің қызымның суреті. Бүгінгі кештен бастап, соның көлеңкесі боласың. 

- Ойбай, ағатайым-ау, мен ел ортасына шығудан қалған адаммын. Ұстаған жерден бауыздай салады. 

- Соңыңа түскеннің телефонын бер. Өзім реттеймін. 

- Кешіріңіз, қызыңызға қырындауға бола ма? Әлде тек сырттай ғана бағып жүрем бе?

- Еркек кіндік емессің бе, қалай реті келеді, солай қимылда... Жүргізуші жігіт ақсақалдың мына әңгімесіне таң қалып, екі-үш рет жұтынып барып, әрең сұрады.

- Осы айтқаныңыз рас па? Сол бұрын болған әңгімені өз құлағыңызбен естідіңіз бе? 

- Дәп солай. Бар болған нәрсе ешқайда жоғалып кетпейді. Ол, тек өзгеше өңге айналып, осы төңіректе көлкілдеп жүреді.

- Ой, айтады екенсіз! Қолыма ұстап, көзіме көрінген ғана мен үшін ақиқат! Басқасының барлығы – сандырақ!

- Сенбесең өзің біл, қарағым... 

- Мына телпекті сол қыз берді ме? 

- Қайдан... ол ештеңе бере қоятын қыз көрінбеді. Тіпті, сол мені байқады ма десеңші? Бұл телпекті басымнан күн өтіп, тағы бір жерде қайыр сұрап отырғанда бір қыз бала кигізіп кеткен-ді. 

- Иманы бар бала екен!

- Бұл дүниеде мейірім сарқылған шығар деген күмәнімді сейілткен сол бала болды. 

- Неге олай ойладыңыз?

- Қайыршысы бар елде – теңдік пен әділдік бар деу үлкен күмән. Соның бәрі мейірімсіздіктен шығады.

- Біз о дүниеге барғанда ғана теңесеміз деп үміттенеміз.

- Теңесетін дүниені көрмедім. Бағыныштылық бар жерде – теңдік болуы мүмкін емес. Мына мен де өзімнің тегімнен жаңылып, жоқ іздеумен шарық ұрып жүрмін. Егер сол бастауымды тапсам, мүмкін теңесетінімді де сол жерден таба алам ба деп аңсаймын... 

- Қызық екен? О дүниеде бай мен кедей теңеседі деп жүрсек, бос сөз екен ғой?

- Иә бос сөз. О дүниеге тек өліп қана барамыз дейтін пікірлерің де жаңсақтық. Мысалы, мен қай дүниеде жүргенімді білмеймін. Кезінде өздерің сияқты өмір сүрген бір дүнием болған да шығар. Және теңесетін нәрсең:  боқдүние, атақ-мансап емес, өзіңнің болмысыңдағы Жаратушы дарытқан асыл қасиеттерді тәрбиелеп, сонымен ғана бой теңестіру – қымбатырақ болар.

- «Әңгіме бұзау емізер, бұзау таяқ жегізер» демекші, қозғалайық...

- Өзің біл, қарағым.

- Сіз менің ағамның бір жолдасына қатты ұқсайсыз. Құйып қойған солсыз! 

- Иә... Мен шарлаған жеті қат әлемде өзім секілді талайларды көрдім. Әрқайсысының тағдыры әрқилы. Олар, өзінше, жеке бір-бір үзік секілді болғанымен армандары ортақ. Айырмашылығы сол жолдың әр сатысында жүргені. Мен тегімді іздеп, сенделудемін. 

Жүргізуші жігіт, аусарлау көрінген мына ақсақалға айтар уәжі болмаған соң, сәл қипақтап, сосын өз орнына бет алды.


Ақсақал өз бетінше күбірлеп, бетін сипады да басын терезеге қисайтып қалғып кетті. Жүргізуші көлікті орнынан жайлап қозғап, арнаға ауды. Айнадан салонға көз салып еді, ақсақалды көре алмады. Түсіп қалды дейтіндей есіктері де жабық. Сосын барып есіне түсті. Көзі ілінген кезде оның өзге жаққа ұшып кететіні...

Оның құлағына ақсақалдың айтқан сөздері дыңылдап қайта келді. Расында тегінен жаңылып, өзін жоғалтқан заманға тап болдық па? Әсіресе, қазақ халқына тән жеті атаны талдау, білу секілді салттың қадірі уақыт өте қалай болар екен деп ойлады, ол. Баяғыдай – ағайынды ауыл болып, ұйысып отыратын кез келмеске кетті. Өзгені қойғанда қан туыстар арасында алакөздік өршіп барады. Жеті ата түгілі бірге туған ағайындылардың араласуы сиреп, балалары бір-бірін танудан қалып барады. Құрт-құмырсқа секілді ұсақталып, түбі тозаңға айналу деген осы емес пе?..  

Мынадай сұрықсыз ойлар жүргізуші жігітті шынымен шошытты. Талайдан бері қатынаспаған аға-жеңгесі есіне түсті. Ел жақта хабар-ошарсыз қалған жора-жолдас, ағайын-туғандардың бейнесі көз алдында келді. Өзін, берекесіз тірлікке жегілген, айдаумен ғана жүретін көк өгізге теңеді. «Е байқұс-ай, мал болыпсың ғой!» деп ішінен күбірледі. Осы халге жеткізген өзі емес, әйелінің жамандығы деген сылтауды желеу етіп келген екен-ау?.. Ол басын сілки шайқап, іштей бір тың шешім қарастырмаққа бел буды.

Заман Төлеуов

author

Заман Төлеуов

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...