Әзиз Несин. Орнынды таба біл (әңгіме)

ӘДЕБИЕТ
2368

Махмұд сұлтанға қызметшісі:

— Әміршім, бір кісі келіп тұр, мен пайғамбармын дейді,— деп мәлімдеді.

— Алып келгін! — деп бұйырды сұлтан.

Пайғамбармын дегенді алып келісті: жалаң аяқ, жалаң бас, үсті-басы алба-жұлба, бет-ауызы қотыр-қотыр, өзі аштан бұралған біреу.

— Алып кетіңдер. Бал беріп, май, жаңғақ, жүзім, өрік-мейіз, самса беріп қырық күн күтіңдер! — деп бұйырды сұлтан.

Қырық күннен кейін сұлтан оны қайтадан алдырды:

— Иә, сен әлі де пайғамбарсың ба?— деп сұрады одан.

— Әлбетте...

— Жарайды. Пайғамбарлар тәңірмен тілдеседі. Сен тілдесе алдың ба?

— Тілдестім. Жебірейіл арқылы.

— Алла саған Жебірейіл арқылы не айтыпты?

— Алла маған: «Сен өз орныңды таптың. Байқа, енді одан безініп жүрме!» деді.

Мен соның қайдан сап ете түскенін білмей қатты састым. Тереземді доп талқандап тесіп өтіп, дәл алдыма топ ете қалғандай болды. Бірақ, ол доп емес,— адам екен; тереземді талқандап кірмепті, екпінімен есігімді жұла жаздап кіріп келіпті. Шашы ұйқы-тұйқы, аузы бір жағына қисайып кеткен, қанталаған алақандай көзі шарасынан шығып бара жатқандай.

Әзиз НесинӘзиз НесинӘуелде мен оны танымай қалдым. Өйткені, көңілге болмаса, шошып-ақ кеттім. Есімді жиған соң ғана оны ептеп шырамыттым. Аты-жөнін білмеймін. Оны жолдастарымның біреуінің үйінде көргенмін; аз-маз сөйлестім де ғой деймін.

Мен оған орындық нұсқап:

— Қош келдіңіз, әпендім, төрлетіңіз! — дедім, шошынғандықтан дауысым шырылдаңқырап шығып.

Ол бір қолымен бүйірін таянып, екінші қолымен ауаны осқылай екіленіп, от құсқан жанартауша аузынан жалын атып:

— Бұл қашанға дейін осылай бола береді?! Бұндай әділетсіздік жойылуға тиіс! — деп бажылдады.

Мен оның нені айтып тұрғанын түсінген жоқпын, тек ашуын тарқатып байқайын деген оймен:

— Дұрыс айтасыз, өтінем, отырыңыз,— дедім.

Мейманым өрт сөндіріп келгендей-ақ түтігіп тұр.

— Салқын сусыннан бірдеңе ішесіз бе?— дедім.

Мейманым сөзіме құлақ салған да жоқ-ау деймін.

— Құрту керек!.. Жою керек!..— деп бажылдады.

Мен оны иығынан құшақтап апарып креслоға отырғыздым. Қолына сигарет ұстаттым. Барып терезені аштым. Сонсоң бір стакан су әкеліп бердім.

— Ішпеймін! — деп ол дүңк ете түсті.

— Ішіп жіберіңіз енді, ішіңіз,— дедім.

Жалғызым солдай-ақ жік-жапар болған соң, ол суды сылқ еткізіп бір-ақ жұтты да, кеудесін кернеген жалынын басқандай болды.

Мен енді оған баптап тұрып кофе қайнаттым. Мейманым жадырай бастады.

— Маған салмақты, салауатты адамдар қатты ұнайды! — деп қарап отыр бір уақта.

— Ойыңызды ашып айтсаңыз қайтеді? — дедім мен.

— Маған бірбеткей, жігерлі адамдар ұнайды: Олар мықты мансапқа бір ие болып алса, о жерден өлтірсең де кетпей қояды. Қалай өмір сүру керек екенін бес саусағындай біледі. Қашан, қайда, не істейтінін, кіммен, не туралы сөйлесетінін болжап отырады. Олар кесімді мерзімінен ауытқымай жүретін автобус сияқты. Тіпті дәретханаға да дәл уақытында барады, бізге ұқсап көшеде қайда кірерін білмей безектеп жүрмейді... Олардың басы ауырмайды, балтыры сыздамайды, ішіп-жегендері бойына жұға кетеді. Олар тырнағы бір іліккен жерден не қаусап пенсияға шыққанда кетеді, не жарық дүниемен қоштасқанда ғана кетеді.

Мейманым тура мені айтып отыр! Әйткенмен, ол өмір сүре білетіндерді қаншама дәріптесе де, өзінше айтқанда, тым қарапайым тірлікті ұната да қоймайтын тәрізді.

— Мен қақ-соқсыз тыныш өмір сүргенді ұнатамын, бірақ сол өз қолымнан келмей жүр,— деп бір тұжырды.

— Мақсатыңызға әлі-ақ жетесіз,— деп жұбаттым мен.

Ол ұйқы-тұйқы шашын шеңгелдеп бассалып:

— Жетесіз дейсіз бе?! Қашан?! Мына менің жасымда ма?! Сіз болсаңыз — бірсәрі... Сіз ұсақ тиындарыңызды қайда салып жүресіз?— деді.

— Тиындарымды ма?.. Оны шалбарымның оң жаң қалтасына саламын.

— Ал кесек ақшаларыңызды ше?

— Пенжағымның ішкі сол жақ қалтасына, әмиянға салып...

— Ал қол орамалыңызды ше?

— Менде қол орамал екеу: біреуін шалбарымның сол жақ қалтасына, екіншісін пенжағымның оң жақ қалтасына саламын.

— Тарағыңды ше?

— Оны шалбарымның артқы қалтасына саламын.

— Кілтіңізді ше?

— Оны шалбарымның ышқыр қалтасына саламын.

— Қымбат қаламыңызды ше?

— Оны пенжағымның оң жақ қалтасына саламын.

— Міне, айтам ғой, сіз бәрін де біліп отырсыз. Ал мен білмеймін.

— Неге білмейсіз?

— Өйткені, менде дым да жоқ. Қолыма кейде ақша-мақша түсе қалса, қай қалтама тығып жібергенімді білмей дал ұрамын. Ақшаңды, қол орамалыңды, тарағыңды, автоқаламыңды, жазу дәптеріңді жеке-жеке салып қою үшін сенде соның бәрі болуы керек...—деген мейманымның шеке тамыры адырайып кетті.— Ал менде соқыр тиын жоқ! Нәр татпағаныма екі күн болды. Міне, менің мына бәтіңкеме қараңызшы! Көрдіңіз бе?.. Аузын арандай ашқан айдаһар сияқты!.. Біз шыңырауға құлдырап құлап барамыз! Бүкіл елді жұмыссыздық жайлап алды! Халық қайыршыланып бітті! Ар-ұяттан мүлде ада болдық. Жезөкшеліктен басқа ештеңе қалмады. Ақша жұтатын арам ойындар індеттей етек алып кетті. Ауруханада кемтарлардан аяқ алып жүре алмайсың, сырқаттарда дәрі-дәрмек сатып алуға көк тиын жоқ! — Ол сөзін бір сәт доғарды да, столға шынтақтай итініп, бетін менің бетіме тақап әкеліп: — Дәл қазір революция керек, ре-во-лю-ци-я!.. Сіз бұған қосыласыз ба? — деді.

Мен селк ете түстім. Өнебойым мұздап кетті. Әлде заманда ғана тілім икемге келіп:

— Мен сіздің не айтқаныңызды естімеген болайын. Сізге бұдан басқа жасар жақсылығым жоқ. Сіз маған денеңе айтқан да жоқсыз, тіпті мұнда келген де жоқсыз. Болды! — деп күбірледім.

Ол түтігіп, орнынан ұшып тұрып:

— Мұным бекершілік болды. Өкінішті-ақ. Сізге үлкен үмітпен келіп едім,— деді.

— Тәңір тілеуіңізді берсін, бұл үйде болғаныңызды тірі жанға айта көрмеңіз. Мен де сізді көрдім дей қоймаспын,— дедім мен.

Ол сүлкиіп, бірақ іштей сыздап шығып кетті.

Менің бойымды бір қорқыныш билеп, үйде басылып отыра алмай, сыртқа шықтым. Сағатымды бір жарым сағатқа шегеріп алдым да, жақын маңдағы жолдас-жораларыма бардым. Олардың қайсысымен сөйлессем де, сағатыма қарағыштап, уақыттың қанша болғанын даурыға айтып қойып отырдым. Өйткендегі есебім өзіме мәлім. Жаңағы келіп кеткен мейманым бірдеңені қоқсыта қалса, қорғанып шыға келмекпін. Жолдас-жораларымды куәға тарта қоймақпын!

Үйге келіп, қалтамдағы әмиянымды алып қарасам,— салып қойған мың лирім атымен жоқ. Қорыққанға қос көрініп жүріп, әлгінде таксидің шоферіне он лирдің орнына мың лирді ұстатып кете берсем керек.

Мен жынданып кете жаздадым. Табысы тиындап қана есептелетін мен байғұсқа мың лир дегенің — дүниенің ақшасы. Сол түні кірпік іле алмадым.

Таңертең жұмысқа кетіп бара жатып кешегі мейманымды жолықтырдым. Жанымда бір танысым бар еді. Соның көзінше анау пәле жабысып жүрмесінші деген оймен теріс қарап өтіп кеткім келді. Бірақ анау өйтуіме мұрша бермеді:

— Оу, бейәпенді, хал-ахуалыңыз қалай?—деп жабыса кетті.

— Шүкір,— дедім, онша жаратпай.

— Бүгін күн жақсы екен, ә?

Жақсысы сол, таң атқаннан бастап тамшылап жаңбыр жауып тұрған.

— Несі жақсы? Еңсені басып тұр,— деп күңк еттім.

Оның екі езуі екі құлағына жетті:

— Мен осындай күнді жақсы көремін. Деген киноға баратын күн. Түстен кейін барып жаңа фильм көремін. Ал сау бол! — деді.

— Жолың болсын! — дедім.

Ол кете барды. Менің жанымдағы танысым оның соңынан қарап тұрып:

— Бұ адам деген қызық қой. Қалтамызда томпайып ақша жатқан күні қан жауса да, жоқ, нұр жауды дейміз,— деді.

— Анау қудың қалтасында ақша бар демексің бе?

— Бұрын болмаса да, бүгін бар онда. Кеше кешке ол бір жолдасы екеуі Бейоғлы көшесімен келе жатқандарында, бір биік үйдің тұсында, мынаның үстіне торсиған әмиян топ ете түсіпті де, серігінің үстіне гүл отырғызылған қыш құмыра құлап түсіпті. Сорлы серігін жұрт ауруханаға жөнелтпек боп абыр-сабыр басталған сәтте бұл мырза әмиянды малданып тайып тұрыпты.

Арада бір апта өткенде автобуста мені құдай ұрды: қалтаға түсетін ұрылардың бірі пенжағымның қалтасын ұстарамен тіліп жіберіп, әмиянымды қақшып кеткені. Әмиянымда көптен бері тірнектеп жинаған үш мың лирім және сол айдағы жалақым бар еді.

Соның ертеңінде кемеде әлгі бейпілауыз мейманым келіп жаныма отыра қалды. Су жаңа киінген, мұнтаздай боп қырынған, шашын сәндеп алдырған.

— Көңілсіз отырсыз ғой?— деді.

— Оншама көңілсіз емеспін,— дедім.

Күлмің-күлмің етеді.

— Еліміздің экономикалық жағдайы қалай деп ойлайсыз?— деді.

— Мен ол жағын біле бермеймін, өрем жетпейді, алайда экономикамыз мәз емес сияқты.

Ол кенет салмақтана қалды да:

— Құдайдың бергеніне шүкір, жағдайымыз оңалып келеді. Күн өткен сайын жақсара түсуде. Еңбек еткісі келгендерге жұмыс жетіп жатыр. Тек жалқауланбасаң болғаны!..— деді.

Ол кемеден шығып бара жатқан кезде әудемде қатар отырған екі кісінің бірі оны көзімен мегзеп:

— Ана бір кісіні көрдің бе?— деді көршісіне.— Кеше оны машина басып кете жаздады. Ол етбетінен ұшып түсіп, мұрнын бұзып алды. Машинаның иесі бір шылқыған бай екен, пәледен машайық қашыпты дегендей, осындай оқиға болды деп газеттердің бірі жазып жүрер деп қорқып, әлгіге үш мың лирді ұстатып зытып отырды.

Бір айналдырғанды шыр айналдырады демей ме: таксиске он лирдің орнына мың лир беріп, ұрыға әмиянымды қақшытып жүрген мені бір күні жиенім шоңқитып кетті.

— Ойбай, нағашы, орайы келіп тұр, автомобиль сатып ала қояйық! Такси деп тіркетеміз де, ақшаның астында қаламыз!— деп жатып жабысты.

Орайы келіп тұр дегені: сегіз мың лирін қолма-қол төлеп, қалған жиырма мың лирін кейін төлеуге қолхат берсең, аздап мінілген, бірақ, жап-жақсы машина алуға болады екен. Мен ол судырлақтың сөзіне иландым да, әйеліміз екеуіміз түтін түтеткен күннен бастап бірлесіп жиған сегіз мың лирімізді банктен алып бердім. Сонсоң, пендеміз ғой, бұрынғы жоғалған ақшаларымның орнын тезірек толтыратын болдым деп те ойладым. Сөйтіп, жиырма мың лирді кейін төлейтін міндеттеме қағазға қол қойдым. Бұ сорды қойсаңшы! Жиенім машинаға мініп алды да, зым-зия жоқ боп кетті. Сегіз мың лирім желге ұшты!.. Оның үстіне жимырма мың лир берешек боп белшеден батып және қалдым.

Тағдыр мені аяқтан шала берді.

Сөйтіп жүрген күндерімнің бірінде баяғы немемен тағы да ұшырастым. Екеуіміз маршрут таксиінде кездесіп қалдық. Оның жағасы жайлауында, өзінен-өзі мәз-мейрам.

— Керегінде қырсығып жеке такси де табылмай қалады. Мынаған мінуге тура келді...— деп ол сәл-пәл үнсіз отырды да: — Сіз елдің жағдайы қалай деп ойлайсыз?— деді.

Мен абыржып қалдым:

— Шынымды айтсам, білмеймін... Оншама мәз емес сияқты...

— Мен мұныңызға қосылмаймын! Мұныңыз — күнә. Халықтың қойны-қонышы толы ақша. Құдайдың бергеніне шүкір, пайда мол. Жұмыс табу оп-оңай. Бұдан артықты көксеу — есуастық!

Ол таксиден түсіп кетті.

Шофердің қатарында отырған жолаушы бұлан-талан болып:

— Жаңағы сөз жадының не деп көкігенін естідіңдер ме?— деді.—Халықтың қойны-қонышы толы ақша дейді!.. Жаңағы жәдігөйді мен жақсы білем. Аштан бұралып, ісіп-кеуіп жүрген. Осыдан бір апта бұрын көшеден газетке оралған көп ақша тауып алыпты. Қалтасына қампитып ақша салған соң ақылдымси қалыпты. Оптимист! Қарнын тойдырып алып сайрауын!

Албасты қабаққа қарап басатыны рас екен, тағы бір күні біздің үйге ұры түсіп, әйелімнің сақинасы, білезігі дегендей, ең ақырғы оны-мұнымызды қидай сыпырып кетті.

Ұрының ұсталған-ұсталмағанын білейін деп мен күнде кешке полиция участогіне барып жүрдім. Бір кеште жолай әлгі бейтанысымды тағы да кездестірдім. Менің еңсем езіліп келе жатқанымда шаруасы жоқ:

— Әпендім, осы кейбіреулер өмірге өлгенше наразы. Қымбатшылық жайлап алды дейді. Оған кім кінәлі? Солардың өздері кінәлі! Беталды, берекесіз өмір сүреді. Есі дұрыс адам есеппен өмір сүрер болар. Дұрыс қой, ә?— деп сампылдай жөнелді.

— Кейде есептің де ебі келмей қалады,— дедім.

— Олай демеңіз. Сіздің сөзіңізден үкіметке қарсы насихаттың салқыны сезіліп тұр,— деп сызданды ол.

Сөйтіп, екеуіміз анау деп, мынау деп, полиция участогіне жете бере айырылыстық.

Участок алдында тұрған полицейлердің біреуі оны көзімен ұзатып тұрып:

— Кейбіреулердің жолы болғыш-ақ! Анау бір пәле өткен аптада ат жарысында он үш лир бәс тігіп ойнап, жиырма жеті жарым мың лир ұтып алды! — деді.

Ұры ұсталар деп үміттеніп жүргенімізде бір күні тағы бір сұмдыққа тап болдық: маған әкемнен мұра боп қалған үйіміз өртеніп кетті. Көршімізден шыққан өрт қатар тұрған төрт үйді тып-типыл қылды; төртеудің ішінде біздің үй ғана сақтың шартсыз, тегіннен-тегін кете барды. Сасқалақтап жүріп әйелім гүл құмырасын, мен қорқорымды ғана алып шығыппыз,— өрттен алып қалған бар-жоқ мүлкіміз сол болды. Әйелім әдемі гүлін құшақтаған күйі, мен қорқорымды ұстаған күйі көшеде өртке қарап сілейдік те тұрдық.

Біз бір жақын-жақпайларымыздың үйін паналадық. Мен ертеңді-кеш салпақтап қала кезіп, өзімізге лайық баспана іздеуге кірістім.

Бір күні көп қабатты бір үйдің жанынан өтіп бара жатып: «Жалға пәтер беріледі» деген хабарландыруды көзім шалып қалды. Үй иесімен сөйлесіп корейін деп барсам,— баяғы бейтанысым! Өз көзіме өзім сенбедім. Ол мені жиһазы сірескен бір бөлмеге ертіп кірді. Кірді де, бұлбұлша сайрай жөнелді:

— Адал еңбек ете білгенді алла тағала әрқашан қолдайды. Кержалқау болмау керек! Дұрыс па, құрметтім? Аллатағалаға сиынып жүру керек. Мысалы, мына мен...— деп көсілді дейсің.

Ол әлде заманда маған қарап:

— Сіз елдің саяси жағдайы қандай деп білесіз? — деді.

— Мен саясатқа шорқақпын, алайда жағдай аумалы-төкпелі-ау деймін.

— Сіз қателестіңіз! Еліміз дәл қазіргідей гүлденіп көрген емес. Құдайға шүкір, бізде басшылық өте мығым. Тек қайсыбір сыңар езулер соған шүбә келтіру үшін қайдағы жоқ өсек-өтірікті өрбітіп кеп жүреді...

Оның мені мегзеп тұрғанын сездім.

Екеуіміз пәтерақы жөнінде пәтуаға келе алмай, мен қоштасып шығып кеттім.

— Үш бөлмесіне алты жүз лир сұрайды, неткен бетсіздік! — дедім қақпашысына, сыртқы есіктен шыға бере.

— Шырағым-ау, бұл сияқтыларда ар-ұят, бет болушы ма еді!— деп күрсінді қақпашы.— Адал еңбекпен мал таппағандарда тойым да болмайды. Бұл да — тойымсыз біреу. Лотереядан жарты миллион лир ұтты да, хан сарайындай мына үйді сатып ала салды.

Иә, бір айналдырғанды шынында шыр айналдырады. Бірнеше апта бойы салпақтап жүріп, төрт жүз лирге қабырғасы базданып түрған үш бөлмелі жеркепені әрең тауып көшкенім-ақ сол еді, мен қызмет істеп келе жатқан фабрика жабылып, аяқ астынан жұмыссыз тотидым да қалдым. Қожайын күйзеліске ұшырадым деді де, бізге жұмыс тауып алғанша талғажау етерлік жәрдем де бермеді.

Салым суға кетіп, аяғымды әрең сүйретіп келе жатқанмын. Кенет дәл жаныма жалтылдаған бір лимузин келіп тоқтай қалды. Рулін ұстап отырған кісі маған:

— Келіңіз, отырыңыз!— деп дауыстады.

Қарасам: баяғымның дәл өзі!

Машинасына міндім.

Бейтанысым шіреніп отыр: май басқан шүйдесі қатпар-қатпар; қарыны төңкеріліп жатыр. Бейтанысым бір сөз айтып — бір күледі, екі сөз айтып — екі күледі.

— Адам мен хайуанның бір-бірінен айырмасы не?— деп маған қарап алды да, өз сұрағына өзі жауап қайтарып сөйлеп кетті: — Хайуан тамақты қарыны ашқанда ғана жейді, ал адам — өйт-пей-ді-і-і... Адам қашан, не істейтінін білуге тиіс. Тамақты белгілі бір мерзімде ғана ішу керек. Бірақ кейбіреулер... көзіне айтпай-ақ қояйын... қолына не түссе, соны талғамай сылқытып соға береді. Сонсоң олардың асқазаны өз-өзінен бұзылады, бүйрегі де, қуығы да құриды. Ондайларды көшеде келе жатқандарында дәрет қыса қалса, олар ақымақтанып қоғамдық дәретханаларды іздеп аласұрады. Дені дұрыс адамдар сөйте ме? Сіз не істеп жүрсіз, халыңыз қалай?

— Шүкір...

— Сіз елдің жағдайы қалай деп ойлайсыз?

— Жағдай онша емес...— дей бергенім сол еді, ол:

— Сен не оттап отырсың?! Сен оппозицияшыл екенсің ғой?!— деп ақырды.— Сен байқа!.. Күнге күйе жаға алмайсың! Біздің отанымыздың тарихында дәл қазіргідей гүлдену болған емес! Біздің жарқын...

Мен жеттім, тоқтатыңызшы!

Лимузиннен тепкен доптай боп ытқып шықтым.

Бір танысым тұр екен, жаныма келіп амандасты да:

— Е, не ойлап тұрсың? Танисың ба?— деді.

— Кімді?

— Жаңағыны, «кадиллакпен» кеткенді. Ол жақында төрт мың лир мұра ақысын алды. Мұның сонау Египетте тіпті бет-ауызын да көрмеген бір ағасы бар екен. Ол туысы бұ жарық дүниеде жаңағының барын білмей де кетсе керек. Осыдан басқа мұрагері болмаған соң, байдың артында қалған бар дүниесі мына алаяққа бұйырыпты.

Сонымен біздің ең соңғы үмітіміз стамбулдың көпесінде боп қалды. Бұдан бір жыл бұрын біз оған әйелімнің меншігіндегі жер участогін сатқанбыз. Көпес бізге елі де он үш мың лир берешек болатын. Берген қолхаты — менде. Мен сол ақшаны тезірек алып, тезірек іске жаратуды армандадым. Берер мерзімі өте салысымен қолхатын алдым да, сирек кездесетін адал жанды көпеске аттандым. Мен қолхатын жоғалтып алған күнде де оның қарызынан бас тартпасын білем. Бірақ, амал не, мен барардың алдында ғана ол дағдарысқа ұшырап, дымы құрып қалыпты. Маған жетім лир де бере алмады. Қолхаты түкке жарамай қор болдым. Біз сатқан участок енді оған несие берген басқа өсімқорлардың меншігіне көшіп кетті.

Сол күні кешке мен өмірімде алғаш рет кабакқа бардым. Барсам: бейтанысым сонда отыр! Мені көріп, жаныма келді. Оған деп бір рюмка араққа заказ бердім.

— Бірдеңеге реніштісіз ғой?— деп сұрады ол.

— Еліміз елдіктен айырылып барады. Халың жоқшылыққа ұшырады. Бүйтіп кете беруге болмайды! Мұндай әділетсіздік жойылуға тиіс!..— дедім.

Осылай дедім де қойдым.

Ол сәлден соң тұрды да шығып кетті.

Оны жақсы білетін даяшы:

— Бұл бізге бұрын жиі келіп тұрушы еді, әйел алғаннан бері келуін сиретті,— деп күңкілдеді.

— Әйел алды дейсіз бе?— деп сұрадым.

— Алды. Бұл сияқты сужұқпастардың ұпайы түгел ғой. Миллионер әйелді алып, мақта плантацияларының қожайыны болып, қазір ақшасының есебінен жаңылып жүр...

Кабактан шыға бергенімде екі жағымнан екі кісі бассалып ұстай алды да, қолымды бұрап дедектетіп отырып полиция участогіне алып барды. Бейтанысым шалжиып сонда отыр! Сұқ саусағымен мені нұсқап:

— Дәл өзі!— деді комиссарға.

Бұл жаңа ғана кабакта үкіметті жерден алып, жерге салып балағаттады деп маған көпе-көрінеу жала жауып, о баста менің үйімде отырып өзі айтқан сөздің бәрін маған теліп шыға берді.

Оның түрі қараған жан түңілмейтіндей еді. Менің түрім кім қараса да түңілетіндей еді: аяғымдағы бәтіңкем аузын арандай ашқан крокодилге ұқсап тұрған болатын.


Орысшадан аударған ҒАББАС ҚАБЫШЕВ

Спорт

Мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан құрамасының көшбасшысы Михаил Шайдоров Қытайдың Чунцин қаласында өтке...

Жаңалықтар

Ақтөбедегі әскери бөлімдердің бірінде мерзімді әскери қызметші қаза тапты, деп хабарлады madeniporta...