Дархан Әбдік: «Абай қазақты емес, Ресейдің отарлық саясатын сынауы керек еді»

ӘДЕБИЕТ
10756

Мақпал Мейірбекқызы: Өздерін «тәуелсізбіз» деп есептейтін әріптестер мемлекеттік арнадағы журналистерге сын айтып жүргенін білесіз. Білмейтінім көп болғандықтан реалист журналист ретінде сізден сұрағым келеді. Мемлекеттік арналардағы еркіндік қай деңгейде?

Дархан Әбдік:  Біздің елде  толық еркіндік, сөз бостандығы әлі қалыптасқан жоқ. Өйткені билік БАҚ -ты өзінің қарауындағы, өзіне бағынышты институт деп есептейді. Толық сөз еркіндігі болуы үшін телеарналар қай жағынан алсаңыз да  тәуелсіз болуы керек. Әсіресе, қаржылық жағынан. Цензура болмауы керек. Ал бізде ол қалай десе де бар.

Мақпал Мейірбекқызы: Бізде цензурадан гөрі «самоцензура» басым емес пе? Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев қызметіне тағайындалған жылы батыл мәлімдеме жасапты. «Біз соңғы он бес жылда журналистердің басынан ұрып-ұрып, торға кіргізіп тастадық. Енді оларға сыртқа шығыңдар деп тордың есігін нұсқасақ, ешкім шыққысы келмейді»деген екен. Мүмкін шынымен есік ашық шығар?

ДАРХАН ӘБДІК: Қазір  қандай да бір жылымық бар сияқты. Ақпарат министрі басқа басшыларға қарағанда либерал болуы мүмкін. Бірақ жалпы жүйе өзгерген жоқ. Жүйе өзгермегеннен кейін сөз бостандығы қалыптаспайды. Негізгі принциптер өзгеріп, журналистер қудаланбауы керек. Үкіметтің баспасөз қызметінен тапсырма түспеуі тиіс. Жалпы, «ананы айт, мынаны айтпа» деген нұсқаулардың болмағаны дұрыс. Мәселе сонда. Әрине, журналистердің ішінде  мансап қуған алаяқ  көп.  Үкіметке, билікке жағымпазданып ,  тапсырмасын орындап, басшы боп отырғандарды көріп отырмыз. Бірақ ол адамның жеке басына қатысты мәселе. Біреу министр әлде әкіммен ақпарат алып, оны халыққа жеткізу үшін  сұхбаттасады.  Екінші журналистің сұхбаты қалай өтетінінде  жұмысы жоқ. Бар ойы әлгі мансапты адаммен  танысып, майлы сөзімен мақтап, жақындап алу.  Принцип тұрғысынан айтқан кезде, журналистің міндеті қоғамға толық ақпарат беру ғой. Ал бізде ақпаратты жасыру деген бар. Жарты жыл бойы Жаңаөзенде митинг болып жатқанда бірде- бір арна сол туралы тіс жарған жоқ. Сол кезде тордың есігі ашық болды ма?  Мәселе сонда.


Мақпал Мейірбекқызы: Бес -алты жыл бұрын «К+» арнасына жиі сұхбат беріп тұратынсыз. Олар сізді титрға  «тәуелсіз журналист» деп жазып қоюшы еді.  Қазір де солай жазуға бола ма?

Дархан Әбдік: Болады. Мен қазір де жүз пайыз тәуелсізбін. Келісім шартпен жұмыс істеймін. Хабарым жабылып қалса, басқа салаға кетуге тура келеді.

Мақпал Мейірбекқызы: Бір кездері «Астана» арнасында  «Бас тақырып» бағдарламасын екі тілде жүргіздіңіз.  Неге жабылып қалды?

Дархан Әбдік: Ол кезде «Астана» арнасының басшысы Арманжан Байтасов болған. Ол өз күшімен бір арнаны көтерген елдегі ең талантты медиаменеджерлердің бірі ғой.  Арман «Астана» арнасын еркін ойлар айтылатын алаңға айналдырғысы келді.  Сол мақсатпен «Бас тақырып» ашылды. Ол жерге мені шақырған белгілі журналист Дана Рысмұхаметова. Ал арнаның директоры Ержан Барманқұлов болды. Олар маған еркіндік берді. Кейде өздеріне де қауіп  төнетіндерін сезсе де кәсіби адалдықтарын сақтауға тырысты. Кейін үшеуінің де қызметі ауысқаннан кейін…

Мақпал Мейірбекқызы: Түсінікті…

Дархан Әбдік: Жаңа басшылар келген соң менің хабарым жабылды. Себебін ешкім айтпады.  Еркіндігім ұнамады ма?  Шенеуніктер наразылық білдірді ме? Білмеймін.

Мақпал Мейірбекқызы: Журналистің еркіндігінің артында қауіп тұрады ғой. Сіз бұрын берген сұхбатыңызда «Көкейдегі көп нәрсені айта алған жоқпыз. Менің де қоя алмаған сұрақтарым жетеді. Бір жағынан, ондай кезде өзіңнің жалғыз емес, үлкен командамен бірге жұмыс жасайтыныңды түсінесің. Олардың жауапкершілігі сенің мойныңда. Өзің қорықпағанмен, жаныңдағы адамдардың тағдырын ойлайсың. Кейде талай дүние айтылмай, талай мәселе көтерілмей, сырт қалып жатты» депсіз.

Дархан Әбдік: дедім.

Мақпал Мейірбекқызы: Мынандай ситуацияны елестетіп көрейікші. Сіз тікелей эфирде саяси бағдарламаның тізгінін ұстадыңыз. Қарсы алдыңызда өзіңіз шын мәнінде сыйлайтын лауазымды тұлға отыр. Қолыңызға халықтың тағдырына қатысты өте өткір материал түсті. Оны айтсаңыз, әлгі сіз сыйлайтын тұлғаға да, жұмысқа шақырған басшыңызға да, артыңыздағы командаға да зиыны тиюі мүмкін. Айтпасаңыз, жабулы қазан жабулы күйінде қалады. Ешнәрсе өзгермейді. Не істейсіз?  

Дархан Әбдік: АҚШ-тың отыз жетінші президенті Ричард Никсонның  тұсында мынандай  бір оқиға болған. Белгілі бір басылымда істейтін журналистің қолына  ешкім білмейтін материал түседі. Онда  Американың   өтірік ақпаратты пайдаланып Вьетнамда соғыс бастағаны туралы жазылған. Журналист не істейді? Оның алдында екі дилемма болды. Егер ол сол материалды жарияласа онда АҚШ-тың халықаралық аренадағы беделі түседі. Ал  жарияламаса шындықты жасырып қалады. Журналист ұзақ ойланып, сол ақпаратты жариялайды.

Мақпал Мейірбекқызы: Қызметінен кеткен шығар.

Дархан Әбдік: Материал жарияланғаннан кейін журналист емес Никсон қызметінен кетіпті. Егер сондай дәрежедегі халықтың тағдырына қатысты материал болса мен де жариялайтын едім. Ал егер бір адамның басына қатысты болса онда…

Мақпал Мейірбекқызы: Онда?

Дархан Әбдік: Ойланатын едім.

Мақпал Мейірбекқызы: Медиа саласында сіздің кәсібилігіңізді мойындамайтын адам жоқ. «Бас тақырып» жабылғаннан кейін неге ұзақ жыл эфирге шықпадыңыз? Бірде -бір арна басшысы жұмыс ұсынбады ма?  

Дархан Әбдік: Бұл маған қоятын сұрақ емес.

Мақпал Мейірбекқызы:  Сіздің мемлекеттік арнаға келуіңізді әріптестеріңіз жоғарыда айтқан жылымықпен байланыстырып жүр.

Дархан Әбдік: Мені «Қазақстан» телеарнасына Кемелбек Ойшыбаев шақырған. Ол адами қасиеттерімен ерекшеленетін талантты менеджер. Жаңаша ойлайтын маман. Жұмысқа шақырды да көп ұзамай өзі кетіп қалды. Мен не істерімді білмей, екі ортада қалып қойдым.

Мақпал Мейірбекқызы: Сол кезде  «Астана» арнасындағы ситуация қайталанады деп ойлаған шығарсыз…

Дархан Әбдік: Бағыма орай арнаның басшылығына Ерлан Қарин тағайындалды. Ол да жаңа заманның азаматы. Демократиялық, өркениетті елдердің принциптеріне сай өмір сүргісі келетін, жұмыс істегісі келетін азамат. «Парасат майданының» эфирде жүруі жүз пайыз Ерланның арқасы.

Мақпал Мейірбекқызы: Сонда да, бес- алты жыл арнаға шықпауыңыздың себебін немен байланыстырасыз? Сол кездегі басшылардың сізді шақыруға батылдығы жетпеді ме? Әлде режим сондай болды ма?

Дархан Әбдік: Білмеймін. Қоғамдағы жағдай ол кездегіден қатты өзгерді деп айта алмаймын. Жеке адамдарға байланысты шығар. Шыны керек, дәл сіз айтқандай мені ешкім кәсіби журналист деп мойындап та жатқан жоқ. Бәлкім менімен істескісі келмеген шығар. Мүмкін адам ретінде ұнамаған шығармын.

Мақпал Мейірбекқызы: Әнші, әртістер аптасына бес рет прайм- тайм уақытта бағдарлама жүргізіп жатқанда сіз ұзақ жыл  эфирге шыға алмай жүрдіңіз… Іштей реніш болған шығар. Шынымды айтсам, Сіз үшін менің ренжігім келіп тұр.

Дархан Әбдік: Егер мен  ренжіп жүрсем, мені мұқатқысы, мұңайтқысы келетіндер рахаттанады,  қуанады. Олардың бәрібір маған жаны ашымайды. Сондықтан мен ештеңеге қарамастан жігерлі, көңілді өмір сүруге міндеттімін.

Мақпал Мейірбекқызы: Жұмыссыз жүргенде немен айналыстыңыз?

Дархан Әбдік: Ақша табатын әртүрлі жұмыс істедім. Бала -шағаны асыру керек қой.

Мақпал Мейірбекқызы: Бір сұхбатыңызда «…әлеуметтік мәселесі шешілмеген журналистке жұмыстан шығу өліммен тең» депсіз.  Бірақ сіздің жұмыссыз жүрсеңіз де принципіңізден айнымауға жігеріңіз жеткен сияқты…

Дархан Әбдік: Бізде қалада туып өскен қазақ тілді журналистер жоқтың қасы. Көбі ауылдан келеді. Ауылдан келгеннен кейін әлеуметтік мәселесін шеше алмайды. Ресей мен біздің журналистердің жалақысын салыстырып көріңіз. Жер мен көктей. Әлі күнге дейін әріптестеріміз  әлеуметтік жағынан қорғансыз. Қазақтілді азаматтар қалаға келіп,  пәтер алып, қорықпай жұмыс істейтін жағдайға жеткенше тығырыққа тіреле береді. Тордан шықпайды дегеннің бір себебі осы. Өте тәуелді. Өйткені бір жұмыстан кетсе, екінші жұмысты  табу өте қиын. Өйткені нарық тар.

Мақпал Мейірбекқызы: Мектепте оқып жүрген кезімде екі мыңыншы жылдары болса керек,  отандық телеарналарда екі -үш мықты журналист болған. Өздері жап- жас. Көздерінде оты бар. Ал түрлері сұсты, сөздері мір оғындай өткір  еді.   Сол кезіндегі жұқа денелі, жұпыны киімде жүрген журналистердің бүгінде әлеуметтік жағдайы толық шешілген. Біреуі бір мекемеге басшы. Екіншісі бизнесмен. Марапатталып, мақталып жүр.  Бірақ бұрынғыдай тікелей эфирде саяси бағдарламалар жүргізіп жүрген жоқ.  Мемлекеттен пәтер алып, кеудесіне орден таққан  журналисттің еркін болуы қиын сияқты…

Дархан Әбдік: Ол адамның өзіне байланысты шығар. Кез- келген жағдайда әлеуметтік мәселелердің шешілуі (пәтер, жалақы)  керісінше адамға еркіндік береді. Бізде мысалы мен білетін мемлекеттік қызметтегі адамдардың көбін бастықтары құл секілді жұмсап отыр. Өйткені олардың ешқайда кете алмайтынын біледі. Қызметтік пәтерге, ипотекаға байланған. Жұмыссыз қаламыз деп қорқады. Адамның  шын мәнінде тәуелсіз болуы үшін жан-дүниесі еркін болуы керек. Біздің ұлтымыздың экономикалық деңгейі әлі күнге дейін төмен. Бұл жерде жекелеген байларды айтып отырған жоқпын. Мәселе ұлттың әл- ауқатында. Өркениетті елдің дамымаған елден айырмашылығы біреу- ақ. Ол мемлекеттің ұлылығы, қарулы күштерінің қуаты, өткен тарихының өнегелі екендігінде емес. Ол қарапайым азаматтардың бақуатылығы, хақы мен құқығында. Мемлекеттің дамыған, дамымағаны осыменен өлшенеді.

Түсініңіз,  біз адамды емес қоғамды сынауымыз керек. Адамды сынау Абайдан қалған дәстүр. Оның өлеңдерін оқысаң, барлығына қазақтың өзі кінәлі секілді. Адамды сынау оңай.  Ал қоғамды сынау бұл күреске түсу деген сөз.

Мақпал Мейірбекқызы: Абай кімді сынау керек еді?

Дархан Әбдік: Абай қазақты емес, Ресейдің отарлық саясатын сынауы керек еді. Қазақтардың қандай мүшкіл жағдайда өмір сүріп жатқаны… Қазақтың ауылдарын өзеннің бойына қондырмағаны… Махамбеттердің көтерілісі не үшін басталды? Жайылымның тарылуы… Шоқан, Ыбырай Алтынсариндар осы мәселені сынап мақала жазды. Отарлау саясаты сол кездегі қазақ халқының өз мүмкіндігін толыққанды тануға кедергі болды. Шектеді. Мәселе сонда. Сол сияқты қазір де журналистерді емес, қоғамды сынау керек. Ал қоғамдағы ахуалға кім жауап береді? Әрине, билік.

Мақпал Мейірбекқызы: Өзіңіз  кімді сынап жүрсіз?

Дархан Әбдік: Қоғамның, жүйенің кемшіліктерін айтамын.  Жеке адамның басына, оның нәсіліне, ұлтына тиіспеймін.

Мақпал Мейірбекқызы: «Астана» арнасында саяси ток- шоу жүргізген кезде лауазымды қызметкерлердің түсірілімге келмейтінін айтыпсыз. «…әсіресе, атқарушы биліктің адамдары, Парламент депутаттары да хабарға келуге қашқақтайтын. Келсе де, «сұрақтарымызды алдын ала келісіп алайық» дейтіндері көп еді. Жалпы, билікте жүргендердің арасынан келіп, шындықты айта алатындар аз, өкінішке қарай. Бір жағынан оларды да түсінуге болады. Пенделік. Қызмет… Мүмкін, шын мәнінде «басы» кететін шығар. Қуғын-сүргінге ұшырайтын болар. Оны нақты айта алмаймын. Турасына көшсек, бізде бағдарламаға қатысып, ашық пікірін білдіріп, сын айта алатын азаматтар өте сирек».   «Парасат майданына» мемлекеттік қызметкерлерді шақырмауыңыздың себебі осы ма?

Дархан Әбдік: Маған оларды шақыру қызық емес. Мен хабарыма жаңа спикерлерді, жаңа тұлғаларды табуға тырысамын. Бастығынан рұқсат сұрамайтын, өзінің пікірін тәуелсіз айта алатын азаматтарды шақырамын.

Мақпал Мейірбекқызы: Олар көп пе?

Дархан Әбдік: Табуға тырысып жүрмін.

Мақпал Мейірбекқызы: Екі апта бұрын үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Үкімет басшысының   есебін естіп болған соң , оған сыни пікір жетіспейді деп ескерту жасады. Демек, мемлекет басшысы да  сыни пікір естігісі келеді. Солай ма?  

Дархан Әбдік: Бұл жерде мәселе «самокритикада» емес. Қоғамда тәуелсіз институттар қалыптасуы керек. Мысалы сот жүйесі мемлекет басшысына тәуелсіз болуы керек. Өйткені олар Президен пен үкіметке бағынбай, тәуелсіз шешім қабылдауы керек.  Сол секілді бұқаралық ақпарат құралдары да тәуелсіз болуы керек. Бұл жерде үкімет өз- өзін сынамауы керек. Керісінше, қоғам үкіметті сынап, оларды қадағалап отыруы керек. Мәселе сонда. Үкіметтегілер өзін- өзі сынағаннан мүйіз шықпайды. Қоғамды өзгерту үшін сол үкіметті сынайтын институт болуы керек. Оның аты БАҚ.

Мақпал Мейірбекқызы: «Парасат майданы» саяси бағдарлама ма?

Дархан Әбдік: Жоқ, бұл саяси бағдарлама емес. Бұл пікір алмасу клубы.

Мақпал Мейірбекқызы: Сізге толық еркіндік берілген бе?

Дархан Әбдік: «Иә» деп айта аламын.

Мақпал Мейірбекқызы: «Әлеуметтік желіде отырмаймын» деп айтып қалдыңыз. Бірақ журналистерге ауадай қажет еркіндік сол интернетте емес пе? Бағдарламаңыз  ерте ме, кеш пе, әйтеуір жабылады.  Сол кезде әлеуметтік желіге ауысу ойыңызда жоқ па? Меніңше, «интернет» дейтін үлкен ресурс барда  талантты журналистер тасада жүрмеуі керек сияқты…

Дархан Әбдік: Ең алғаш рет ол жаққа «Парасат майданы» парақшасымен тіркелдім. Оның өзінде менің аккаунтымды ашып берген Ерлан Қариннің өзі. Енді үйреніп келе жатырмын. Барлығын түсініп, игеріп болған соң әлеуметтік желіде де жұмыс істесем болады. Түбінде қоғамды азат ететін  еркін ойлы, прогрессивті топтарды қалыптастыратын осы әлеуметтік желі болады. Қазір интернетте  отыратын жігіттермен әңгімелессең олардың ойы әлдеқайда еркін екенін түсінесіз.

 Жалпы, Қазақстандағы журналистиканың деңгейін көтеру үшін жағдай жасау керек. Бәсеке болуы керек. Журналистер өзінің кәсібін жақсы көріп істеуі керек. Мен журналистикаға келген жылдары арналардың ортасында бәсеке болатын еді. Бір оқиғаны КТК, «31», «Қазақстан» қалай берді деп қарап отыратын едік. Солардан кем түспеуге тырысатынбыз. Қазір бәсеке азайған сияқты. Басшылар журналистерді өзінің қызығушылығын тудырмайтын түсірілімдерге жібереді. Демек журналистер өзінің кәсібіне енжар қарайды. Өткір сюжеттер аз жасалады. Бұрынғыдай  орта қалыптастырсақ бәсеке пайда болатын еді. Ал бәсекеге болған соң сапасыз журналистер кетіп, олардың орнын талантты, дарынды, кәсіби журналистер басады. Олар өседі. Орта солай қалыптасады ғой. Басқа жолын көріп тұрған жоқпын. Екінші жағын айтатын болсақ,телеарналардың өзінің ішіндегі коррупцияны құрту керек. Таныстықпен, туыстықпен жұмысқа алуды тоқтату керек.

Мақпал Мейірбекқызы: Бұрын Президент әкімшілігінен бастап, Премьер-министрдің, мәжілістің баспасөз қызметінде  істепсіз. Бұл жұмыстар ұнамады ма?

Дархан Әбдік: Ұнаған жоқ.

Мақпал Мейірбекқызы: Несі ұнамады?

Дархан Әбдік: Екі жылдай істеппін. Еш жері ұнаған жоқ.

Мақпал Мейірбекқызы: Дархан аға, толығырақ жауап беріңізші.

 Дархан Әбдік: Жұмыс істеу принциптері, жалақысы ұнаған жоқ. Кадр бөлімінің адамның соңынан аңдып, тіміскілеп жүретіні ұнаған жоқ. Жұмыстың сапасына емес, жұмысқа нешеде келіп, нешеде кететініңізді бағалайтыны ұнаған жоқ. Бастығыңның алдында өзіңнің пікіріңді айтпай құлшылық етіп тұру міндеті ұнаған жоқ. Адамдарды бірін -бірі сыйламайтыны ұнаған жоқ. «Я начальник, ты дурак» деген түсінікпен жұмыс істейтіндері ұнаған жоқ.

Мақпал Мейірбекқызы: Президентпен осы күнге дейін қаншама журналист кездесті. Бірақ халыққа қатысты өткір сұрақтар қойылмайды. Неге? Осы сұрақты Өркен Кенжебекке арнаған едім. Ол кісі жауапсыз қалдырды.

Дархан Әбдік: Өз басым, Президентпен сұхбаттасып көрген жоқпын. Сол журналистерден сұрау керек шығар.

Мақпал Мейірбекқызы: Мемлекет басшысы бірнеше жыл бұрын Нұрлан Қоянбаевтың бағдарламасына келгенін білесіз.  Егер «Парасат майданына»  қатысуға келісімін берсе, сіз қандай тақырып көтеретін едіңіз? Қандай сұрақ қояр едіңіз?

Дархан Әбдік: Білмеймін, ойланып көрген жоқпын.

Мақпал Мейірбекқызы: Жауабыңыз қызық болып тұр. Ойланыңызшы…

Дархан Әбдік: Мен жоспалаған қонақтардың аясында ол адам жоқ. Сондықтан  ол кісімен қандай тақырыпта сөйлесетінімді білмеймін.

Мақпал Мейірбекқызы: Президентке қоятын сұрағыңыз жоқ па?

Дархан Әбдік: Жоқ. Маған бәрі түсінікті.

Мақпал Мейірбекқызы: Рахмет!

Arasha

Жаңалықтар

Оқиға Алматының Наурызбай ауданында қоғамдық көлік аялдамаларының бірінде күндіз орын алған, деп хаб...

Жаңалықтар

Журналист Гүлмира Әбіқай «Елге көмек» қайырымдылық қоры туралы тың мәлімет жариялады, де...