Жастық өмірімді оң арнаға бұрған ағам, қазақ поэзиясының қаранары – Ұлықбек Есдәулет пен әкеде...
Әйтеке бидің 380 жылдығына арналған республикалық командалық айтыс өтті
Қызылорда қаласында «AMANAT» партиясының қолдауымен Әйтеке бидің 380 жылдығына орай «Әділ сөздің алдаспаны» тақырыбында республикалық командалық айтыс өтті. Дүбірлі додада алғашқы болып Қызылорда облысы мен Шымкент қаласының командалары бақ сынасты. Бұл туралы madeniportal.kz хабарлайды.Бұл айтыс бұрынғыдан өзгерек. Өйткені топқа түскен додада тек айтыскерлер ғана емес күйшілер, жыршылар, термешілер және дәстүрлі әншілер қатысады.
Бүгінгі айтыста сыр өңірінің намысын қорғаған Мұхтар Ниязов, Ержан Әміров, Мөлдір Айтбай, Бексұлтан Орынбасаров сынды ақындар болса, ал Шымкент қаласынан келген Нұрлан Есенқұлов, Біржан Байтуов, Мейіржан Жарылқап, Әнәпия Нұрғали сияқты сөзмергендерімен сынға түсті.
Сондай-ақ жыршылар Төлеубай Бисенбек пен Абылай Бөріханов, термешілер Әділхан Қуаңбаев пен Ербол Халмырзаев, күйшілер Алдияр Шағдатов пен Қайырбек Қалиев, дәстүрлі әншілер Ақмарал Ноғайбаева мен Тұрар Алменов байсалды бәсекенің көрігін қыздырды.
Додада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, төраға Жүрсін Ерман бастаған, ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор Қойлыбай Асанов, ақын, филология ғылымдарының кандидаты Серікзат Дүйсенғазы, ақын, Мәдениет саласының үздігі Құдайберлі Мырзабеков, дәстүрлі әнші, Қазақстанның халық әртісі Рамазан Стамғазиев, күйші, жыршы-термеші, Мәдениет саласының үздігі Ерболат Шалдыбаев қазылық етті.
Қазылар алқасының мүшесі Қойлыбай Асановтың айтуынша, ел тарихында командалық айтыс алғаш рет 1986-1987 жылдары ұйымдастырылды. Араға қырық жылға жуық уақыт салып, игі дәстүр қайта жаңғырып жатыр.
Ақындарға 500 мың теңге, өзге жанрлар бойынша бақ сынаған өнерпаздарға 250 мың теңге мөлшерінде қаржылай сыйақы мен бағалы сыйлықтар табысталды. Келесі кездесу 15 наурызда Түркістан қаласында ұйымдастырылып, онда Түркістан және Жамбыл облыстарының өнерлі өрендері сынға түседі.
Айта кетейік айтыстың тізгінін ұстаған Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Аманжол Әлтай.