Әлемге келген коронавирус деген ортақ індет талай елдің екі аяғын бір етікке тықты. Соғысқа бергісіз...
Қазақ әдебиеті әлемге өз көзімен қарау керек
Сөз өнері халықтың ұлттық интеллектуалдық болмысын танытатын құдірет. Сондықтан оның тарихына үңілу арқылы ұлттың да өсіп-жетілуін бағамдауға болады. Осы тұрғыдан келгенде ұлттық әдебиеттіміздің басты үш жанры туралы әдебиетте орыны бар үш қаламгерге «Қазақ әдебиетінің (проза, поэзия, драматургия) өткені, бүгіні және болашағы жайында ойларыңыз қандай?» деген сұрақты қоя отырып, өткенімізді шолып, бүгінімізді бағалап, болашағымызға болжам жасағымыз келді.
Байбота ҚОШЫМ-НОҒАЙ, ақын, әдебиеттанушы,
– Поэзия: кеше – бүгін – ертең... Бұл жеке адамның, әдеби ұжымның ғана емес, ұлттың рухани өмірімен тұтасып жатқан ұлы құбылыс. Фольклоры аса бай, «туғанда дүние есігін өлеңмен ашып», «өлеңмен қара жерге кіретін» (Абай) қазақтың поэзиясын ұлтымыздың сан ғасырлық тарихымен сабақтастырып айтпаған соң бола ма? Тіпті бұл өзі кеңірек толғап, көптеген дәлелдермен сөйлеуді қажет ететін тақырып. Дегенмен сөзімізді барынша мұқтасарлап, қысқа қайырып айтуға әрекет жасап көрелік.
Орыс поэзиясы ХVІІ-ХІХ ғасырларда барокко, классицизм, сентиментализм, романтизм, реализм, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында символизм, акмеизм, модернизм секілді бағыттар мен ағымдарды бастан өткерсе, XX ғасырдың алғашқы жартысында кубофутуризм, эгофутуризм, центрифуга, лучизм, имажинизм, пролеткульт, конструктивизм тәрізді талай «изм»-дерді адақтап тастады. Ақыры реализм бағыты социалистік реализмге ұласып, кейінірек постмодернизммен толықты. Ал бастауын түркі дәуірінен алатын қазақ поэзиясының тарихы мұндай «изм»-дердің бәрін бірдей білмейді. Абайдан кейінгі уақыттағы орыс поэзиясының ықпалын сезінгенімізбен, қазақ өлеңінің өзгеге ұқсамайтын өз ерекшелігі бар. Қазақ поэзиясы Алтын Орда дәуірінен, Ноғайлы кезеңінен кейін өзге түркі халықтарының әдебиетінен дараланып, жыраулық дәстүрді ұстанды. Қазақ өлеңіне нар заман мен зар заман ақындары келді. Кейінірек өлеңсүйер жұрт сал-серілік кезеңдегі синкреттік өнерді тұтынды, импровизатор ақындардың айтыстарын тамашалады, мадақтарын тыңдады. Ал әдебиетімізде ХІХ ғасырда жазба ақындар шоғыры пайда болды. «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» дейтін уақыт келді. Соған қарамастан, Абай, Мағжан, Ілияс, Қасым секілді ұлы ақындары бола тұра, қазақ өлеңі ХХ ғасырдың 60-жылдары ғана еңсесін көтеріп, әлем әдебиетіндегі алыптар поэзиясымен иық теңестірер интеллектуалды дүниелер тудыра алды. Ұзаққа созылған бұл кезеңді қысқаша ғана қазақ поэзиясының өз аяғына тұрып, тұғырына қонуы деп түсіндіруге болатын шығар.
Осы уақыт арасында қазақ поэзиясы көркемдік тұрғыдан кемелденіп, түрленіп, мазмұн-мағына жағынан байып, жан-жақты жетілді. Формалық ізденістер шырқау биікке шығып, үш, төрт, бес буынды түбірлі ұйқастар қалыптасты. Соңғы бунақтағы бір-екі буынның үйлесімі ұйқас болып саналмайтын болды. Балалар поэзиясы да биік деңгейді бағындырды. Көркем аударманың сапасы өсті. Алайда бүкіл әлем ақындары бет бұрған верлибрді қабылдай алмай келген қазақ ақындары Уолт Уитмен мен Исикава Такубокудың ақ өлеңдерін ұйқастырып аударып, түпнұсқаға қиянат жасады... Оның үстіне Кеңес өкіметінің тоқырау жылдарындағы цензура ананы айтуға болмайды, мынаны жазбау керек деген сияқты тыйымдармен поэзияның аяғына тұсау салды. Тақырыптарды шектеді. Жаңашылдыққа ұмтылған жас ақындар аяусыз сынға ұшырады. Бірақ ақындар ашық сайрамаса да, астарлы жырлар жазуға төселіп алды. Бұл өлеңді күрделендіре түсті.
«Жыл келгендей жаңалықты сездірген» дарынды ақындардың өкшесін басып жаңа толқын келді. Қазақ ақындарының қазіргі танымал ақсақалы Темірхан Медетбектің тұстастары мен ХХ ғасырдың соңына дейін бір-екі кітабын ұсынып үлгерген ақындардың шығармашылығын өте кең ауқымда талдай отырып, қазақ поэзиясының бүгінгі деңгейін, жетістіктері мен кемшіліктерін толық бағамдауға болады. 60-жылдары сынға ұшыраған сәтті-сәтсіз эксперименттер бұл кезеңде әбден жетілдірілді. Қазақ поэзиясы ежелгі ұлттық дәстүр негізінде жалғасын таба отырып, Шығыс және Батыс әдебиетінің жетістіктерін қабылдауды да жатсынған жоқ. Жанрлық жағынан байыды. Ақындар терең тамырлардан тартып, қазақ өлеңіне түркілік сарын, жыраулық дәстүр жаңғырып қайта оралды. Мұның бәрі де жарасымды болғанын аға буын ақындарымыздың қазіргі жас ақындар шығармашылығына жасаған игі ықпалынан аңғаруға болатын тәрізді.
Ортағасырлық түркі бітігтерінде, Жүсіпбек Аймауытовтың «Күйлі сөзінде», кейбір драмалық шығармаларда қолданылып келсе де, 60-жылдары сын жебесіне ілінген ақ өлеңнің алуан түрі менің поэзиямда ғана емес, Ұлықбек Есдәулет, Есенғали Раушанов, Тыныштықбек Әбдікәкімов тәрізді дарынды ақындардың шығармашылығында да жақсы көрініс тапты. Прозалық өлеңдер жазыла бастады. Бұған белгілі әдебиетші ғалым Айгүл Үсенова: «Поэзиядағы дәстүрлі ырғақтан тыс жүйенің бірі – прозалық өлеңдер әлем әдебиетінде кең жайылған құбылыс. Поэзиялық мәтіндер өлшем мен ырғаққа тәуелді болған кезеңді еркін ырғақтық құрылымдар алмастырса, кей ақындар еркін ырғақтар аясынан асып, прозалық шекке дейін жетуде. Бұл шебер ақындардың ізденісінің нәтижесі», – деп арнайы назар аударды. Қазір қазақ поэзиясының ең жас өкілдерінің қатарындағы Азамат Тасқараұлы, Еділбек Дүйсен, Абзал Сүлеймен, Асылан Қуанышұлы, Файзулла Төлтай, Нұркен Нұрғазы секілді жігіттер осы бағытта нәтижелі ізденістер жасап жүр. Мен қазақ поэзиясындағы үлкен жаңалықтардың бірі осы бағыттан табыла ма деп үміттенемін.
Қазақ өлеңіндегі саздылық, әуезділік, ырғақ пен ұйқасындағы үйлесімділік өзімізден өзге жұртты да таңғалдыратынын әлденеше рет байқағанмын. Ал енді «іші – алтын, сырты – күміс» сара сөздер қазақ жырының қадірін көтере түсетіні баршаға аян. Күні кешеге дейін қазақ ақындары қазақ және орыс тілдерінде ғана оқитын. Қазір шетел әдебиетін түпнұсқадан – түрік, қытай, ағылшын, жапон, француз, моңғол, неміс т.б. тілдерден тікелей оқып, аудара алатын жас буын өсіп жетілді. Олардың әдебиетімізге салар олжасы аз болмаса керек. Өйткені қазақ – болмысынан дарынды да талантты халық.
Ал алдымыздағы аз күнге болжам айта алармыз, ал болашақты болжап сәуегейлік жасамай-ақ қояйын, қазақ әдебиетіне мемлекет тарапынан лайықты қамқорлық жасалып отырса, біздің – қазақ ақындарының – бағындырмайтын биігіміз жоқ.
Бегабат ҰЗАҚОВ, жазушы, әдебиеттанушы:
Проза – кез келген елдің тыныс-тіршілігінің айнасы. Оның дамуы әлеуметтік-саяси жағдайларға тікелей байланысты. Қазақ прозасының бастауында Ыбырай Алтынсарин әңгімелері тұр. Дегенмен біздің прозамызда балаңдық дәуірі ұзаққа созылған жоқ. 1910 жылы тұңғыш роман – Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамалы» дүниеге келсе, Спандияр Көбеевтің «Қалың мал» (1913), Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамар сұлу» (1914), Жүсіпбек Аймауытовтың «Қартқожақ» (1926) «Ақбілек» (1923) романдары ұлы дала халқын жаңа көркемдік кеңістікке бастады. Төл әдебиетімізде 1928 жылға дейін 14-15 роман болған. Өзбек әдебиетінде 1950 жылдарға дейін 5-ақ роман бар-тын. Аймақтағы бүкіл көршілердің романдарын қосып санасаң да, бізге жете алмады. Мұхтар Әуезовтің «Абай» романының бірінші кітабы 1942 жылы жарыққа шыққанын еске алсақ, қазақ романы 32 жылда әлемдік құбылысқа айналғанын білеміз. Орыс немесе Еуропа әдебиеті әңгімеден эпопеяға дейінгі жолды кем дегенде бір ғасырда жүріп өткен.
Өкініштісі, қызыл империя күшіне мінген соң ұлттық әдебиетті тұншықтырды да, таптық әдебиетке жол ашты. Жасандылық марапаттала насихатталып жатты. Бұл жайлы Александр Блок «Сіз анық білесіз: кітаптарда ертегілер бар, бірақ өмірде тек проза бар» деген еді кекесінмен.
«Жылымық» кезеңінен бастап кейбір қаламгерлер оянып, шеңберлерден шығуға тырысқан. Т. Ахтанов, С. Шәймерденовтер психологиялық иірімдерге терең бойлап, адами құндылықтарды суреттеуге ойысты. Әбдіжәміл Нұрпейісовтің әдебиетке келуі – Әуезовтен кейінгі үлкен оқиға. «Қан мен тер» трилогиясы, «Соңғы парыз» диалогиясы неге көз жетпес биікке шығандап кетті? Өйткені, қазақ халқы одан өзінің шынайы тұрмысын, қайғы-қасіретін, арман-аңсарын көрді. Шетелдіктер үшін де белгісіз халықтың нағыз болмысы, жан-дүниесі қызық-ты.
ХХ ғасыр қазақ прозасының қадау-қадау тұлғалары баршылық. Әбіш Кекілбайдың модернизм бағытындағы ой ағыны әдісімен жазылған «Күй», «Шыңырау», «Ханшадария хикаясы» повестері мен «Аңыздың ақыры» романы В. Вулф, Дж. Джойс, У. Фолкнер шығармаларымен иық теңестіре алады. Сондықтан да, оны Германияның «Фольк унд Вельт» баспасы сексенінші жылдарда-ақ «ХХ ғасырдың үздік жазушылары» тізіміне енгізді. Тізімде әлемнің 100 жазушысы бар-тын.
Тәкен Әлімқұловтың «Қарой», Асқар Сүлейменовтің «Бесатар», Оралхан Бөкейдің «Атаукере», Молдахмет Қаназдың «Құмқойнау», «Саяқ», Төлен Әбдіктің «Тозақ оттары жымыңдайды», Қажығали Мұханбетқалиұлының «Берекесіз тоғайы», Сайлаубай Жұбатырұлының «Басазат» шығармалары – болмысы бөлек дүниелер. Бұл туындылардағы эксплицитті баяндаудың (суреттеудің) қатпарында жасырын мағыналар ағыны бар. Астарлы мәтін мәтін ішінде дами отырып, тікелей берілген ой үрдісімен салыстырғанда жаңалық саналады. Мұндай кезде пайда болатын көп мағыналық пен мағыналар тұрақсыздығы контекстің көмегімен ажыратылады.
М.Мағауин, Д.Досжан, Р.Сейсенбаев, Д.Исабеков, А.Мекебай, Т.Нұрмағамбетов, С. Елубай, Қ. Жиенбай, С. Асылбекұлы, Р. Отарбай, С. Байхоновтар шеберлік жөнінен де, тақырып жағынан да бір-біріне ұқсамайды.
С.Жұбатырұлының «Абыржы» трилогиясы ХХІ ғасырдың алғашқы ширегіндегі ең биік белесіміз. Өкінішке орай, мемлекеттік сыйлық додасынан құлатылған бұл роман әлі өзінің лайықты бағасын алған жоқ.
Қазақ прозасының басты кемшіліктері – көпсөзділік, сюжеттердің шашыраңқылығы, композиция құра алмау, басы артық баяндау, журнализм т.с.с
АҚШ өткен ғасырдағы үздік 70 романын түгендеді. Ф. Норристің «Спрут», Дж. Лондонның «Мартин Иден», Т. Драйзердің «Америка трагедиясы», Э. Хемингуйдің «Қош бол, қару», Н. Уэсттің «Шегіртке күні», М. Каннингемнің «Сағаттар», Э. Страуттың «Эми мен Исабель» сынды жер жүзі білетін романдар. Біздікілер одан қалсын ба, жарыса «Қазақтың 100 романын» шығарды. Оған енді өзге түгіл, өзіміз күле қараймыз. Өйткені онда сапа емес, санға мән берілген.
Өткен жылы 30 ақын, 30 жазушының шығармасы БҰҰ-ның ресми 6 тіліне аударылды. Бірнеше шет тілді білетін, әдеби жаңалықтарды үнемі қадағалап отыратын адам ретінде айтайын, бірді-екілі әдейі ұйымдастырылған жазбаларды айтпағанда, шетелдік баспасөзде ешқандай жылы лебізге көзім түспеді.
Әдебиет поэзиямен емес, прозамен әлемді жаулайды. Қарасөз ұлттық деңгейге көтерілгенде ғана дара немесе сара сөзге айналмақ. Проза ұлттық деңгейге көтерілмесе, адамзаттық биікке шыға алмайды! Біздің проза негізінен, тайпашылдық құрсауға шырмалған. Батыр шығару бәсекесіне түсіп кеткен рулар әлдебір атасын жоңғармен соғыстырып, жазуға ебі бар біреуіне жастықтай роман жаздырады. Тарихи деп таңбаланған романдардың дені солай. 1758 жылы жер бетінен жойылып кеткен қалмақ ойдан шығарылған оқиғаларға қарсылық таныта алмайды. Тобыр өз өтірігіне өзі мәз болады. Шығарманың көркемдігінен гөрі кейіпкердің дақпырты басым. Пәленше батырды жазған төленше жазушының орден тағып, керілгенін көрсең, «Жүз жылдық жалғыздықты» жазған Маркес деген осы кісі ме екен деп жан-иманың қалмайды.
Қазір өмірбаян жазған мансаптыны да, күнделік шимайлаған әртісті де, секс-роман шығарған саудагерді де, бәленбай жыл газетке редактор бола тұра бір дені дұрыс мақала жаза алмай, детектив роман шатпақтап, онысына әлдебір келісілген байқаудың миллион теңгесін жеңіп алған журналисті де жазушы деп жүрміз. Бұл да бір сындарлы кезең, жылжып өте шығады. Әдебиет, оның ішінде проза элитарланады. Сол кезде интеллектуал ұрпақ пайда болады. Бірақ, шайтан мұсылманмен бірге Қағбаға дейін еріп барғаны сияқты, халтура да нағыз шығармамен бірге өмір сүре бермек. Тек ара салмақ өзгереді. Ол үшін мешеу орыстың желкесіне мініп, әлемге оның балконынан қарамай, әлемдік тілдерді үйрену арқылы жауһар дүниелердің түпнұсқасымен танысып, ғаламдық білімді өз білігімізбен ұштастыра, еңбектенуге тиіспіз!
Азат елдің арда перзенттері алдағы уақытта алыстағы асқар тауларды бағындыратынына сенемін!
Әлібек БАЙБОЛ, жазушы-драматург, әдебиеттанушы:
Драматургия – өте күрделі әрі көптеген өнердің элементін өзіне сіңірген синкретті жанр. Антика дәуірінен бергі дәуірде қаншама драмашы барын және нешелеген пьеса туғанын санамалап жатудың өзі – қиын шаруа, расында. Немирович-Данченко айтқан үш шындық – өмір шындығы, сахна шындығы және әлеуметтік шындық бірікпей, өнер өнер дәрежесіне көтеріле алмақ емес.
1925 жылдың соңында Қазақстанның сол кездегі астанасы Қызылорда қаласында ұйымдастырылған қазақ театрының шымылдығы 1926 жылдың 10 қаңтарыда Қошке Кемеңгеровтің «Алтын сақина» пьесасымен ашылғалы бері қазақ драматургиясы күні бүгінге дейін талай белестен асты. М.Әуезов, Ж.Шанин, Ғ.Мүсірепов, Ш.Хұсайыновтардан басталып, Т.Ахтанов, Қ.Мұхамеджанов, С.Жүнісов, А.Сүлейменов, Ж.Тәшенов секілді драматургтармен жалғасқан қазақ драматургиясы бүгінде Елорда мен Алматыда Әкім Тарази, Дулат Исабеков, Смағұл Елубай, Сұлтанәлі Балғабаев, Шахимарден Құсайынов, Роза Мұқановадай драмашылармен көркейіп тұр.
Мәскеуде тұратын қазақ драматургы, сценарист, педагог Олжас Жанайдаров талапты жасқа жыл сайын 2 айға созылатын арнайы лекция оқып жүр. Бұл Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы мен Қазақстан театр қайраткерлері одағының бірлескен жобасы. Осы бастама жан-жақтағы жазуға бейім қаламгерлердің өсуіне, дамуына үлкен септігін тигізіп жүр.
«Қазіргі қазақ театры, қазіргі қазақ драматургиясы әлемдік дамудың қай жағында тұр» деген сауал көпті мазалайтыны хақ. Бертольт Брехттың «Эпикалық театры», Арто Антоненның «Қатқыл театры», Эжен Ионеско, Сэмюэл Беккет, Жан Жененың «Абсурд театры», Ежи Гротовскийдың «Кедей театры», Морис Метерлинктың «Ажал театры», «Үнсіздік театры», Жан-Поль Сартр мен Альбер Камюдың «Экзистенциялық театры» өнердегі өлшемге, жүйеге айналып үлгерді. Бұдан қазақ та қалыс қалған жоқ. Тың әдіс-тәсілдермен «қарулануда». Бүгінгі қазақ театры коммерциялық мүдде мен «жаңа театр» жасаудың екі арасында тұр. Бәрінің мұраты – «өгізді де өлтірмеу, арбаны да сындырмау». Әр елдің ұлттық сыпатын аңғартатын, сапалы туындыларын әлемдік деңгейде таныстыратын, ол өнердің соңғы жетістіктері мен даму бағыт-бағдарын көрсететін, театрдағы таным көкжиегін кеңейтетін әрі насихаттайтын басты механизм – Халықаралық фестивальдар. Ендігі мұрат – шетелге шығу, қазақ өнерін сонда таныту, түрлі өнер байқауларында топ жару. «Жас сахна», «Дариға-ай», «Бункер», «АRTиШок», «Бата», «Трансформа», «StartDrama», «28THEATRE» секілді жекелеген театрлардан қазіргі қазақ драматургиясына олжа салған авторлардың туындыларын тамашалай аласыз. Таяуда ғана, драматург, жазушы Әлішер Айтуардың «Туған күніңмен, анашым!» атты пьесасы «StartDrama» театр лабораториясы «OzgeEpic» заманауи өнер кеңістігінде сахналанды. Режиссеры – Фархад Молдағали. Өнер ұжымының 2021 жылға жоспары мынадай – «7 жас драматургтің ең сапалы жеті пьесасын 7 жас режиссерге қойдыру».
Ең қуантатыны – қазақ театрларының Халықаралық байқауларға көптеп қатысып, орын ала бастауы. Мәселен, «Бейбарыс сұлтан» драмасы Түркияның Кония шаһарында өткен фестивальде «Ең үздік спектакль» атанды, «Қорқыттың көрі» Қазандағы атақты «Наурыз» фестивальінде көрсетіліп, сыншылардың жоғары бағасын алса, Белорусиядағы «Белая Вежа» Халықаралық театр бәйгесінде «Бейбарыс сұлтанды» ағылшын тілінде ойналды. Ал, Алматы Мемлекеттік қуыршақтар театры Халықаралық IB байқауына қатысқан Үндістан, Грекия, Германия, Түркіменстан, Гүржістан театрларын басып озып, режиссер К. Адылов сахналауындағы «Каштанка» қойылымы (авт: А. Чехов) Гран-При иеленсе, «Қас-қағым» метафизикалық трагедиясы (авт: Ж. Ерғалиев, реж: Е. Нұрсұлтан) Қырғызстанның «Арт-Ордо» Халықаралық фестивалінде Бас жүлде алды, Мәскеудегі дәстүрлі «Подмосковные вечера» атты Халықаралық театр додасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр актері Азамат Сатыбалдының «28THEATRE» театры неміс драматургы Георг Бюхнердің «Войцек» (реж: Д. Жұмабай) спектаклімен қатысып, «Ең үздік актерлік ансамбль» аталымы бойынша Бас жүлде қанжығалады, Челябинсктегі Ресей Федерациясының Халық әртісі В. Милосердов атындағы VIII Халықаралық жеке актерлік жұмыстардың байқауында Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық музыкалық драма театры Шыңғыс Айтматовтың «Ана – Жер-Ана» трагедиясын «Ана мен ала» деген атаумен сахналап, фестивальде аталмыш ұжым «Ең үздік әйел рөлі», «Ең үздік спекталь» номинациясы бойынша жеңімпаз болды.
Соңғы кездері «жаңа драма» («новая драма») дегенді жиі-жиі естіп жүрміз. Ол Ресейде, XX ғасырдың аяғында, XXI ғасырдың басында ретін тауып қарқынды дами бастады. Сондай-ақ, қазақ драматургиясы да жандану, жаңғыру үстінде. Бүгіндері «SounDrama», деректі театр, мюзикл жанрлары қарыштап дамуда, кең өркен жаюда. Мәселен, саунд драма рухында қойылым қойып жүрген Фархат Молдағалидың аяқ алысы сүйсіндіреді. Бұған – «Қарагөз», «Құлагер», «Солдат күнделігінен» қойылымдары айғақ.
Жалпы қазақ драматургиясы қай заманда да осал болмаған, болашақта да өз даралығымен әлемге жол тартары анық.
Жазып алған Ахмет ӨМІРЗАҚ