Құлпытас бұйырмағандар (Мағжан мен Сәкен)

ӘДЕБИЕТ
4984

Автобус терезесінен көз қиығым түсіп кетіп, оқыста біреу шошытқандай селк ете қалдым. Ылғи да осындай күйге тап болам. Сосын сәл ес жиып «ҚҰЛПЫТАС» деген жазуларға қадалып қарай бастаймын. Олар таусылмайды. Көлденеңдегі Шоқан Уәлиханов көшесінен өте бере басталады да біраз жерге созылады. Оң жақтағы үйдің алдында да, сол жақтағы үйдің алдында да: ҚҰЛПЫТАС, ҚҰЛПЫТАС, ҚҰЛПЫТАС. Басына белгі қойғызатын өлгендерің болса, келіңдер, алуан түрлі қымбат мәрмарлардан, граниттерден таңдаңдар, қалауыңша қашап береміз... 

Мұнда не тылсым жұмбақ бар?», деп іштей қанша қармансам да,  бітеу тас қабырғаға тірелгендей ойыма түк ілінбейді. Есесіне, мені басқа бір ащы түйсік мазалай бастайды. Сәкен большевизм идеалдарына бар жан-тәнімен сенген адам, соның жолында «Асығып тез аттандық» деп алғашқы болып қуана ұрандатқан ақын еді. Ол Алашты ұнатпады. Оны құлатуға  үлес қосты. Алаштың алмас тілді ұлтшыл ақыны Мағжан Жұмабаевты идеялық бәсекелесім деп санап, оған іші жылымады. Ақырында екеуі де көмусіз өлді. Сүйектері шашылып қайда қалғаны белгісіз. Екеуі де мен ақпын, халқымды қалтқысыз сүйдім депті. Өлеңдерінде. Өлең деген – жүрек қой. Сана алдаса да, жүрек алдамайды. Ендеше, дедім мен іштей, олардың басты шығармаларын этномәдениет тұрғысынан ерінбей тағы бір қарап шықсам қайтеді. Не табар екем?

Этномәдениеттің құрамдас бір бөлігі – әдебиет десек, әдебиет ұлт санасындағы танымдық өзгерістерді бұлжытпай көрсететін айна іспетті. Сананың шырғалаңға түсіп қиналғанын һәм адасқанын тапсақ, әрине, алдымен осы әдебиеттен ғана табамыз. 

Кеңес дәуірінде әдебиеттің таза идеологиялық құрал деп бағаланғаны баршаға аян. Сондықтан да аты бар да заты жоқ жасанды республикаларда Жазушылар одағы дегендер құрылды. Оларды коммунистік дүниетанымды насихаттаудың аса қуатты институтына айналдырды. Шығармаларында советтік құрылыстың дұрыстығын, жасампаздығын дәріптеген жазушылар ерекше марапат көрді, атақ-даңққа бөленді. Кейбіреулерін тіпті кемеңгерлер қатарына апарып қосып та қойды. Ал ол жолдан ауытқығандарды баспасөз беттерінде жүндей түтіп, ар-намысын аяққа таптады, қуғын-сүргінге салды, жазықсыз түрмеге жауып азаптады, атып тастады...

Мен осыдан біраз жыл бұрын жоғарғы кластарға әдебиеттен сабақ бердім. 11- класс оқулығында Мағжан мен Сәкеннің әрқайсына 8 сағаттан уақыт бөлінетін еді. Өкініштісі сол – оқулықтағы бүкіл әңгіме Қазан төңкерісі оқиғасы төңірегіне құрылатын. Содан да болар, сен одан қанша іздесең де «Мағжан мен Сәкеннің өмірде ұстанған басты мұраттары не еді?» – деген сұрақтың тура жауабын таппайтынсың. Ал бұларда өзара тақырып ұқсастығы кездескенмен, шығармаларының бүкіл ой мазмұны бір-бірінен мүлде алшақ жатыр ғой. Бұл жағы мүлде ескерілмепті. Иә, Мағжан халқымыздың бұрынғы ерлік, елдік тарихына көбірек үңілсе, Сәкен Қазан төңкерісінің идеяларына құлай сенген, халықты бақытқа жеткізер жалғыз тура жол тек осы деп білген.

Мағжан мен Сәкеннің таныстығы Омбыдағы мұғалімдер семинариясында басталғаны белгілі. Семинарияны Мағжан алтын медальмен тәмәмдаса, Сәкен орташа деген бағамен бітірген.

Мағжан рухының өзегі – түркі нәсілінің, оның ішінде қазақ ұлтының өзіндік тума қадір-қасиеттері еді. Тілім, ділім, дінімнің басқа ұлт бойындағы құндылықтардан еш кемі жоқ, осыларымды сақтай отырып мен де өркениет әлеміне кіремін, басқа халықтармен иықтас, терезем тең дәрежеде өмір сүремін деп есептеді. Осы көзқарас Мағжанды қазақ елінің тәуелсіздігі мен егемендігі үшін күрескен Алаш алыптарының қатарына алып келді. Данышпан Абайдың: «Жүректілік – батырлық... Рақымдылық, мейірбандылық, әртүрлі істе адам баласын өз бауырым деп, өзіне ойлағандай оларға да болса игі еді демек, бұлар – жүрек ісі», - дегені, тура Мағжанға қаратып айтылғандай.

Мағжан ақынның өзі де «Жан сөзі» өлеңінде көрегендікпен:

         Қазақ елі, бір ауыз сөзім саған.

         Болғайсың сыншы болсаң, әділ сыншы,

         Кінәні жүрекке қой, қойма маған,- деп айтып кеткен ғой.

Зерттеушілер Сәкеннің жастайынан орыс арасында өсіп, орысша оқып тәрбиеленгені арқасында орыс халқының үрдіс-дәстүрін бойына мол сіңіргенін айтады. Яғни белгілі дәрежеде сол ұлтқа тән ойлау, сезіну, түйсіну қасиет-қабілетімен рухтанған дейді. Расында, бұл кезеңде орыс қауымы арасында большевиктік насихат кең өріс алып байды да, батырақты да бірдей жыландай арбап ала бастаған еді. Ендеше Сәкен Сейфуллиннің төңкерісті аңсап, төңкерісті уралап қарсы алып, төңкерістің жемістері деп құл еңбегін сонша мадақтап жырлауы, тебірене жазуы қайран қаларлық құбылыс емес. Оның үстіне, большевизм арқасында, жап-жас шағында-ақ бірден ел билеу қызметінің шыңына өрледі. Осының бәрі оның өзі таңдаған жолдың, өзі ұстанған көзқарастың дұрыстығына деген сенімін арттыра түскені ақиқат. 

Мағжан Жұмабаевқа келсек, керісінше, оның саяси күрестегі жолы байланып, «Алаш» партиясы талқандалды. Ол әдебиет саласында да бастық болып көрген жоқ еді. Тек таза ақындығымен ғана оқырман ел арасында атақ-даңқы зор болды. Бірақ сол кездегі кейбір дүмшелердің түсінігінше қазақ халқының бұрынғы өткен тарихи жолы қараңғы, онда бүгінгі ұрпақ ғибрат аларлықтай ештеңе жоқ; ендігі жерде ерлік те, елдік те, жасампаздық еңбек те тек Қазан төңкерісі шұғыласынан басталуы тиіс. Сондықтан шын большевик ақындық өнерде де басқа көзқарастағы ақыннан жоғары, артық болуы керек, деген ұғымдар белең алды.

Міне, осы екі көзқарас, яғни бір-біріне үш қайнаса сорпасы қосылмайтын қарама-қарсы рухтар арасындағы ақындық бәсеке-жарыс Мағжан мен Сәкен шығармаларының өн бойынан, зер салып оқығанға, мен мұндалап айқын көрініп тұрады. Олар өлең қаруларын кейде тіпті бірін-бірі кекетіп-мұқату үшін де пайдаланған. Мағжан «Біздің Сәкен, секең-секең» десе, Сәкен оған:

         Қазаққа, татарға

         «Таң» болып атарға.

         «Трр ұштым, тырыстым

         Кіруге қатарға», - деп келекелейді. Ал 1921 жылы жызылған «Бір ақынның сандырағы» деген өлеңінде одан да асырып, былай деп келемеждейді:

         Мен аққұйын,

         Мен Құдаймын!

         Мен Күн, Аймын!

         Мен баймын!

Ол заманда Сәкендей азуын айға білеген революционердің, мемлекет қайраткерінің зілді ызғары мен ащы әзілінің салмағын шамалап көріңіз. Осындай-осындайдан жаны қиналғанда өз басын өзі арашалап қалу үшін Мағжан «Тоқсанның тобы» деген поэмасын жазады:

         Ес біліп ойлап, толғанып,

         Қолыма қалам алғалы,

         Сөйлеген емен жасыра;

         Мен мұңдымен мұңдастым,

         Адассам ел деп адастым,- деп жан дауысы шыға шырылдайды.

Иә, большевик-чекист жазушылар Мағжанға сенбеген еді. Осындайдан ақынның нәзік жаны күйінбегенде қайтсін:

         Дариға, аяқталмай үзілді жыр,

         Сұм жүрек жансыз болып қалды ғой құр.

         Бұлбұлдың әнін үзген не болды екен?

         Мынау не, көлдің беті жыбыр-жыбыр?

         Көл беті жыбыр-жыбыр, бақа «бақ-бақ»,

         Сайрасын енді қалай бұлбұл бейбақ!

         Өмірдің өзгермейтін құрсын заңы –

         Бір жақтан бұлбұл шықса, бақа шықпақ...

Бір тақырыпқа жарыса өлең жазу қалам қуаты өзара теңдес, шамалас ақындар арасында әрқашан болып тұратын құбылыс. Осы орайда бір мысал келтірсем, екеуінің де өлеңінің аты – «Сағыныш».

Мағжан:

                   Абақтыда айдан, күннен жаңылдым,

                   Сарғайдым ғой, сар даламды сағындым.

                   «Қарашығым, құлыным» - деп зарлаған,- 

                   Алыстағы сорлы анамды сағындым...- деп бастайды.

Сәкен.

                   Жібектей шашы оралған,

                   Қыпша белі қыналған,

                   Еркесі қырдың бұралған –

                   Сағындым мен сәулемді, - деп егіледі.

Мағжан өлеңінің алғашқы жолы бірден-ақ жүрегіңді солқ еткізеді. «Абақтада айдан, күннен жаңылдым...» Сол сол-ақ екен, сен де абақтының ішінде отырғандайсың, сен де тұтқынсың. Бұдан әрі бәрі өзінің табиғи жолымен, ұлттық дүниетаным құндылықтары желісінде кезек-кезегімен өріле береді. Алдымен алыстағы ананың «Құлыным, құлыным» деп зарлаған өзекті өртер ащы дауысы құлағыңа келеді.

Бір сөзбен айтқанда, бұл өлең түрмедегі азаматтың жүрек сөзі, халқымның ұлымын деген жанның бүкіл туған елге деген шынайы зор махаббаты. Өлеңнің жүрек қанымен жазылғанын сезінесің. 

Сәкен кейіпкері де түрмеде жайдан жай отырған жоқ. Ол да күрес адамы. Айырмалары – Мағжан кейіпкері мұңлы, ойлы, Сәкен кейіпкері - өркөкірек. Сондай асқақтығынан да шығар, ол анасынан бұрын «Сәулесін» еске алады. Мағжан өлеңі жүрек нәрімен өріліп, ал Сәкен өлеңі ақыл-сана күшімен құрастырылғандай көрінеді.

Қос ақын шығармашылығындағы тақырып ұқсастығы ең басты туындылары – Мағжанның «Батыр Баян», Сәкеннің «Көкшетау» поэмаларын өзара салыстырғанда тіпті айқын байқалады.

«Батыр Баян» жұмыр да шымыр. Артық-ауыс тұрған ештеңе жоқ. Бәрі де алған тақырып пен айтар ойдың аясынан шықпайды. Сәкенде ұбақ-шұбақ, тақырыпқа оншалық жанаспайтын нәрселер көп-ақ. Мәселен, «Жер бөлісі мен конфеске әсері» дейтін ұзақ бөлім, ондағы «Бурабай курорты», «Пионерлер», «Отарба», «Автобус-автомобиль», «Қазақ қаласында», «Кооператив», «Радио», «Аэроплан» деген тараулар – поэзиядан ауылы мүлде алыс дүниелер.

Хош, сонымен, бұл екі поэманың екеуінде де әңгіме желісіне дәнекер болып тұрған кейіпкер – тұтқын қалмақ қызы.

Қалмақ қызының сұлулығын Мағжан ақын былайша сыпаттайды:

Сол сұлу екен жаңа атқан таңдай,

Бір соған бар сұлулық жиналғандай.

Торғын ет, шапақтай бет, тісі меруерт,

Сөздері су сылдырлап құйылғандай...

Шын ер ғой Батыр Баян алып қайтқан,

Еліне алып қайтқан естен танбай.

Ал Сәкен ақын:

Сол қыздың он жетіге келген жасы,

Оралған аш беліне қолаң шашы.

Қап қара қарлығаштың қанатындай,

Иілген қақ маңдайда екі қасы, - дейді.

Байқасақ, қалмақ қызының сұлулығын сипаттағанда, Мағжан оны поэманың басты кейіпкері Баянның батырлығын үстей түсу үшін қолданған екен. Өйткені Баян ел қорғаны, жол торыған қарақшы емес, онда жабайы қара күш иесіне тән ожарлық, оспадарлық жоқ. Халықтық әдеп, ұлттық үрдіс аясынан шықпайды. Сондықтан ол қызды қанша жерден жақсы көріп тұрса да, жау тұтқыны деп оған күш қолданбайды. Қыздың бас еркі, жан сезімін сыйлап, зор адамгершілікпен туған қарындасындай етіп ұстайды. Осы көріністен-ақ қазақ халқының өзінің жер-суын басқыншыдан қорғау жолындағы ерлігінің мәні де ап-айқын байқалып тұр емес пе.

Сәкен ақында қалмақ қызы өңкей аш бөрідей жалаңдаған қазақ батырларының ортасында көзі жәутеңдеп соры қайнап тұр. Ол жазықсыз, әлсіз. Қазақ батырлары шетінен қанішер, жауыз. 

Тағы да салыстырайық.

Мағжан:

         Қиын күн туған Алаш баласына,

         Шұбырып жаһанның сар даласында.

         Кез болған жаудан үркіп «Ақтабанға»

         Дұшпанның қалғандай боп табасында.

Сәкен:

         Ертегі толып жатыр өткен-кеткен.

         Өтірік-шынды әңгіме бізге жеткен.

         Әйтеуір, ырасы сол Көкшетауда

         Ел шапқыш хан Абылай мекен еткен.

Бұл үзінділерді талдап, түсіндіріп жатудың қажеті болмас деп ойлаймын.

Сәкен дастанында Абылай хан қандай жаман болса, оның үрім бұтағы мен батырлары одан да асқан жаман, жексұрын. «Баласы Абылайдың Қасым төре, туғаннан-ақ қанға құмар», «Кенехан Қасымұлы... патшаға қарадың деп елді шапқан», ал батырлары:

Тағы да қанды қанжар жалақтатып,

Көздерін жын ұрғандай алақтатып,

Кез келсе кек сақтар ер басты кесіп,

Байлады қанжығаға салақтатып.

Әдебиеттің өнер, білім-ілімнің әралуан салалаларымен тығыз байланыста болатынын ескерсек, Абылай хан белгілі тарихи тұлға, 150 жылға созылған қазақ-қалмақ қақтығысы тұсында, қазақ тағы бір өліп барып тірілді десек, сонда қазақты қайта тірілткен Абылай хан, оның Баяндай батырлары болатын. Ендеше Сәкеннің «Көкшетау» поэмасын уақыт, кезең белгісі десек те, бүгінгі ұрпақ үшін рухани азық болуға жарай береді деп айтуға ауыз бармайды.

Сәкен:

         Біреулер батыр мен би, ханды мақтап,

         Бұрынғы надан, шірік заңды мақтап.

         Сарнайды, жыр қылады, сөзін сырлап,

Бақсыдай жын шақырған сандырақтап,- деп, біріншіден, іштен шалып Мағжанға тиісіп өтеді, екіншіден, өзінің большевиктік көзқарас-мақсатын айқындайды. Ақындық салмақты жүрекке емес, ақылға салады.

Ал Мағжанда бұл керісінше:

         Өткен күн таң-тамаша ертегі ғой,

         Ерлері ертегінің өрт еді ғой,

         Айрылып от екпінді ерлерінен, 

         Алаштың жанында ауыр дерт еді ғой.

         Сонау дерт түгелімен маған ауып,

         Дариға, жүрегімді өртеді ғой.

Осылайша Мағжан мен Сәкеннің белгілі дастандарындағы ә дегеннен басталған жүрек пен ақылдың, яғни түркі-қазақ эпосына тән рух пен қазақ-орыс қосындысынан туған жалған ұғым-түсініктің өзара бәсеке-егесі шығармаларының өн бойын шиырлай келіп, әрқайсысы өзінше өрнек жасайды. Мағжан Жұмабаев қазақтың болашаққа барар жолына қажетті күш-қуат рухын бұрынғы елдік, ерлік тарихынан іздесе, Сәкен большевиктік мұрат-мақсаттардан тапты. 

Иә, бәріне әділ төреші – уақыт. Сәкен ұстанымының жеңілу себебін, меніңше, Ахмет Байтұрсыновтың 1922 жылы жазған мына бір сөздерімен айқындауға болатын сияқты. «Қазақстанға ұлық болған адамдар – төңкеріс болса істің бәрі өзінен өзі өзгеріп кететіндей көрді. Қалыпты өзгертетін адамның ісі, яғни жұмсайтын күші, қайраты, білімі екендігін ойламады.

Төбелеске шығатын адам сияқты, төсін ұрып, тұлданып: «Жасасын, бибауырмалдық!» - деген қазақ болса, қошемет айтып, қол шапалақтап, төбесіне көтеретін болды. Қазақтың көрген қорлық - зорлығын айтатын адам болса, ауызға қағып сөйлетпейтін болды». Иә, Сәкен рухындағы дерт бибауырмалдық, яғни жалған интернационализм еді.

Бибауырмалдық –интернционализм қазақты ескексіз қайыққа мінгізіп өмір – теңіздің буырқанған толқынына тастады да жіберді. Одан қалды мәңгүрттік торға түсіріп шырмады. Соның батпандап кірген зардабы болар, егемендік алсақ та, әлі күнге дейін тілімізді, ділімізді, дінімізді қалыбына келтіріп, руханиятымызды оңдай алмай жүргеніміз. Соның салдарынан теуіп қалсаң жерінен бұрқылдап мұнай, атқылап газ, кесек-кесек алтыны домалайтын осыншалық бай, кең өлкеде саны шамалы қазақтың ат төбеліндейі ғана бәріне ие болып алды да, қалған қалың бұқара жаппай кедейшілікке ұрынды. Кезінде қоғам рухы әлсіресе, түбі осылай боларын ескертіп айтқандар болған сияқты еді. Әттең-ай... 

Репрессияға ұшыраған большевик қайраткерлер алдымен ақталды. Сәкен Сейфуллин есімі шексіз насихат нөпірінің толқынында тербелді. Оның шығармашылығы мен қайраткерлік қызметі ғана емес, қыз-қырқынға өтімдігі, сұлу қияқ мұрты, тіпті атқа отыруға қолайлы аяғының қисығы да сол кездегі газет-журнал, кітап оқитын қазақтың көңілінде мақтаныш туғызды, жадыларында мөр болып бедерленді. Ал Мағжан ақын ортаға кеш оралды. Егемендік алдық деп қуанғанмен қабаттаса келген жоқшылықтан есін әп-сәтте жоғалтқан қара қазақтың мағжандарды тануға мүмкіндігі де, құлқы да болмады. Міне енді, кезінде халықтың қанын судай ағызған, аштан қырған қазақ большевиктер мен сол сұмдықтарды болдырмауға, алдын алуға тырысқан алаштықтықтарды бір қатарға қойып әспеттеп жүрміз. Бас қаламызда да Сәкен мен Мағжан атында көше бар. Сәкен көшесінің бойы қаптаған ҚҰЛПЫТАС, ҚҰЛПЫТАС, ҚҰЛПЫТАС... Сәкен ақын, Сәкен қайраткердің бай-манап деп өзінің Алаш жұртына қарсы «Асығып тез аттанған» жері ғой бұл. Бәрі Алладан десек, кейінгіге сабақ болсын дейтіндей Алланың бұл бізге қандай белгісі болды екен? Ойланамын. Әрине, Сәкен Сейфуллин ешкімді өз қолымен атпаған болар, ешкімге өлім тілемеген де болар. Алайда ол сенген большевизм қазақты жер бетінен құртып жібере жаздады. Бұл – бұлтартпас тарихи шындық. Бәлкім, Сәкен көшесіндегі қаптаған... Қой, құрсын. Мен таппадым, таппаймын. Үйреншікті уәжге жүгінем: Мағжан да, Сәкен де ұлт болашағы үшін күрескен. Іштей осы уәжді дұрыс десем де, ойымнан сүрініп кеткенімді байқаймын. Өйткені большевизм кезінде қазақ тапқан қырғын көз алдымнан кетпейді. Сірә, халық жадынан да ондай сұмдық ешқашан өше қоймас. Руханиятымызды қайта тірілту, жандандыру жолында Мағжан ақын асқақтата жырлаған, әлемдік өркениет бәйгесінде мен бармын деп омыраулап жүруге нәр беретін этномәдениет өзегі - ұлттық рух, ұлттық намысқа ауық-ауық айналып соға беретініміздің сыры, бәлкім, содан шығар. Ұлтты ұйытып, қазіргі таңда басымыздан өтіп жатқан іштегі қайшылық-қиындықтардан алып шығатын күш пен ұстаным, Алаш мұраттары екенін сезінуден және керек етуден шығар...

Өтен Ахмет

author

Өтен Ахмет

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...