Қазаққа бәле неге үйір?

ӘДЕБИЕТ
2631

Әлемге келген коронавирус деген ортақ індет талай елдің екі аяғын бір етікке тықты. Соғысқа бергісіз бұл қатал шайқаста ел билігі кәсібилік ұйымдастыру қабілеті мен іскерлігі арқылы халыққа жақындай түскенін көрсете алғандай. Сонымен бірге, осынау сынақты кезең, азық-түлікті мұнай ақшасына сатып аламыз деген ұстанымның шала сауаттылық ұшқарылығын да көрсетті. Мұнайдың бүгінгідей құнсызданғаны өз алдына, оның өмірі ұзақ емес, ақыры таусылады. Ендеше, елді шикізатқа тәуелді ету, ат төбеліндей таңдаулы топтың ығын есіп, солардың еркінде кету өзегіне арамдық ұялаған шолақ саясат сияқты-ау. Міне, енді алдымызда саяси қуғын-сүргін күні. Қазақ көрген бүкіл қасіреттің басты себебі, баста еркінің болмауы еді ғой. 

                               1.Қырық жыл қырғын болса да

Фәни тіршілікте адамдар жылдар бойы қатар жүріп те бір-бірінің қадірін түсіне бермейді ғой. Әркімнің өз ұққаны бар, көргені бар, бірақ сол адамның көкірегінде қанша қымбат қазына-байлық жатқанын кім ескеріп – елемек? Ешкім де. Алайда, мен оны баяғыдан бері білемін ғой дейтін қасыңдағы сол ескі досыңның сөзіне бірауық сергек көңілмен құлақ түріп көріңізші. Ол саған бұрын өзің байқамай келген жаңа бір қырымен танылып, ой көкжиегіңді кеңітіп, жаныңды мұңға бөлеп, сені бар болмысыңмен жаңбыр суына шайқап алғандай тазартып шығарсын. Менің де Жолдасбек замандасымның бірде ойламаған жерден көңілімді өстіп астан-кестенін шығарғаны бар. Ол өзі орта бойлы, шымыр денелі жігіт. Қара көз, қара шаш, қара торы өңді – қай ұлттың ортасына түссе де оның қазақ екенін жазбай танитыныңыз күмәнсіз. Әдеттегідей екеуміз түскі дәм кезегіне қатар келіп тұра қалған едік. Кенет Жөкеңнің ашулы даусы гүж ете қалды. Шөміштен ас үлестіріп тұрған беті жылтыраған шикілсары бикешке ренішін білдіріп жатыр екен.

         -Ылғи байқаймын, маған дегенде кілең бір аш тауықтың қанатын салып бересің, мен саған қай жеріммен жақпай қалдым осы?!

Мен болсам «Беу, қуарған қу тіршілік-ай», деймін іштей налып, қаншама ұрпақ керуеніне кеуде қаққызып, көкітіп, қырылтып-жойылтып босқа арамтер қылғанда жеткен жерің осы ма еді? Айына талонмен 130 грамм өсімдік майын, 300 грамм макорон тұтынатын адамда қайбір құн-қауқар болады? Шұлығының тесігін бәтеңкесі, дамбалының жыртығын шалбары жасырып жүрген пендені кісі деуге тұра ма? Ертең бәтеңкеміз тозып, шалбарымыз іріп түскен күні не болар екен күніміз?!

Өстіп өз әлімізше ойланған-толғанған боламыз, қолдан келер басқа қайран жоқ, бәріне көндіккенбіз. Қайта, шүкір, дәл қазір ойлауға да, ойлағаныңның бәрін болмаса да қайсыбірін айтуға да еркіміз бар секілдіміз ғой. Ал күні ертең қалай қарай ауып кетерімізді, қандай жаңа ұран тауып алып қалай-қалай сайрарымызды білсе, бір Алла ғана біледі.

Көже-ботқамызды үстелге жайғастырып, аш қарынның аш аранын бұйырған дәммен бұқтыртып жатырмыз.

         -Бір нәрсеге бір нәрсе себеп,- деп Жолдасбек досым өзінің әдеттегі ер көңілді дарқандығына салды. Мен оның бір тосын қызық әңгіме айтуға оқталғанын сездім де, құлағымды түре қойдым. Ол қасығын ара-тұра аузына апарып қоюды да ұмытпай, бірқалыпты ырғақпен қоңырлата сөйлеп кетті.

..Түрменің қалайы тостағаны мен қасығын қолына қыса ұстап, ту сыртынан суатқа жамырай құлаған қойдай кимелескен ұзын тізбектің тегеурінімен дедектеп дәм үлестіріп тұрған әйелдің тұсына келіп-ақ қалған еді. Әйел апай төс, беліне құшақ жетпестей жуан. Жирен, сұйық шашы үрпиіп, мысық көзі шапыраштанып бұған жақтырмай алая бір қарап қойды. Сосын қолындағы темір ожауды бөшке тәрізденген алып қазанға бойлата сүңгіткен. Қазандағы быт-быт қайнаған әлдебір сұйықпен бірге ожауға бірер түйір картоп, еттің жұрқана сіңірі ілінгендей болған еді. Апайтөс семіз сары әйел ожауды олай ырғап, былай ырғап ішіндегі түйір біткенді сыртқа шығарып, шетке серпіп тастады. Пірмәннің тостағанына сылдыраған қара су құйылды.

Ашу мен наладан Пірмәннің іші қыж-қыж қайнап, удай ашып кетті. Мына апайтөс қатынға не жазды екен? Күндегісі осы. Мұның тостағанына шайнап жұтар жалғыз түйір нәпақа түсірмейді. Көрінеу көзге ожаудан сүзіп алып тастайды. Ұзақты күн орманда ағаш кесіп, аштықтан ішегі бұратылып, көзі қарауытып жүрген сорлының онсыз да қатықсыз аталасын иттің жуындысынан да жаман етіп құнсыздандырады. Неге өйтеді? Жолын кесіп өтпек түгіл, бетіне тіктеп те қараған жан емес. Қайда барса алдынан қазылған Қорқыттың көрі іспеттес бұл не сұмдық?! Әйт-шүйт жоқ, еңбек армиясына сүйреп әкетті. Түкпірдегі ауылда өзімен-өзі қой бағып жүрген момын шаруа еді. Е, мейлі ғой, көппен көрген ұлы той. Десе де совет өкіметінің бүкіл қанқұйлы қаһарынан мына ас үлестіруші семіз сары әйелдің қатыгездігі жанға қатты батып барады. Құнарсыз қара көженің ішіндегі талмауға келер бар нәрі сүзіліп қалған соң, таңның атысы, күннің батысы орманнан ағаш кесіп, бөрене сүйреткен адамға сылдыр су қауқар бола ма? Пірмән күн санап емес, сағат санап әлсіреп, біржола құрып - шөгіп бара жатқанын сезеді. Ерні кезеріп, көз алды қарауытып, дүние толқып көшіп жүргендей. Әлсіздіктен кілт етіп кейде тізесі де бүгіліп кетеді. Бүйте берсе жазмыш сағаты да алыс қалмаған шығар. Бір сәтте бөрене астында жаншылып, тіл тартпай кетеді де...

Ит қыңсылайды, мысық мияулайды, мақұлық екеш мақұлық та қарны ашса, күйі кетсе өз жайынан хабар береді. Сүйтіп адам алдындағы өз құқын оның есіне салады. Ал мұның ешқандай да құқы жоқ. Ит, мысық сияқты мақұлықты айтасыз, бұл тірі болса да өліктен жаман. Көрсе де көрмеген болып, естісе де естімеген болып, аузына су толтырып алғандай іштен тынып, ауыз ашпай үнсіз жүруге тиіс. Бірақ, тап осы жолы Пірмән шыдамады. Ожаудағы бірер түйір картоп қазан түбіне қайта аунап, тереңіне сүңгіп кеткенде, аш өзегі тартыла солқылдап, қолқасын біреу күштеп суырғандай азаптанып кетті. Көзінен іштегі күйіктің ащы соры ытқыды. Таудай еркек басыммен бір ұрттам көжеге бола жылап тұрмын-ау деп ойлағанда, өзінің қорлықтағы пұшайман халын ұмытып та кетті. «Өзекті жанға бір өлім» деген тосын жігер бойына қуат бітіріп, көтеріп әкетіп бара жатты.

         -Осыдан, - деді тұла бойы безгек ұрғандай қалшылдап, - екіншігәрі мені өстіп шөміштен қағатын болсаң, маған өкпелеме, аямаймын. Шала-шарпы орысшасы бар еді, әйтеуір қалай да ойындағысын жеткізген сияқты. Жеткізгені ғой, сары семіз қатынның тарғыл көзі шарасынан шығып кете жаздады. Сөзін тіс арасынан сыздықтатып сұр жыландай ысқырды:

         -Қара көтен, калбит. Мен сені тірідей көмдіртемін. Өзіңше адаммын деп жүрген шығарсың. Сенен бір қап боқ артық. Онымен тым болмаса жер тыңайтуға болады.

Пірмән үндеген жоқ. Тостағанда шайқатылған жуынды тәрізденген ауқатсымағын алып шетке қарай ығыса берді.

Сүйтіп Пірмәннің тауқыметке толы тағы бір азапты күні өтті.

Ертеңінде ас үлестіруші апайтөс семіз сары әйелдің алдына сүмірейіп тағы келді. Тостағанын ұсынды. Кешегі кешегі ме, ас үлестіруші апайтөс әйел бұған тарғыл көзімен жеп қоярдай болып от шаша қарады да, көже бетіндегі болар-болмас жылан қарашықты ожау қырымен сылып тастап, құр қара судың өзін ғана тостағанға сылдыр еткізіп құя салды.

Пірмән қолындағы тостағанды ішіндегі сұйығымен қоса серпіп жіберді. Алға қарай ырши ұмтылып, ас үлестіруші апайтөс семіз сары әйелдің жанына жетіп барды. Анау қорқып та, сақтанып та үлгермеді. Пірмән оны кескен бөренедей белінен қапсыра құшақтап тік көтеріп алды да, мың-сан адам тамақ ішіп жүрген бөшке қазанға тоғытты да жіберді. Сақылдап қайнап тұрған атала көже домна пешінің отты көмейінен бір де кем емес еді. Байғұстың лақ құрлы бақ деуге де шамасы келмей қалды. Тек қазан жиегінен сорайған жүн-жүн жуан мыртық аяқтары ғана дір-дір етті де, тез басылды. Келесі сәтте серейген аяқтары да қазан жиегінен әрмен асып жоғалды. Мың-сан кісілік аталаның терең құрдымы төменге тартып әкетті.

         -Қайтсін байғұс, боса да өлетінін білген соң, жастығымды ала кетейін деген ғой.- Досымның әңгімесі төбе құйқамды шымырлатқандай бойым түршігіп кетті.- Адамның басы Алланың добы деген рас қой.

         -Жоқ, ол кісі әлі дін аман,- деді досым Жолдасбек,- ұлын ұяға, қызын қияға қондырды, өсіп-өнген үлкен шаңырақ болды.

         -Апырай, ә, атып тастамағаны ма? Адам өмірі шыбын құрлы болмаған заман еді ғой?

         -Соғыс жүріп жатқан, майданда жағдай ауырлап тұрған кез екен. Әлде бастықтары тәубасы бар адамдар болып кезікті ме, кім білсін, әйтеуір соғыста штрафной батальон, яғни жанкештілер жасағы дейтін болатын көрінеді ғой. Оларды небір қиян-кескі ауыр шайқастарға пайдаланады екен. Өлсең, құныңды ешкім сұрамайды. Өлмесең, өз жаның өзіңе олжа, картаның ойыны сияқты бір ғаламат.

Біздің Пірекең де жанкештілер жасағына қосылып кете барады. «Өлмегенге өлі балық» деген әне, сол. Елге омырауына «Кенигсбергті алғаны үшін» деген солдат медалін тағып оралды ғой.

         -Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі деген осы екен-ау. Мен таңдана түстім.

         -Ара-тұра ауылдастарыма кездесіп қалғанымда, шалдың халын сұраймын ғой, - деді Жолдасбек әңгіме соңын ширата түйіндеп.- Жағдайы жаман көрінбейді. Медалін тағып, жеңілдікпен тіркелген дүкеннен тор қалтасын томпайтып шұжық-майын алып жүрсе керек...


                                      2.Кімді кім?

Бұйырған ас-суымызды ішіп-жеп болған соң, Жолдасбек екеуміз жоғарғы қабаттағы кеңсемізге көтерілдік. Түскі үзілістегі бір ермегіміз – шахмат ойнауға отырдық.

         -Кел, қайтып алмай ойнайық. Әйтпесе қызық болмайды,- деп «шайқасқа» шындап кіріскен Жөкең: - Марқұм әкемнен естіген бір әңгіме ойымнан кетпейді, - деп тағы бір хикаяның шетін шығарды.

Шахмат ойнап отырған сияқтымыз. Бірақ оның да, менің де ықылас көңіліміз басқа заман, басқа орта шым-шытырағына мидай араласып кеткен-ді...

Жалпақ сары адырдың өн бойы әр тұсынан шағын өзекше, шолақ сайлармен тілімделген. Ойпаңы шоқ-шоқ тоғай, шілік тал, ал дөңесті бөктерлерінде киіздей ұйысқан қалың қараған. Көптен бері мал тұяғы түспей, ақселеу мен боз көдеге дейін дүр қаулап өсіп, жабағы аттың жалындай болып ұйысып кеткен. Аңызақ өкпек желдің өтінде теңіз толқынындай жапырыла ырғалады.

Осы жалпақ сары адырдың бойында оқпаны сорайған шиті мылтығын алдына көлденең ұстап Алпысбай аңшы жүр. Адасқан киік, жалғыз жортқан сұр қоян кездесіп қалар-ау деген тұстарда маңайына сақтықпен ұмына қарайды. Ондайда түктенген қалың қастарының арасы тұтасып қосыла жаздап қалады. Өткір қара көзі онан сайын жітіленіп, шоғы көбейіп ұшқындай түседі.

Қорада мал жоқ. Байлардың мал-мүлкі тәркіленген. Өздері жер аударылған. Сотталған. Көбі тергеусіз-сотсыз атылып кеткен. Тартып алынған мал ит-құсқа жем болды, талан-таражға түсті. Ақыры іріп-шіріп түгел құрыды. Артынша колхоздастыру деген бір пәлесі ере келді. Кедей-кепшіктің жан бағып отырған бірлі-жарым малы ортаға түсті. Көп ұзамай оның да берекесі кетті. Халықтың қораба тіршілігі үзілді. Елде жаппай аштық басталды. «Байтал түгіл бас қайғы» заман елді естен тандырды. Қара халық қара шыбындай жусап қырыла бастады.

Бұл төңіректе әзірге Алпысбай аңшының ғана жұрағат әулеті аман-сау. Солардың бәрінің асыраушысы, айналайын, қара мылтық болып тұр. Қырдың қояны, өзен-көлдің үйрек-қазы қарауылға іліксе болды, құтылмайды. Саршұнақ тышқан, суыр, күзен, атжалман аулайтындар да бар көрінеді. Қара мылтықтың арқасында, шүкір, ондай арамға барып көрген жоқ. Тіпті адам етін жеп жатқандар да бар деп естиді. Ой, сұмдық-ай, қазы мен қартаны кертіп асаған, сары қымызды шайқап ішкен еркін қазақ едік-ау. Не болып барады бұл күніміз?

Үміт пен үрей сапырылысқан мазасыз көңілмен келе жатып, бұзылған ескі қыстауға тақағанын байқамай да қалды. Алдан күтпеген тосын көрініске көзі түсіп барып тоқтады. Үгітіліп, топырақ араласып төмпешікке айнала бастаған көң үйіндісі жанында біреу отыр. Шалқая ақшаңдап аспанға қарап қалған. Сақал-мұрт өскен. Көптен ұстара көрмеген шашы да жалбырап құлағы мен қабағын тұтас жауып тұр. Бет-аузы іркілдеген ісіктен көнектей. Аштыққа ұрынып, жүріп-тұрудан қалған бір міскін.

Алпысбай оған жақындай түсті де, әлгіні танып, жүрегі шаншып шым ете қалды. Алдындағы шала-жансар міскін Дүрімбет еді. Күні кешеге дейін осы өңірдің алдына бес мың жылқы бітіп, атақты байы атанған Дүрекең.

Дүрекеңнің көз алмай ақшиып қарап отырған затын бұл да көріп келе жатқан-ды. Ол дәл төбеде далбақтап айнала ұшқан қара құзғын. Мақұлық аштыққа ұрынған адамның жан тәсілім берер сәті таяғанын сезетін секілді.

         -Мерген, - деді Дүрімбет таңдайға жабысқан тілін әзер икемге келтіріп.- анау қара құсты көремісің? Соны сен маған атып бер.

Артық сөздің керегі жоқ, онсыз да бәрі түсінікті болды. Бойын кернеген аяныш сезімін басып тастап, Алпысбай мылтығын тез кезеді де, құзғынды дәл көздеп атып салды. Оқ жанды жерден тиіп, құзғын топ етіп жерге түсті.

         -Байқап жеңіз,- деді Алпысбай жансыз, бірақ әлі ып-ыстық құзғынды Дүрімбетке ұстатып жатып.

Дүрімбеттің құстың оқ тескен жерінен атқақтаған қызыл қанға ауыз салып жатқанын көргенде, одан әрі қарап тұра беруге дәті шыдамады.

Былай шыға қалың жықпыл арасынан қоян алды. Қара судың басынан үйректің шүрегейін түсірді. Қанжығасы майланып, бұл кезде күн қызылы байып, уақыт кешкіріп те қалған еді, ауыл жаққа бет алды.

Жолай манағы Дүрімбет есіне түсті. Байғұс әл жинап, жөніне кетті ме екен, біле салайыншы деп ұйғарды. Ол иесіз бұзылған қыстауға жеткенде, күн батуға айналды, бірақ маңай әлі жарық еді. Төбешіктенген ескі көңнің түбінде, манағы отырған жерінде, Дүрімбет созыла түсіп сұлық жатыр. Кеудесінен шыбын жаны ұшып-ақ кетіпті. Маңай толған құзғынның үлпілдек жүні, сояудай-сояудай қауырсындары. Шикі де болса соңғы рет ауыз толтырып ет шайнағанына риза сияқты Дүрекең. Жүзі момақан. Иегі мен омырауын тіреп қойып рахаттана ұйықтап кеткен адамға ұқсайды.

Алпысбай өлік жанына жүрелей отыра кетіп, ернін жыбырлатып дұға оқып, иман шақырды. Сосын сайын даланың кешегі күнгі шіріген бай алпауытын, адамзат баласына теңдік, бақыт пен байлық ала келген октябрь таңы арқасында бұратылып аштан өлген сорлының топырақпен бетін жасырды.

         -Қараңызшы, егер мерген кездеспесе, аштан өлген Дүрімбетті құзғын шоқып, жеп кетеді екен-ау.

         -Е, кімді кім деген сұмпайы сұм ұран кімдердің түбіне жетпеді дейсің... Адам мен аңды да жауластырып қойса қайтерсің,- деп күрсінді Жолдасбек. Сүйтті де: - Шах!- деді атпен секіріп түсіп. Ойланып отырса да, ойнап отыр екен, бір пешкамды жеп кетті...

                               

3.Ащы естелік

 (Апамның әңгімесі)

-Төркінім Күрсары Керей. Сырдарияның жағасын жайлап отыратынбыз. Қазақта атақоныс деген болады ғой. Ондайы айтылмайтын. Соған қарағанда, біздер, Сыр керейлері, бір алыс жақтан көшіп келгенге ұқсаймыз.

Әкем Досжан ауылнайдың кандидаты болыпты. Ауылнай екеуі дос болып жүріп, құда түсіпті. Құда болғанда да туыстықтың үлкені – қарсы құда дейтіні. Өз қызы, менен екі жас үлкен Балжан апамды Әлиакпар дейтін ұлына береді. Оның Гүлжаһан деген қызын ағам Нұржанға алып береді. 

Әкелеріміз қоңыр шаруа, діндарлау момын жан еді. Құдай өзі береді деп, не көрсе де, бас шұлғып тыныш жүре беретін. Бәрі де, олардан тараған ұрпақ- отызға жуық адам әнебір жылдары аштан өлді. Өлмегені қуғындалып құрыды.

Аштыққа тұқымынан бір адам бермеген сендердің әкелерің Ахмет қой. Жұрт алды шетіней бастағанда әуелі өз отбасын Өзбекстанға апарып тастайды. Артынан оралып соғып, ағасы Өтемаханның да отбасын алып келеді.

         -Сырдың бойында отырып аштыққа қалай ұрынғансыңдар? Судан балық аулап жеуді де білмедіңдер ме?

         -Бәлі дегенің. Әуелі үлкен кәмпеске өтті. Одан қалған бірлі-жарымды малды ортаққа алды. Аштық кезінде , шырағым, құрт-құмырсқа, бақа-шаян, даланың жаман тышқаны мен кесірткесіне дейін құрып кетеді екен. Суда балық құриды екен.

         Аштыққа ұрынған адамдар сенделіп құрт-құмырсқа, бақа-шаян іздеп дала кезіп кетеді екен. Кездессе, жыланның өзін рахаттанып жер еді. Сәмсіреп жүріп бір кезде ісінеді екен. Ісінген соң-ақ болды, құлайды. Сол жатқаннан екінші қайтып тұру жоқ...

Небір қамқа кілем, торқалы тонын сүйретіп, тайтұяқ алтындарын жылтыңдатып бір уыс талқанға айырбастауды өтінген кешегі жайсаңдардың талайын көрдік. Сөйтсек, бір уыс талқан аштықта дүниенің бар асылынан да қымбат болады екен. «Алтын, күміс тас екен, арпа, бидай ас екен» деген мақал сөз содан қалған білем.

 Атан жілік жігіттердің: «Шіркін-ай, аузын толтырып нан шайнап өлген адамның да арманы бар ма екен»,- дегендерін де естідік...

Ел басқарған белсенділердің өзі, жиіркенбес үшін шамды сөндіріп тастап, түн жамылып отырып тышқан етін жеген. Бәрібір ауыздарына ұшық қаптап іріп-шіріп жүретін...

1934 жылы астық шығыпты дегенді естіп елге келдік. Әр жерде шошайып қалған құрым үй, күрке. Адамдар тәні жарқырап, жартылай жалаңаш жүр. Бірақ мол астықтың нанына аузы тиген. Соған мәз, өздерін бақытты жандардай сезінеді, қарқ-қарқ...

                                               х х х

         -Әкем үш ағайынды болған: Досжан, Дәрмен, Сөмбай.

         Досжаннан –Нұржан ағам, Балжан, Жібек апаларым, мен, сосын Ұрхан сіңілім.

         Дәрменнен жалғыз Күлжан. Басқа балалары өлген, аштықтан.

         Сөмбайдан тұқым жоқ, бәрі өлген, аштықтан.

         Дәрменнің бойында бар өнер болды: домбыра, қобызда ойнайтын. Өзі жасайтын оларды. Ағаш пен темірден түйін түйетін.

Асқар жездем мен Жібек апам. Олар ашаршылықта балалар үйіне үш бала өткізген: Өмірзақ, Алмагүл, Шайгүл. Өздері Өзбекстанға күнкөріске кеткен. Барып орналасқанша балаларды өлтіріп аламыз деп ойлаған. Орналасып, табыс тауып ес жинап келіп, алып кетпек болған. Содан балалар жоқ...

Жібек апам 1939 жылы Өзбекстандағы күйеуінің нағашысына барып келіп, оншақты метр мата ала келген. Сатпақ ниетпен мата қиығын алушыларға жасырын көрсетіп жүргенде ұсталып, бес жылға сотталды. Сібірдің Кемер деген жерінде отырған. Өлең шығарған былай деп:

         Көкорай айдын-айдын көлдерім-ай,

         Аяқты қайыра басқан жерлерім-ай.

         Шалықтап шалқа ортаңда жүретұғын

         Қан тамып, кіндік кескен жерлерім-ай.

         Отырмын мен Кемердің түрмесінде,

         Айнала темір құрсау кірмесіңе.

         Өлеңге сағынғаннан қостық біздер

         Бауырлар алама екен бізді есіне?

        Ішінде көп кәпірдің жалғыз өзім,

         Білмеймін ол кәпірдің айтқан сөзін.

         Мені іздеп бір бауырым келе қалса,

         Жарқ етіп қалар еді-ау екі көзім...

         -Адам түсінбес бір сұмдық замандар болды ғой. Бір каток жіп үшін 

- 5 жыл, бір шелек көмір үшін де 5 жылға кесіп, кім болсаң да бет-жүзіңе қарамай түрмелеріне тоғыта салатын...

Қармақшы дегенің аштықтан өлгендердің төбе-төбе обасы болды ғой.

Әкелерің Ахмет өзбектерге қыз, қатыны бар 6 әйел өткізген. Қалыш деген сұлу қызды ұнатып, өзі алғысы келіпті. Шашы өкшесіне түскен, аққұбаның әдемісі екен. Бірақ аяғын сылтып басатыны болыпты. Сонысынан айнып, қызды өз келісімімен өзбекке өткізген. Сол үшін әкелеріңді кінәлаушы едім, өзбекке әйел сатқансың, обалына қалғансың деп. Сонда әкелерің: «Мен бұл жөнінде молдадан әдейі сұрадым», дейтін. Молда «Үлкен сауап жасағансың, талай адамды аштық өлімнен алып қалғансың, балалы-шағалы, бақытты боласың», депті. Айтқаны рас екен, Құдай бізге бес ұл, бір қыз беріп бай етті ғой.

Аштық 31 жылдан басталды. Әсем деген әйел баласының етін жеген. Жұмысқа шақырып үйіне белсенді кіріп келсе, баласын қорқыратып бауыздап тастаған екен. Етегімен жаба қойыпты. Кейін жылай-жылай көзі ағып кетті, байғұстың.

         Аштықтан тірі қалған қызы ержеткен соң, балаңды жегенсің деп шешесін бақпай қойды.

         Екі абысын –барлық жандары өліп, алдымен өлгенінің етін соңғысы жеген.

         Дым жоқ кезде егін салғандарға күніге бір қасық бидай, бір ожау атала көже берген.

         Алдымен бала-шаға, еркектер өлді. Бес түйір бидай болса да қатындардың қолында ғой...

Ел ес жиып, қалқоз болып ұйып, жұрт тойына бастады. Әкелеріңнің ағасы Өтемахан көкелерің елгезек, көпшіл кісі еді. Калқоз белсендісі боп 1938 жылы елде сайлау өткізуге қатысып, оған көңілі толмай, «жақсылар шарға түсіп таласпай ма, жоғарыдан айтқан адамдарына көз жұмып дауыс бере салдық» десе керек. Сол сөзі үшін «халық жауы» атанып он жылға сотталып кетті. Бір жылдан кейін түрмеде өлгені туралы хабар алдық. Оған да шүкір. Елдегі небір мынау деген боздақтардың мүлде хабарсыз кеткендері қаншама...

Мұндайды айтсаң, өкіметтің намысы келеді. Қайтесің сұрай беріп, басың бәлеге қалып жүрер...

                                               х х х           

1988 ж. 20 ақпан. Жұмыстан келсем, апам жалғыздан жалғыз жылап отыр.

         -Апа-ау, не болды, неге жылайсың?

         -Көзім ілініп ұйықтап кеткен екем, түс көрдім. Түсімде Сырдарияның жағасында, бабам Марал ишанның мазары жанындағы кең жайлауда, баяғы бала кезім, жалаңаяқ шапқылап жүгіріп жүрмін. Өкшем құйрығыма жете шапқылаймын. Бәрі баяғыдай, түк болмаған сияқты.

         Апам ақырын солықтай түседі.

         Апам соңғы жылдары аяғынан қалған, жүре алмайды...

         Апам Саржан жасы сексенге келіп 1993 жылы бақилық болды...

                                                                                           

P.S. Патшадан көрдік. Бәлшебектен көрдік. Тәуелсіз ел болғалы отыз жылдай. Жеріміздің асты-үсті тұнған байлық. Иесі –өзіміз. Үстіндегісін қопарып, астындағысын сорып алып жатырмыз. Сыр мен Жайықтың арнасы тарылса да, өндірілетін мұнай арнасы кеңи түсуде. Биіктігі аттылы адамның бойындай газ құбырларының ұзындығы жер шарын орап алғандай. Бірақ қара халық тақыр кедей. Талайдың меншігінде жері түгіл, бас сұғар панасы да жоқ. Мінез жасық: жылап-сықтау, қол жаю масылдық. Сорлыға бір дорба азық берген адам – қаһарман! Неге бұлай? Қазаққа бәле неге үйір? Менің жауабым жоқ...

   Өтен Ахмет

author

Өтен Ахмет

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...