Кеше ғана, яғни, 8 ақпанда әлеуметтік желіде орындаушысы «Аттик-Строй» ЖШС болып табылат...
Жанайдар Сәдуақасов кеңестік идеологияға емес, халқына қызмет етті – тарихшы
ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында мемлекет және қоғам қайраткері, саяси репрессия құрбаны Жанайдар Сәдуақасовтың 120-жылдық мерейтойына арналған «Тауқыметті тағдыр тарихқа айналған тұлға» атты еске алу кеші өтті, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Шарада еліміздің жетекші жоғарғы оқу орындарының ғалымдары Жанайдар Сәдуақасовтың өмірі мен қоғамдық-саяси қызметіне қатысты ғылыми айналымға енбеген тың деректерді айтып, мазмұнды баяндамалар жасады.
Сонымен қатар еске алу кешінде ҚР Бас прокуроры Қайрат Қожамжаровтың, ҚР әділет министрі Марат Бекетаевтың және ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының арнайы құттықтау хаттары оқылды.
Іс-шараға «Егемен Қазақстан» АҚ басқарма төрағасы, т.ғ.д., Дархан Қыдырәлі, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан, т.ғ.д., Марат Әбсеметов, ф.ғ.д. Бауыржан Омаров және Жанайдар Сәдуақасовтың бауырлары мен ұрпақтары қатысты.
Тарих ғылымдарының докторы, академик, беделді ғалым Хангелді Әбжанов Алаш қайраткері Жанайдар Сәдуақасовтың қазақ халқына сіңірген еңбегін жоғары бағалады.
«Ұлы сілкіністер, тарихтағы күрделі өзгерістер осы өмірге ұлы тұлғаларды әкеледі. Жанайдар Сәдуақасов – сондай ұлы сілкіністің кезінде, ұлы өзгерістің кезінде тарих сахнасына көтерілген тұлға. Оның тағдырына қарап, біз Ұлы дала елі Қазақстанның басынан қандай қуаныш, қайғы-қасірет өткенін білеміз. Ол 1917 жылы билікке большевиктер келгеннен кейін өзінің қабілет- қарымыменен көзге түсті. Осылайша, өзінің ерекше жарытылысыменен биік мансап биігіне көтерілді. Губернияны, прокуратураны, Әділет Наркомын да басқарды. Ол – кеңестік идеологияға емес, халқына қызмет еткен тұлға», - деді тарихшы.
Оның пікірінше, мұны 3 мәселеден аңғаруға болады.
«Ол – қазақ тілінің шын мағынадағы жанашыры, оған мемлекеттік статус беруші. 1923 жылы іс-қағаздарды қазақ тілінде жүргізу туралы қаулысын қабылдағанда, сол қаулыға қол қойған азаматтардың бірі Жанайдар Сәдуақасов болатын. Сондай-ақ 1924 жылы Орта Азияда ұлттық территориялық межелеу болды. 1925 жылы ҚазақКСР-ның астанасы Орынбордан Қызылордаға көшті. Осы сәтте Жанайдар Сәдуақасов, Сұлтанбек Қожанов, Смағұл Сәдуақасов «ҚазақКСР-ның астанасы Ташкент қаласы болсын» деген ұсыныс білдірді. Сол үшін Мәскеуде келіссөздер жүргізді. Ташкент бүкіл түркі республикаларына: Қазақстанға, Қырғызстанға, Түрікменстанға ортақ қала болды. Осы шаһарды ортақ қала қылдырайық деп ұсыныс жасап, сол үшін күрескен азамат Жанайдар Сәдуақасов», - деді ол.
Кейін Хангелді Әбжанов үшінші мәселеге тоқталды.
«Жанайдар Сәдуақасов 1932 жылы аштық басталғанда, 1937 саяси қуғын-сүргін кезеңінде қазақтың жоғын жоқтап, қазақтың азаматтарын қорғады. Мысалы, ол халықты ашаршылықтан аман сақтап қалу үшін азық-түлік көмегін ұйымдастырды. Осы еңбектерінен қарап-ақ, Жанайдар Сәдуақасовтың кеңестік идеологияға емес, халыққа қызмет еткенін бағалап, түсінуіміз керек», - деп түйіндеді сөзін профессор.