Астанада «Falling Man» қойылымының әлемдік тұсаукесері өтті

Жаңалықтар
636

Заманауи балет бағытындағы спектакль екі апта бойы өткен Орталық Азия би фестивалі аясында дайындалған. 

Ұйымдастырушылар оны Астананың туған күніне арнады. 

Алғаш рет Астанада ұйымдастырылған Орталық Азия би фестивалі өз мәресіне жетті. Екі аптаға созылған шараға Азия елдерінен 100-ден астам жас өнерпаз қатысқан. Олар үшін АҚШ-тың дүниежүзіне белгілі хореографтары Кэтрин Пилкингтон мен Тара Комптон шеберлік сабақтарын өткізді. Неоклассикалық балет, модерн, бродвей, импровизация, джаз және хип-хоп секілді би түрлерінің ерекшеліктерін таныстырды. 

Пол Эмерсон, қоюшы-хореограф:

 - Осыншама елдің бишілері Астанада алғаш рет бас қосып отыр. Фестивальға қатысушылар өздеріне баға жетпес мол тәжірибе жинақтады деп сенемін. Бұл жас бишілермен қатар біз үшін де табысты болды. Өйткені түрлі түсінік, түрлі қиял бір жерде топтасты. Барлығын бір қойылымда үйлестіру үшін күндіз-түні тер төктік, жаттықтық. Қазір сахнада бір сәтте алпыс биші өнер көрсетеді.

Шараға Түрікменстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей және Қазақстан елінің бишілері мен хореографтары келді. Америкалық Пол Эмерсонның жетекшілігімен олар «Falling Man» атты қойылымды көпшілікке ұсынды. Спектакльде Нью-Йорк қаласының тыныс-тіршілігі көрсетілген. Фестиваль қатысушылары уақыттың көзді ашып жұмғанша өте шыққанына таң. 

Тоғжан Бөлежанова, фестивальге қатысушы:

 - Соңғы екі апта өте жоғары деңгейде өтті. Уақыттың қалай зымырағанын аңғармай қалдық. Жас биші ретінде АҚШ-тан келген мамандардан көп тәжірибе жинадым, тың ақпараттар алдым. Жаттығудың жаңа түрлерін және би қозғалыстарын үйрендім. 

Дарина Юдина, фестивальге қатысушы:

 - Осы жобаға қатысу үшін Ресейден арнайы келдім. Шеберлік сабағы өте жоғары деңгейде өтті. Ұстаздардың да кәсіби шеберлігіне күмән жоқ. Олар біздің жүрегімізге жол тауып, екі аптаның ішінде көп нәрсені меңгерте білді. Оның нәтижесін жаңа көрдіңіздер. Арамызда осындай үлкен сахнаға шығып көрмеген жас бишілер бар. Олар көрермендердің ыстық ықыласын сезініп, көзіне жас алып жатыр.

Орталық Азия би фестивалінің ұйымдастырылуына АҚШ-тың Астанадағы елшілігі мен Қазақ ұлттық хореграфия академиясы мұрындық болды. Мақсат – мемлекеттер арасындағы достастықты нығайту. Сонымен қатар елорданы Орталық Азияның неоклассикалық және контемпорари өнерінің астанасына айналдыру. 

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожаев, Ерлан Наурызбаев  

Madeniet.kz

Жаңалықтар

Атырауда 5-қабаттан құлаған бала жансақтау бөлімінен палатаға шығарылды, деп хабарлайды madeniportal...

Жаңалықтар

Ақтауда кәмелет жасына толмаған қыздардың соққыға жығылғаны видеоға түсіп қалған, деп хабарлайды mad...