Сұраған Рахметұлы. Ертеңгі үн (Civilization of nomads)

ӘДЕБИЕТ
4634
Көктем маусымы – біздің жаққа  көкек балапандап Көксеркенің шалғайына Күн қанаты жайылғанда жететін-ді. Бозауыл бұлттар Алтайдың қыратынан желіп өтіп келе жатқаны бір топ қуаныш! Дүркірген түренмен бірге күлдір кісінеген құлынның шіңгір үні бұлақпен бірге құлдырайтын-ды.

Кешегі қырқадан жылап асып кеткен қыдырма мұнарды қуалап қайта келген көгілдір мезеттің ныспы – көкпеңкөк көктем. Мұқағалидан қалған – «...Япыр-ай, неткен көктем...». Тұманбай ағамның ағамның құс қанатымен сырғи жапқан тұманды көктемі. Жақсыбай ағамның мезеттер майданымен оқшау – «Мазасыз шағы». Біздің ауыл жайлау жаққа қарап маңқан сағыммен маңыраған қой, ешкінің көзінде көкжиек алаулап өртене бастаған тұста – көлікті қамдап, түйені қомдап, көгенді жинап көл-гөсір салтанатқа бөгіп, айран-асыр болатын еді. Тиектіден еңкейген еңірей өксік өткінші Шаңбастаудың басынан сорғалап бұрымы төгілерде әжем жарықтық осыдан он неше жыл бұрын өткен атамның ақ сағымға көмілген шаңқан бейітіне қарап әлде нені күбірлеп, көзі жасаурап, әжім сызған тотыққан торы жүзін самал толтырған қос уысымен сипайтын-ды. «Ертең жайлауға көшеміз...» дегені... Іштей атаммен қоштасуы!? Биыл сол әжемнің өзі атамның қасында қалған!

Қараөткелдің сағасында нәрес көз көксін көк тістеп, қысқы өлі көбірін енді-енді тыстай бастаған өңшең көбең көкала аттарға ноқта салып ертеңгі үдерлі көшке әзірлік басталар еді.

Ағамның жылқыға аттануы бұл бір бұлакерней, теңдессіз қуаныш! Ал, осы ағамның боз бұлттармен қоса бос аттарды айдап келе жатуы – одан да жұмбақ жұмақ тылсым құбылыс-ты!

Жоғартыннан желіп жетер желқұйрықтар кекілінде бір шоғыр мұнар сағым саулап шіркін... Жылқының құйрық жалына жұққан көктемнің көк нілі көл-керім! Қаңғыбас ерке көктем өткен күзде бізбен қоштасқан – сәуірік сәуір күлдір кісінеп осылай  қоранның маңына өзі бір тебірени шаттық әкеледі!

Өркешіне үркер ілген түйелер қомдауға іңірге шөгерілетін, көгеннің күрметүйім көз бұршақтарынан алау таң ағытқан бояулы сүгіреттер!

Көш көктеуліктегі көк жұрттан көтерілерде жағалаудың барлық заржақ жағал торғайлар мың түмен шырылын төгіп, шыр төселген таң шуағымен түске ораулы түзді түгел көмкеретін!

Тіркеулі енесінің соңынан боздап мұңайып тұрар жез қоңыраулы боз кекілді тайлақтың боз үні тірі қобыздай ұлы сазды!

Көшпелі ауылымның дөңгелек керегесінің шеңбері – уақыттың парағына басқан мөрдей болып қала беретінетін-ді! 

Ел көшкен ескі жұрт – ең керемет кеңістіктегі сұрау белгісіндей белгі!

Осы сәт өзгеше таңғайып!

Көш керуен байсалдап сәл аялдайтын бір жосын бар-ды. Керуенсапар алдындағы керемет кідіріс! Атадан ұласқан ғұрып бойынша көш алдында заңды түрде Ақжігіттің кенжесі Маңғұлдың қарашаңырағын артқан қара бураның бас бұйдасын ұлықтау!

Зерлі қара кебеже, қара ала сырмақ, қара шаңырақтың қаһ қуысына таза кигізге оралған есікі құран, жеңіл тең теңделген бурада барлық айбын бар! Тобылғы мұрындықты бұйра кеужірден шұбалған бас бұйданы киелеп жетектеу құқы кіші апам Мағышта!

Қаракөк теңбілге қолтығынан демеп мінгізгенде – «Тәңір жарылқасын!» алқап қалампыр аңқыған бір шағым сықпа құртты ұсынатын тәңіри пейілді апам! Ғасырлар қалтарысынан ұмай анамның алақан табымен сақталған нәрден балаусаның дәмі сезілер-ді!

Сонымен көшбасы Қараөткелден шұбап Ергенекті, Бұғының тұла бойымен үде тартып сағыммен қалқып бара жататын.  Қайқаң кершеңдерде арқасын, еңкейіп көшкенде етегін жаятын шадыман кезіңдегі даңғыл, мұңайған сәтіңде ұңғыл–шұңғылы бар құйқалы тораң жол!

Бұғының мамыртұрымғы құба жазығымен торғындай ұлпа ұрғашы төс ұлпа құмдаққа жұққан жүкті түйенің құрау бедерлі ғажайып іздері-ай!

Артқы түстікте шексіз ақ теңізге қалқып жүрген нәһән балықтай көк жалды Көктөбенің көкше сүгіреті қалып бара жатады! Алдыңда Жолсайдың асуы. Иреңдеген жылан жол ирелеңдеп барып, жіңішке саймен өрлей жөнеледі. Шамасы төрт, бес шақырымдай салғар төскейлі кезең. Қос қапталдағы өріп жүрген түлемесары суырларды ойбайлатып, борбайлатып, ауылдың жөйітбас төбеттері өз алдына бір сүңгі сүмбіл музюкл ойнайтын-ды!

Баршын атандар байыппен аттап, бақыраң буыршындардың тілерсегін дірілдетер аһман асу!


«...Ауылым көшіп барады белден асып, 
белден асқан бұлпенен араласып...» Өткен заманның аяқталуынан осындай әуен туады екен!?

Иекартпаға тырмысып шыққан соң сәл аялдағанда ауған түйенің жүгін басып, балалар айран-шалабын  ішіп, аттардың айылын тартып май тынық айланатын-ды. Бұл кідіріс кеңістіктегі керемет сәт! Жер шарының түп кіндігіндегі көшпелі ғұрыптың соңғы сүгіреті болатын! Анам алдындағы бесіктегі сәбиін емізіп, қайран әжемді мекиен етегіне мәңгі жасырып қалған Көксеркенің ұшар басына жасаурап қимастықпен қарап отырар-ды. Дүние кезек!? Ғарыштық сапар деген осы ма!? Қарашаңырақты қарала сырмаққа қондыра сүгіреттей салған ұшқат мұрындықты, ала бұйдалы айдалы қара атанды жетелеп күміс жүгеннің желкезерін көк тәңіріне қарай лақтыра шұлғитын көктөбелге мінген еңселі ене енді жоқ!!!

Жолдың екі шеті осы маңды қыстайтын Оспанғали атамның жирен сақалындай жезмұртты көделі бидайықты орақ тілімен шалып өтіп қалың сарлық тұяғы асатаяқтай сытырлап қаптап бара жатар-ды. Сарлық бұқалардың һұр-р-р деген көмейінен құлап түскен мөңірек үні – құрыш тұяғын сүйген кершең, тершең төңіректі бусантып жатар-ды. Жусан жағалы, қос қалқанын жайған түйетабан жапырақты жұмсақ бұлқыма сораппен шұбырған бұқым ғұмырдың бұла түрені!

Бұдан әрі біздің жайлау арыда ұзаса екі бұзау көш жер!

Қоңыр белден ескен самал Қоңырат Зарқұм досымның шеткен жекен–желкін ұйтқу зарқын күйіндей құлақ түбінде күңірене аймалайтын!

Көштің көлбеу алды: зәу шекесіне күн ілген кезеңге келгенде алдымыздан Қаракөлдің арғы қанаты – қарт Алтайдың сауысала шаңқан шыңы жарқ етеді. Самал шапшыған домбыраның қос шегі, тоғыз пернесіне ілінген мұңлы сырнай сағынышпен! Сол алалы таудың алақаны бүткіл көшті мамырай құндаққа орап әкетеді.

Қытай мен Моңғолдың шекарасы. Екі елдің ерасын қақ бөлген бел жөргекті іңгәлі ен жайлауым.

Мінеки көлбеген Көндей мен қыраты мұнартқан Лақшынның қынарын кенерелеп кетер жолды кесе көлденең басып өтіп,  керуен көшіп барады. «...Ұландаба Лақшын бізге қанша тұрақсың?..» Ақыт қажы пақырдың жырындағы әңіре сауал!? 

Мұнда бүткіл Киікбай тайлақтың түгел түтінінен – Түгелбайдың ауылының киелі қыстау, күзеуі! Қангелді Мәзімнің Ікейінің шерікке һәм оқуға,  әлде алысқа жұмысқа аттанған мекені дейтін Әзімнің ескі қорасы қалған сол қол жақтағы жусанды, изенді, ерменді қолтықша сай! Орқаш құйқалы бүкір белегір, апайтөс салқаулы жалпақ төскей,қызбелді сұлу қырашық!

Алдымызда Тошынның бастауы! Тарихи 1943 жылы күзде Шығыс Түркістан ұлт–азаттық күресінің қосыны Оспан батырдың әмірлігінде Моңғолдың жеріне өтіп еларалық  келісімімен күйік мұртты күн көсем Сталин және  маршал Чойбалсанның алқаулы шартты мәмілесі бойынша шептес септестік әрі уақытша қоңсылыққа (хуаран) 2200 жан санымен 360 шақты түтін келе жатқан. Осы тұста ұлт-азатшылардың алдынғы легі екін күн бойы ерулеп, еркін түстенген жері – Тошынның жамырақ бастауы! Тошынның бастауы адырдың астынан адырнаның оғындай үшкіл жырадан жылай аққан ұмайтұма қайнар. Жазғы жәзира шалғын – шалғы салар шабындық – тайлақ бабадан шыққан тағылымгер Орынбай Ақымердің түлеген шабындық түбегі. Төменгі шегі Қабырғабұлақ: қазіргі бітіктастың білгірі Қаржаубай Сартқожаның кіндік ұйығы.

Мінеки көштен озып, таң сәріде өрген отар қойға жетесің. Мәжаураған қусақты өрлей қалжырай жылжыған ұсақ малдың ұлар–шуылы өрісі өрілген өлең секілді.Селтең лақтардың балауса басынан жұлдыз кешкен лағыл мезеті.

Қанжығасындағы серкенің қуығындай тері торсықтағы айранды анда–санда бір «еміп» қанаттас кетіп бара жатқан қой отарлардағы Қыдырбай, Байтаза, Нойәуір қатарлы ұлдармен сыбай–сапар інім Сұраубай өз алдына бір бостан!

– Көшерден екі тәулік бұрын лақтаған күрең туша бақырып жүрмей келеді!
– Желіні әбден сыздапты, лағы қайда? – дейді Тілейхан жан ағам.
– Көштегі сары атанға бастырған ұраңқай шарбақтың ішінде.
– Ендеше әлгі «сары түртіншекті» ұстап әкел! («Сары түртіншек» – жазғытұрым енесінен жетім қалған заржақ сары көрпеш. Енесі байқаусызда құйға түсіп өлген!? Содан бері әр қойды бір түртіп осы «атаққа» ие болған сормаңдай!) Күрең тушаны ұстап тұрып сары түртіншекті емізеді. Көмейі бүлкілдеп қомағайлана сорған түртіншек сары езуі көбіктеніп, өмірлік сағынышын өлердей емініп барады! Болашақ осындай емінек,түртіншек болса не істер едік!? Бақырып жүрген күрең тушаның үрпі жеңілдеп иінгені көрініп тұр!

– Сықсиып бірдеңе оқып жатпа... қозы, лақ ұйықтап далада қалмасын! Ағамның әзілі де екіұшты аңыздай!
– Бірдеңе емес – «Абай жолы» дейді қырсық інім!
– Шешенін қарашы?! Кім үйретті-ей!?
– Сізден, ки-ки-ки!
– Өй, жаман неме! Әйде ерте жарықта жетейік, қозғалыңдар! Ағам екеуміз көш соңынан құйғыта жөнелеміз! Ат тұяғы тиген жер – зердаңғыр! Қапталдағы қыраттар бізбен бірге жарысып келеді.

Алдымызда адырлы Бейіттісайы ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде жаппай келіп қоныс тепкен найман Отыншыұлы Қалдекенің (1809-1869) елі (Әбдікәрім болысқа қарасты әлеуметі) қызылдың құрбаны Шәкірттің қыстауы. Сайдың иір иініндегі бейіттің өкпе тұсынан іңірде ары-бері өткенде қорқынышты елестер қуатынытуралы қайдағыны айтады!? 

Мүмкін бұ елестер: еріксіз ұсталып атылған ел серкелерінің тау паналап қаңғып қалған обалды руһтары болар ма!?

Маңдай алдында Далдайдың дарасы. Еркектің ерен айбары жұққан биік! Далдайдың кім екені беймағұлым, алайда аңызы санқилы.

Ақ ит өлген мойнақ (Агуйт өлөнгийн даваа)! 

Жайлауаралық аш мойнақ, аламан бәйгінің мәресі – тарихи белгір! Алдыңғы босаға – Сулы, Өртең, Құрағақ аталатын үш қатар сайдың етегін басып өтер көне жібек сілемі арба жолымен көш жүзіп баратын. Осы үш сайдың қарсы беті – Үш Көкбұлақ: қангелді Буянтөлекұлы Дүмжіктің (1826-1918) әуелгі мекені. Дүмжіктің баласы 1858 жылы осы жұртта туыпты да Қобдабай (1858-1912) есімі берілсе керек.

Аспаннан жерге албырай салбыраған алып бура бұлттар Түпшінкөлге шудасынын малып мамырлап жататын түс әлеті. Осы сәттегі көрініс шуағымен аунап түсіп, беткейге сіңген бейшарқат ғажайып рауанқосақта ертектегі шәһәр кенттің шырсұлбасы көрінер-ді. Доғал дәлеңке ме, үш қырлы шөлеңке сапылы найза сындаралы ма, тіпті кейбірінің кейіпі қырау қабат күміс  күмбезді сансыз айшық әлемге ұқсас!  Ешбір қисынға келмейтін сүле қимылсыз «сағым қаланың» өңіріне түйелі көш сіңіп барады.

Құдырет!

Көл жағалай шұбырған көштің сүлдеғайыпи сүгіреті айдында жон арқасымен жүзіп!!!

Үрейлі! 

Ұлы көшті өркениетті әлдебір ірі шәһәр әждәһа жалмауыз жұтып жатқандай үрейлі.

Әр аз уақыттық көріністі көзбен кешіріп көзге жұқтырған әруәй кезің әсте сөнбейді екен!

Түпшінкөл – қоңыр бас бидайықпен бөленген көгілжім көл. Қиқулы құстың базары!

Айдынның бетін айсбергтің ұшындай біркелкі жолақтап қаз, үйректің балапандары жүзеді! Жағалаудағы боз үйлердің  сүгіретіне мамығын төсеп, мүйігін көсіле көлбейтін топ – топ бозқулар!

Ат төбеліндей шоғыр керейлер мен байырқау ұраңқай ауылдары көл жағалай – жағалай боз үйлерін тігіп қонып жатады. Уақыт уысындағы бейнекөш сүгірет ауыл!

Жайлау, кигіз үй – біздің бабамыздың бір уақытта бірауық уақытша сөніп қалған миы секілді. Біз осы жұмақ жайлау, баба таудың бір шөкім жұлымы, бір мүшесі секілді едік! Музыканың жетінші нотасына қонған көбік, алтыншы түйсіктегі қалтаңдаңған көбелектің қанаты,көбік шаша еркелеген бозбұлақ секілді ғайып... Кешегі келісті ғұмырдың бір шүйке жұлымы – кигіз үй! Көшпелі қауымның сан мың жылдық ойлап тапқаны һәми  жабағыдан құрастырған ғабаһат жаңалығы.

Жаппа, итарқа, абылайша, қара қос, боз отау,ақ орда, т с с. баспана! Алты құрлықтың алақанына жайылған алты қанат кереге!

Өрдегі қырат жалға тырмысып шықсаң төменге төгілер өзіңді тосып алардай алақан жайлау аяныш! Тоғыз таспамен қос өрімдей қой қосағы! Сүтке оранған түс! Түс жамылған пейіш жұрт!

Көштен белін босатқан көп түйелер көл жағалап өркешімен жүзетін–ді. Кешегі күллі тарихты қомына теңдеген, қара жердің апшысын қуырған қайран қара жердің кемелері!

Мініс аттарды іркіп алып, босатқан жылқыларды белден еңкейген мұнарлы бұлттармен бірге үркітіп қуып бара жатар едік. Жылқының кісінегені – ұлы таулардың түкті етегін дүркірете ысырып келіп, бүркіретеді... Беу! Ғарыштан сау-л-а-п,  тұмса биенің туардағы ақтарылған қағанағындай ақ бастауда аунап жатқан Ай жарығымен бейкүнә түс көрер пай-пай жайлау ұйқыға кетеді!

Қол созымдағы жұлдыз біткен жас бұзаулардың жанарына түнейтін.

Құс жолына құлап барып таң дидарын құша құлаған лағыл махаббат аясындай тымық дем!

&

ЖАН ТАҢЫ

(Ян Гүйфей – пәуе танабындағы раушанға тұнған Ай нұры...)

Түнейді сыбырлы құрағын құшақтап, өксиді сарын бір,
Ұшады жаңбырдың тамшысы ауада мұңайып, байғұзбен...
Үрейлі қара үңгір секілді аспанның етегі, күргейлі шағыл қыр,
Түнейді түйенің көзіне кең аспан кеңістік... Ай жүзген. 
Білмеймін...
Бейуақ кімге не, меңзейді үндемей, бірдеңе дейтіндей...
Баяғы бір әуен үзігі жалғанып, жаңғырған,
үркіндер
Сәуірдің мазасыз бұлтының  дүрбелең кейіпіндей,
Ақ бауыр жаңбырдың иісіндей...
шіркін түн!
Мың жылда бір рет өмірге өргізген өрмегің,
Жиылып қайтады сарғайған шалғайға сіңісіп.
Өңшең бір сағыныш сағымы алдамшы уақыт көргенің,
Ерменнің иісіне масайып, жастанып түз гүлін,
жамылып бусанған жылы ішік, жатқаның құнысып.
Құстарға ілескен құдырет күмбірің –күз мұңы.
Өткен шақ – өзегің, өртенген тынысың!
Өртенген тынысың, жүрегің дүрсілі аспаннан құлайды,
бұрқанған азабың бұлқынған түріңде,
Ауаны қарманған саусағың ақырын дірілдеп,
Ажалдың есігін қағады!
Құтырық құйыннан қорғалар рауани ала кеуімдер,
Табанның астында бақырған баялыш құрақтай!?
Тұңғиық тұнағы жүдейді жусанды даланың демінде,
Іңірдің уысында ілбиген үрейлі шырақтай...
Түнейді!!!
Жолдарда жалғыздық... Үрейлер ербиген сұлбалар,
Жалғыз көз  жарық – Көк, маусымдар сабырлы.
Жалбыздың жүзінен мейірім сүлдері сырғанап,
Қайтарда қайталап белестің шетінде таусылған елесі – сағым жүр,
Мендегі шағыр мұң, жердегі әжімдер жұғыны,
Кірпігің ұшында ұшқындар домалап, жағымсыз,  жағымды;
Күрсінген жапырақтар – шыр сіңген құбылы...
Кәдімгі!?
Жарығым – жартасым,тәкаппар сына Шың,
Сағындым!
Құшқым да келеді... құлашым!
Саған мен табындым білеудің қынасы...
Кәдімгі.
Расы-ы-ым!!!

2021.27 ақпан

Фотосурет: «Көш» Калиакбар Үсемхан бауырымның парақшасынан алынды.

Сұраған Рахметұлы

author

Сұраған Рахметұлы

АҚЫН

Жаңалықтар

Түркияның Ризе қаласында лай көшкіні жүрді, деп хабарлайды madeniportal.kz. ВВС мәліметінше, Чайели...

Жаңалықтар

Ақмола облысы Атбасар қаласындағы тұрғындар жаңа үйдің құрылысына сын тақты, деп хабарлайды mad...