Мақалаға магиялық реализмнің көрнекті өкілі, суретші Роб Гонсалвестің картиналары қолданылды. Картин...
ЕҢБЕКҚОРЛЫҚТЫҢ ЭТАЛОНЫ. (Дүкенбай Досжан шығармашылығы хақында)
…Өмір көбіне тосын сәттерді көлденең тартады… 2009 жылы «Мәдени мұра» журналына қызметке келдім. Басылымның бас редакторы, көркемсөздің су төгілмес жорғасы – Дүкенбай Досжан. Есімі бала кезімнен етене таныс қаламгермен қызметтес болу – үлкен мәртебе, жауапкершілікті іс. Әсіресе, жазушының бұрын-соңды жазған әңгімелері табиғатыма жуық, жаныма жақын еді. Әр кейіпкері туысымдай көзіме жылы ұшырайтын. Беймаза сезімге бөлейтін. Және әлгі кейіпкерлер біздің ауылда, маңайымда өріп жүргендей сезілетін. «Ергежейлі» әңгімесін алайық. Бас кейіпкері – құдды біздің ауылдағы Жылқыбай ағама ұқсайды. Оның таудан тас домалатқандай алдыр-салдыр мінезіне бала біткен «жынды» деп күлетінбіз. Дүйім бала сыртынан сықылықтап мазақ қыламыз. Ол болса, маңайында қаулаған қиқар сөзді елең қылмай, өз білгенімен мәз болып, өзінше өмір сүріп, жүріп жатады. Ептеп өлең жазады. Онысын ешкім көңіл бөліп оқымайды. Текке өлген уақыт десеңші!
Дүкенбай Досжанның Яғымусы сайқымазақ балалардың тілінде «жағымсыз» аталып кеткен кейіпкері еш қалыпқа сыймайтын, өз басымен өзі алысып жүрген әпенде мінезі көңілімді қатты толқытты. Әлгі әңгімені оқығаннан кейін әдебиетке құштарлығым оянды. Жазушы болсам деп армандай бастадым. Кейін Жылқыбай ағамның жүріс-тұрысына жаным ашитын кепке түстім. Сөз саптасы, қалыпқа сыймайтын бейнесі көз алдымнан еш жуылмай қойды. Бірде ашық-шашық, келесіде томаға-тұйық жүрісі кісі күлерлік, әрі ерсі, әрі оғаш. Аузындағысын бөтенге жырып бергендей ақкөңіл, алаңсыз, артында зілі жоқ.
Ергежейлі Яғымус – бұрын ұшыраспаған, тосын бейне, тың образ.
Құйтақандай кішкентай кейіпкерін жазушы жанды қуыршақша шырқ үйіріп сөйлете білген. Жан сарайын аралап көрсеңіз, жүрегіңіз сыздайды. Яғымустың жанары осы мезет кішкентай күнге ұқсады, жарығы таусылып, сөніп бара жатқан қызыл нұр ше. Қызыл жас. Ызығут өмірде жалғыздық дертінің болатынын алғаш рет сонда сезіндім. Әлгі қызыл жаста сол дерттің тұнбасы… тұзы… үлкендерге деген өкпе… тіпті, күміс тісті Күмісбектің қиянаты… біздің әзіліміз… жәбіріміз… бәрі-бәрі тұнып тұр-ау, тұнып тұр. Жүрегім әлдебір жаманшылық сезгендей езіле соқты. – «Далабай, күннің бетінде де өмір бар білем, – деді ол. Жауап беруге батпадым. Бірдеңе десем-ақ, Яғымус күн батқан жаққа жылыстап кетіп қалатындай көрінді. Егер ол шынымен кетіп қалса, кімді ермек етпекпіз, кімге күлмекпіз?..» (Д.Досжан. 1-том,69-бет). Әңгіменің өне бойынан жалғыздық… жетімдік… жетіспеушілік… дерті желдей еседі. Жүрегіңді кермек мұң кеулеп, тұнжырай түсесің, әлемтапырық күй кешесің. Яғымустың жалғыздық дертін өзің де бастан кешкендей боласың. Сөз, сөйлем баланың ойымен өріліп, әрқилы әсерге бөлеп, бесіктегі сәбише тербетеді. Жүрекке қоңыр мұң ұялайды. Шығарма нендей кепті сөйлетсе де оқылып, оқырман ойын сан-саққа жүгіртіп, толқыта білсе, дегеніне жетті деп білгейсіз. Күндердің күні қаламгер иелігінен шығып, халықтың көркемсөз қазынасына айналады.
Жазушының балшекердей тіл үйірер «Шортанбай», «Қымыз», «Арыстанды-Қарабастың желі», «Терезенің жарығы», «Жігіттің бір жұрты», «Көкпар», «Қыдырдың құбылысы», «Қызылқұмның желі не деп жылайды?», «Құмда қалған кемелер», «Адамға қанша қуаныш қажет» секілді тірі сөздің жауһар түзілімі, ою-өрнегі кілем түгіндей классикалық әңгімелерін оқып пайымыңыз кеңейіп, қиялыңыз қанаттана түседі, ортайған ойыңыз толады. Әбіш Кекілбаевтың қисынды сөзіне зер салайық. «Баяғыда перғауындар бақилық болған перғауынның дереу кеудесін жарып, жүрегін алып тастап, орнына асыл тас салып балауыздайтын болған. Ондағысы – әлгі өлген перғауын Жаратқан иенің алдына барған кезде – сол перғауынның көзі тірісінде я біліп, я білмей істеген күнәсін жүрек, шіркін, Бас иеге айтып қояды деп қорқады екен. Сол секілді Дүкенбай Досжан жүректің оттай ыстық лепесін сияға малып жиырмаға жуық мөлдіреген хикаят жазды. Кейіпкер жаратылысын індете қозғап, жүздің үстінде әңгіме туғызды. Бұлардың бәрін жіпке тізіп ғылыми еңбек қорғап жатқан ғалымдар легі бір шоғыр» (Ә. Кекілбайұлы, Шығармаларының жиырма томдық толық жинағы, 13-том, Алматы, «Жазушы», 2011, 397-бет). Әлгі әңгіме өткен ғасырдың 70-80 жылдары жазылса да әлі де көркемдігін жоймаған, қайта жыл өткен сайын құндылығы артып, қын түбінде жатқан болат кездіктей өткірлене түскенін сезесіз. Кәусарға бас қойғандай боласыз. Тас қайнардан шөл басқандай шекеңізден шып-шып тер шығарып, жүрек төрінен орын алады. Мейіріңіз қанып, мейманаңыз тасиды.
Аталған әңгімелердің ерекшелігі неде? Бедерлеген әр кейіпкер бойынан ұлтқа тән қанағат, мейірім, ізгілік азоны аңқып соғатыны неліктен?!
Ұлтымыздың сан ғасыр бойы қанына сіңген салт-дәстүрінің қайнар көзін ашқан, үріп ауызға салғандай, таңдайдан дәмі кетпес балшекердей әдемі штрих пен көрініске сүрініп-жығыласыз. Бір ғана «Қымыз» ұлттық сусынның жасалу, кемелдету, ұлықтау үлгісінің көркем энциклопедиясы есепті. Бейне шөліркеп келіп кәусарға бас қойғандай хикметке енесіз. Саба әзірлеудің өзі үлкен өнер шоқтығына көтерілген. «Өлкеге әйгілі Ақәділ ұстаның қолынан шыққан бұйым осы. Өрік ағашынан қиып құраған сөре саусақ тисе, өз-өзінен «сөйлеп кетеді». Сөренің төрт жақтауы жаңа туған ай секілді әппақ сүйекпен зерленген. Көзді арбап құбылады. Сөреден төменірек кереге басына ілген қос бірдей саба шермиеді, бірі тайсаба да, келесісі құнан саба. Сабаның сырт жүні құндыздың күзгі түгіндей күреңітіп, жақұтша жылтырайды, ішіндегі қымыз табы өтсе өстеді. Бұл сабаны Түркістан ұстасы жасаған. Жылқының терісін іреп сойып, сүріп, шеліп, көлеңкеге кептіреді, қымыздың бетіне шыққан іркітінен и жасап, иге салады. Құнан терісі бықырған иде апта жатады. Исінді болған теріні кермеге іліп, қырғышпен қырады, шелиді, сөлін сылиды. Таза тері көгеріп шығады. Саумалап саба ғып тігеді. Жас тобылғыны өртеп, ащы түтінмен ыстайды. Ысталған сабаға саумал құйып, күнұзақ ерінбей шайқайды, саумалын төгіп тастайды. Және ыстайды… және саумалмен шаяды… Қашан құйған қымыздан тері дәмі кетіп, тобылғы табы қалғанша өстіп алмастыра береді…» (1-том, 44-бет). Танымдық бояуы көзге ұрады. Қаламгердің ежіктей тәптіштеуінің жөні бөлек, жүрекпен ғана ұғасыз. Сабаның не екенін білмейтін ұрпақ өсіп келе жатқаны рас. Ата дәстүріміздің көмескіленіп бара жатқаны жүрегіңді сыздатады. «Өмірді түбіне дейін үңіліп танығысы келген кісі – кірпияз, кіді, шікәмшіл болмайды. Шікәмшіл, кірпияз кісі өмірдің түбіне үңіле алмайды, бетінен қалқиды. Бетінен қалқыған адам өз мінін, өзіндік болмысын жоғалтып алады» деген ағылшын жазушысы Джон Голсуорсидің сөзі жұғысты болғандай. Жазушы нені жазса да қазып жазады.
Қаламгер өткен ғасырдың 70 жылдары мінез экологиясы… немқұрайдылық… сезімсіздік… ұмытшақтық… дертінің алдын алып, сабырмен төндіре төгілдіреді. Уақыттан оза ой тербеуінің бір парасы ұлтқа жаны ашуында. Бүгінде «кешегінің бәрі көне ғұрып деп» мұрын шүйіріп жүрген космополит қандасқа қазақы қалып, ұлттық танымға толы әлгі әңгіме – меңзеуімен, тұспалымен-ақ шымбайға батырып, шамырқандыра түседі. Өз қағымыздан өзіміз жеріген киіктей кеп кешпесек дейді.
Кеңқолтық, бейнетқор, терін тамшылатып, белін бүккен, бейнеттен бойын тартпаған қариялар бейнесі жатқан бір әлем. Текті, ынсапшыл, қанағатшыл, қиындық атаулыға сабырмен, төзіммен қарайтын шынайы мінезді түстеп танып аламыз. Бүгінде асыл текті қарияларды жанарыңа жас толып, артыңа алаңдап, жан әлеміңнен жел өткендей сағынасың. Ел ішінде әлі де данагөй қариялар там-тұмдап табылар-ау, тым азайып кеткеніне ішің ашиды, жаның құлазиды.
«Момындар» әңгімесіндегі Айса шалдың бейнесі көнтерлі мінездің жиынтығы есепті жылу дарытады. Магнит өрісіндей үйіре тартып, жіпсіз жетелейді. Дарияның қолтығына қоныс тепкен шағын ауылдың қарапайым диқаны дүниеден озған. Мұндайда ағайын іші алтын бесік: бірінің жыртығына бірі жамау, біріне түскен ауыртпалықты бәрі жабыла көтерісіп күңіреніп кетеді. Былайғы уақытта аузы қисық, көзі қысық, ішегіне шынашақ айналмайтын пендешілікті ұмытып, бір атаның баласындай татулық танытатын әдеті. Ортақ шаруаға әсіре бейіл Айса шал – жұрт аузындағы Момын Айсакең мұндайда шыдап отыра алмайды. Белін буып, білегін сыбанып азалы үйдің отымен кіріп, күлімен шығып шат-шәлекей болып жүргені. Ақкөңілдің аты арымас, тоны тозбас кебі.
Көрегеннің кейінгіге айтар ақылы төмендегіше. «Ешкімге міндет қылма, өзіңнің осы өмірге келгеніңді әке-шешеңе де міндет қылма, маған неге көмектеспейді деген сөзді мүлде санаңнан сызып таста, келдің бе өмірге – өзің әрекет жаса, өзің өс, өзің жетіл. Өзің шығатын биігіңе өзің жетуің керек, біреудің балдағын пайдаланып шықпа», – деген сөзі жігерін жанитын қайрақ есепті. Маңына парасат шуағын шашқан Айса шалдың ойы тұнық, тұғыры биік. Автор қариялық, үлкендік мінезді биікке көтеріп, парықсыз пендешіліктің безін шығара шенеп, адами қасиетті кәкір-шүкірден арши жүреді. Ашық-шашық жүріс-тұрысына мырс-мырс күлесің, езу тартасың, ақырында еңсеңді ауыр мұң басады. Тығып жүрген қазынаңды тонатып алғандай, жападан жалғыз қалғандай кепке енесің.
Қаламгердің көркемдік жолындағы ізденісі прозаның үлкен жанрларында қапысыз танылды. Қаламынан «Жібек жолы», «Дария», «Табалдырығыңа табын», «Зауал», «Мұхтар жолы», «Алыптың азабы» сынды қалың роман, «Жолбарыстың сүрлеуі», «Тілегімді бере гөр», «Адамға қанша қуаныш қажет», «Күміс керуен», «Сексеуіл шоғының қызуы» секілді бір тыныспен оқылатын баян туды. Тұнық, мөлдір тіл бояуы, сөз суреті, меңзеу мен тұспал мұхиты, қайталанбас көрініс гобелені – қиялды қаузап, көзді арбайды. Тауға шыққандай биіктейсің.
«Жолбарыстың сүрлеуі» хикаятына тоқталайық.
Шығарма 1981 жылы жазылыпты. Ықшам, бас-аяғы 36 бет. Баяны шымыр, жылы ағысты дария иіріміндей. Бас кейіпкер – Аяпберді. Қойшы болса да ой бағатын философ. Өз-өзінің жан сарайына жиі үңіледі. Жан-жағынан құм саулаған Қызылқұмның қиян түкпірінде ата кәсіптің жолын қуған бозбала шаруасына шегедей мығым. Үйлі-баранды, күні еңкейген кәрі шешесі, қолды-аяққа тұрмайтын келіншегі, қос бүлдіршіні бар. «Ойлайтын: маңдайына жазған тағдыры – қысы-жазы төбеде шыжғырған аптап күн, ысқырған аңызақ жел, сары сағым, ит байласа тұрғысыз Қызылқұмның қиян түкпірі деп. Ұжымның азынаған ашқарақ қойы тағы. Биыл ерте көктемнен құм ішіне жылы жаңбыр ел-сел жауып, айдаһар – жел ішін тартып, бетінен боздағы шыққан өлке түлеп шыға келгені. Кәрі шеше соңғы отыз жылда құм төсіне құдайдың рахымы жауғаны деп жеті нан пісіріп, күңіреніп құран оқыды. Ерте тойынған мал жедел күзекке түсті, үйіп төл төкті. Әшейінде қусаң құмалақ түспейтін қатпа саулықтар биыл егізден қозы маңыратты. Тізбенің соңында сүметіліп жүретін Аяпберді аяқ астынан «озат», «Аякең» аталып, балағын шұбалтып мінбеге өрмеледі… тәжірибесін термеледі…» (Д. Досжан. 3-том, 110-бет). Оқиға осылай басталады. Ұжым атқамінері, өзге белсенділер кеу-кеулеп Аяпбердіні шипажайға жөнелту қамында шала шабылып жүр. Дай-дай көтерме сөздің аяғы мұны Мәскеу түбіндегі қалың жыныс тоғай арасына қоныс тепкен шипажайға сүйреп әкелді.
Аяпбердінің ойы өзге полюсте. Тағдыры құммен құмша сусыған кейіпкердің жүрегі ойнамалы, көңілі алай-түлей. Үй іргесіне көрпесін қымтап саулап кеп қалған құмға баспанасы көміліп қалмақшы ма?.. Күнұзаққа қолды-аяққа тұрмай, үйдің былыққан шаруасында тыпырлаған келіншегінің мойнына бар салмақты үйіп сап, шипажайдың ақ сейсепті төсегінде аяқты көсіп салып шіреніп жатпақшы ма… Анасы, екі баласының тағдыры не болады деген сан сауал кейіпкерді жегідей жейді.
Аяпберді алыстағы Мәскеуге жол тартады. Көмекшілікке Таубай, Әбутәліп есімді екі бозбала жегіледі. Кейіпкеріміз іштей жүз толғанады: «Ел шетінде отырса бір жөн, Қызылқұмның бөрі жортып, мәлін шулаған, желі азынаған қиян түкпірінде жан сақтаудың өзі қиямет-қайым» деп уәйім жейді… түңіледі… күңіренеді… Шипажайдың ақ төсегі жамбасына тастай батады, ішкені ірің, жегені желім.
Әдебиетімізде бұрын-соңды тілге тиек болмаған соны тақырып – Құм тағдыры туралы азапты, өксікті, шерлі шындыққа табан тірейді. Құмды өлкеде өмірге келген қаламгер бала жасынан шөл азабын сезініп, біліп, тұшынып өскен. Сол себепті құмның сексеуіліне, жантағына дейін тіл бітіріп қозыдай жамыратып шығарма желісіне құп көгендейді. Құм ішінде көрпесі ашылмаған құпия қаншама. Қазақ құмды кие тұтады, «құмдай көп болайық, бір-бірімізге сеп болайық» дейді. Көкірегі көмбе Аяпберді құдайдың құтты күні шегелеп келеді: «Бұйраттың балапан сексеуіліне тимеңдер, қызылдың құмы ішкері суси түссе, қарап қалады, қыстауды басып қалады», – деуші еді» (3-том, 113-бет). Айтқаны келіп, жағадағы тотияйындай селдір тоғайды жұтып, үй іргесін кеміріп құлатуға айналды. Айтқан ауыз жаман. «Әуелі қораның іргесін басты, ойпаттың шұрайлы жерін жалмап жұтты, қолтықтағы қойшы құжырасына айдаһарша ысқырып, жер бауырлап төне түсті. Қомағай, тойымсыз, жұтқаны жұмырына жұқ болмай, құйрығымен жер сабалап ындыны кепкен құм-жыланға Аяпберді күн сайын күрегімен беттесуге шығады. Құм-жыланы әккі, түнемесі жылжиды» (3-том, 113-бет). Осы апатты көре отырып, біле тұрып ауыл әкімі дәрменсіз. Сынап секілді сырғанап, сырғақтап, жауырды жаба тоқиды, басшыға қосшы тағдыры керзі етік ауыстырғанмен пара-пар. Төрт аяқты малдың амандығын ғана сұрайды. Құм-жыланмен алысып, шалысқан Аяпберді тірсегі тірсегіне тоғысып титықтайды. Дүниеден баз кешіп кеткісі келеді. Ақыл сұрап алыстағы ғұламаға хат жазып әуре. Маңайы таскерең мылқау… Жазушының: «Қойшы қой бақпайды, ой бағады» деген сөзі еріксіз еске оралады.
Хош деңіз! Көз ашқалы түкпірдегі ауылдан ұзап шықпаған Аяпберді үлкен қалада құмырсқадай құжынаған нөпір жұрттан жүрегі лоблып, басы айналады. Аман-есен шипажайға жетіп, жан шақырып, қалың ойға беріледі. Жазған басы: «Бұйраттың пұшпағын жүлгелеп өтетін жолбарыс сүрлеуіне малды да, жанды да жолатпай түнемесі сақ жатыңдар» (3-том, 117-бет) деуді жүрерінде тарс ұмытыпты. Жон арқасынан суық тер құйылып, жүрегі май ішкендей кілкиді. Сұмдығы соңынан ашылады.
Ілкі заманнан бұйрат пұшпағындағы кісі аяғы баспаған сексеуілі, жыңғылы дарияның сағасына тірелетін. Ғасыр басында құм, жыңғыл, қамысы қоян-қолтық жаптасқан тоғай ішінде жолбарыс жортқан деседі. Өткен ғасыр аяғында Ақмешітті алған әскербасы Черняев әлденеше дүркін осы маңнан жолбарыс аулай шыққанын жазушы ағамыз тәптіштеп жазған. Сымтемір сүргімен отаған сексеуіл мүлде сиреді, жыңғылды өрт шалды, нарқамыс қарттың шашындай сиреп жоғалды. Азынаған жел мен ойдым-ойдым айтақыр қалды. Жел үп етсе, күл суырғандай көзді тұтады.
Бір заманда найқала аққан дария жағасында жолбарыс болған деген аңыз кешегі күнге дейін айтылатын. Ел ішіндегі ескі сөз ұмытыла қоймаған. Бабасы жолбарыс аулап жан бағыпты. Нарқоспақтың белінен жолбарыс ырғып өтсе, түйе белін көтере алмай қалады екен. Жолбарыс жортқан көне сораптағы қауіп кейіпкердің жүрегін тіліп өтеді, уәйім шегеді. Ел шетінде жүргенде киелі аңды көзі шалып қалғандай еді. Малдың жайын малдан артық сезетін Аяпберді жаз шыға азығын сайлап, бөктергіге жұмырын байлап, ашқарақ мазасызды алысқа айдап жоғалады. Далаға түнеп, бұйраттың етегіне аяқ созады. Сүті қайтып, үрпісі қатып тойынған саулықты күн көтеріле қыстауға айдаймын ғой деп бекінген түні… «Түн емес-ау, апақ-сапақ кешқұрым, көкжиек қызылы әлі жуыла қоймаған кез… Жолбарыс сүрлеуі аталып кеткен еспе құмның күнес беткейінен созалаңдап бара жатқан әлденені шалып қалды. Саулық дүр етіп үрікті. Бұрын «көкжал көрсе қаймықпай қарсы шабады», – деп дүрдиткен төрткөз төбеті құйрығын бұтына қысып қыңсыласын, жер бауырлап жата кетсін…» (3-том, 117-бет.).
Әлгі оқиғадан кейін піскен бауырдай тілініп жатқан құм ішіне аттап баспауға бекінген. Көргенін ешкімге тіс жарып айтпаған. Жүрер алдында осы қауіпті зайыбына ескертіп кетпегенім-ай деп бармағын тістейді.
Ауыр бейнеттің кезегінде қалған жас келіншектің басыннан өткен азапты кепті қаламгер көркем бояу, көрікті тілмен майын тамызып суреттейді. Келіншектің әрі нәзік, әрі сезімтал, әрі бейкүнә жан сарайын аралайсыз. Сыпайы, қазақы, жан жылулы, құштарлығы отша шарпыған әйел басына төнген қатерді тағдыр деп қабылдайды. Көмекшіге сенбей отарға өзі иелік етеді. Ақ тер, көк тер бейнеттен мүжіле бастаған. Күйеуіне көп жәйітті жіпке тізіп айта бермейтін. Жар төсегінің ыстығы басылған. Күйеуі құлағың қайсы десе – мұрнын көрсетердей можантопай, мырың мінез, құм адамы деген есім жамады. Жұбайына қаратып айтылған әзіл-оспақ әйелдің нәзік жүрегіне біз боп қадалады. Құрбылары: «Миы ашыған, мәңгүрттен құтыл», – деп келеке қылады. Табиғаттың тылсым сырын тамыршыдай тап басатын жігіттің жан азабын түсінетін келіншектің өз мұңы өзіне жетеді.
Автор әуелгіде ағыл-тегіл ақтарылмай, оқиғаны шиеленестіріп барып біртіндеп шешеді. Ой қайшыласуы оқиға қайшыласуына алмасады. Мәскеуде жатқан Аяпберді мен ауылдығы Зейнелдің ой ағыны бір көлбеуде түйісіп, өрмек тініндей қатар өріледі, мистикалық элементтерге жиі жүгінеді. Демалыста қамсыз жатқан кейіпкеріміз оқыс ойдан түс көргендей шошынып, бұйрат сүрлеуінде бүлкектеп бара жатқан құбыжық пәленің келіншегін қанжоса қылып талағанын ойша елестетеді. Төсегінен атқып тұрып: «Сақта-сақта!..қайда-қайда!» деп жын қаққан кісідей сыртқа ытырылады.
Осыдан кейін-ақ оқиға өзгеше полюстен өріс алады. Келіншекті баяғыда тұқымы тұздай құрыған аң патшасы емес, іргедегі үлкен шаһарда жер сілкініп, хайуанаттар саябағынан қашып шыққан, қолдан тамақ жеп үйренген Австралия ақ қасқыры алқымдапты.
…Ай жарығы астында келіншек түзге шығады, қаперінде дәнеме жоқ, әудем жерге ұзап кетеді. Әсерлі сурет көлбеп өтеді: «Ашық қалған есіктен ашыққан, бүктетілген әппақ мақұлық үйге сып енеді. Келіншек аяңдап келіп табалдырықтан ішке аттап, сол қолымен есікті қаусыра жапты. Қаракөлеңкеде кәсекіні сипалап ілгекті тауып, ішінен ілді. Артына айналып, кібіртіктей басып төр бөлмеге жылыстап жылжи берген. Жүрек басы дір етті. Әппақ иретілген құбыжық ар-р етіп, қарсы ұрып, жағаласа кетті. Үрейден есі шыққан ұрғашы бетін басып, аһ ұрып, құлап түсті…» (3-том, 138-бет). Жаңа бүр жарған өмір қызғалдағы – жас әйелдің ғұмыры қысқа. Жазушының меңзеуінше, тұспалынша – ғұмырды үзген – құм ішіндегі ауыр бейнет, құм-кеселге ұшыраған кісілердің немкеттілігі, енжарлығы, қамсыз-мұңсыз мінезі, бір-бірімен түсінесе алмауы, мінез экологиясы дер едік.
Сарғыш сағымға жұтылып, бірде керілген жіпке ілген кірдей, бірде таңғы бұлтша желпілдей жүзіп, көлденең ұзап бара жатқан келіншектің үлбіреген рухын көресіз. Хикаят осымен тәмәм. «Хикаят неге қайғылы халмен аяқталады?» деген сауал көкейде көлденеңдейді. Әрине, қайдан құлақ шығару – қазаншының еркінде; символға, мистикаға жүгіну жазушының талғам-танымы.
Қаламгердің үш ерекшелігін бөліп атаймыз. Бірінші: бұрын әдебиетте сирек көтерілген құм тағдыры, кісінің еңсесін езіп, иығын басқан ауыр бейнеті сөз болады… Екінші: табиғат пен адам мінезінің экологиясы – адам жан дүниесінің табиғи ортамен қосыла жұтауы, табиғаттан бірте-бірте кіндігі ажырап бара жатқаны егіз өріледі. Үшінші: жиі қалам тартылмаған мистикалық сарынға, магиялық меңзеуге еркін бойлап, ой мен оқиғаның көркемдік тінін тауып, философиядан өрмек тоқығаны төбемізді биіктетеді.
Әдебиеттің басты эталоны – тіл. Жазушының қай-қай шығармасы айшықты көркем тілмен көмкерілген. Таңғы самалдай есіп жаныңа жел боп тиіп лықси төгіледі. Баяғы Төлеген Момбековтың шертпе күйінің әсеріндей айтып болмас қоңыр мұңға шомасыз. Көненің сазды сарыны секілді құлаққа жететін аса ойлы, бояуы қанық, мазмұны терең хикаяты, әңгімелері жылма-жыл жарық көруде. Біраз ойымыз қағаз сыртында қалды, айтылар, ағытылар хикмет көп еді, алдағы уақытта үкілі үміт үзілмесі кәміл. Жазушының әлі күнге қаламы суымаған, ат үстінде қол төңкерген дүбірлі сарбаз бейнесі елестейді.
«Жазмыштың жазуы» естелігінде: «Тұнжыраған, мұңайған кісіні көрсем сыр тартып жан әлеміне үңілгім келеді», – деді автор. Осы сөзді оқығанда көз алдыма қаламгердің өз бейнесі келді. Жазушы үнемі тұнжырап, өз ішіне өзі үңіліп, томаға-тұйық, әрдайым ойлы кейіпте жүреді. Пікірін тереңнен толғап, суретпен тұздықтап айтады. Көп шешіле бермейді, көп сыры бүркеулі ме деп қаласыз. Өмірден көрген-түйгені, тоқығаны теңіз. Бар арманы – көкейінде қоздаған суретті ақ қағазға түсіргісі келеді. Жазудан бас алмайды. Қашан көрсең қағазға, кітапқа еңсесін салып үңіліп отырғаны.
Мақала тақырыбына жанкешті сөзін қойғанда – жазушының көп жазғаны, я болмаса көп кітап шығарғаны есеп емес. Кітапты кім шығармай жатыр, кім елдің көзіне түспей жатыр. Жанкешті сөзін – алпыс жылға жуық көркем сөздің соңына шам алып түскен ұзына бойғы уақыт ішінде қаламгердің шығармашылық мінезіне байлап бергеніміз.
Шындығында ғой. Сөзден – сөйлем, сөйлемнен – силлогизм, силлогизмнен – пайымды індете іздеп, сөздің жанын тірілтіп, көркемдіктен кемпірқосақ құрып, өрмек тоқу… сол өрмекті жүрегінде тербету – төзімсіздің жігерін жүн етер еді; төзімдіні қайрай түсіп, қиынға салып, ақыр соңында шеберлік әлемінің асқар Алатауына алып шығады. Осыншалық ақ тер, көк тер бейнеттен бойын тартпай, әлі күнге жазудан бас алмай, алдына жан салса, екі-үш кісіні ғана салып, дүниедегі бар қызығы жазу болған қаламгердің мінезі – көз алдымызға жанын аямаған жанкештілікті елестетеді. Шығарымпаздық жанкештілік дегеніміз осы болар.
Кейіпкер хикметін – автордың өз хикметім деп сезінуі ғажап. Адам жан сарайының рентгеніне айналуы бар. Хатқа түскен образдың тіршілік кебімен өмір сүріп, тынысымен тыныстап, күйінішімен күйініп, сүйінішімен сүйініп, ой-пікірімен мидай араласып кетуі оп-оңай. Кейіпкердің өмірімен өмір сүрудің өзі өзгеше тарап әңгіме.
Жанкештілік – ең әуелі сөз ұстартуда, тірі сөздің жүрек бүлкілін, жан тебіренісін тап басып тануда жатыр деп ойлайсыз. Сосынғы жанкештілік – саусағын сүйел еткенше, көз майын тауысқанша, қалам мен қағаздан бойын тартпай, оқу, ізденудің жолына түсіп: Яғымус, Палмантай, Аяпберді, Далабай секілді баяғыдан көпке таныс кейіпкердің жан әлемін – өзінің жан әлемімен қабыстыра, жаптастыра тіршілік кешуінде ме деп қаласыз. Жазушының қалыбы: шаш етек шаруадан қолы босамай, біразырақ бос мойын жүріп қалса, жаза алмай кетсе – екі қолы алдына сыймайды екен. Барынша кірпияз, ашушаң, шамарқанғыш кепке түсіп, аяқ астынан түлен түртіп жүреді. Жын иектеген бақсыға ұқсайды. Кеңқолтық, бауырмал, ірі сөйлеп, ірі турайтын мінезінен аяқ астынан көз жазып қалады.
Халқымыздың тірі сөзін өрнектеген қабырғалы жазушының шығармалары туған халқымен мәңгі жасай бермек.
Азамат ЕСЕНЖОЛ