Рахымжан Отарбаев шығармашылығындағы саз, әуенгершілік төңірегіндегі бірқыдыру ойлар.Бір жамағайын а...
Роза Аспанқызы: Өмір сөніп барады сөз ішінде...
✴✴✴
"Мөп-мөлдір... Алғаусыз... Бейкүнә..."
Ғаламды дейтін, ә?!
Сүйкімсіз жылдардың сүйікті сәттерін
Бейітке балайтын кей шүбә.
Дірдектеп жүгірген даланың төсінде
ең таза ой шығар...
Ең таза ой шығар - махаббат.
Сафтыққа құмартқан жүректер.
Мейірімді ананың көз жасын жұтатын түндер де
Сәбидің бағына гүл еккен
Ең әсем жүрекпен.
Сарғалдақ сарғайған сананың түкпірі
майшамның еріген тәніндей.
Әлемнің әнін кей,
Періште пейілдер ұнатар.
Сәбилер бір тілде іңгәлап,
Гүл біткен бір түнде бүр атар.
Бір Тәңір жаратқан бұл ғалам!
Жапырақтың тәнінде илаһи жылғалар.
Мұң да ағар.
Кеудесі шарлардың түнекке оралып,
Пердесі Тәңірдің Нұр қалар.
Сол күні...
✴✴✴
Сұрықсыз ойдың қанатындағы қиялмен,
Сүйкімді өлең оқи алмаймын сізге Мен.
Қасіретті жылдың сіңіріп жанға күзгі өңін
Үміттің жібін ұсынып тұрып «үз» дегем.
Сіз болмай ғұмыр өтпегендіктен емес тек,
Мазмұнсыздықтан жалыққан сәтте іздегем.
Жалғыздығымнан қорыққан сәтте іздегем.
Даналықтардан даурығып біткен дәуірдің
Қос жанарынан сезім төгілсе жырлар кім?
Зауқым соқпаған захметті кешіп кетем де,
Күлкі қамаған бақытсыздығымды бұлдармын.
Кексіз де өтер не қилы өмір дегенмен
Ең соңғы Күнім
Тек сізге айтар Сыр қалсын.
Зіл қара түннің түнегін серпіп ойыммен
Тәңірдің бағын көремін көктен түспеген.
Жалғыздығыма жармасып келген жақыным
Жабырқап жанды құшты әрең...
Сіз Аспан асып келмейсіз де ғой Мен үшін
Ал Сізге Менің жетуім үшін Түс көрем!
✴✴✴
Бəрі де өтер,
Бəрі бекер...
Жыр куə.
{Мұңшыл уақта міншіл сезім бұлқынар}.
Бар арманның маңдайында қайғы ізі
Бар бақыттың жүрегінде бір күнə...
Жасырынған...
Асылында сыр да осы.
Ақшағырмақ Аспан жанмен нұр кешіп.
Шөкім-шөкім ақ бұлттардың қойнында
Күткен көктем күңіреніп жүрмесін.
Нəркес бақыт төсінде өскен асыл əн...
Ғасырлардың сипап тұрар шашынан.
Мендік өмір мазмұнсыздау көрінді
Əзиз көздің ең қайғылы жасынан...
Адалдықтан естіп сонда бөтен үн.
Таппай таңның талғамы ұлы мекенін.
Өмір сүріп ұғына алмай кетерміз
Өлмеу үшін сүю керек екенін...
Дәл сендей!
✴✴✴
Ақ көбелек, таныс па сізге жылау?!
Ақ көбелек, таныс қой бізге жылау.
Ақ жаңбырдың тілінде дір-дір етіп
Қараңызшы...
Жылаған Күз бе мынау?!
Жан жүдеген сары бақ ішінде ме?
Тағдырыңа ұқсайды түсің неге.
Жанарымда жылт етер ақ көбелек
Қаламымда қартайған мүсіндеме.
Өкінішсіз қарайтын өткен ізге.
Құмартатын құм сіңген көк теңізге.
Қанатыңнан сипайтын ақ қол күтіп
Сен де оны жүрмісің көктен іздеп...
Ақ көбелек жылау да сізге таныс.
Ақ көбелек жылау да бізге таныс.
Бұл қашанғы бітпейтін бөтен өмір
Қанат қағып кетейік Күзден алыс...
✴✴✴
Көлеңкелі көшелерде көп күттім
Көктемімнің келерін.
Көк теңіздің кемесіне кешігіп келмедің бе Керегім?!
Көзімдегі Күн күлкісін көп көріп
Намазшамның қарбаласын өткеріп
Жел боп өпкен Сен едің.
Сенемін. Шерлі жылдың шешіміне бас ұрып.
Шерлі көздің шындығындай шашылып.
ƏР тамшыда өліп жатқан сөздерді
Келесіде өлтірмеуге сөз бердім.
Жасырып...
Қол аяғын баурына алып бүріскен
Ойларымды жұбатам деп Жүрегім
Дүрс-дүрс етіп тұр іштен.
Наркескендей жарқылдаған жанары
Тағдырыма о қашанғы наламын.
Сен қашанғы көрінбейсің Періштем!
Күн көзіндей құбылмалы дүниеде
Күйдіреді ескі мұң.
Күдігімді үмітіме тең қойып Ай көрінер кешқұрым.
Тобылғының түсін сүйген ғаламмен
Жəне нәзік ақ армен
Жамшид əнін естідім.
"Кешікпей келем деп ең..."
✴✴✴
Әлемге өлеңдей тамсанған емес ем.
Ән салған емес ем құстармен...
Кетпесе деп едім мейірімнің мезгілін
Жетпейді күш дәрмен.
ДүниеМ, ұсынса "Жәннәтқа жүрші" деп
Жүректің қолынан ұстар ма ең?!
Жан тербеп жаралы жаныңның пәктігі
Құштар ме ем маусымға сен келген.
Тәңірсіз таңдардан тасаға тығылып
Сезімсіз көшеде сенделгем...
Әлемнің тілегін арқалар арыңмен
Өлеңнің жүрегін емдер ме ең?!
Таң атты көрдің бе,Көріктім
Қанатты қиялды қәте деп?!
Өмірден жалыққан жанарлар жылайды
Сезбейді сезімге не керек?!
Жалғыздық жаныма жақын ғой Дегенмен
Қасымда қалар ме ең?!
Жан білмес Аралға кетер ек...
Бүгін!
✴✴✴
Ғарыш жүрек таңды сүйген бөтен бақта , мұң да өгей.
Ал сен бақыт жайлы айтасың түнде кей.
Күнде кеуде күн құшатын қалпымен
Үндемеуге себеп тауып берейін.
Өтейікші үндемей.
Сен не дейсің?!
Айға асылған соңғы сөзге хош айтып.
{Өмір шарап қадаһы емес босайтын}.
Маңдайыңнан ғасыр иіскеп тұрғанда
Келіспей-ақ кетейікші Омарға .
Мен ішпей-ақ масайдым.
"Өрте" дейсің, күлге айналған қалпыменен жаныңның.
Самайында сайран құрған уақыт қалды сан үрдің.
Тілегіңді таптай кеткен тіршіліктен қашам деп
Құшағына құлап түстім Тəңірдің!
Содан кейін
Əр дəуірден өз бейнемді тасалап.
Тұйғуымды тыныштыққа тағдырыммен жазамын.
Уақыт шетте алып қойған маусымдарды күткенмен
Ол кейінгі Құдайымның əмірі!
Ол кейінгі Өмірімнің ҒАЗАЛЫ!
✴✴✴
Былдыр былдыр ғаламды сөз етеміз.
Бұлдыр-бұлдыр жаңа елді күзетеміз.
Өмір сөніп барады сөз ішінде
Үндемей-ақ қоялық біз екеуміз.
Мен нұрды аңсаған намазшам секілденіп,
Сен ғұмырға тұрғандай кепіл болып.
Қос жүрекке бір сырды жасырамыз
Қос жанарда өмірдің өкінгені...
Жан мұңаяр жасаусыз жарын айтып.
Кеткен олар,келеді кері қайтып.
Жалған көшіп барады жолсызбенен
Сүйген,күйген жүрекке бəрін артып.
Бұдан бұрын не болған,не болады.
Қай шеңберден басталған ғалам əні?
Тілекті айтып қайтесің орындалмас
Жүрек керек екен ғой Маған əлі.
Былдыр-былдыр ғаламды сөз етеміз.
Бұлдыр-бұлдыр жаңа елді күзетеміз.
Сезім сөніп барады өмірге еріп
Үнсіз ғана сүйелік тек екеуміз...
✴✴✴
Түн...
Жұлдыздар жауыны...
Көктем кешіккен...
Өкініш емес өксікпен қарап тұрамын өткенге іштен.
Бір тамшы жастан айнымас шексіздік іші.
Көзіңе сіңіп жоғалам көктен түсіп Мен.
Мезгілдер үнсіз ағады
Уақыт ішімен...
Ғаламшар түнек құшады уатылысымен.
Қиялға жасап қиянат қырық құбылды
Ұялған сәтте ұятым батыл ісінен...
Батырысымен санаға Тәңір қауырсын.
Ойлар қалықтап Аспанда,
Жаның ауырсын.
Сағынатынсың самала сағым кештерді
Көзіме мұңсың сен кәзір.
Жаныма Күнсің!
Наламда менің сезімім, жарамда сынды Ой.
Көтертпей Хаққа қойғандай қараң ғасыр бой.
Бақытқа сынып жетпесем
Бұлданар ма едім,
Уақытқа сіңіп жоғалсам Таба алмайсың ғой...
✴✴✴
Қасымда қалтырайды тоңған Әлем.
Мен содан мазасызбын. Ұйқы қашқан.
Күбірлеп көлеңкелер,
Сен ертіп апаратын сол өлкелер
Тым сахи болғандықтан сиқы қашқан.
Ең ащы дәмін татып сол кофенің,
Мен бәрін «сүйем» дегем.
Сүйкімсіз сиренаның саз әуенін,
Ниобтың азалы өңін
Еріксіз иемденем.
Кесеге ұқсайды өмір, суыған қара шәйдің дағы қалар
мен ішпейтін.
Аңғалдау адам неге,
Сен оны жаман деме.
Келіспеймін.
Жарылған алақанмен басымнан сипайтұғын,
Апам ғана.Қорқатын жоғалтудан.
Мансұқпын өткен күннен,
Жалығып кеткенмін Мен,
Кінәні көп артудан,
Ақылды көп айтудан.
Жаурама Әлем құрбым, кофе бар
Сосын Өлең.
Шер-мұңды шаша берме,
Сырыңды аша көрме
Отыр ғой досың әрең.
Медиен дала мына. Нүктесі сол ғарыштың
Тым әдемі.
Жүрегім жерге сенді
Қалтырай бермеші енді.
Жауратып жібердің ғой мына Мені
Бер кесеңді
Жыр ішейік!