Ардақ Үсейінова. Өң мен түс

ӘДЕБИЕТ
1884



Әңгіме

Ұйықтап жатқан ол әлденеден шошынып, селк етіп оянды. Әуелде қайда жатқанын ажырата алмай, біраз жатты. Тұла бойы дел-сал болып тұр. Әлі де бірер минут жылы көрпеге оранып жата тұрғысы бар.

Таң қылаң беріпті. Тыстан көлік гүрілі мен аяқ тықылы естіле бастады. Енді тыныштық бола қоймасын түсініп, орнынан тұрды. Көрпе-төсегін жинап, жуынып келді. 

Алматыға келгелі бұл басын шалмаған іс қалмағандай. Тапқанын жеп, талғамай кезіккен жұмысты атқарып жүрген. Сырғып келіп, соңында табан тіреген жері осы – дүкен. Күні кеше сияқты, ал осында сатушы болып орналасқанына да төрт жыл болыпты. Жұмысқа жақын маңнан пәтер жалдағанға қалтасы көтермейді. Дүкенді кеш жабатындықтан он бес күндік жұмыс кезегінде қаланың сырт жағындағы пәтеріне бармай, дүкенге түнейді. Шай ішіп отырып, осыны ойлады. Өткен күндеріңді електен өткізіп жүрсең о да сабақ.

Бүгін дүкенді ерте ашты. Тауардың барлығы өз орнында тұрса да оны-мұнылардың орнын ауыстырып, рет-ретімен жинаған болды. Күздің алғашқы айы бола тұра ауадан суық ызғар сезіледі. Есік ашылып еді сырттағы салқын леп ішке қарай лап қойды. Бет, аузын аймалаған самалдан денесі тітіркеніп, тұла бойын қуалай майда діріл пайда болды. 

Бұл күнде жұмысына әбден көндігіп алған. Тіпті кейбір дүкенге кірген тұтынушылардың не алғалы тұрғанын, тіл қатқан сәтте көңіл-күйінің қандай екенін біліп тұратындай. Міне, мына кірген жан қазір сэндвич алады. Дүкеннен шықпай жатып, онысын асығыс ашып, бір тістеп, содан соң жұмысына тез-тез басып кетіп бара жатады. Күндегі әдеті осы. Шамасы ұйықтап қалып, жұмысқа кешігетін болғандықтан жолай таңғы оразасын осылай ашатын болса керек.

Дүкен іші өзінше қайнаған өмірдің бір бөлшегі секілді. Әп-сәтте у-да-шу, араның ұясындай құжынап кетеді де, ал енді бір уақытта жым-жырт бола қалады. Жаңа ғана хан базардың қақ ортасында жүргендей болсаң, енді бір сәт иен далада жалғыз қалғандай сезінесің. Осынау жападан жалғыз жан елегізитіндей тыныштық ойыңды ойға-қырға ала қашпай ма? Ал, бүгін көңілсіздік Гүлзатты тіптен жетелеп алғандай.

НЕДЕН шошып оянғанын есіне түсірмек болып еді, көрген түсі қаз-қалпында көз алдынан тізбектеліп өте берді. Түсінде мұның Ботасы: «Мама кетпеші. Тастамашы мені»,- деп жылап тұрды. Бұл қолын созады. Құшақтап бауырына басқысы келеді, қызын жұбатқысы келеді. Бірақ, жете алмайды. «Мама», - деп қолын созған күйі сағымдай бұлдырап алыстап, бірте-бірте көрінбей кетті. Содан «Ботам!» деп жан даусы шыға айқайлаған. Ышқына шыққан өз даусынан оянып кеткен екен.

«Уһ» деп кеудесін кере күрсінді. Сағат тілі тоғызға жаңа иек артыпты. Бірен-саран келушілер болмаса, бүгін адам аяғы сиреген. Содан ба көрген түсі жіптің бір ұшындай болып тарқатылып, сетінеп кеткендей-ақ шым-шымдап тартып, ой түбіне батырып барады...

...Иә, ару қала Алматыға алғаш келген кезінде Гүлзат өзін бақытты сезінген. Пәтер жалдап болса да, өз шаңырақтарының түтінін түтетті. Жолдасы Ерлік екеуі екі жақтап жұмыс істесе, жағдайларын түзеп аларына сенімді еді. Қара нан жеп, қара су ішсе де сол күндер шаттыққа толы болатын. Сөйтсе үстел басында таласа отырып, оны-мұны айтып бірге тамақтанған сәттері уайымсыз екен. Демалыс күндері қала аралап, қыдыратын. Бірін-бірі қас-қабақтарынан танып, емеуріндерінен түсінетін. Мұның жүзін бір пәс мұң көлеңкесі шалса, Ерлік жанұшырып, шарқ ұратын. Көлеңкелі мұңды сыдырып, Гүлзаттың көңілін көтеруге тырысатын.

Көзіне үйірілген жас арнасына сыймай кетіп, тырс етіп, үстелге тамды.

 – Кешіріңіз, бір бөлке нан беріңізші?!

Селк ете түсті. Біреу ұрлығының үстінен түскендей-ақ демін ішіне тартып, біраз тұрды. Жалт бұрылып қарап еді көзін ашқан бұлақтай бір тамшының артынан үйіріліп келіп қалған екінші тамшы жас үстелге тамбай одан ары еденге қарай жылт етіп құлап, жоқ болды. Осы бір мөлдір тамшыны еденге жеткізбей қағып алып, алақанына салғысы келгендей бейтаныс жан ұмсынып барып, іркіліп қалды. Өз әрекетінің ерсі екенін енді аңғарғандай, созған қолын қайта тартып аларын білмей, бөлке нанның ақысын мұның алдына қоя салды. Бағанадан бері байқамаған екен, он бес-он алтылар шамасындағы бозбала Гүлзатқа қарап, біршама уақыт бақылап тұрыпты. Бейкүнә жанарында беймәлім аяушылық пен таңырқау сезімі қатар ұялаған.

 – А, иә, қазір-қазір, - деп сасқалақтап қалды да іле, артынша: – Мінеки, наныңыз, - деп өзін зорлап, күлімсіреген болды Гүлзат. Көзімен есікке дейін ұзатып салып: «ол кездері мен де мына бозбаладай өмірге құштар едім-ау» деп қайта ойланып кеткенін байқаған жоқ... 

Ақботасы өмірге келгенде жоғалтқанын қайта тапқандай, аласұрған көңілі сәл жұбаныш тапқан. Қызылшақа нәрестесін қолына аялай ұстап, кеудесіне басып, алдағы бақытты күндерін қиялмен шолып, талай армандаған. Құстай ұшқан қиялы сол кездің өзінде көз алдына сәбиінің алғаш езу тартып күлгенін, қаз-қаз басып жүргенін, тіпті ең алғаш қолынан жетелеп, мектеп табалдырығынан аттағанын да елестетіп өткен-ді. Енді осы арманынан адасып қалмауға серт еткен. Жаратқан бір сынаған пендесін қайта азапқа салмасына сенімді еді.

Осыны ойлаған Гүлзат жұмысты қойып, қызын қарап, үйде отырып қалған. Бар ауыртпалық енді бір Ерлікке түсті. Қолында дипломы жоқ Ерлік қай бір күреп табыс тапсын. Қара күшке жалынып күнін көрді. Бұнымен қатар оқыған жолдастары қалталарындағы қолақпандай дипломның, тамыр-таныстарының арқасында табысты жерлерге тұрақты жұмыс істейтін. Ебін тауып үй алды. Машина мінді. Бас қосып, мейрамдарда отыра қалса, соны айтатын. Алғашында Ерлік ол жайттарға аса көңіл бөле бермейтін. Бірақ бірте-бірте санасын шабақтап, мазасын қашыратынды шығарды. Жолдас-жораларынан шеттеткен де өзін қорсынған өз ойы. Жадау көңіліне жұбанышты басқа жақтан іздеген ол жұмыстан кейін мұң-зарын айтып бөлісіп, уайымын сейілтетін, әрі шаршағанын басып, «жүздететін» жолдастар тапты. Ал, бұлай Ерліктің мінезіндегі өзгерісті «ауыр жұмыс шаршатып жүрген болар» деген де қойған Гүлзат.

ҚАЙТА-ҚАЙТА ашылған есік пен сыбыр-күбірден дабырға ұласқан үн ойын бөліп жіберді. Біреу ұйқысынан оятып жібергендей-ақ, «қане, ол қайсың» дегендей төңірегіне жақтырмай көз салды. Түскі астарына қамданған жұрт бірі алып кетпек болып, бірі ала бармақ болып, дүкенге бас сұғады. Содан ба түскі уақыт күніге абыр-сабырға толы. Солай бірі –нан, бірі – май, ал бірі – шай сұрағандарға керегін тауып беріп жатып та еңсесін басқан ауыр ойдан серпіле алмай қойды. Сапырылысқан жұрттың тез тарқап, ертерек оңашалануын тіледі.

Қайда барсаң да байқайсың, арақтың жүрген жері айқай-шу. Сәтсіздік жолын кес-кестегенде, «арақ» шылғауына оралған. Қиюы келіспеген өмірінің тоз-тозын шығарды. Сүттей ұйыған шаңырақ шайқалғандай, тынышы кете бастады. Ерліктің тапқан табысы ішкен арағынан артылмайтын болған соң Гүлзат қайта жұмысқа шықты. Ал кішкентайын ауылға ата-анасына апарып тастаған. Тек сол кезде біреу қиялына қиянат жасағандай болып еді.

ЕСІКТЕН ЕНІП, қараңғы бөлмеде қыбырсыз тың тыңдап тұрып қалды. Жағымсыз иіс қолқаны атады. Ерліктің үйде екені осы жағымсыз иістен ғана емес бірқалыпты естілген қорылдан да білініп тұр. Қабырғаны сипалап жүріп, жарықты қосты. Қолындағы сөмкені қабырғаға сүйей салды да есікке жақын қойылған столға отыра кетті. Не істерін білмей дағдарған түрі. Іштей ширығып, босап кеткен буындарын бекітіп, бір байлам жасады. Қабағы түйіліп, қара торы өңі күреңітіп, жанары жасындай жарқылдап, өзін қайраған сыңайы бар.

Төбесінен төгілген жарықтың өткір сәулесі күп боп іскен көзін шабақтап, уланған санасын түрткіледі ме, Ерлік бетін бүркеп, ары қарап, аунап жатты. Гүлзаттың келгенін байқағанымен, орнынан тұрмады. Ұйпа-тұйпа болған шашын сипап қойып, бар сұрағаны: «Жалақыңды алдың ба?» деп күңк ете түсті.

 Біраз үнсіз жатып, ендігі сәтте қамқорси сөйледі.

– Ертең қызыма барарсың. Екі айдан асты, иә солай, – деді саусақтарын санамалай бүгіп. Іштей әлденені есептеп отырғандай.

– Сағынып әзер жүрген шығар, жарығым. Бұл жолы үні бұзылып шықты. Жылады ма, нәр татпағаннан қарны сазып, іші ауырды ма, екі иығы селкілдегендей көрінді.

– Ертең папаң жақсы жалақы алатын жұмысқа орналассын. Аптасына бір барып тұратын болады, айналайын, - деп бері аунап түсті. Бірте-бірте даусы күбірлей шығып, одан сыбырға айналып, бір кезде қайтадан қалғып ұйықтап кетті.

Ертеңінде Гүлзат жолға шықты. Кетерінде Ерлік қоярда-қоймай: «тапқаныңды қызыңа таси бермей, маған да тамақ жібітерлік бірдеңе тастап кет» деп жырымдап, ақша алып қалған. Кешегі мейірбан әкеден жұрнақ та жоқ. Әр ай сайын бір апталық демалысын алғанда ауылына барып келеді. Екі араны жол қылғалы төрт-бес жылдың да жүзі болыпты.

Сол жолы ғой, Ботасының «кетпеші» деп жылап қалғаны. Туп-тура біреу үйретіп қойғандай: «Мама, деймін. Маматай, кетпеші ешқайда. Маған киім де, ойыншық та керек емес. Тастамашы мені», дегенде тамағына өксік тығылып, сөйлей алмай қалды. Ботасы пыс-пыс етіп үнсіз жылап тұр.

Гүлзат не дерін білмеді. Қызына бұның алдаусыратып әкеліп беріп жүрген түрлі-түрлі ойыншықтары да емес, жаңа киім де емес анасы керек екенін түсінгенмен, амалы қайсы?!  Шарасыздық қой, адымын аштырмай, тұсап тұрған. Сол жолы қызына әлдене деп алдаусырата да алмай, Алматыға жүріп кеткен-ді.

«Ух», деп тағы күрсінді. Бұл жолы үстінен ауыр жүкті алып тастағандай жеңілдеп қалған секілді. Батыс жақ тұс қызыл нұрға боялыпты. Күн қызарып батыпты, ертең күн жылы болады екен деді іштей. Қазір жұмыстан қайта бастағандар келе бастайды. Кешкі астарына анау-мынау ала кетпек болады да. Әне анау кісі батон нан беріңізші деп сұрайды. Анау адам тауық етін сұрайтын болар. Бір келгенінде асқазаны ауыратынан айтқан еді. Міне, осылай кейбірімен сырлас та болуға тура келеді. Іш тартып, бұған әлдене айтқысы келетіндердің көбісі қарттар. Өздерінің ойларын бөліскісі келетін жан іздейді-ау, сірә. Гүлзаттың көңіл бөліп, тыңдағанына разы болып қалады. 

Бүгінгі жұмыс күні де аяқталып келеді. Мана әлгінде ғана оңаша қалуын тілесе, енді жалғыз қалуға қорыққандай...

madeniportal.kz


Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...