Жуырда белгілі сыншы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлия Бөпежанованың «Мұнара»...
Владимир Яворивский. Қасқыр фермасы (әңгіме)
Құтырынған Джип никелденген тұмылдырығымен қарлы боранды соққылап, бензинді қомағайлана жұтады. Бензинді халық депутаттығына үміткер жалаңбұт демократтың кеңес үкіметінің шарапатымен жекешелендіріп алған майбекетінен емес, колхоздың күбісінен құйғандай-ақ сіміреді.
Оныңыз да депутаттықтан үміткер. Дауыс жинап, билікке кетпек. Бірден жоғарыға секірмей, жалаңаш әбиіріңді жап. Сосын өз шаруашылығыңды ашып, ескі «Опель» сатып ал, сосын... сосын барып әңгімені аудандық кеңестен баста! Десе де жалаңбұт кешікті. Бәрі шешіліп қойған. Оты өшкен колхоздар қаңырап, жастар жұмыссыз жүр – қоқыс тәрізді, олардың кезегі қашан келетіні белгісіз...
Демократтарға рахмет, біз өз білгенімізше, яғни, біріміз белуарымызға, біріміз жағамызға дейін жырғап қалдық. Тірілей көмілмеу үшін басың жоғарыға қарап тұрғаны жөн ғой. Олар болса қаңқасын сүйреткен ескі «Таврияға» мініп, ауыл ауылды аралайды. Мас еркектерді жиып алып жиналыс өткізеді. «Украина түнекте. Билік халықты орта жолда қалдырды. Біздің билік отаншыл, ұлтшыл емес...» Оттапты ақымақтар. Сонда өздері не үшін билікке ұмтылады. Олар өңештерін жырта берсін. Өз басым ардагерлерге газ баллондарын тараттым. Комиссия төрағаларының әрқайсысына Франклиннің суреті бар жүз бакстен бергіздім. Дауыс менікі. Олардың кейбіреулері жасыл қағаздарды көрмепті де. "Қолдан жасалған ақша емес пе? Өзіміздікінен берсеңші» - деп бұлтақтапты. Оны Лазер айтады. Лазер колхоз төрағаларымен де тәуір саудаласқан сияқты. Алдымен бакс не болмаса ұятсыз фильмдері бар бейнетаспаларымен бір-бір видик. Солярканы сайлаудан соң, онда да нәтиже бойынша. Сосын Киевтен іздеп жүрсін бәлем!
Ал, сен, арамтамақ демократ, билікке қайраулы тісіңмен хутор аралап, халықты оятып, жиылысыңды өткізіп жүре бер. Сосын өзің-ақ құрдымға кетерсің...
Джип тұмсығымен орды сүзді, жүксалғыштағы бөтелкелер сыңғырлап, күзетшінің басы желдеткіш терезеге ұрылып, қаракөл құлақшынның иісі Босс пен Шкафты бірдей шарпыды. Шкаф рөлді шыр айналдырған Инжекторды қай жерінен түйерін білмеген, әйтсе де жеті атасынан жездей жіберді. Джип бозғыл жолдан кесе-көлденең өтіп, ойпатқа тікесінен түсті. Жалғыз көзді трактор таудан құлдилап келе жатқанымен, тым жақын емес еді. Өзінің әмиянымен және ұялы телефонымен бірге жүз килограмм тартатын Босс саусақтарымен тері орындықты умаждап, қарнын тартып, қатқан кесектей жиырыла қалды. (Шкаф ол туралы өз әйеліне боқтан шыққан оқтың өзі осындай зор нысананы оп-оңай табады деп мысқылдайтын).
- Түлкішек! Жоғарыға Президиумға тарт! – деді Босс қарлығыңқы дауыспен қырылдап.
- Жоқ, әлі жүреміз – деді Инжектор ақымақтау үнімен. Сөйтті де сағызын аяғының астына түкіріп тастады. Джипті артымен бұрып трактордың әлсіз фарына жақындатқандай болды.
Шкаф Босстың жуан тізесі тері орындықтан өтіп арқасына бата бастағанын сезіп, алға ұмтылған. Сынған терезеден соққы да күткен және бәрі де тез бітуін тілеп еді...
- Қи таситын ескі көлікті беріп сені атқораға жіберу керек, Инжектор! Осыдан қасқыр фермасына қарауыл етіп қоймасам ба? – деп Босс жыртқыштарша ырылдады.
Инжектор Босстың Чернобыль аумағынан отыз километр қашықтықтағы қасқыр фермасына сауыншы болып баруға да даяр-тын. Тек тракторға да, жолдың екі шетіндегі кәрі емендерге де ұрынбай өте шықса жарар еді. Жасыл ақшаларға қызыққан соң жағымпазданып, сорлап қалды ғой!
Инжектор трактордың фары Джиптің терезесіне ұрылып, одан оң жақтағы қар басқан еменді жалап өтіп, жер құшқанын байқап қалды. Сол екі ортада жол бойында жылт ете қалған қасқырға көзі түсті. Ол ағаштардың арасына сіңіп, жоғалып кеткен сияқты болды. Әлде бұған солай көрінді ме екен?
Көліктің артқы доңғалағы ұсақ тастарға тірелді. Инжектор акселераторға жайлап қол созған, Джип тағы да жолға кесе-көлденең тұрып, жүрісін баяулатты. Инжектор жалма жан тежегішті босатып, қинала дем алды. Тіпті көз алдындағы желдеткіш қарауытып кетті. Міне, қайтадан жүк машинасы қар бетіне салған соқпаққа түсті.
-Дамбалыңды ауыстыр, Инжектор! – Өңі күреңітіп кеткен Шкаф қорғасын жұдырығымен жүргізушінің иығынан салып қалды.
- Ал, сен тапаншаңды кептіріп, қабын аязға қақтап ал! – Инжектор дес берер емес. Бірақ үні жылы. Жан дүниесі қарапайым екені білініп тұр.
Босс үндеген жоқ. Бұл кезде оның тізесі Шкафтың жауырынында ойнақ салып жүрген. «Тегін массаж. Босс бұл үшін массажист қызға бірталай доллар лақтырар еді». Шкаф солай ойлағанымен, сыр бермеді.
-Трактор қайда жоғалды? Жердің астына кіріп кетті ме, әлде осының бәрі елес пе? – деген Инжектор қапталындағы терезеден далаға қараған. Түн. Боран түтеп тұр. Ол Босстың рұқсатынсыз жолға тоқтамау керек екенін білетін. Әйтсе де осы жолы оған бәрібір сияқты. Атқораға жіберсе де, қи тасытса да, зонадағы қасқыр фермасына апарып, сайтандарға қызмет еткізсе де көнетін түрі бар. Бәрінің тірі қалғаны қандай жақсы, Джип те бүп-бүтін. Осы ойдың жетегінде келе жатып көлікті тоқтатты. Тысқа шыққысы келген әрі боранмен тыныстағанды ұнататын.
-Босс, рұқсат етіңізші, қыстап тұр...
-Дамбалыңды сілкіп ал, - деп Шкаф барқ етті. Босс алакөлеңке салонда үндемей отыра берді.
Инжектор ұлпа қарға секіріп түсіп, түлкі терісінен тігілген абалақ-сабалақ тымағын басынан жұлып алып еді, бу бұрқ ете түсті. Даладағы қар ұшқындары оның басына қона алмай еріп кетіп жатты. Инжектор жан-жағына қинала көз тастады. Қалың бұрқасынға қарап тұрып өз жорамалынан селк ете түсті. Олардан сәл арыдағы қалың оппада әлсіз жарық жанып тұр екен. Бұлар тұрған маңда Джип трактормен соғысу керек болатын. Бауырым-ай, тірі ме екен? – деп ойлады жүргізуші. Сосын мәшинеге келіп:
-Тракторшы бізді құтқарды! Біз өтіп кетсін деп тракторды оппаға айдаған. Мүмкін көмек керек шығар? Босс, мені жіберіңізші, жаяу барайын, бәрібір ертең... – деп өзіне жиіркеніш туғызса да жалбарына бастады.
- Ертең емес, бүгін! Жаны аши қалыпты ғой! Шкаф, рөлге өзің отыр, тарттық зонаға. Бұл жерден тайып тұрайық. Әйтпесе ертең бақталастарым Сергач колхоздың тракторшысын басып кетіпті, өз сайлаушысын далада қалдырды деп қағаз таратып жүрер. Ал егер қылжиып қалған болса ше? Міне, саған сайлау алды жарыс! – деп Босс артқы орында қозғалақтап кетті. Сөйтті де Шкафтың қаракөл бөркін оның басынан асыра лақтырып жіберді. Шкаф аяғының астына түскен бас киімін сілкіп-сілкіп киіп алды. Бұл жолы қасына дейін түсірген еді.
Инжектор салоннан шығып, Джипке еріксіз қадалған. Мұның орнына отыру ниетімен жанынан өткен Шкафқа да қарап еді, ол ешнәрсе деген жоқ. Әйтсе де анау артқы доңғалақты бір депті де, рөлге қарғып мінді. Инжектор оның орнына отыруы тиіс. Бірақ бір аяғы кейін тартып, бір күш мұны көлікке мінгізбеді.
-Босс, мен қаламын! Мен боспын! Бүгіннен бастап тәуелсізбін! – деген Инжектор осы сөздерді шынымен өзі айтқанына таң қалды, тіпті бір сәт қобалжып та қалғаны байқалады. Босстың мандаты мен дербес құқықтығы үшін болған бір жарым ай атыс-шабыспен жүріп, яғни мына өзінің Иван Байда екенін де ұмытқан еді.
-Сөзді қой, кеттік! Қи тасисың, аттарға жақсы болады! Алға! – деген сөздерді естіп үлгерген Инжектор-Иван есікті тарс жапты. Тымағын құлағына дейін түсіріп алған соң күртешесін түймелеп, әлсіз жарық көрінген тұсқа беттеді. Джип түтінінің жағымды иісі желмен есіле Иванға жетті, бірақ артына қанша жерден қарағысы келсе де, қараған жоқ.
***
Шкаф рөлде желігіп отырғанды тәуір көретін. Бұл жолы көлікті асықпай жүргізді. Аузында сағыз, оны кеуек тістерінің арасында ары-бері жүгіртіп, тілімен созғылап қояды. Бұл жүйкесін тыныштандырған түрі. Жол қауіпсіз болған соң қаракөл бөріктің астындағы ойлар бір-бірін балалата береді екен. «Инжектор құйрығын бекер қайқитады. Босс қайқаңдаған құйрықты кесіп алғанды жақсы көреді. Тек сонымен тоқтаса ғой. Омыртқаңды қоса сындырады. Үндемеу керек еді. Сұранса да дұрыс болар еді. Ақымақ Инжектор. Босс ондайды кешірмейді. Мен шыдаймын... Есесіне депутатпен бірдей жалақым бар. Әйтпесе осы семіз өрмекшіні сығып, жағымсыз иісін шығарғысы келмейді дейсің бе? Сөйткім келеді, бірақ шыдаймын. Депутат болып алсын, сосын жалақымды көбейтеді. Ол күні бойы жиналыста жүргенде компьютердегі ойындарды түгендеп, кеңседе мен отырам. Одан соң үзіліс уақытында Лазердің кабинетінде Райканы умаждаймын... (Тек тапаншаны терезе жақтауына қоюды, сосын қайта алып кетуді ұмытпау керек. Әйтпесе түрлі жағдай кездесуі мүмкін-ау). Құдай тек шыдам берсін. Босстан ақша сындырып пәтер алуым қажет. Ал ертең сайлауда жеңіп шықса, өзі де қуаныштан мырзалық танытары сөзсіз. Сосын көлігімді жаңалаймын. Босс осымен үшінші рет түсіп отыр. Оның алдындағы екі сайлауда ақшасы желге ұшқан. Бірақ беті қайтқан жоқ. Бұл жолы сайлаушыларды газбен алдандыруда. Сайлаудың алдында халық тоңсын деп сол көгілдір отты өзі жауып кеткен, сосын жергілікті газеттер мен телеэкрандарда «тоңған халық шақырды» деп сұхбат берді де, артынша бұқараны газбен қарық қылды емес пе? Мен бұл жағдайды білем ғой. Бұқара сенді. Бүкіл қыс бойына денесі бірінші рет жылыған адамдардың қамкөңіл сөздерін күніне бірнеше мәрте экраннан көрсету үшін журналистің жасыл қағаздарды санап алғанын да көзім көрді. Босс сайлауға дейін деп айтқан...»
Шкаф көз алдындағы айнадан Босстың тері портфельден «Хеннеси» бөтелкесін шығарып, оны өндіршегіне құйғанын көзі шалды. Бұрын әрқашан фужер талап ететін және оны тосырқай алақанымен жылытып алатын.
Дегенмен газды сатуды бастағанша самогон ішкенін бірде өзі айтты. Чернобыль аймағындағы тастанды үйлердің кірпіші мен шатырын, терезесі мен есігін бұзып әкеліп саяжайлардағы кісілерге сатып жүргенде де самогон ішкен. Босстың алғашқы капиталы солай құралған. Күндіз тобымен барып үш үйді бұзады, түнде тасиды. Арамтамақтар. Милиционерге бір бөтелке мен ақша берсе шаруа бітті. Ақшаның үні жоқ, шуламайды. Ал, саяжайлықтар осы күнге дейін шулап жүр. Сегіз ауылды жоқ еткен жойымпаз. Қазір қалтасында куәлігі бар, коммуналдық қызметтің жартысын төлейді. Еңбек жолын сүйменмен бастап , енді міне омырауға қадайтын түйреуіш үшін күресіп жүр... Инжекторға обал. Қолдорбасы да машинада қалып кетіпті. Әмияны бос. Темекі алатын тиын-тебенді де менен сұрап еді. Дамбалсыз жүріп пысықайланбаса қайтеді?
-Шкаф, қалай ойлайсың, анау қи тасығыш бізді сатып кетпей ме?
Босстың сауалынан Шкаф қалтырап кетті. Тура осының ойын оқып отырғандай. Инжекторға істегенін бұған да істейтіндей шошынды. Сосын ішінен «жоқ, естіген жоқ» деген байламға келді.
-Одан не ұтады? Қорқады ғой. Анаған трактордан шығуға көмектеседі де, сіз үшін үгіт-насихат жүргізген шаштараз келіншектің көрпесінде ұйықтайды, өйткені үйдің іші жылы, жылынатын су дайын. Сатпайды. Оның үстіне қатыны мен екі баласы бар. Ал сізге жеңу керек? Ол жеңістің құнын біледі.
-Сендер көп білесіңдер! Ауыздарыңды жіппен тігіп қойса ғой. Сосын өзім гипстеп тастар едім.
-Менен сөз шығып па еді?
-Кеудесінен жаны шыққан өліктен ғана шықпайды, онда да тапаншадан атылған оқтың түтіні басылған соң... Сен осыны білесің бе, Шкаф? Білесің және ешуақытта ұмытпа, қайталай бермейін. Босс қайтадан «Хеннесиге» жабысты. Шоколадтың бір түйірін аузына тастауды да ұмытпады.
Шкаф кеуек тістерімен аспай-саспай сағызын шайнаңдап, ешқандай сауалға жауап бермеуді ұйғарып отыр, өйткені шешуші сөзді бәрібір Босс айтатынын білетін. «Үндеме. Күнәң аз болады» - дейтін бір қатын. Сол дұрыс айтады.
Босстың қанына ептеп араласқан коньяк ішіндегі қорқынышы мен басындағы мұздай ойларын қуып шықты. Ол тонының түймесін ағытып, аяғын түзулеп, салонның жақтауына басын жақсылап жайғастырды. «Арғы дүниеге кете салу оп-оңай. Енесін ұрайын! Қайдағы бір некесіз құлдың кесірінен Жоғарыға бара жатып, күмбездің астына емес, табыттың астына түсе жаздадым... Онда анау ұлт жанашырсымақ өтер еді. Қаскүнем неменің сонда айызы қанар еді-ау! Тағы бір апта атыс-шабыс – одан ары күмбездің астындамын дей бер! Онда маған қолдарың жетпейді! Күмбездің астына да соғысып жүріп, сарт ете түсесің. Бізде шенеунік, салықшы, мент атаулының бір де бірінің қолы таза емес. Және әрқайсысы ала берсем дейді. Күнде көмейлерін тығындағанша, одан да сайлаудың кезінде бір шашылған дұрыс. Бұның бәрін басқалар есептеп қойған әрине. Жарлы-жақыбайлар реформа жүрмей жатыр деп шулайды. Қайда «жүру» керек сонда? Ол тіленшілерге зейнетақысы мен жалақысын бер. Сосын саған дауыс береді. Иә, асыра, тоңған денелерін жылыт. Өздерінше «батыстық бағыт», «украиндық Украина» туралы есер ой ойлап жүре берсін. Отаншыл билік... Кірістердің жариялылығы... Салымдарды қайтару... Бүгінде бұған кімді сендіресің? Ал мен аудан орталығындағы зейнеткерлердің әрқайсысына бір-бір килограмм қарақұмық пен жарты килограмм балықты тегін тараттым. Ондай жақсылықты президент те жасамайды... Коммунистер оларға өткенді оралтамыз деп уәде береді, арамтамақ демократтар жақсы болашақпен қызықтырады. Мен болсам, бір кило қарақұмық пен жарты кило балық беріп осы шақта тұрмын. Іштің, жедің, енді таңда: басыңды жазу үшін өткен шақ дұрыс па әлде болашақты күтесің бе?...
Газдан ши шығып кетпей тұрғанда тезірек дауыстарды санаса екен. Әкесінің аузы! Либерал бірдеңені сезетін сияқты. Дер кезінде аузын жаптым. Ол менің пайдама кандидатурасын алып тастады. Білетіндер оның осындай жолмен екінші рет ақша істеп жатқанын айтады. Бизнес! Соңғы түндерде тыныш ұйықтауым үшін тағы да жүз мың керек боп тұр. Жүз мың бакс және фермадан қасқырдың жеті күшігін апаруым керек. Оларды лауазымы жоғары адамдарға тарту етем.
Кез келген нәрсені күзетуде қасқырдан артық қарауыл жоқ екенін айтқанымда бәрінің көзі жайнап кетті ғой. Айтпақшы, Плютахтағы саяжайымда қасқырлар екі аптадан бері аш еді... Ұрының ұмасына шейін жұлып ала жаздапты. Ертеңінде емханада ұсталды ғой». Босстың көздері жабылып, ұйқыға кетіп бара жатты. Сөйтсе де коньяктың шарапатымен басында түрлі ой қақтығысуда. «Мен осы жолы ақша өзінен өзі көбейетін Жоғарыға секіруім керек. Билік сол үшін қымбат тұрады. Мен адал ойнаймын: өзімде барды халықпен бөлісем. Сайлауға ақшаның қаншасы шашылды десеңші! Еске алудың өзі қорқынышты. Ештеңе етпес, бұл қор жинаудың ең тиімді тәсілі. Әрине қорың бар болса! Бәрінен бұрын халық депутатының тысына алтын жалатылған көк кітапшасын айтсаңшы... Одан тастанды үйлердің радиоактивті шаңының, спирт пен солярканың, орыс газының, тіпті қасқырдың бөлтіріктерінің иісі шығатын болады! Қайтеміз енді? Демократтар биліктің абыройын төгіп жатқанда біз жасайтынымызды жасадық. Лазер бір демократқа «жолдан қаш» деп жүз мың ұсынған екен. Ол байғұс аудандық аурухананың есеп-шотына аударса ғана келісетін болыпты. «Бұндай ақшаны өмір бойы таба алмайсың. Сайлаудан да міндетті түрде жеңілесің» - деп айтқан ғой. Осы уақытта Лазер керек емес бес мың бюллетеннің тоннасын мөрлеп те үлгерді. Неткен үнемшілдік. Енді бәрі тап-таза... Лазер газ шабуылын да арзан әрі оп-оңай игерді: «Сергач сіздерді сайлауға дейін шомылдырады және жылытады!» Бір кемпір (дәрі-дәрмек алу үшін оған жүз сом берген) жергілікті теледидардан тіпті былай деп бөсіп жіберіпті: «біз колхоз фермасындағы шошқалар сияқты болғанбыз. Жолдас Сергач бізді тазартты. Нағыз қожайын сол!» Осы ойлардың Боссқа жаққаны соншалық, мойнындағы галстугын босатып, тәп-тәтті пысылға көшті. Сосын жоғары қысымды кранды біреу ашып-жауып тұрғандай-ақ қорылдады дерсің.
Шкафтың жаны енді ғана жай тапты. Аузынан сағызын шығарып, сосын қаракөл қалпағын басынан алып, оң жақтағы орындыққа қойды. «Ақшалы қапшық ұйықтады – деді Шкаф өз-өзін тыныштандырып, жүйкесін ретке келтіру мақсатында. – Ұйықтай берсін, иттің итақайы. Жоқ, қасқырдың сүмелегі! Осындай сабалақ итпен де өмір сүруге болады. Осылардың дәурені жүріп тұр. Біз бұларды қорғауымыз керек. Әйтсе де жақсы төлейді. Өмір сүруге болады...» Шкаф машинаны баяу жүргізді. Оның үстіне Инжектормен болған оқиғаны да ұмытпаған. Босс оянып кетер деген қорқынышы тағы бар. Мейлі қорылдай берсін. Оны ұйықтап жатқанда сақтау оңай.
Шкаф Босс оянып кетпесін деп зонаға бақылау бекеті арқылы емес, тікенек сымдардың тесілген жері бар орман жолымен тартты. Бұл жолды милиция біледі әрине. Осы соқпақпен зонадан металл сынықтарын, құрылыс материалдарын, жеміс-жидектерді таситындар бар. Жолды өзгелерге жария еткен де Босс. Олар бұған салық төлейді. Сондай-ақ, осы дәудің қасқыр фермасына да қызмет көрсетеді. Картоп егеді, қасқырдың азығы үшін қабан, бұғы атады, торды күзетеді. Босстың отбасы фермада тұрады. Әкесі мен шешесі және мылқау ұлы бар. Оған қоса Беларусь тракторы, бір-екі жылқысы, самогон қайнататын аппараты да сонда. Бастық несие берушілер іздеген кезде осында жасырынады, кейде өзіне қарыз адамдарды әкеліп, «сауықтыру» жұмыстарын жүргізіп қояды. Ондайда жерқойманың есігін күзетіп мен тұрам.
Джип орманда ақырын жылжып келеді. Жүк машиналарының кесірінен жол әбден бүлінген. Шкаф қалай болғанда да бастығын оятып алмауды ойлады. Өйткені ұйқылы объект сенімдірек.
Фардың жарығымен еменнің діңдері көрінді. Тура қоладан жасалған бағаналар сияқты сап түзей қалыпты. Бастарындағы қар-бөріктері желмен бірге тербеледі. Осы жолмен әлгінде ғана жүк машинасы өткен сияқты.
Ұрланған ағаштарды біреудің саяжайына тасыған шығар. Таси берсін. Әркім өмір үшін түрлі жолмен ақша табады» - деп ойлады Шкаф.
Фермада жарық деген атымен жоқ. Телефон жұмыс істемейді. Телефон болғанда екі жүз шақырым жерден келер ме едік? Бастық тапсырма берсе бітті, қасқырдың күшіктері де тиесілі жерге жеткізілер еді ғой. Міне енді су қараңғы түнде еңбектеп жүрісіміз. Жарар, өмір сүруіміз керек!
Енді бір батпақты алқап бар. Сосын ферма. Егер жүк машинасы ағаштарды сүйретпеген болса, батпақ қатып қалған шығар. Шкафтың жүйкесі тоза бастады. Жас емендердің арасындағы ми батпақты айналып өтейін десе Джип тура жолдан басын бұрар емес. Көлікті тоқтатып, жерді ұстап көруге «бастық оянып кетеді» деген ой жібермей тұр. Тағы да айналып өтуге күш салды. Бірақ машина тура ағызып барады. Мүмкін өтіп кететін шығармыз. Адам бір кеште екі бәлеге ұрына қоймас деген Шкаф өзіне де, Джипке де сенім білдіргендей болды.
Лас, сұйық батпақ әйнекке шашырады. Фардың жарығы өлімсіреп, Джип кілт тоқтады. Шкаф өздерінің батпаққа батқанын сезе қойды. Мылқау ұл трактормен тартып шығарар. Бірақ Босс оянып кететін болды-ау. Ашуланғанда оның ойына не келерін кім білген?
Шкаф моторды сөндірмей, сыртқа шығуды ойлаған. Сол арада фардың жарығымен өздеріне қарсы келе жатқан қасқырдың үйірін көзі шалды. Ап-арық арлан қасқыр жолдың ортасында топ бастап келеді. Соңынан қаншығы ілесіпті. Сәл арыда қалып кеткен күшіктерді көлегейлеп өзгелері келеді. Қаншық қасқыр артқы аяғын сылтып басады екен. Шкаф бірден түсінді: «Біздікі! Бастықтыкі! Бірақ оларды кім шығарып жіберген?». Шкаф тездетіп оқшантайды ағытып, ішінен тапаншаны суырып алды. Бөркін киіп, орындыққа жабыса түсті. Үйір Джипті қоршап алуы мұң екен арлан қасқыр қар басқан жотасын күжірейтіп, артқы аяқтарын көтеріп, көлікке секіруге ұмтылыс жасағандай болды. Жас бөрілер қарды шашып, сес көрсетіп жатты. Осы уақытта Босстың ұйқылы басы жанына қарай қисайып, қатты қорылдады. Қорылы Шкафты қатты қорқытты. Қорыққаны соншалық, осы елең-алаңда арлан қасқыр көліктің артына секіріп мініп, Босстың алқымына әне-міне тісін батырғалы тұрғандай елестеді.
***
Иван төңкерілген тіркеменің жанынан зорға дегенде сүймен тауып алып, оппаның түбіне құлаған трактордың есігін сындырды. Кабинада жатқан тракторшы әлсіз қимылдап, сол қолын көтеріп, қайтадан түсірді. Әлден соң жай ғана ыңырсыды. Мотор жұмыс істемей қалыпты. Дала қап-қараңғы. Иван ешнәрсені көрмей тұр. «Тракторшыны рөл жаншып кеткен шығар» - деп жорамалдады. Кабинаның есігі сықырлаған күйі құлап түсті. Бұл екі арада ол трактордың артқы доңғалағына жабысқан еді, бірақ қолы тайғанақтап, қардың үстіне құлады. Оған сәлерке төгілген екен. Жалма-жан орнынан тұрып, сүйменімен трактордың тіркемесінен тақтай суырып, кабинаға жақындатты. Сол арқылы кабинаға жетіп, қараңғыда тракторшының қолынан ұстады. Құдайға шүкір, әлі жылы екен.
Иван рөлге отырғалы бері оның өмірінде ірі жол апаты болмапты. Темірді майыстыру, фарды ұшырып жіберу сияқты оқиғалар кездескенімен адамды Құдай сақтаған! Сондықтан ол қатты дауылдан немесе суық темір мен жалғыздықтан емес, өлімнен қорықты. Ол бетімен төмен қараған күйі тракторшының тізесін, қолдарын ұстап көрді. Оның қырылдап, ыңырсыған даусы естіледі. Иван қолдарын жіберіп, бет-аузын сипалады. Дін аман екен. Басының амандығы ғана қажет сияқты қатты қуанды. Тракторшының сырт киімінде белдік бар екен. Ендігі жерде Иван содан ұстап, екі қолымен бірдей тартты. Алайда оның былқ-сылқ еткен денесі қозғалатын түрі жоқ. Ыңырсыған әрі қырылдаған даусы ғана тыныштықты бұзып тұр. Байда қорқыныштан әрі өзінің әлсіздігіне күйініп, қараңғы түнде айғай салды:
-Сорла-ды-ық!
Бірақ ол өз даусының маңынан ұзамай-ақ ешкімді жылытпайтын бір тамшы ыстық судай қарға сіңіп кеткенін түсінді.
-Шкаф екеуміз сені шығарып алар едік – деп Иван жай ғана сыбырлады. – демде суырып алар ек, болмаса... қасқыр фермасы... Ол өзі жақындатқан тақтайды қисайған сүйменімен соққылай берді. Ондағы ойы тақтайды кабинаның арт жағына жылжытып, ішіне кіру.
-Қасқыр фермасы! –деп қайталай берді Иван. Надан қойлар... Әйтсе де бәрі өз басын қорғайды. Иван сыртқа шығарып айту былай тұрсын, өз өмірінде мұндай ой ойлаған адам емес. Сондықтан әлдеқандай жағдай туындап қалар ма екен дегендей жан-жағына қарап алды да, қолғабымен шырыштанған ернін сүртті. Мұздап қалған бет-аузының ауырғанын сезіп, иегін сипалап еді, қан сорғалап тұр екен. Ол қан-қан қолын кабина маңындағы қарға сүртіп, қып-қызыл болған бір уыс қанды басынан асыра лақтырып жіберді. Сөйтті де трактористің денесін ұстап бар күшімен өзіне қарай тартты. Зорға дегенде оның басы мұның оң иығына ілінді-ау. Бұл жолы тракторшының қырылмаған иегіне жауған қар еріген жоқ.
Орыс тілінен аударған Айгүл СЕЙІЛ