Жолтай Әлмашұлы. Олигарх және Олимп (роман-элегия)

ӘДЕБИЕТ
3161


“...Ниетсіз, құлықсыз, құштарлықсыз, қиналыссыз сөздің салмағы жоқ...”

Абыз Ахмет Иассауи

Түркі данасы


“...Иманы кеткеннің, жиғаны кетеді!”

(халық сөзі)


“Жар басындағы жантақты, жанынан кешкен Нар жейді...”

(халық сөзі)


Жасханның жайсыз хабары



1

“...Бизнес!.. Бизнес!.. Бұл құрғырдың түбі мен шегі бар ма өзі? Арбаға жегілген өгіздей қара терге малшынып, осылайша ит тірлікпен өте бермек пе екенбіз?..”


* * *

Басы қатып, миына шым-шытырық бірнеңелер араласып, өзіне-өзі риза болмай жүрген көп күндердің бірі. Бұл бизнес дегеннің рахатынан гөрі азабы басымдау. Күн-түн демейсің, миың толы ой. Ой болғанда да – ауыр тастай салмақты, еңсе езері бар.

Сондай күндердің кезекті сәті еді, бір күні телефонына қысқа хабарлама топ ете қалған. Таныс емес телефон нөмірі. Бұл кім екен? Ашты. Оқыды. О, керемет! Елдегі жазушы досы – Ойқазан! Көптен хабарласпай кеткен-ді. Тіпті бір-бірін іздеп, жиі-жиі хабарласардай, араларында аса жақындық бар ма? Ол ақша-дүниеге өте хас, ал бұл...

Түсінгісі келсе де түсінбейтін бір нәрсе бар араларында. Жасханға көзбе-көз отырып та бұл жайынан ашып айтқан ойын.

– Адам санасын алдымен билейтін – материалдық жағдай! – деген. – Бұған көнсең де сол, көнбесең де – сол...

– Сасық дүние дейсің бе?

– Қандай дүние десең де, материалдық байлық дегеніміз – ақша! Ақшаң жоқ екен, сен ешкім де емессің.

– Жоқ! – деп қасарысты Жасхан. – Барлық уақытта бәрін де сатып аламын деу – қателік! Өмірде сатылмайтын да нәрселер баршылық.

Аспан шарасыздыққа дес бере:

– Ойбай-ау, өмір сүрудің алғышарты – ең алдымен кісінің тоқ жүруі емес пе! – деген.

– Аш адам адам емес пе сонда?

– Аш адамда ақыл азаяды. Оның көзі қарауытады.

– Ол сенің ойың! Нағыз рухты кісі аштыққа да, жоқшылыққа да шыдаған...

Сөз түбі көрінбеген. Екеуі ұзақ-қ пікірталастырып барып, дау аяғын итжығыспен аяқтаған. 

...Хабарламада былай депті.

“...Шерқаланың бүгінгі бастан кешіп отырған мүшкіл халі түк те емес, нағыз қиын күндер енді ғана арық белімізге аяқ артып келе жатқан сияқты...”

Оқыды да, шыдамы жетпеді. Жазушыға өзі хабарласты.

– Ал-ло, хабарламаңды оқыдым. Бірақ астарын түсіне алмадым.

– Түсінбесең – тыңда. Біздің ауылда онкологиялық сырқаттан жылма-жыл саусақпен санап шыға алмас адам дүние салатынын естіп-біліп жатқан шығарсың.

– Білемін. Өз көзіммен көріп-біліп қайтпадым ба!

– Ал, енді онкосырқат дегенің ауырлықтың бергі жағы дер едім. Нағыз замана сұрқиясы енді салмақ сала бастады. 

– Ол не?

– Ол – кісі шошырлық сұмдық. Тыңдай бер. Әлгі біздің әкім бар емес пе? Баяғы балалар үйін салдыртқан әкімді – Тасқараны айтам. Енді соның келіні белсеніп шығыпты. Алыс ауылдағы ел ішінен көкнәр дәнін сатып алып, Шерқалаға әкеліп, қымбатқа саудалайды деседі. Оны суға салып, езіп ішкен жастар есалаң...

– Көкнәр? Ау, оны үлкендер сүйек қақсағанын басу үшін пайдаланады деуші еді, солай емес пе?

– Ол көкнәр бұл көкнәрға ұқсамайды. Бұның уыты өте күшті. Героин сияқты.

– Ендеше, қалада сатуға неге қатаң түрде тыйым салмайды?

– Ашық түрде емес. Бәрі де жасырын...

– Е-е, өз түбіңе өзің жетейін деген екенсің-ау, ауылым...

– Тап солай! Бұның арты шын құрдым соқпағына жол салғалы тұр.


* * *

...Ақыры әңгіме тізгіні ағытылған соң, Жасхан жақын күндерде бастан кешкен оқиғаларды да бүкпесіз, ашық айтып, бәрін де жайып салған.

Өткенде, кеш түсе бастаған сәтте, базар тұсынан өтіп бара жатып, әлдекімдердің жасырын түрде бірдеңелерді саудалап, ақшасына келісе алмай айқайласқанын байқап қалған. Үндемей, байқамаған болып өтіп кете алмай, амалсыз бұрылса керек. Бұрылып келіп, шет жағында тұрған бір жігіттен:

– Бұл ненің саудасы? – деп сұраған.

– Ағасы, сізге қызық емес, жолыңызбен кете беріңіз.

– Е, неге? Мүмкін, мен де саудалап қалармын. Қане, айт?

Жас жігіт қалтасынан сүйрелеп алып шығып, бір қалта көк шөптің шетін қылтитып көрсетеді.

– Аласыз ба?

– Қанша?

– Екі мың.

– Екі мың теңге ме?

– Жоқ, екі мың доллар...

– Інішек, мынауың алтыннан да асыл екен ғой, ондай ақша тап қазір менде қайдан табыла қояр!.. – дейді.

Осыны айтып тұрғанда арғы жағынан көк джинсі киген бір сумақай келіншек қылаң етті. Ол Жасханды тани қойып, басын ала қашып:

– Сізге сатпаймыз! – деген.

– Күлайша, бұл сен бе?

– Ал, мен... Е, немене, маған сауда жасауға тыйым салып па? Заманың мынау, астаң-кестең...

– Жасай бер. Тек... есірткі саудасына қалай жол бересің? Бұл – қылмыс.

– Қылмыс? Қылмыс емес қай шаруаң қалды осы күні?

– Атаң “Балалар үйін” сен үшін ашып беріп еді, соған да иелік
 ете алмадың. Енді не дейсің?

– Ол жабылды. Қаңырап бос тұр...

– Жұмыс жүргізе алмаған өзіңнен көрмейсің, ә? Әй, сен де бір...

Күлайша бұлқан-талқан ашуланып, сөз үстіне сөз түйдектетіп, бұның ит терісін басына қаптады. “Әттең, атам тірі болғанда, көзіңе көк шыбын үймелетер едім” деп дікең-дікең етті...

Өзінің де ашуы бойын буып кеткенімен, Жасхан сабырлы қалпынан айнымауға тырысып, сөзді салмақты қайырып, кешегі әкімнің келінін ақыл көшесіне ақырын-ақырын жетелеп баққан.

– Бұл заман да өтер! Уақыт та дұрысталар. Ал, бірақ... келер ұрпақ есірткі саудалап, ақша тапқаныңды кешіре қояр ма екен! Осы жағын ойландың ба?

– Келер заманды таразы басына салып отыруға еш зауқым жоқ. Бүгінгі күнгі олжам – сол қымбат...

Жасхан сонда да үстемелеп айтып, түсіндіруге тырысты.

– Жәй келіншек емессің, кешегі ел билеген, беделі зор әкімнің келінісің. Ел-жұрт біліп қояды деп қысылып-ұялмағаның ба?

– Әкім! Әкім болса қайтемін! Ол – өзіне әкім. Өтті-кетті! Ал, менің тірлігім өзіме керек. Бұл – менің заманым...

– Сонда-а... басқа шаруамен айналысуға құлқың жоқ па? Мысалы, мектепке барып, бала оқыту... Әйтпесе, дүкенге барып, сауда жасау...

– Отырсам сол! Бес-он тиын үшін күнұзақ миымды ашытып! Қысқасы, сен мені көрген жоқсың, мен сені білмеймін. Басым аман болсын десең, дереу табаныңды жалтырат...

Барынша дөрекі үн қатып алды да, есірткі саудалаған келіншек артынша бұған желкесін көрсетіп, жөней берген.

...Осыны баян қылды.


2

Екеуі ұзақ сөйлесіп алды да, телефонды өшіріп тастап, Аспан аз-кем ойға батып, қатты қамыға түскен. Мына Америка елдерінде неше түрлі есірткіні саудалайтын, ар-ұятты жоғалтқан “көлеңкелі бизнес” өкілдері турасында көп еститін. Тап осындай жағдай алыстағы өз ауылына да оп-оңай жетіп барады деп кім ойлаған. 

Адамды азғындатып, ойын ойрандап, ақыл-есін алудың ең төте жолы – осы есірткі заты. Бұған бой үйреткен адам бірте-бірте ойлауды да тежейді, күдікшіл де секемшіл мінезге көшеді, бар адамды өзіне жау көреді. Сонда, келер ұрпақ тағдыры қайда барып тірелмек?..

Арғы жағын ойласа, зәре-құты қашады.

Ой теңізіне батып кетіп, шыға алар түрі жоқ...

Өзінің жанынан бір елі қалдырмайтын орынбасар-қызметкері Артур Хаземетті шұғыл түрде шақыртып алып, жедел тапсырма берген.

– Интернет арқылы іздейсің бе, басқа әдісті қолданасың ба – білмеймін, әйтеуір маған жер бетіндегі есірткі саудасына тікелей қатысты мол деректі жинап әкеліп бер.

– Оны қайтесіз? – деп Артур аң-таң.

– Өзім білемін. Айтқанды орында.

– Жарайды. Тек...

– Е, не тағы?

– Жер жүзін есірткінің түр-түрі жайлап алғалы қанша уақыт. Бәрін бірдей тауып, сізге түгел мағлұмат бере аламын ба, жоқ па – соны ойлап...

– Бар жұмыстан уақытша босата тұрайын. Ендігі ісің осы! Мейлінше молынан қамты... Көп дерек керек...

– Ал, дерек болғанда... – деп, Артур іркіліп қалған.

– Онымен күресу жолдары, есірткіге үйір жандарды қалай және қайтіп емдейді екен – бәрі де қажет.

– Түсіндім. Кішкене уақыт беріңіз...

– Тек тездет. Маған шұғыл түрде керек бұл деректер-р...

Оны кабинетінен шығарып жіберіп, аз-кем ой сонарына қамалып отырып қалған. Бұл жолы да еселеп, Артур жайында қиял қозғалды. Өте алғыр жігіт. Айтқанды тап-тұйнақтай етіп орындайды. Кері тартар кермінезі жоқ есебі. Қашан көрсең де иіліп, “сізді тыңдап тұрмын” деп, инабат көңілін байқатады. Тіл азар емес, зәуеде бизнеске байланысты қиындықтар туындай қалса, оны да жылдам шешіп келетін – осы Артур. Ендеше неге бұны жатсынып, кеудесінен кері итерер!..

Алайда, өткенде, ауылда жүрген кезінде Жасхан бір сөз арасында:

– Еліміздің түбіне жететін ең үлкен сұмдық – есірткі саудасы! – деген. – Менің естуімше, оны мұнда жасырын түрде жеткізе­тіндер де айдан түсіп жатқан жоқ, сендер жақта деседі. Байқа, айналаңда сондай алаяқтар қаптап жүрмесін...

Аспан оның мынадай сөзіне қолдау айту орнына, едәуір шамданып қалған.

– Сонда, сенің ойыңша, мен түк сезбес, аңқаулықтың құдығынан су ішкен маубас па екем?

– Олай дегенім жоқ. Тек ескертіп жатқаным...

Ал, әнеукүні Ханмұрат та сондай суықтау сөздің бір ұшын қылаң­датты. Ендеше, мына Артурдың ішкі әлемі аса таза емес, бұзылыңқы, тіпті бұлыңғырлау ма?

“...Әй, бұны да білдірмей тексеріп қою керек шығар, сірә!..” 


3

Алыстағы Шерқалада тап осы күндері өте қауіпті кеселмен – есірткі сатушылармен күрес басталып та кетіп еді...

Ең алдымен бұрынғы қала әкімі Тасқараның келіні – Күлайшаны қайталап іздеп барып, оңаша уәжге шақырып, бұндай іспен айналысуын мүлде доғаруын талап еткен. Ол ыршып түсті. Қазір ғана естіп тұрған адамдай. 

– Сізге мұндай деректі кім айтып жүр? Мен ары да, жаны да таза адаммын. Маған күйе жаға бермеңіз. 

– Апыр-ау, әнеукүні өз көзіммен көрдім ғой.

– Ол басқа зат. Сіз түсінбепсіз. Енді маған дікеңдеуді қойыңыз, әйтпесе... 

– Әйтпесе не істейсіз?

– Полицияға айтам. Сотқа берем.

– Ал, менде бұлтартпас дерек болса ше? Онда не етпексіз?

– Ол мүмкін емес. Қайталап айтамын, өзім таза адаммын.

– Сіз өтірік сөйлеудің шебері екенсіз. 

– Тағы да ескертем: қиянат сөзіңіз үшін сотқа тартыласыз...


* * *

Кішкене ғана уақыт өткен кез еді, көшеде келе жатқан Жасханды екі жігіт тоқтатты. Екеуінің де түсі суық. Суық сөйледі.

– Сен, азамат, өткенді ұмытпа. Пәтерге қол жеткізе алмай, қатты қиналып жүрген кезіңде қала әкімі Тасқара Тортайұлы қалай көмек беріп еді, – деді.

– Оның бұл жерде қандай қатысы бар?

– Есіңе салып жатқанымыз. Арғы жағын өзің ойлана бер.

– Жоқ, жігіттер! Жастар ертеңгі болашақ емес пе? Ойбай-ау, оларды әлден есірткіге үйрету – келешекке балта шабу екенін неге түсінбейсіңдер! Балаларың жоқ па?

Түсі суықтау біреусі миығынан күле:

– Немене, келешекті ойлайтын тек сен бе едің? Басқалар ай қарап жүр ме сонда? – деп дүңк ете түскен.

– Бауырым-ау, осының бәрі өзім үшін бе? Бұл есірткі деген зат...

Екінші жігіт сөзді бөлген.

– Қысқасы, ағасы, не біздің дегенімізге көнесіз, не болмаса... өз обалың өзіңе!

– Сонда не істейсіңдер маған? Менің қағазым мен қаламымды тартып аласыңдар ма? – деп Жасхан шыр-пыр ашуланды.

– Жоқ! – деді түсі суық жігіт. – Бізге сенің қағаз-қаламың неменеге керек! Білгің келіп тұрса ашығын айтайық – сенің басыңды...

Жасханның жүрегі дір-р ете түсті.

Бірақ, дегбірсізденіп, қорыққан жоқ. Бүгінгі заманды, оның ақыл-естен жұрдай, тасмиға айналып үлгерген жас адамдарын ойлап, жүрегі шаншыған...

“...Осы мен...” деп қиналды оңашада. “Осы мен кіммен күресіп жүрмін? Не үшін күресіп жүрмін? Тап осылай белсеніп шығып, тас­жүрек жандармен бетпе-бет келу – маған тиесілі жұмыс па еді! Жазушы едім ғой. Жазуыммен болып, жайыма жүрсем не қылар еді! Ғаріп басым-ай!.. Сорлаған сормаңдай күйімді-ай, мына-а...”

...Теледидарды қосып қалып еді, диктор бір сұмдық жағдай жайында жаны сыздағандай күйге түсе, қинала айтып жатты:

– Соңғы жылдарда дүние есігін ашқан әрбір жүз сәбидің кем дегенде отыз пайызының не ақылы кеміс, не денсаулығы дімкәс екен. Бұл не сұмдық?..

“Жоқ!” деп кіжінді Жасхан. “Бұл күресті тоқтатуға еш жол жоқ. Керек күрес-с... Күреспей болмайды бізге-е...”


4

Аңду мен аңдысу ұзақ күндерге созылып кетіп еді.

Бұдан былайғы жерде Жасхан барлық шаруасын ысырып қойып, осы іске барынша ықыласын аударған. Қайтсе де қала ішіндегі есірткі саудасын жасаушыларды ұстап алып, кінәсін бетке баспақ ізгі ойы бар-ды.

Бұл, әрине, оңай шаруа еместігін көңіл елегінен өткізіп, сал­мақтап жатпады. Кітаптағыдай көрді.

Ол, бірақ, бұл істе Күлайшалар жалғыз емес екенін, оның артында көптеген беделді кісілердің тығылып-тасаланып тұрғанын әзірше аңдай алмаған.

Қызық сонан соң басталды...


Олигарх және бабалар

(төртінші желі)


Қыран-қиял


1

...Ойдан ой туындап, қиялдан соң қиял қуалап, сезім сергелдеңін бастан өткере күн кешкен тар жол, тайғақ кешу бұ заман әдіра қалмас па, құрып кетпес пе жіпке ілініп қана тұрған тұрлаусыз жалған-н...


* * *

Бала күнінде көк жүзінде қалықтап ұшып жүретін имек тұмсық қыранды жиі-жиі көретін де, ұзақ қарап тұрып алатын. Сол шақта шырқау биікке, зеңгір аспанға ешбір құс қырандай биіктеп көтеріле алмас-ау деп ойлайтын. Өйткені, қыранның биігі қайда-а! Көз жетпесте. Алыста-а... Қарайсың да көзің талады. Кереге қанат құс ұзақ-қ қалықтайды. Сонау көз ұшында.

Бүгін ойлап қараса, кісі қиялы да – көктегі қыран тектес. Кей-кейде тым шырқауға, ой жетпес қиырларға оп-оңай бастап әкете беретіні бар. Сондайда ойлайды, адам да сірә, қыран-мінез шығар! Өзінде қанат жоқ болғанмен, қиялыңда қанат бар. Қиялымен қияға самғайды. Көз жетпеске ұшып, шығандап кете алады.

Ана жолы Шерқалаға барып, бірнеше күн аялдағанда Аспанның ойын да, қиялын да тас-талқан еткен – өзін мазақ етіп мақала жазған Ойқазан. Әуелгіде оны мысымен басып, жермен-жексен етіп, қайтып тіл қатпасқа келтіріп, үнін шығармай қоярмын деп ой сорғалатқан. Сөйтсе ол ойының ә дегеннен күл-паршасы шығып, тез тұсауланып қалған-тын. Олигархты да батылы жетіп, сөзбен желілеп, оймен матап, өз дегеніне көндіретіндер бар екен мына фәниде. Әйтпесе сенімді еді: екпін-тегеурініме ешкім де қарсы тұра алмас; кім-кімді де оп-оңай жасқап жібере аламын...

Әредік сезімге ерік беріп, көңілі босаған сәттерінде өзінің көптен бергі көмекші-орынбасары Артурды шақырып алып:

– Менің жұмыс-тәсілім қалай? – дейтін. – Былайғы кәсіпкерлер не деп жатыр?

Сылаң жігіт сөзге шапшаң. Тұсалып қалған сәтін, о, тоба, бір рет те байқамапты. Сөйлеп кеп береді.

– Осы кезде бүкіл Америкада сізге тең келіп, терезе теңестірер бизнесмен табу қиындап бара жатыр ма!..

– Көңіліме қарап сөйлеп тұрғаның ба?

– Имандай шыным. Қай ортаға түссем де, еститінім осы пікір.

Орынбасарының сөзіне жүз пайыз сене алмаса да, жаны оқыс жадырап, көңілі шалқып, өз-өзінен қуаныш күймесіне аяқ арта бастайтын.

Ал, ана жолы... елге барғанда жазушымен екі-үш күн сөйлесем деп, әр сәтінде де оңбай жеңіліс тауып, ойтығырыққа тіреле бергені есінен кетер ме! Қарсы тұрайын десе де, мүлде қауқарсыз күйде екенін байқаған.

Қарсы тұрғаның не, Ойқазан бұның қиялын да оқшаулап-қоршаулап тастап, мүлде қапас түбіне тығындап, тырп еткізбеуге айналған. Өзгермесіне, екінші жағына аунап түспесіне қояр емес.

Солай десе де шындық-ақ! Соған ылажсыз бас иген күй!

Дегені көңілге қонған. Айтқаны – сезімге шоқ түсіргендей. Арпалысқан жоқ. Алысқан жоқ. Жұлысқан жоқ. Тек... ой салды. Ойландырды. Шерқала деген шағын қаладағы адамдарды, енді ақылға салып бағамдаса, екі топқа бөліп қараған әбден-ақ орынды екені көңілге қонақтады. Алғашқы топ – әлсіз, қуатсыз, өмірден жеңілген, бәріне мойынсұнған момақан жандар. Олардың алды өмірді тастап, ана дүниеге аттанып та кетіп жатыр. Өз ажалымен емес, төтенше кеселден. Әсіресе, ел ішін жаулап кеткен онкологиялық сырқаттан. Сосынғы топ – жігерлі, ештеңеге бас имейтін, әлі де жүрегінде жалын бар, қайратты да қайсар жандар. Солардың жуан ортасында – Жасхан Жұрқабайұлы жүргенін де іштей сезіп-саналаған.

Мұндай да болады екен-ау! Өзі жүдеу, сырықтай сылыңғыр, дүниесі жоқ, жалаңаяқ жігіт... Америка континентінде кімсің – Аспан едім деп шалқып ғұмыр кешіп жатқан адамды қақпақылға салды: ішкі әлемін аласапыран етті; өмірі ойламайтынды ойлатты; жүрегін сыздатты, жанарын жасауратты...

Әуелде оны жат көріп, іс-әрекетіне сынай қарап, өзін мазақ ете мысқылдаған кезі де бар-ды. Алайда, ауылдағы бес-алты күн ішінде бәрін де түсіне бастағандай. Көп нәрсе айтты, көп жайтты аңғартты. Тіпті ұйқыдағы ішкі сана бесігін де сілкілеп жіберген – сол Жасхан!

“Олигарх кім? Ол не үшін, кім үшін өмір сүруі ләзім! Алдағы арман-мақсаты не? Қайтсе өз жүрегі мен ары алдында ұялмастай тірлік жасап, іс бітіріп кетпекші...”

Міне, осыны есіне сыналап кіргізген. Осынау бас бұрғызбас бағытта әркез, әр күн сайын ойлана жүруі керектігін ақырын аңдатты. 

Әуелде, “әй, соны қойшы” деп ат-тонын ала қашса да, Америкаға оралғалы бері жиі-жиі есіне түсіп, сана терезесін түрткілеп кете беретінді шығарған. Тіпті жиі-жиі...

“Мына жарық әлемде не қымбат? Байлық па? Жоқ, ілім-білім бе?”

Бұл – кейінгі кездердегі ой – ілгек сезім.

Тағы да толғайды.

“Мына қоғамда қай шыңның бәсі биік? Байлық олимпі ме, жоқ ой олимпі ме?”

Бұл да маза бермес көп ойдың бір саласы.

Содан соң өзгеше бір түйін ізіне түсіп алып, армансыз шауып-жөң­кілетін.

“...Шетел деп, онда бәрі де бар деп, өз топырағымызды өзіміз таптап, өзгеге жығып бергеннен басқа не бітіріппіз? Америка, сөз жоқ, алып мемлекет! Бірақ, аяқ астынан алыптар қатарына сап түзей қалды ма? Бірден қоғам олимпіне көтеріліп шыға келіп пе бұл ел? Жоқ, әрине! Бұралаңды жолда талай жығылып, талай сүрініп, әбден сілелеп барып, содан соң ғана сара жолға түскен-ақ шығар. Ендеше, бүгінгі тәлтірек қадамы үшін қазақ деген елге неге соншалық ой-күдікпен қарап, болашағын бұлыңғыр көреміз?..”

Ой-арна өз жүлгесін таба алмай, басын тауға да, тасқа да ұрып жатыр.

“...Өзің сіңірлеп қалған кедейсің, түгің жоқ, сөйте тұрып аты дардай Олигархқа қарсы сөйлегің келеді деп намыстандырсам да, Жасхан бәрібір бақытты ма? Ең бастысы – оның ойы мен бағыты айқын. Арқасын туған еліне тіреп тұрып сөйлей алуының өзі жарты жеңіс екені өтірік пе?..”

Тағы да ой сапары ұзай түсіп, ұзаққа сүйрелеп тартып берген.

“...Бабаларын білмеген, өткенінен мүлде мақұрым ұрпақ та өзін бақытты санай алар ма деді ғой Ойқазан! Бақыт дегеннің шын анықтамасын кім біліп, тап басып айта алар?..”

Еңсені езген ауыр сезім енді қазақ деген момын елінің тағдыр-талайына әкеліп, маңдай тіретеді.

“Қазақ деген елді қалай танып-білу қажет? Олардың түпкі тарихын – арғы тегін білгені жөн бе? Қай кезден бастау алады ата-тарих?..”

Тағы да қиял кемесіне бұт артқан сиқы!

“Бұл халыққа аса қымбат, жолы асыл бабалар кімдер? Олар көп пе, аз ба? Неге бүгінгі жас ұрпақ, алғыр ұрпақ аз біледі олар жайынан...”

Бизнес-тайталас бәсеңсіп, сәл саябыр тапқан сәтте Аспан Ойқазан аманаттаған қолжазбаларды қайталап еске алған. Қолы қалт еткенде соған бас қоюға ниеттенген сәттері де туа бастаған.

Жо-жоқ, Ойқазанды мойындағаны емес, керек десе онымен әлі де, тағы да тайталасып, пікір бәсекесіне түсуге әбден қайыл. Жазушы болса қайтеді, мына өмірде ой-теңізіне оп-оңай сүңгіп кете алатындар тек солар ма? Әлбетте, қилы іздері бар қиял жұмыр басты пенденің қай-қайсысына да жат емес. Оның үстіне Аспан бизнес саласының биігіне көтерілген атақты кәсіпкер екен, ендеше неге ой таяздығын байқатуы тиіс?

Қайдан екенін ұмытып, кім екені де есінде қалмапты, әйтеуір бір жерден оқығаны бар-ды. Сонда былай деп жазылған.

“...Адамнан адам артық та, кем де емес. Алайда, ой біреуде терең, ал біреуде жайдақылана орайласып келуі әбден мүмкін. Бірақ, оған қарап, кей адамдар мүлде парықсыз жаратылған десек, қате түсінік! Ой – шұңғыл! Ақыл – теңіз! Оның терең тұңғиығына ешкім де жете алмаған, жетпейтін де шығар-р...”

Бірақ... соңғы уақыттағы көңіл өзгерісіне өзі де аң-таң. Бүгінгі олигарх кешегі Олигарх емес! Ол басқа, бұл басқа. Тіпті кешегі Аспанды бүгін өзі де танымайтындай.

“...Маған не нәрсе қатты әсер етіп барады? Күннен-күнге кімге айналып бара жатырмын? Кешегі темірдей жасымас қатқыл ерік-жігерім қайда? Жоғалып бара жатқаны ма, бірсін-бірсін...”

Өткенде Ханмұрат Жасхан ағасы туралы айта келіп:

– Бизнес деген былқылдақ көпір секілді, бір күні опырылып құлап қалары шындық деді, сөйтіп сізді өзінен төмен көретінін байқатып қойды, – деген.

Мұны да естіді. Алғашында іштей ашуға ерік беріп алып, артынша сабыр ойлаған...

Тағы бір ой әлеміне сүңгіген сәтінде, неге екенін өзі де байқамаған, көз алдына Балзия бейнесі келіп тұра қалғаны. Баяғыда-а... Шерқалада уайым-қайғысыз тіршілік кешіп жүрген күндерде, осы Балзияға ынтызарлығы ауып, онымен жиі-жиі кездесу үстінде қыздың айтқаны бар-ды.

– Сен, – деген ұяң үнмен. – ...ылғи да материалдық байлық туралы айта бересің. Негізінде, кісі алдымен рухани бай болып алуы керек, тек содан соң...

– Жоқ, – деп қисая қалған бұл. – Алдымен жағдайың жақсы болса ғана қандай арманға да қол жеткізе аласың. Өзің таршылық көріп жүріп, қай жағынан рухани баймын деп мақтанарсың?

Қыз жеңіл күлкіге көмілген. Күлкісі өзіне соншалық жарасып та тұрды. Сөйтсе де, Аспан бұл жолғы күлкісін ұнатпады. Қайта ашуын оятты.

– Мені мазақ етейін дедің бе?

– Құдай сақтасын! – деді қыз. – Мазақ күлкі емес. Жәй, көкейімді бір нәрсе қытықтап кетті.

– Ол не?

– Ол ма! Ол – сенің осы жолы өте келте ойлап тұрғаның. Рухани байлық деген – кісінің жан тазалығы, көңіл сергектігі, тіпті одан да тереңдетіп айтсам – өзінің туған елі мен жеріне деген құрметі...

– Мен туған жерді сүйе алмайды деп кім айтты?

– Сен де сүйесің. Бірақ, сенікі аса шынайы емес. 

– Қалай?

– Оны түсіндіре алмаймын. Бір сөзбен жеткізе салу аса қиын...

...Ақыр аяғында бір шешімге табан тіреп, соған бас шұлғыған сыңайы бар-ды. Мәселе – Ойқазанда емес, кешегі өткен ата-бабалары турасында аз-кем болса да, біліп-танып алуда. Сондықтан да, Жасхан беріп жіберген қолжазбалар өзіне баурап, тартып бара жатқан.

...Оқып жүргеніне, міне, үш күн!

Үш күн бойы қиялымен қанаттанып алып, әруақты бабалар өміріне қым-қиғаш араласа, кешегі замандарға “саяхатын” бастап кеткен-ді.

Олигарх пен бабалар сырласуы бірте-бірте қалыңдап, тереңдеп, теңіз түбіне тартып кете барған.

Ол ой көшесімен жүріп бара жатыр еді...


* * *

Әуелгі қолжазбаны Қыпшақ даласынан шығып, жат өлкеде көз жұмған. Әбу Насыр әл-Фарабиге арнапты. Кіріспесі өте ұзақ. Баяғыда-а өтіп кеткен бабасы туралы тереңнен толғап, тіпті тарихқа барынша мол батып, сүңгіп кете барған. Ұлының ұлылығын танып-білу басы мен аяғы жоқ жайынан басы мен аяғы жоқ пәлсәпа тізбектеген. Сөзден сөз балалатады.

Соны айта келіп, бір тұсында мынадай ескертпе айтқан. Соған көз тоқтатты. 

– Бизнесмен бауырым! – депті жазушы, – Сен менің бұл жазбамнан не түсіндің? Бәлкім, атүсті, көз жүгіртіп қана қарап отырған боларсың. Ендеше, сөздің тоқ етер түйінін білдірейін. Әбу Насыр баба әлемді аралап жүргенде өзінің жеке басын ойлап, атағын шығаруды мұрат етіп пе? Жо-жоқ, ол қай жерде жүрмесін, туған елін, туған жерін ұмытпады. Тіпті әрбір жазбаларында өзінің қыпшақ топырағының тумасы екенін, соны мақтаныш көретінін де жасырмады. Замандар сырғып, ақыры бір ғасырларда өзінің қандастарымен рухани терең ағыспен табысарына сенді. Сеніммен көз жұмды...

Аспан осы жолдарды оқып болып, аз-кем ойға батты.

“Не дейді? Не айтпақшы сонда? Әбу Насыр кім, мен кім?..”

Қайтадан жазбаларға көз тіктеп, ішіне ене түскен: Әбу Насыр бабасы өмірінің соңғы тұсында Алеппо шаһарына табан тіреп, сол қаланың билеушісі, атақ-даңқы мен байлығы тасыған Сайд ад-Дуаль Хамданидің сарайында ғұмыр кешкен-дүр! Сайд кім? Түбі түркілік дей ме? Сонда-а... ол кісі Әбу Насырға неліктен қамқор қолын соза қалыпты? Ой қуған философтың оған қаншалық керегі болды-дүр? Неге сол үшін жиған-тергенін уыстап шашты?

Басын ұстап, дел-сал күйді бастан өткерген. Жансарай төрінен әртүрлі сезімдер лықсып-лықсып келіп қалып жатыр.

“...Бақ пен бақыттың мекені қайда? Байлығы асып-тасыған адам шынымен бақытқа кенеліп ғұмыр кешер ме? Егер солай екені шындыққа жанасып жатса, неге Сайд ад-Дуаль бес-алты трактат шимайлаған, өз елін тастап, қаңғыған қиялшыл адамға соншама ықыластанды?..”

Жауап таба алмаған. Жауап тұрмақ, осылай сауал қоюдың өзін ақыл кемеріне қиюластыруға қинала түскен.

“...Мен осы күнге дейін байлық үшін алысып-арпалыстым. Жүзді мың, мыңды миллион етсем дедім. Аспандадым. Асқақтадым. Содан соң... Ал, ақыр аяғы ше? Қайда барып тоқтармын? Тұғырым қайда менің?..”

Басы зеңіп кеткендей күйде аңырап ұзақ отырып қалған...

Тағы да көз алдында Қабыш қария бейнесі көлбең қақты...


* * *

Кабинетінде өзімен-өзі әлдебір әсер жетегіне түсіп, үн-түнсіз отырған сәті-тін. Есік қағылды.

– Рұқсат!

Ішке Артур бас сұқты. Өзі бұрынғыдан бетер лыпып тұр.

– Сіз тапсырған шаруаларды түгел жинастырып-топтастырып жатырмын. Тағы да бірнеше күн керек сияқты.

– Тездет! Ол деректер маған ауадай қажет деген жоқ па!..

– Құп! Ұзатпаспын.

Осыны айтты да, әлденеге тұтыққандай кейіп байқатып, кібіртіктеп, тілін жұта берген.

– Тағы не?

– Ана Джон мырза... Кішігірім шаруа бар еді, соны ол кісімен бірлесіп шеше берсем қарсылық етпессіз...

– Көп ақша ма?

– Онша көп емес. Джон мырза аса қызығушылық байқатып отырған соң, дереу пайдаланып қалсам деген ниет қой...

– Жарайды. Тек.. артық қыламын деп, тыртық кетіп қалмасын. Саған сенемін. Алайда, шалыс бассаң – маған ренжіп жүрме. Бизнес – еркетайлармен дос емес...

– О не дегеніңіз, шеф! Бәрі де ойдағыдай басталып, ойдағыдай аяқталады. Еш уайым­дамаңыз... Айтпақшы-ы...

– Енді не? 

– Бізбен бірге Кэт ханым да осы іске тартылса... Ол қағаз-құжаттарға өте икемді...

– Апырмай, сен де бір... Екеуің тіл табыса, бірлесіп жұмыс істеп келе жат­қалы көп уақыт өтті емес пе? Маған неге тіреп тұрсың?

– Сонда да... Кэт сіздің рұқсатыңызсыз бір қадам да баспайды.

Аспан күліп жіберді. Күліп алды да:

– Осыны шын айтып тұрсың ба? – деген.

– Өтірік сөйлеп қайтем, шеф! Сіз ондай мәймөңкелікті жақтыра бермейсіз-з...

Басын қасып алып, екі-үш рет мойнын қисаңдатты да:

– Ал, не тұрыс! Бармайсың ба асығыс жұмысыңа... – деді.

– Кеттім! Кетіп барам, міне-е...


* * *

Тап осы тұста, сонау алыстағы Шерқалада, соңынан ерген жас досы – Ханмұрат сезім сергелдеңіне түсіп, басын тауға да, тасқа да ұрып жатқан-ды. Жүрегі құрғыр лүп-лүп! Күндіз де, түнде де дамыл табар түрі жоқ.

Бәріне себепкер – жас бала Жанмұрат.

Ол айтты:

– Лалагүл біздің апайымыз, тарихтан сабақ береді, – деді.

– Е, өте жақсы екен.

– Ең қызығы – апайыма сіз туралы айтып едім, бір қызарып, бір бозарды. Қатты толқыды.

– Қашан? Неге? – деп Ханмұрат шыр-пыр.

– Айтуға болмайтын ба еді?

– Жоқ, неге болмасын. Тек... өзім барып...

– Онда жүріңіз. Тұрып жатқан үйін де білемін.

Ханмұрат дегбірсізденіп кетіп, саусақтарын ойнатып, сытырлата түсіп, жас баланың алдында қатты қысылды.

– Тоқтай тұр. Бүгін емес... – деп күмілжіген.

Олар осылайша екеуара кезекпе-кезек сөз жалғасып тұрған кезінде желке тұсынан әсем дауыс естілген.

– Сәлеметсіз бе?

Жалт қарады. О, тоба! Сол баяғы қалпы! Сол үні! Сол жанар...

– Лала-а... – деп Ханмұрат тілі таңдайына жабысқандай тұншығып, үнсіз күмілжіген.

Қыз күліп жіберген. Содан соң:

– Күткеніме көп уақыт, өзің іздеп келе ме десем... – деп наздана сыңғыр етті.

– Әрине! Әрине, бара жатыр едім.

Қыз бен жігіттің алғашқы табысу сәтін көзбен тамашалаған тек Жанмұрат қана...


2

...Ертесіне келесі қолжазбаға да көз салған. Мұнысы – абыз Ахмет Иассауи туралы толғанысы екен. Бұрыннан хабары бар. Дін өкілі дейтін еді ғой бұл кісіні...

Бабаның өмір-тарихын айта келе, қайырма тұсында мынадай жазбахат түзіпті:

– Біле-білсең, бизнесмен досым, сопы Ахмет Бұхарадағы Көгелташ медресесінде аса беделді ұстаз еді, мәңгіге қалып қоюы да мүмкін еді. Ол сонда бас имам деңгейіне дейін көтеріле алған. Әйтсе де ұлы ғұлама ойлана келе, өз топырағына оралуды жөн деп шешті. Сөйтті де Иассыға келіп, медресе ашып, шәкірт тәрбиеледі. “Диуани-хикмет” деген парасат кітабын көркем тілмен
 кестелеуі – ұлы ерлік! Осының бәрі де болашақ ұрпағы үшін жасаған ізгі қадамдары демеске шара бар ма? Айтшы өзің...


* * *

Тағы бір қолжазба. Оның алғашқы бетіне бадырайтып тұрып жазыпты:

“Әмір Темір Көреген! (болашақ шығарманың тезистері)

Сосын одан төменіректе қызыл сиямен ерекше белгі соғылған. Онда былай делінген:

“...Әмір Темірдің өз халқына, өз еліне жасап кеткен ұлы істеріне, тіпті қателіктеріне, бүгінгі ұрпағы өз бағасын әлі де беріп біткен жоқ. Сосын да біз үшін ол – жұмбақ жан. Ашылмаған арал секілді құпия қолбасшы...”

Тағы бір жеріне былай деп сөз сүйкеген:

“...Ақсақ Темірдің қазақ топырағына жасаған ең асыл әрі ұмытылмас ұлағатты ісі – абыз Ахмет Иассауиге арнап аспанмен таласқан көк күмбезді кесене салдырғаны...”

Олигарх бір сәт қиял құшағына беріліп, көңіл теңізіне батып бара жатқан. Сезім әлемі сан-саққа жүгіріп-жүгіріп кетіп отырды.

“Ау, осы Ақсақ Темірді... иә, Әмір Темірді ана жолы бір білгіш “ол өзбек жерінде туып, сонда өлген” деген жоқ па? Сол білгіш тағы да “өзбектер Ақсақ Темірді өз қандасы санайды” дегені ше? Ал, мына Ойқазан жерлесімнің түйсігі қайда бастайды? Бұл не демекші?.. Бүкіл түркі халқына ортақ ұлы тұлға дей ме? Онысы да шындыққа біртабан жақын сияқты ма, қалай-й...”

Осыдан соң тағы да бір ой соқпағына түсіп кетті: “...Ақсақ Темірдің... қателіктері де бар екен, асылы ештеңе істемеген кісі ғана қателіктен ада шығар-р...”

Көз алдын көлбеген шығарма тезистерін әрлі-берлі аударыстырып отырып та, әлгі бір кермек сезімнен шығып-шығандап кете алған жоқ.


* * *

Парақ астынан парақ қылтияды.

Бір ойды бір ой қажап, одан бетер ескі тарих соқпағына сүйрелейді. Көптен бері бұлайша, қағаз-жазбаны оқымаған екен, компьютерге қарағанда әсерлілеу ме, қалай...

Тек, Ақсақ Темір емес, одан өзге де атағы жер жарған көненің адамдары туралы толғапты. Көбісінің атын естігені болмаса, түсінік-танымы тым терең емес-ті. Сосын да әрі қарай қазбалай беруге құлық құрсауланған.

“Тегінде... хан да, батыр да, би де, шешен де шыққан біздің халық қандай халық? Кең даланы өз еркіне тиесілі етіп, еркін билеген бабаларға бас имеске шама бар ма? Ал, біз ше?”

Ол өз өмірінің әлдебір қақпақылдарын ойлап, әрнені салмақтап қинала түскен-ді...


3

Қиял шіркін – бабы келіскен бәйгеторы! Қызбен кездескен күннің түнінде Ханмұрат таңды ұйқысыз, көзі ашулы күйі қарсы алған. Қиялы қияға самғап, алысқа-а бастап әкеткен. Өмірінде дәл осы күнгідей өзін аса бақытты сезіне алмаған шығар-ақ.

“...Махаббат! Ол осылай ма еді? Әттең... Америкадағы омырау бөлігі жартылай жалаңаш, ашық-шашық жүре беретін леди-бойжеткендермен емін-еркін тілдесіп-шүйіркелесіп кете беруші едім, кешелі бері не күйге түстім? Лалагүлдің тал бойында осынша сезім азабына салардай не құдіреті бар?..”

Әр ойдың сорабына түсіп кетеді де, жаны шырқырап, соңына жете алмай қиналады. Қайтсем, қыз көңілінен дөп шығамын деген жігіттік арман жүрекке дамыл беруді қойған.

“...Ертең, келесі кездескен сәтте тіке қарап тұрып, “мен сені сүйемін деп айтқан жоқпын, сүйгенім – Елмұрат еді” десе қайтемін? Маған “жай ғана дос қалпымен жүре берелік” десе... Ой, Лала­гүлжан, жан сырыңды қашан ашасың маған? Сенің қыз құпияңды қашан, қай күні күйіп-жанған жаныма жария етем-м...”

...Бүгін кешке, ауыл сыртындағы биік Сәмбіталдың түбінде кездеспекке серттескен. Енді кешті батыра алмай әлекке түсулі.

Күн ұясына асықпай, бір орнында табандап, соншалық ұзақ-қ тұрып алғандай.

Тіпті уақытты өткізе алмай бара жатқан соң, телефонын алып, алыстағы ағасына қоңырау шалды. Арғы жағынан Аспанның қоңыр даусы естілген.

– Жай хабарластың ба Ханмұрат?

– Жай емес.

– Тағы не жайында?..

– Аға, – деді бозбала. – ...Сізден ылғи сұраймын деп ойлаймын да, бата алмаймын.

– Оу, ол не сұрақ? Сұра, қанеки...

– Сіз... қызға ғашық болып көрдіңіз бе?

– Енді бұл өте қиын сұрақ. Әркімнің өз жүрегі бар. Әр жүрек өзінше лүпілдейді.

– Кэт... Сізді сүйе ме?

– Ол екеуміздің арамыздағы қарым-қатынасты махаббатпен шатастырма.

– Қалай? Сонда ол...

– Жә, – деді ағасы. – ...бұл туралы оңаша кездескенде түп-түгел түсіндірермін. Махаббат жайынан саған айтарым аз емес. Әзірше жағамнан ала берме. Жарай ма?

Телефон өшіп қалды...

(Жалғасы бар)

Жолтай Әлмашұлы

author

Жолтай Жұмат-Әлмашұлы

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

“Көреміз” бағдарламасының журналисті Руслан Өтепбай әлеуметтік желідегі парақшасына виде...

Жаңалықтар

Cиноптиктер ертең, 25 қарашада еліміздің он екі облысында ауа райына байланысты ескерту жасады, деп...