Гүлжанат Құрманғалиева Ержиласун. Екі лидер

ӘДЕБИЕТ
2284

Екі лидердің де өмір жолы өнегелі тағылымға толы. Екі күрескердің тәуелсіздік күресінің нәтижесі бірдей болмады; өйткені, екі мемлекеттің сол кездегі саяси және әскери шарттары бірдей емес еді.

20-ыншы ғасырдың екі көрнекті жетекшісі Әлихан Бөкейхан мен Мұстафа Кемаль Ататүріктің, түркі әлемінің екі тарапында, тәуелсіздік жолында тарихқа алтын әріптермен жазып кеткен теңдессіз күрестерінің бір-біріне ұқсас жақтарының көп болуы – әрі қызықты, әрі маңызды. Алаш тарихына қатысты деректердің жарық көруіне зор үлес қосып келе жатқан тарихшы, профессор Тұрсын Жұртбай өз еңбегінде, тарихшы, профессор Мәмбет Қойгелдінің Әлихан Бөкейханды қазақ қоғамының Сун Ят Сені мен Махатма Гандиіне теңегенін өте орынды деп есептейді және Түркияда Ататүрік, Әзірбайжанда Топчубашы қандай маңызға ие болса, Әлихан Бөкейхан да сондай маңызды деп тұжырымдайды (Қойгелдиев, 2009; Жұртбай, 2008).

Әлихан Бөкейхан мен Мұстафа Кемаль Ататүріктің өмірбаянына үңілсек, екеуінің де алғыр, зерек болып өскендігін, лидерлік қасиеттерге ие болып, қоғам жұмысына белсене араласқандығын байқауға болады. Екі қайраткердің де әлеуметтік мәселелерде халықты сауаттандыру мақсатына және оқу-ағарту жұмыстарына ерекше көңіл бөлгендігі – көрегендіктің айқын көрінісі.

Әлихан Бөкейхан «Мұғалімдер жиылысы» атты мақаласында дамудан артта қалмау үшін қазақтардың оқу-ағарту ісін қатаң түрде қолға алулары керек екендігін жазады. Сондай-ақ, бала оқытуға керекті қаражаттардың табылуы туралы орынды пікірімен бұл мәселеге шешім де іздеген (Аққұлы, 2016: 21-22). Ататүрік те оқу-ағарту ісіне өте үлкен көңіл бөліп, «Өмірдегі ең шынайы кемелділік – ғылым» деп айтып кеткен және ғылым мен білімді дамыған мемлекеттердің дәрежесіне жеткізу үшін көп күш жұмсаған.

Екі лидер де мерзімдік басылымдарды жарыққа шығаруды – оқу-ағарту ісі мен халықты ояту мақсатының жалғасы деп біліп, оған белсене атсалысқан. Ә. Бөкейханның «Қазақ» газетін шығарып, қазақ халқының тарихына орасан зор үлес қосқаны – баршаға мәлім. Ә. Бөкейханның «Қазақ» газетінен басқа да «Иртыш», «Омич» және «Голос степи» сияқты көптеген газет шығарғаны – өте маңызды факт (Аққұлы, 2016: 442). «Қазақ» газетін 1905-жылының желтоқсан айында шығару жоспарланған еді. Ишан Мұстафа Оразайұлы газетті шығарушы, Ахмет Байтұрсынұлы редактор ретінде, басуға рұқсат алынып қойылғанына қарамастан,  Ә. Бөкейханның бір айдан кейін тұтқынға алынуына байланысты газет белгіленген мезгілінде шықпай қалады (Аққұлы, 2016: 278). «Қазақ» газеті, 1913-18 жылдар арасында «ұлт-азаттық қозғалыстың  баспа үніне де айналған еді» (Қойгелдиев, 1994: 3). «Қазақ» газеті қазақ қоғамындағы әлеуметтік, саяси, экономикалық мәселелерді айнадай айқын көрсетіп отырған. «Қазақ» газеті – қазақ қоғамының күретамыры іспеттес рөл атқарған.

Мұстафа Кемаль Ататүрік болса, Анатольядағы қоғамдық мәселелерге күйзеліп, ашынып, мектеп қабырғасында оқып жүрген кезінен бастап газет шығара бастайды. Осы себептен Осман Империясының үкіметі тарапынан қудалауға ұшыраған. Мектеп газеттерінен басқа, «Халықтың Басқаруы» деген мағынаға келетін «Hakimiyet-i Milliye» деген газетті 1920-ыншы жылы Анкарада шығара бастайды. Бұдан басқа, мемлекеттің тәуелсіздігі жолында жүргізіп жатқан күресті халыққа жария ету үшін, Ататүрік зиялы жазушылармен бірге 1920-ыншы жылы 6-ыншы сәуірде Анатолья агенттігін (Anadolu Ajansı) құрады. Бұл агенттік әлі күнге дейін өз жұмысын жалғастыруда. Бұдан басқа, екі көреген жетекші де әйелдердің құқығын арттыру, оларды оқуға тарту үшін бар күштерін жұмсайды.

Оқу-ағартушылық мақсатындағы атқарылған еңбектері бірнеше бағытта өз жалғасын табады. Әлихан Бөкейханның жетекшілігіндегі Алаш идеясымен пісіп-жетілген қазақ зиялылары Қазақ елінде университет және басқа да оқу орындарының ашылуына, дәрістер оқып, шәкірттер тәрбиелеуге, кітаптар және оқулықтар жазуға, аударуға ат салысып, Қазақстанда ғылым және білімнің дамуына, қазақ зиялы қауымының құрылуына орасан зор үлес қосады. Сол сияқты Ататүрік те Түркия Республикасында мектеп және жоғары оқу орындарын құрады. Ататүріктің өзінің тікелей бастамасы және қатысуымен, көңіл бөлуімен көптеген мектептер және жоғары оқу орындары, факультеттері, зерттеу институттары құрылады және бұл мекемелер әлі күнге дейін жұмыс істейді.

Екі жетекші де кітап оқығанды, жазғанды, әсіресе тарихты өте ұнататын еді. Әлиханның өз жазған еңбектерінен бүгін 18 том құрастырылып жатыр. Бұл – әркімге нәсіп бола бермейтін жетістік. Ататүрік те өзі жазған еңбектері мен кітаптарынан басқа, 3997 кітап оқып, білімге-ғылымға, оқуға деген құштарлығымен таңдай қаққызып отыр. Түркі халықтарының осы екі көрнекті де көреген жетекшілерінің жетістіктері, жас буынға да, әркімге де өнеге.

Саяси күресте де екі данышпанның да бір-біріне ұқсас тәсілдерді қолданғанын көруге болады. Қазақ тарихында құрылтайлардың ролі үлкен және 1917-жылы 12-желтоқсанда Әлихан Бөкейхан ең көп дауысты алып, Алаштың және қазақтың көсемі болып сайланғаны белгілі. Мұстафа Кемал Ататүрік болса, мемлекетті шетелдік басқыншылардан тазартып, ұлт-азаттық күрестің көсемі ретінде күресуге бел буғанда 19-мамыр 1919 еді. 23-сәуір 1920-жылы Түркияның Ұлттық мәжілісі салтанатты түрде ашылғанда, алдымен жасы ең үлкен ақсақал Мәжіліс төрағасы болып сайланса да, іле-шала Мұстафа Кемальды бір ауыздан төраға етіп сайлады.

Ататүріктің ұлт-азаттық көтерілісінің тарихта жеңіске жетуінде өзі ұйымдастырған екі конгрестің маңызы өте үлкен. Бұлар- Ерзұрұм және Сивас қалаларында өткізілген және бұл қалалардың атымен аталған конгрестер тәуелсіздік жолында маңызды белестер болып есептеледі.

Сондай-ақ, Әлихан Бөкейхан қазақ мемлекетіне автономия құруды көздейді. Орыс патшалығының отары болған елі үшін, алғашқы этапта автономияға қол жеткізсе, тәуелсіздік те алыс емес екеніне сенімді еді. Мұстафа Кемаль Ататүрік болса алдымен әскери жетістіктерге қол жеткізіп, республика режимін құрды.

Әскери аспектіден алып қарайтын болсақ, Әлихан атамыздың әскер (милиция) құрып, қарулы күштерге тәлім-тәрбие беру керек екенін жан дүниесімен сезініп, армия құрғаны бүгін белгілі (Аққұлы, 2016: 271-274). Осы орайда, Ататүріктің өмір жолының өзгерек болғанын байқауға болады. Мұстафа Кемаль болса өзі әскери лицейді бітіріп, бірнеше соғысқа қатысып үлгерген еді. Әскери қолбасшылығы жағынан әрі теориялық, әрі практикалық жақтан, Ататүрік өз құрдастарының арасында да ерекшеленетін еді.

Экономикалық тұрғыдан болса, халқының жағдайын жақсарту – екі лидердің де негізгі мақсаттарының бірі еді. Әлихантанушы ғалым Сұлтан Хан Аққұлының еңбегінде, Әлихан Бөкейханның экономист ретінде, қазақ мемлекетін 20-25 жылдың ішінде жапондардың тәжірибесін негіз етіп ала отырып, ұлттық құндылықтарды сақтап, қазақ халқын әлемдегі ең бақуатты, ауқатты елдердің қатарына қосуды нақты жоспарлағаны детальды түрде ашылған  (Аққұлы, 2016). Алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбайдың талдауында, Бөкейханның ұстанымы бойынша, жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барлық игілік қазақ мемлекетіне қызмет етуі керек. Ә. Бөкейханның айтуынша: «Оның әрбір түйір тасы әр қазақтың өңіріне түйме болып қадалу керек»; сондай-ақ, «Қазақтың жерінде өндірілген бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі керек», яғни толықтай экономикалық тәуелсіздік пен бірлікке қол жеткізуге ұмтылуы тиіс (Жұртбай, 2011). 20-ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының жан-жақты білімі, шет өлкелердің экономикалық дамуын үлгі ретінде қолдануды нақты жоспарлап, мұны ұлттық құндылықтарды сақтай отырып жүзеге асыруды ойластырулары таңдандырмай қоймайды.

Мұстафа Кемаль Ататүрік те Әлиханға ұқсас, шет мемлекеттердің даму үрдісін қадағалап, озық тәжірибелерді өз мемлекетінің, халқының тұрмысын жақсартуда қолданады. Металлургиядан өндіріске, банк, қаражат секторынан инвестицияға экономикаға қатысты көптеген салаларда өте қарқынды дамуды жүзеге асырады (Atatürkçülük, 1998). Соғыстан әбден әлсіреген елін бас-аяғы он жылдың ішінде аяғынан тік тұрғызып, экономикалық жеңіске жеткізеді. Бұл қарқынды даму өз кезегінде әскери, саяси, әлеуметтік, сондай-ақ демографиялық, психологиялық, т.с.с. жетістіктерді бірге жетелейді.

Қорытындылап келгенде, 20-ыншы ғасырда түркі әлемінде зиялы, кемеңгер де көреген көсемдердің ішінде Әлихан Бөкейхан мен Ататүріктің орны бөлек. Екі жетекшінің пікір-пайымдарының, пайдаланған тәсілдерінің ұқсастығына, басты мақсат, мұраттары болған тәуелсіздік жолындағы күрестеріне таңданбау, тәнті болмау мүмкін емес. Екі лидердің де өмір жолы өнегелі тағылымға толы.  Екі күрескердің тәуелсіздік күресінің нәтижесі бірдей болмады; өйткені, екі мемлекеттің сол кездегі саяси және әскери шарттары бірдей емес еді. Сөйтсе де, екі көсемнің де өз өмірлерін отқа салып, Отан үшін жан пида деген ұстанымдарына, халқы үшін істеген өтелмес еңбектеріне кейінгі ұрпақ қарыздар. Ұлт көсемдерінің арттағы ұрпаққа қалдырған құнды бағыттарының маңызы күн өткен сайын арта түспесе, кеміген жоқ.

Гүлжанат ҚҰРМАНҒАЛИЕВА ЕРЖИЛАСУН,  тарих ғылымдарының докторы, 

Анкара, Гази университеті


Әдебиеттер:

Аққұлы Сұлтан Хан. Әлихан Бөкейхан: Зерттеулер, мақалалар және сұхбаттар. Алматы: Ер Жәнібек, 2016.

Аққұлы, Сұлтан Хан. “Әлихан Бөкейханов ЮНЕСКО аясында бүкіләлемдік дара тұлға деп танылды”, http://www.inform.kz/kaz/article/2842432, 24.11.2015.

Atatürkçülük: Atatürk’ün Görüş ve Direktifleri, Genelkurmay Başkanlığı, İstanbul: 1998.

Жұртбай, Тұрсын. “Әлихан Бөкейханов және біртұтас Алаш идеясы”, http://www.qazaquni.kz/?p=10227, 30.12.2011.

Жұртбай, Тұрсын. Ұраным - Алаш. Алматы: Ел-шежіре, 2008, 3 том.

Қойгелдиев, Мәмбет. “Алаш көгіндегі күн – Әлихан Бөкейхан” (сұхбат), 05.03.2009.

Қойгелдиев, Мәмбет (құраст.+кіріспе). Әлихан Бөкейханов. Шығармалар. Алматы: Қазақстан, 1994

author

Әлихан Бөкейхан

ҒАЛЫМ

Жаңалықтар

Иранда студент қыз көшеде киімін шешіп тастады, деп хабарлайды madeniportal.kz Sputnik.kz сайтына сі...

Жаңалықтар

Қостанай облысында жоғалған балықшы көл жағасында ұйықтап жатқан жерінен табылды, деп хабарлайды mad...