Театр жұптастырған бақытты жанұялар байқауы

ТЕАТР
1697

Мемлекеттік қуыршақ театрында еңбек ететін мамандардың қайсы бірін алып қарасаңыз да, олардың жандары өте нәзік, елгезек, қанша жас жасаса да көңілдері баладай кіршіксіз таза болып келеді. Ебін тауып екі асауды білмейтін сәби жүректі олар – қашан да адалынан нан табуға тырмысып, қалтқысыз қызмет етіп жүрген жандар. Бір үйдің балаларындай бірінің бәрі үшін, бәрінің бірі үшін жан салып қолдау білдіріп, қолғабыс ететініне қарап, ұжымның ұйымшылдығын бірден-ақ аңғаруға болады. Өнер додаларында сайыпқырандармен сайысқа түсіп, алдыңғы шептен көрініп келе жатқаны тағы бар. «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген осы шығар. Осындай ынтымағы мығым, бірлігі берік киелі өнер мекенінде өнер табыстырған жарасымды жұптар да жоқ емес. Осы ретте «21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне» орай, өнерлі жанұялардың басын бір арнаға тоғыстыра отырып, «БАҚЫТТЫ ОТБАСЫ» театрішілік отбасылық сайысы өтті. Шараның басты мақсаты – салт-дәстүріміз бен киелі өнерімізді ұлықтап, отбасы құндылықтарын кеңінен насихаттау. Жанұя тәрбиесіндегі қағидаларды негізге ала отырып, келешек ұрпаққа мардымды тәрбие беруді мақсат еткен сегіз бөлімнен тұратын сайыста бес отбасы бақ сынап, жаңа қырларынан танылып, жүлделі орындарға ие болды. 

Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрының ұйымдастыруымен өткен «Бақытты отбасы» сайысының ІІІ орынын қуыршақ театрының актері Қуаныш және «Реквезит» цехының меңгерушісі Әлия Өтебаевтар иеленді. Көрерменін әуезді әні мен кереметтей көріністерімен баурап алған бұл отбасы ынтымақтарының беріктігін көрсетті.

ІІІ орынның екінші жеңімпаздары жарасымды жас жанұялардың бірі қуыршақ театрының «Цех» меңгерушісі Ақжол және «Киім тігу» цехының қызметкері Аяулым Белқожаевтар деп танылды. Ерекше суреттері мен ғажайып сиқырлары арқылы өнерлерін ортаға салған бұл жұп өздерін жаңа қырларынан көрсетті.

«Бақытты отбасы» байқауының жүлделі ІІ орыны Құлназаровтар отбасына бұйырды. Аталмыш театрдың актері Шохан мен «Көрермендермен жұмыс» бөлімінің қызметкері Жұлдыз Құлназаровтар әуезді ән орындап, әсерге толы би билей отыра, 83 жылдық тарихы бар театрдың киелі сахнасында бөбектерінің тұсауын кесіп, ата дәстүрімізді ұлықтауымен ерекшеленді.

Сайыстың жүлделі І орынына қуыршақ театрының белді артистері, үлгілі жұптардың бірегейі Алтай және Марал Тәуекеловтердің жанұясы лайық деп танылды. Шығармашылық сайысына өз мамандықтарымен байланысты етіп дайындаған өнер туындылары көпшіліктің таңданысын тудырып, кереметтей көріністері арқылы жанұяларының ауызбіршілігін, бір-біріне деген сезімдерінің кіршіксіз тазалығын байқатты.

Ал байқаудың бас жүлдесін театрымыздың жарасымды жанұялық жұптарының бірі, көп балалы артистер – Айдын және Эльвира Жақыпбаевтар қанжығаларына байлады. Орамды ойларды импровизацияға толы көрініс арқылы жеткізіп, әр кезеңде ерекше дайындықпен шыққан бұл жұп бас жүлдеге әбден лайықты.

«Бақытты отбасылар» бәйгесіне түскен бес жұп та бір-бірінен асып түспесе, қалыса қойған жоқ. Әрбірінің үлгі болуға жарайтын іліп алар қасиеті көп. Келген көрермендер тек қана бір жанұяның бірлігіне емес, түгелдей ұжымның ұйымшылдығына қарап таңданыстарын білдірді. 

«Тәрбие – тал бесіктен»  деген дана қазақ. Ұлттың болмысын биіктетіп, ұрпақтың қажетіне жарайтын осындай тәрбиелік шаралар барлық жерде жалғасын табуға лайықты. Сәбилердің шат күлкісі шартарапқа естіліп, саналы ұрпақ қалыптастыратын салиқалы жанұялар көбейе берсін!

Айжан Есенгелді

Спорт

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының экс-ойыншысы Ұлан Қонысбаев Euro-football.ru сайтына берген с...

Жаңалықтар

Бұл ерекше жүздесу Лондонда өтті. Ең ұзын және ең қысқа әйелдер кездесіп, бірге шәй ішіп, әңгімелест...