«Театр көктемі» атты фестиваль апталығының жетістіктері

ТЕАТР
1432

Қазақ ұлттық өнер университетінің 2023 жылдың  27 наурыздан- 31 наурыз күндері «Театр өнері және өнертану» факультеті ұйымдастыруымен КСРО және Қазақстан Республикасының Халық әртісі, КСРО және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, Халық қаһарманы, театр және кино режиссері, профессор Әзірбайжан Мәдиұлы Мәмбетовтың – 90 жылдығы, Қазақ ұлттық өнер университетіне 25 жыл,  27 наурыз – «Халықаралық театр күні» мерекесіне арналған «Театр көктемі» атты фестиваль апталығы ұйымдастырылып, жоғары дәрежеде өткізілді. «Театр өнері және өнертану» факультетінің деканы А.Омар, кафедра меңгерушілері- Ж.Төленбаев, Е.Бірімқұлов, Н.Серкебайдың атқарған еңбектерін жеке-жеке тоқталып, ауыз толтырып айтуға тұрарлық.

 

«Театр көктемі» атты фестивальге  қатыстырылған 1-4 курста оқитын студенттері «Драма театры және кино артисі», «Музыкалық театр артисі», «Қуыршақ театр артисі», «Қуыршақ театрының режиссурасы» мамандықтарының фестивальге дайындаған жұмыстары көрсетілді. Сол арқылы болашақ өнер қайраткерлері өздерінің дарындылығын жан-жақты ашып, өзіндік жігер қайратын сынайтын алаңға айналды. Көрсетілімде студенттер өздерінің қабілеттерінің қарыштап, шығармашылық көкжиегінің шарықтауына, теориялық білімдерін практикалық тұрғыда шыңдауына мүмкіндік алды. Сол арқылы олар көп ізденіп, шығармашылық тұрғыда  ілгері  дамиды. Бұған дейін де Қазақ ұлттық өнер университетінде әр-жылдары түрлі студенттік фестивальдер өткізіліп  келген болатын. Биыл  Ә.Мәмбетовтың – 90 жылдығы, 27 наурыз – «Халықаралық театр күні» мерекесі мен университетіміздің  25 жыл  толған мерекесіне сәйкес келуде.  Ә.Мәмбетовты – қазақ театрының барометрі деп атаймыз, реформатор режиссеріміздің есімін есте сақтап, 90 жылдығы аталып өтуіне студенттер үлес қосты. Бұл болашақ актерлерлерімізге талай уақытқа дейін рухани азық болары сөзсіз.

Қазақ ұлттық өнер университетінің Ж.Жабаев атындағы концерт залында 27 наурыз – «Халықаралық театр күні» мерекесі «Театр көктемі» атты студенттік театр фестивалінің ашылунда университетіміздің ғылым жөніндегі проректоры, өнертану кандидаты Ғайни Сейсенова құттықтау сөздерінен кейін салтанатты түрде бастау алды. Студенттердің театр күніне арналған әзіл- ойындары мен құттықтаулары тамашаланды.

27 наурыздан- 31 наурыз күндері «Театр өнері және өнертану» факультетінің 1-4 курс актерлік мамандықта оқитын студенттердің апталығына әр курстың оқу бағдарламасына сай дайындаған жұмыстарын көрермендер назарына ұсынды. Фестивальдің алғашқы конкурсанттары «Драма театры және кино артисі» мамандануының 1 курс студенттері «Этюд, бақылау, пародиясымен» ең бірінші болып фестивальдік көрсетілімдерін сағат 10:00 де бастады. 1 ші курс студенттерінің оқу жоспарына сай дайындаған бағдарламаларында: көру, есту, байқау, қайталау қабілеттерін жан-жақты өрбітетін топтық этюдтер, бақылау, пародияларын жоғары дәрежеде көрсетті. Көлеңкелі театр көріністерінен бастап, жапон, орыс т.б елдерінің дәстүрлерінен, менталитетімен жүріс-тұрыстарындағы  элементтерін оңды көрсете алған. Және де К.С.Малевичтің «қара квадрат», К.Д.Флавицкийдің «Княжна Тараканова» картиналарын көрсетті. Курс жетекшісі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор (ЖАК) Лейло Ақназарқызы.

28 наурыз күні  сағат 11:00 «Музыкалық театр артисі» мамандануының 1 курс студенттері Д.Смиттің «Энканто» мюзиклінен үзінді көрсетті. Композитор: Д.Аттья, А.Коэн, «Моцарт» мюзиклінен үзінді,  Авторы С.Энтин, Композитор: К.Бек, «Бурлеск» мюзиклінен үзінді көрсетілді, Курс жетекшісі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Сайлау Қамиев. Сағат 12:00 де «Драма театры және кино артисі» мамандануының 2 курс студенттері М.Әуезовтің «Қорғансыздың күні» әңгімесінен үзінді, В.Шукшиннің «Микроскоп» әңгімесінен үзінді, Курс жетекшісі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор (ЖАК) Ақыш Омар. Сағат 14:00 де «Музыкалық театр артисі» мамандануының 2 курс студенттерінің А.Цигареллидің «Ханума» музыкалық комедиясынан үзінді көрсетілді, Композиторы Г.Канчели. Ж.Мольердің «Ақымақ болған басым-ай» комедиясынан үзінді көрсетілді, Курс жетекшісі: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, доцент, Жанқалдыбек Төленбаев. А.Цигареллидің «Ханума» музыкалық комедиясын үзінді көрсетуі арқылы 2-ші курс студенттерінің 2-ші курсқа тән өз мүмкіндіктерін паш етіп, әсіресе дауыстарының дикцияларының анықтығымен көзге түсті. Сағат 15:30 да «Драма театры және кино артисі» мамандануының 2-ші курс студенттері Ш.Айтматовтың «Жәмилә» драмасынан үзінді, Д.Кандер, «Чикаго» мюзиклінен үзінді, Ә.Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» драмасынан үзінді. Курс жетекшісі Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, профессор Меруерт Өтекешева. 

29 наурыз күні сағат 10:00 де «Драма театры және кино әртісі» мамандануының 3 курс студенттері Антон Чеховтың «Предложение» комедиясын ұсынды.  Курс жетекшісі: ҚР Мәдениет саласының үздігі, доцент, Матвеева Наталия. Сағат 12:00 де «Музыкалық театр әртісі» мамандануының 3 курс студенттері М.Әуезовтың «Абай-Тоғжан» музыкалық драма спектаклін көрсетті. Курс жетекшісі: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, PhD докторы Асхат Маемиров. Сағат 14:00 де Өнертану кандидаты, профессор, ЮНЕСКО жанындағы Халықаралық өнертанушылар қауымдастығының (AICA) мүшесі, Қазақстан Республикасы суретшілер одағының мүшесі Юсупова Ардақ Кеңесқызының «Калейдоскоп. Очерки и эссе об искусстве и художниках Казахстана» кітабының тұсау кесері мен таныстырылымы болып өтті. Кітапта Қазақстанның белгілі суретшілері туралы портреттік зерттеу мақалалары топтастырылған. Тұсау кесерге жан-жақтан жиналған өнер адамдары аталмыш кітап туралы өз ойларымен бөлісіп, кітаптың тұсауын кесті. Сағат 16:30 да «Драма театры және кино әртісі» мамандануының 3-ші курс студенттері П.Мерименің «Кармен» спектаклін ұсынды. Курс жетекшісі: Қазақстанның халық артисі, профессор (ЖАК) Тілектес Мейрамов.

30 шы наурыз күні сағат 10:00 де «Музыкалық театр әртісі» мамандануының 3-ші курс студенттері У.Гаджибековтың «Аршын мал алан» опереттасынан үзінді, И.Дунаевскийдің «Вольный ветер» опереттасынан үзінді, Ю.Милютиннің «Трембита» опереттасынан үзінділер көрсетілді. Курс жетекшісі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, аға оқытушы Айгүл Иманбаева. Сағат 12:00 «Қуыршақ театрының режиссурасы» мамандануының 4-ші курс студенттерінің Д.Нанетти «Менің атам шие болған» (Мой дедушка был вишней) драмасын Астана қаласы Мемлекеттік қуыршақ театрынан тамашаладық. Курс жетекшісі: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Құралай Ешмуратова. Қуыршақ театрының режиссерлерінің қойған спектаклінің оқиғасы қызықты әрі вертептік қуыршақтарды жандандырып, көркем туынды ұсынды. Сағат 14:00 де «Қуыршақ театрының артисі» мамандануының 4 курс студенттері М.Супониннің «Сұғанақ Ешкі» ертегісі көрсетілді. Қуыршақ театрының әртісі мамандығында оқитын студенттер өздерін нағыз кәсіби мамандарша көрсетіп, кейіпкерлерінің дауыс ырғақтарын құбылтып, қуыршақты алып жүру техникасы сонымен қоса арасында өздері де ән айтып, би билеу сияқты шеберліктерімен көрермендерді тәнті етті. Курс жетекшісі ҚР Мәдениет қайраткері, доцент Серікбай Мақұлбеков. 

Сағат 16:30 «Драма театры және кино әртісі» мамандануының 4-ші курс студенттері Н.Гогольдің «Үйлену» комедиясын толығымен көрсетіп шықты. Бұл спектакль студенттердің дипломдық жұмыстарының бірі болғандықтан олар әрбір мизансценамен жұмыс жасап, жоғары дәрежеде дайындалған. Ел алдында өздерін еркін ұстап, комедия жанрын терең меңгергендерін тамашалап қайттық. Сахна декорациясында төртбұрыш құрылғыларды оңтайлы пайдаланып, әрбір сахна сайын оның орындарын оңтайлы ауыстырып кеңістікті жақсы қолданғандары бірден көрініп тұрды. Курс жетекшісі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Қымбат Тлеуова.

31-ші наурыз сағат 10:00 де «Музыкалық театр әртісі» мамандануының 4-ш курс студенттері Ф.Эрвенің «Түлкі бикеш» музыкалық комедиясын толығымен көрсетті. «Музыкалық театр әртісі» мамандануының 4-ші курс студенттері оқу бітіретін нағыз мамандарша жан-жақты кәсібилігімен көзге түсті. Музыкалық спектакль болғандықтан актерлер ән айтудағы дауыс ерекшеліктері,  роль сомдаудағы актерлік қабілеттерін жан-жақты көрсете алды. Сахнадағы өзгеріп тұратын әр-түрлі безендіру декорациялар, актерлердің киім киюлеріндегі ұстанымдары, музыкалық комедия жанрын даралық сипаттарымен терең игерген. Курс жетекшісі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, аға оқытушы Сырым Қашқабаев. 

Фестивальде студенттердің ойындарына сарапшылар ретінде Астана қаласы, М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының бас режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бекболат Парманов, Қазақстанның еңбек сіңірген актрисасы Жанат Чайкина, «Театр өнері және өнертану» факультетінің деканы, актер Ақыш Омар, Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі, актер Қуандық Қыстықбай, театртанушы, PhD докторы Нартай Ескендіров, актерлер Жанқалдыбек Төленбаев пен Ернияз Бірімқұлов сарапшы құрамы ретінде тағайындалып, фестивальге ұсынған жұмыстардың барлығын толығымен көріп артынан сарапшы құрамы өз пікірлерімен бөлісіп, әділ бағаларын беріп, жүлделермен марапаттады. Жүлделердің атауы да әр курстың, мамандықтың ерекшелігіне қарай атаулармен аталды: «Жігер», «Серпер», «Сыр сандық», «Құйма құлақ», «Үміт», «Күй сандық», «Тойтарыс» (отражение), «Таусоғар», «Желаяқ», «Қоштасқым келмейді», «Қимай сені барамын» деген номиациялар табысталды.

Сарапшылар талдауындағы 1-4 курстарда кездескен, жалпы кемшіліктер мен пікірлерді осы мақалада бөлісуді жөн көрдік: кейбір жұмыстарға әліде болса тиянақтылық керек; әрбір курс бойынша оқу бағдарламасының талабына сай тақырып болуын ескеру; Студенттердің қарым-қабілеттеріне қарай рольдерді де үлестірген абзал; Әліде болса көбіне байқағыштық (наблюдение) арттыра түсу керек; Әріптестерімен жұмыс жасауда ұжымдық бірлестікті естен шығармау; көстюмдердің көмегіне сеніп, кейіпкердің ішкі жандүниесі ашылмай қалу; Әлемдік классиканы қазақтың шығармасы сияқты ойнау, сөйлеу мәнері, немесе керісінше; жанрларды нақты анықтап, соған сай мінез құлықтарын терең ашуға көңіл бөлу; сахна заңдылықтарын сақтау, сахнадағы жүріс-тұрыстарын көркем сомдау; сахнада асығыстық, ақырын сөйлеп дауыстарының естілмей қалуы; көрсетілімдерге жақсылап дайындалмау немесе дайындықтарының тіптен жоқтығы сөз болды, осы сияқты кемшін тұстарын болашақта ескерулері керектігі айтылды. 

Фестивальдің арнайы қонағы, М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының бас режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, сарапшысы Бекболат Парманов: «Ақыш Қоңыртайұлының бастамасымен өткен фестиваль жоғары деңгейде болды. Студенттердің жан-жақты ашылуына септігін тигізді. Біз болашақ актер, режиссерлерімізді жақсылап дайындап, Қазақстаның барлық театрларына кәсіби мамандармен толықтырып отыруымыз керек. Міне Қазақ ұлттық өнер университеті осы жолда үлкен жұмыстар атқарып, фестивальде өзінің оң бағасын алды» деп студенттерге шығармашылық табыстар тіледі.

Қазақ ұлттық өнер университетінің актерлік өнер бөлімінде  оқитын студенттерінің «Театр көктемі» атты фестивальге  қатыстырылуы арқылы олардың дарындылығы жан-жақты ашылып, өзіндік жігер қайратын сынайтын алаңға айналды. Көрсетілімде студенттер өздерінің қабілеттерінің қарыштап, шығармашылық көкжиегінің шарықтауына, теориялық білімдерін практикалық тұрғыда шыңдауына мүмкіндік алды. Болашақта осындай студенттік фестивальдер Қазақстан бойынша ұйымдастырылып тұрса, басқа да жоғары оқу орындарының студенттерімен араласып, өзіндік тәжірибе алмасатын алаңға айналады деген ойдамыз.

Нартай Ескендір PhD докторы

Қазақ ұлттық өнер университетінің доценті, театртанушы

Мәдениет порталы

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...