Қазіргі Қарағандыдағы ескі қаланың орнында қалың қараған өседі. Сол қарағанның ішінде соңында екі-үш...
Сұраған Рахметұлы. Беу, қайраулы Оруэлл!
Джорж Оруэлл (1903-1950) Үндістан жерінде туған британдық жазушы, көсемсөзші! Есім-сойы Эрик Артур Блэйр еді. Отызыншы жылдардың басында Бирмадан Британияға лағып келіп, жат ортада аяқ,табақ жуып күнелткен кепшік. Парижге келген бетте күнделік, белгілеуден бастаған жазарман. Соңынан 1933 жылы Исландиядағы азаматтық соғысқа тілшілікке барған кезінде қаңғыған оқ тиіп жараланған жан. Сонда да жансебіл жас Джорж мойымаған.
Алақандай кітабымен алпауыт ағылшын әлемін «қалпақпен ұрып алған» теңдессіз талант!!! 1945 жылы аяқталған туындысында ма, әлдеһи автордың өз шеберлігінде ме,әйтеуір бір тосын сәуесі көрінетін талант есебінде бағаланған. Оның біршама жаңалықтары дүркін-дүркін оқырманға ұсынылған...«Хайуандар фермасы» арқылы Коммунизмді жеткізе әбден тәлкек қылған памфлетші! Оқиға желісі қиялдан туындайды. Жонес (Жөнес) есімді фермер шошқа өсірумен айналысатын еді.
Бір күні түнде ел ұйқыға кетерде қорадағы кәрітеміш қабан маңындағы хайуандарды жинап, көрген түсін жорытады. Кеңесе-кеңесе келе бүткіл ағылшын әлеміндегі хайуандарды адамның басқыншылығынан түбегейлі бостан етуге келісімге келеді. Адамның үстемдігі мен езгісінен құтылса ғана ~ хайуандар жұмақ өмірге жетеді-міс деп ескертеді. Қазақ ертегісіндегі нулы, сулы жер іздеген аңдар құсаған... Ол, былай тұра берсін: азбаның түсіне енген ~ «Ағылшының түлігі» атты әуен һәм әнұран да баян етіледі. Естіген хайуандар оны интернационал даңғазасындай түгел жаттап алады. Адамдарға ет, сүт, жұмыртқаларын аянбай берсе де ашқұрсақ тапшылықта мүритшілеп өмір сүретін хайуандар осы түнгі әңгімені ерекше ұнатып, ұйып құлшына тыңдайды. Арада үш күн өткенде кәрітеміш доңыз кенеттен өледі де өсиеті кейінгілерге аманат болып қалады...
Кәрітеміш өлгеннен кейін сезімтал мәртемше қодықайлар жиылып дүркін-дүркін шу көтереді. Ақырында өз ішінен шыққан Қақпақыл және Наполеон ныспылы ірі қабандардың бастауында көлемді ереуіл шеру ұйымдастырылады. Шеру шуылдап,ышқыныс, көтеріліске ұлғаяды! Сөйтіп доңыздар жеңіске жетеді. Жонес бишара жарандарымен зорлықпен қорадан қуылады. Ферманың бар мүлкі таланға түсіп, әркім көзіне көрінгеннің түгелін жалмай бастайды. Осылай қос аяқтының бәрі хайуанның жауы, қос қанаттылар өзара құлқындаса жем шоқысып әйтеуір бір тояттайды! Жетіжарғы секілді жеті қағида мәміле жасап, жеті жаңа тәртіп пайда болады! Мәміле бойынша: іштәнсіз, ұйқысыз, ішімдіксіз, біріне дос, қатерсіз, бейбіт қатар болуы керек!? Хайуандардың бақыты, бай қуатты өмір кешуі жайлы күнделікті ұранды құттықтаулар жасалады! Бірақ, бұрынғы бас бақташы ауысса да хайуандардың қарыны түк те тоймайды, жай ~ күйі жақсармайды. Жалған құттықтаулар жұмырына жұғын болмайды. Хайуандардың құрсағы шұрылдап ашыға бастайды. Әу баста бір~бірін жарылқаған басшылардың арасында араздық туады. Қақпақыл мен Наполеон екеуі де өзара шекісіп, араздасады, ал бұларға бәрі қарсы наразы болады. Бір бақырдан жем жеген «ағайынды» Қақпақыл мен Наполеон енді екі жаққа кетеді. Қақпақыл попугайша сайрауықтап аңғал жұртты үркітердей, Ағылшын әлемінде бұрын соңды қолданылмаған бір қоқима жел тиірмен жасамақ болады. Ал, Наполеон болса жымысқы әрекетке көшеді. Өздерінен кейінгі майданда фермадағы екі ноқайдың арасынан туған сегіз күшікті арнайы асырауына алып жасырын итаяқтан шайынды беріп аяқтандыра бастайды. Күндер өтіп жатады. Бір күншауақ сәтте Қапақыл мен Наполеон екеуінің тағы да жанжалы басталады. Осы кезде Наполеон асыранды иттерін айтақтап шақырады. Астыртын шайындыға әбден байланған сегіз төбет азуларын ақситып, арсылдап шығады. Ноқайлар Қақпақылды жан-жағынан талап, фермадан қуып жібереді. Хайуанаттар бағының билігі енді Наполеонға өтеді. Өте қызықты саясат басталады. Барлық мақұлықтарды азғырумен аты шыққан әккілеу «Заржақ» деп лақапталған ласшы қодық Наполеонды жер-көкке сиғызбай мақтауға көшеді. Оны өзін мақтайтын «ақын» деп үкілеп қасына тағайындайды. Қақпақылдың жасап кеткен жел тиірмені жасампаз Наполеоннің бастамасы делініп сендіріледі. Аңғал хайуандарды болмашы нәпақамен алдаусыратып аямай жұмысқа жегеді. Жалған насихатпен жаңбырлатып хайуан біткеннің миларын жалған уағдамен жуа береді. Болмай бітпей қалғанның түгелі Қақпақылдың кесірі, соның кертартпа қылығынан деген жалалы жарнамалар жасалады. Наполеонға қарсы шыққан бірнеше қодықай әлгі сегіз итке өлімші болғанша таланады. Осыдан кейінгілері де «Қақпақылдың сөзіне еріп, қаңғып қалғандарына өкініп» өздері кешу тілеп, өз ықтиярымен ноқайларға таланады. Шошқалардың алқымы,бұғағы бұрынғыдан да ісініп тойына бастайды. Тағамдардың не секілді дәмдісі солардың торайларының аузына төселеді. Кедей-кепшік тауықтардың жұмыртқаларын ойбайлатып тонап әкетеді. Осы фермада өмір бойы қатты қайырымға жеккен - «Шомбал-боксер» есімді айғырды мертіктіріп, етін саудаға өткізіп жібереді. Заңды аяққа таптаған Наполеонның затсыз қылығын «Заржақ» ақыны «...бұл баяғыдан осылай болған...» деп мақтап, жағыпаз лақап таратады. Өстіп шығарма ұрандармен ұласады.
Өкініштісі бүткіл әрекет жалған екенін ешкім сезбейді. Сондай бір кезде доңыздар үстіне киім, бұтына лыпа киінеді. Әуелі сол баяғы Жонес (Жөнес) тұрған орынжайда көйтіп көзір ойнап, бөртіп арақ ішіп, соңынан өзара қызыл шеке төбелеседі. Осы жаңжалдың бәрін өз-өз терезесінен сырттай байқайтын жуас, үрейлі, қорқақ, ынжық хайуандар үн шығара алмайды. Олар жай ғана немқұрайды бақылағаны болмаса бұлардың қайсысы адам, қайсысы доңыз екенін ажыратудан қалған~ды. Шығарма соңы осылай бітеді!
Джорж Оруэлл соңыра тоталитар жүйеге тағы да қарсы «Мың тоғыз жүз сексен төрт» (1949) атты әйгілі туындысын оқырманға ұсынған. Әлемді таңғалдырған туындыны қайталап оқығанда бүгінгі қоғамның былығы көрінеді. Расымен...
Сұраған Рахметұлы,
ақын