Қала адамының экзистенциалды проблемалары

ТАНЫМ
2166

(Қазақстан қалаларына əлеуметтік-философиялық талдау) 

Қала адамының өмірлік проблемалары сан қырлы жəне біржақты емес. Оларды қаланың тұрмыс-тіршілігіне негізделген проблемалар деп айтсақ та болады. Себебі адамның өзі қаланың бір тетігі іспеттес секілді. Үлкен жүйе қала болса, сол жүйенің атқарушы функциясы немесе бір ғана тетігі адам. Қаладағы адамның орны қандай? Əрине қаланы құрап отырған адам. Адамсыз қала жоқ. Қалалардың қалыптасуының жəне дамуының өзі адамның оған ынталылығына байланысты. Адамдардың талпынып, урбандалуындағы орны – қала. Қала - үлкен қоқыс жəне ондағы тұрғындар қоқысты өндірушілер. Күніне қаншама қоқыстар шығады? Оның қажеті қаншама? Себебі біз қоқысты өндірмей өмір сүре алмаймыз емес пе?! Қаланың өлшемі – адам. 

Қала адамдары өзара бір-бірімен тығыз орналасқан. Сондықтан да олар бір-бірін танымайды жəне мəн бермейді. Олар тек асығыс үстінде. Алған бағытында ешнəрсеге мəн бермейді. Жүздесіп жатқан адамдарға қарамайды. Əр баста бір қиял. Тоқтайтын, аялдайтын жерлері анықталған. Ол бағдаршамға шартты түрде тоқтайды. Егер бағдаршамға тоқтамаса, уақыт шығармашылығынан айрылады. Аялдамаларға жаттанған түрде келеді. Себебі ол орындар адам өмірінің құрамдас бір бөлігі. Аялдамада бірнеше адам бір бағытқа қарап, автобусты күтеді, оның қай уақытта келетінін де білмейді. Əйтеуір келеді деген үмітпен «тез келсе ғоймен» уақыт өткізеді. Қоғамдық транспорт келгенде, əсіресе оған кірер жолда адамдар бір-бірімен таласады... Дегенмен қоғамдық көліктің ішіне кіруге адамдар неге таласады? Онда адамдарға толық жағдай да жасалмаған. Оның ішінде отыру түгілі тұрып тұрудың өзі қиямет емес пе? Иə, амалы жоқтан мінеді. Ал отырғандары терезеден қаланы көріп қиял ғажайып əлеміне түсіп кеткендей болады. Шын мəнінде қала əлеміне ол мəн бермейді, бірақ өзін жұбататындай. Ол қиял əлемінен түскісі келмейді, өйтені мұнда өзін не күтіп тұрғанын тағы білмейді. Басқа жол таба алмайтындай болады. «Амалым қанша», - деп өзін басатындай. Көліктің ішінде адамдарға қарасаң бірбірінен сақ болып, əлдебір нəрсеге дайын күйде тұрғандай болады. 

Хосе, Ортега-и-Гассеттің «Трамвайдағы эстетика» деген эссесінде Ортега-и-Гассет трамвайдың ішінде отырып ондағы адамдардың болмысын түгел еркін сипаттайды. Маңыздысы, ондағы трамвай ішінің кеңдігі, Хосенің сұлулық жайлы ойлауы. Өкінішті біздің қалада басым қоғамдық көліктер – автобустар. Айырмашылығы жоқ. Себебі біздің автобустарды мен «пандора сандығына» теңер едім. Ал ондағы адамдардың ой еркіндігін айтпағанда физикалық еркіндігін көрсеңіз адам түгілі ине шаншыр жер болмайды. Онда адамдар домбыраның шегі секілді тартылып тұрады. Егер сіз күнде автобусқа мінсеңіз күнде бір жағымсыз оқиғаның куəсі боласыз. Сондықтан да ол «пандора сандығы». Ал біздің қазақ халқының мақтанышы ретінде сондай сабырлығын айтар едім, аталмыш мəселелерге біз байсалдықпен, сабырмен қараймыз! 

Қол жетімсіз ақша табу жолындағы өз тəнін жаралаған адамдар, ішімдікке салынып, қала кеңістігінде өз бағытын жоғалтқан адамдар, асығыс-үсігіс, талас пен тармас, ұрыс пен айқай, шуылдаған көліктер, жағымсыз иістердің өңделуі, адамдардың бір-біріне көз қиығымен қарауы т.б. қала тұрмыс-тіршілігінің бір көрінісі. Əр бұрышта домаланып жатқан белгісіз, үмітін үзген адамдар, қолын жайып қайыр тілеген науқастар, ішімдік пен табак лəззатына бөленген жастарды т.б. көзің шалады. Өзге өңірлерден келген топ-топ студенттер, көшелер мен базарларда жайма жайып отырған шаруалар да қаланың сəні. Кітапханалар, театрлар мен түрлі мəдениет орындары, саябақтар жəне ондағы серуенге шыққан қаланың жергілікті тұрғындары. Базарлар, автобустар мен трамвайлар, троллейбустар ішіндегі ұрылар, заңсыз жүрген таксисттер, жол-жөнекей жатқан адамдардың аузынан шыққан көң-қоқыстың бəрібəрі біздің қалада бар. Көшедегі шұбырған иттер, аяғыңа оратылып қу тамағының қамын ойлап, жолыңды кесіп «тамақ бер» деп, болмысынан айрылған кептерлер мен мысықтарға мəн берілмейді. Жол кептелісінде тізілген көліктер, бағдаршамның бұзылу салдарынан жолдың ортасындағы аяғынан тік тұрып, аяғынан қалған бағдарлаушы қызметкер назардан тыс. Көп қабатты үйлердің мыңдаған терезелері, ондағы қылтиған бастар, подъездердегі шылым түтінінің иісі мен шөлмектер жиынтығы тағы бар. Біреуі жымиып, біреуі қабақ шытып кетіп бара жатырған адамдардың құлақ қаппен əн тыңдап, екіншілері ұялы телефонмен сөйлесіп жанжағындағы құбылыстарға мүлде мəн бермейді. Вокзалдың бір есігінен кіріп, екінші есігінен шығып кеткендей қалаға да адамдар келіп-кетіп жатыр. Театрлар мен кинотеатрларда қуаныпкүлген адамдар болса, ауруханаларда жаны қиналып, қан мен дəрі сасыған адамдар, ал түрмеде өмірден үмітін үзіп, бостандығынан айрылған, тор тауқыметін тартқан жандар бар. Солтүстік мұзды мұхитының пингвиндері немесе саваннаның зебралары, біздің қаланың кептерлерінің тобыры іспеттес студенттер, эстетикалық көріністерінен айрылған базар саудагерлері, кеңселерде жұмыс жасайтын ақ саусақтылар, нан үшін, өмір үшін күрескен жандар, бақыт, болашақ үшін күрескен құрылысшы жандар. Мағынасынан айрылған көше есімдері, тарихи тұлғалар, олардың күзде жапырақтардың, қыста қардың астында қалған жалған бейнеленген ескерткіштері бəрін-бəрін көзбен көр де, жүрекпен сез. Осындай қала жағдайын ойланып, сезінген кезімде өзімді айықпас ауыр індеттің арасында жүргендей сезінемін. 

Қаланың объектілері, адамдардың қолдан жасаған дүниелері адамдардың өздерін реттеп жатыр. Біздің тұрып жатқан көп қабатты үйіміз, біз мінетін «қоғамдық көліктер», тіптен біздің отыратын орындығымыз да бізді реттейді. Адамдар бірінің үстінде бірі тұрып жатыр. Үлкен ғимараттардың, тұрғын үйлердің сыртқы келбеті сүйкімді, қаланың көркін беріп, аспанмен таласып тұрғанымен, анықтап қарасаң үлкен-үлкен қорапша іспетті. Қорапша адамдардың қорғанышы. Күнделікті өткізетін тіршілік ортасы да сол. Оның бар бір күндік мақсаты бір қорапшада белгіленген уақытты өткізіп, қысылып автобусқа мініп, кептеліспен екінші жеке қорапшасына қайту. Бірақ, қалада ондай қорапшалар болмаса да хаос. Иа, кешкісін барлығымыз қорапшаға кіреміз. Онда келесі күнгі мəселелерді ойланып, ұйқыға кетеміз. 

Қаладан алшақтаған адам, қауымдық дəуірдегі ортадан тыс қалған адаммен тең. Қауымнан алшақтаған адам өліммен теңеледі. Сол секілді қазіргі қала адамы қаласыз өмір де сүре алмайды. Адамдар каланың сан қилы асыптасып жатқан дүрбелеңімен бірге. Күнделікті құбылыстар, дыбыстар мен қозғалыстар оның құлағына майдай жағады. Ондағы өндірілген түрлі-түрлі иістер біздің мазамызды алмайды. Жылдам өтіп жатқан бағалы уақытымызға да мазаланбаймыз. Бəріне-бəріне көніп, қала жағдайы біздің өмір сүру салтымызға айналды. Адамдардың үнемі асығыс-үсігіс жүрулері де түсінікті. Бостандығымыз тəуелділігімізге байланысты. Тіпті қаладаға еркін жүріп-тұруымыз да белгілі шарттармен іске асырылады. 

Франц Кафканың «Процесс», «Қамал» романдарындағы бюрократиялық құбылыстар қалаға тəн. «Қамал» қожайыны бар болғанымен оны ешкім толығымен сипаттап бере алмайды. Онымен сұхбаттаспақ түгілі адамдар ол жататын қонақ үйге кіруге құқығы жоқ. Аталмыш романдардың басты кейіпкерінің жай ғана К. атануының астарында үлкен мəн бар. «... жақындаған сайын Қамал оны таң қалдыра бастады, кейбіреулерінің үйлері тастан тұрғызылған жəне сылақтары құзданып, тастары мүжілген. К. шала-шарпы өз қаласын есіне түсірді, ол бұл Қамалдан еш кем емес еді», - дейді. [2, 157 б.]. Кезекті оқиғаның барлығы қала пішіндегі «Қамалда» болады. К. мырзаның қала іспеттес үлкен ауылға келуі оның осы ауылдың түрлі тəртібі мен ережелерін білмеуінен осы ауылдың тұрғылықты адамы емес екендігі бірден білінеді. «Қамалға» жұмыс істегелі келген К., жұмысына орналаса алмағандықтан осында амалсыз қалған. Қайтарға жол жоқ. Ол осында арнайы шақыртылса, екінші жағынан осы «Қамал» іспеттес өзінің қаласында жұмыстың ыңғайы жоқ. К. өзінің құқығын қорғап əрбір кеңсе есігіне тұмсығын тықса да, ешбір нəтиже шығара алмайды. Нəтижесі болғанымен оған қанағат қылар К. жоқ. Қанағаттанбағандықтан терең ой үстінде. Əрбір ойының сөзбен жеткізілуі Қамал тұрғындарына, əсіресе кеңсе азаматтарына қызыл шоқтай тиеді. Ақыры К. күресі нəтижелі болса да, ол футбол ойнаушылардың добы іспеттес орны жоқ адам. Əрбір жұмысын амалының жоқтығынан дəрменсіз жасайды. Əлде қала адамы тек еңбек үшін жаратылғандай оның зығырын шығарған. Яғни адамдардың өзі қаланың бір бөлігіне айналады. Ондағы тəртіп пен ережелер адамды кейінгі орындарға ығыстырады. Адамның жаттану бірінші орынға шығады. 

Қала адамының адамгершілігі жайлы не айтуға болады? Күндегі көретініміз де, еститініміз де айқай мен жүйкеңді тоздыратын шу. Араның ұясы іспеттес қозғалып жатырған жүйе. Осындай жағдайға əбден үйренгеніміз соншалық, мүмкін Асан қайғының аңсаған «Жер ұйығы» осы біз өмір сүріп жатырған қала шығар! Табиғаттан алшақ, малға шұрайлы жерді іздеудің де қажеті жоқ. Қорқыт атамыздың қашқан өлімі де бізді қорқыта алмайды. Қала адамына болашақтағы немесе қазір күтіп тұрған өлім емес, қала жүйесінің бір тетігі бола алмай қалу қорқыныштардың қорқынышы. Ал өлім бізде шешілген нəрсе. Себебі қала адамының өлім түсінігі осындай. «Қаламен танысудың ең қолайлы тəсілі – жұрттың қалай жұмыс істейтінін, бірін-бірі қалай сүйетіні, тұрғындардың қалай өлетінін білуге тырысу. Бəлкім, ауа райының əсері болуы керек, біздің қалада бəрі де мидай араласып, бəрі де түк көрмегендей асығыс-үсігіс жасалады», - деп, А.Камю айтады [3, 8 б.]. Суицид мəселесінің ошағы да қала. Оның себептерінің бірі көптеген адамдардың əлдебір əлеуметтік статусқа ие бола алмауымен байланысты. Табиғаттағы сұрыпталу секілді қаладағы түрлі ойындардың қорытындысы əлдебіреулер үшін жеңіс пен жеңілісіпен аяқталады. 

А. Камюдің «Обасындағы» қотыр иттің бейнесі біздің қала жануарларынан орын тапқан. Қай қайсысы болса да ешбір табиғи қасиеттерінен айрылған. Қаланың жануар əлемінің күйі осылай. Тіпті «Обадағы» ең алғашқы обаның белгісі егеуқұйрықтардың ең алғашқы өлімінен басталса, ол егеуқұйрықтарды тірі күнінде байқамаған адамдар олардың ең алғашқы өліктерін үйлерінің ішінен тауып алып, еш таңданбастан тысқа шығарған. Сол секілді біздің қала əлемінің жан-жануарлары адам назарынан тыс. Немесе оба қала адамын сынамақ мақсаттағы індет іспетті. Оба ауру, індет емес, ол – қала. Қаламен күресушілер, оған мойын сұнғандар да бар. Күресушілер өздерінің адамгершілік парызы мен қарызын өтеушілерміз немесе атқарушылармыз десе, өзгелері керісінше індеттің қашан келіп тиіп, қашан ауырып өлетінін күтуде. Кейбіреулерінің қаладан қашып кетпек əрекеттері де бар, бірақ қашарға жол, рұқсат жоқ. Індетке қарсы күресуші Рие дəрігер індетпен қанша күресіп бақса да, оған ем таба алмай қатты қиналған. Оба басылысымен індеттен жапа шеккен халық мəзмейрам болып баяғы қалпында. Дəрігердің еңбегі мен қиналысы бір жағынан зая болса, екінші жағынан айтып жеткізуі қиын парызы мен адамгершілік міндеті. 

Қала адамының моральінің бір бөлігі олардың бір-бірімен бəсекелесуі, таласуы, билікке, көп ақша табуға, көп ақша болмаса да өмір үшін күресі интенсивті. Ондай жолдарда жазылмаған заңдар түгілі жазылған заңдардың өзі мардымсыз болып қалады. Беттеріне əжім түскен, кəрі адамдардың кейінгі жастарға көңілі толмайтын мұңлы, шерлі əңгімелерін құлағың шалады. Кəрі мен жастың арасындағы шекара айқын байқалады. Тіпті ұрыстар да болып тұрады. Не болса да, оған мəн берушілік шамалы. Екі-үш қадам басып беттеген тұста-ақ ол айқай мен шуды, трагедияны ұмытып кетесің. Сүйіспеншілік пен мейірімді айтпай-ақ қойса да болады. Мүмкін қаланың ластығынан да болар адамдар арасындағы қылмыстар мен қақтығыстардың болуы, адамға адамның қол жұмсауы, бірінің екіншісіне үстемдік етуі, тонауы, қанауы т.б. 

Қалаға сырттан келгендер жат болып табылады. Келушілердің іс-əрекеті кала тұрғындарына ұнамайды. Себебі, олардың барлық кінəсі қала нормаларын білмейді. Тіпті қаланың өзі де оларды бірден сіңіріп жібермейді. Қал оларды өзінің сындарынан өткізіп отырады, шыдай алмағандары қаладан өздері-ақ ығысып кете береді. Бұл «Тар жол, тайғақ кешу» ме, əлде «Жер ұйық» па? Қала – көкжалдар мекені. Екінші жағынан қала өмірлік мектеп секілді. Егер көнсең, шарттарды орындасаң – қаладан орның болады. Егер керісінше болса, қаладан тыссың. Мектеп болғанда да сондай қатал, еркелікті көтермейтін мектеп. 

Қаладағы мифтердің де адамдарға ықпалы өте зор. Қалыптасқан мифтер де адамдардаң туындылары. Мифтердің күштілігі сонша, онымен өмір сүреміз. Кейде түрлі қорқынышты мифтер болады. Кейде өзіне тартатын иллюзиялар да кездеседі. Сенетініміздің барлығы миф болса – ол шындық. Өйткені мифтің орнын екінші жаңа миф басатынын біз білеміз. Сол секілді түрлі кризистердің адам санасын жаулауы адамдардың сана кризисін туындатады. 

Экономикалық, ақпараттық кризистердің қуаттылығы сонша одан бой алып жүре алмайсың. Көшпенділер тұрмысындағы жұтты мен түсінер едім, ал қаладағы ақпараттық, экономикалық кризисті түсіну мен үшін қиын. Мүмкін экономика сферасының логикалық қисындылығы күрделілігінен де болар оның түсініксіздігі. 2012 жайлы апакалипсис жайлы айтпасақ та түсінікті. Яғни ХХІ ғасырдың өзінде ғылым мен білім дамыған заманда мифтердің үстемдік етуіне таң қаласың. 

Қаланың тағы бір ерекшелігі, ондағы таңбалар мен белгілер жүйесі. Барлығы адамдарға арналған жəне адамдарға қызмет етеді немесе керісінше. Көшелердің аттары, бағдаршамдар, дүкендер мен түрлі т.б. сəн үйлерінің атауларынан алғашында басың айналады. Оларды шатастырып адасып та кетесің. Кейін оларға жаттанып, үйренесің. 

Жиналған көптеген топтарды да қаладан көреміз. Олардың тамашалайтындары тобырға сəйкес қызықтар мен лəззаттар, жұбаныштар. Тұрғындар шартты бес немесе алты күндік жұмыстарынан шаршағандағы жиналған сезімдерін шығаратын орындар да бізде жеткілікті. Мұнсыз да қалада өмір жоқ. Ол бір заңдылық іспеттес. Қалған жүйке стресстер мен қиналыстардағы адамдардың қайдан барып жұбаныш табатындары анық. Кімге қайсысы ұнайды соған барады. Біріне саябақ, театр, концерт, кино болса, ендігі біріне... жатады. Оноре де Бальзак «Шегірен былғарыда»: «Иа, лəззат үйінен басқа күштірек жағымды нəрсе бар ма? Қорқынышты іс!», - деп, сол кездегі Парижде орналасқан сауық-сайран үйлерін дəріптейді [1, 20 б.]. 

Қаланың болмысының иррационалды тұсы оның уақыты мен кеңістігі. Бір қарағанға кеңістік пен уақыт бір қалыпта, тіпті олар жоқ секілді, ал оның қаладағы атқарар қызметі қандай? Əрине, өте жылдам, активті, шапшаң. Тар, қысыңқы кеңістіктің ауқымдылығы, уақыттың көптігін қажет ету қала заңдылықтарының бірі. Сондықтан да қала адамдары үнемі асығыс жəне белсенді. Асығыстық пен белсенділік – адамның қалаға тəуелділігі. Ол асығыстық пен белсенділіктің мақсатын білсе де, екінші жағынан тұтас жүйені қозғалысқа келтіруші жəне оған бағынышты. 

Қаладағы уақыттың өлшемі 24 сағаттың, əрбір минут-секундтың толық игерілуімен маңызды. Олардың игерілмеуі адам үшін үлкен трагедия. Секундтардың қолданбалы өзіндік сəттері бар. Тіпті 24 сағаттың өзі қала адамы үшін аз. «Өзгеге ұқсамайтын өзіндік салт деп айтуға бұл да келмейді. Барлық жердегідей, жұрт Оранда да уақыттың тарлығынан, ойлау қабілетінің аздығынан сүйе тұрып, сүйетінін білмейді немесе елемейді» [3, 9 б.]. Қаладағы уақытқа байланысты интенсивті қозғалыс Оноре де Бальзактың «Шегірен былғары» романындағы талисманмен түсіндіруге болады. Онда (талисмандағы жазу): «Мені игеру арқылы сен барлығын игересің, бірақ сенің өмірің маған тиесілі болады. Құдайға осы ыңғайлы. Арманда жəне сенің арманыңның барлығы орындалады. Бірақ армандарыңды өміріңмен өлше» [1, 45 б.]. Яғни қаланың табиғаты сол талисманға ұқсайды. Себебі, қала адамының бір нысаннан екінші нысанға жетудегі уақыттық ерекшеліктерді кеңістігімен қоса ескерсек, ол өте жылдам. Айырмашылығы қала қаталдығын жеңіп, мақсатқа адамның өзі жетуі. Бұл қала уақыты мен кеңістігінің заңды көріністерінің бірі. Яғни қаладағы əрбір қозғалысымызда уақыттық шығармашылығыз да арта түседі. Өз мəресіне жақындай береді. 

Қаланың əлеуметтік құрылымы өте қызық. Оны қарапайым түрде жоғарғы, орта, төменгі деп бөлуге болады. Дегенмен, қайда болсақ та, өз ісімізге өзіміз жауаптымыз. Нені таңдап, нені шешсек те ол өзіміздің таңдауымыз. Біреу таңдап берді деген болмайтын секілді. Сондықтан да таңдамалы өмірімізге өзіміз жауаптымыз. Жоғары-төмен, қарама-қайшы емес, тек айырмашылық. 

Сөзімізді қорытындылай келе, адамның не жасаса да өзінің ісі үшін өзі жауапты. Сондықтан, жарқын өмірдің нұсқаушысы, жасаушысы өзіміз екенін ұмытпағанымыз жөн. Қала бізге қаншалықты өмір сүруімізге қиын болса, соншалықты бізге қымбат. Жəне бізге жайлы, қолайлы болғандықтан онда өмір сүреміз.

Әдебиеттер тізімі:

1. Бальзак Оноре де Шагреневая кожа: Пер. С франц. Б.Грифцова /Вступ. ст. Р.Резник; Ил. А.Голицина. – М.: Правда, 1982. – 272 с., ил. 

2.Кафка Ф. Избранное: Сборник: Пер. С нем. /Составл. Е.Кацевой; Предписл. Д.Затонского. – М.: Радуга, 1989. – 576 с. – (Мастера современной прозы). 

3.Камю Альбер. Оба. Роман жəне повесть. Аударған С.Ақтаев. Астана: Аударма, 2002. – 360 бет. 

4.Делез, Ж. Анти-Эдип: Капитализм и шизофрения / Жиль Делез, Феликс Гваттари; пер. С франц. и послесл. Д.Кралечкина; науч. ред. В.Кузнецов. - Екатеринбург: У-Фактория, 2008. - 672с.

Тұрғанбеков С.К., Айтенова А.А.

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...