Ақтөбеде табылған ғұн дәуіріне жататын қабір жартылай жойылып кетті. Инспекторлар екі заң мен Жер ко...
ҚР Ұлттық музейінде «Атамұра» атты көрменің салтанатты ашылу рәсімі өтті
ҚР Ұлттық музейінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, II дәрежелі «Барыс» орденінің иегері, атақты коллекционер Төре Азат Әкімбектің «Атамұра» атты көрмесінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Көрменің ашылу салтанатында сөз алған ҚР Ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы: «Азат Әкімбек – көне дәуірдің сарқыншағын, өткеннен қалған белгіні жинап, тарихқа өз үлесін қосып жүрген сегіз қырлы, бір сырлы ұлы тұлға. Коллекционердің жеке қорында сақталған әрбір жәдігер тарихтан сыр шертеді. Өткенді білмей, келешек өркендемейді. Көрмеге қойылған жәдігерлердің жас ұрпаққа берер тәлім-тәрбиесі мол екеніне сенімдімін» - дей келе бүгінгі іс-шараға сәттілік тіледі.
Өз кезегінде Төре Азат Әкімбек: «Ұлттық музей қабырғасында ұйымдастырылып жатырған көрмеге алғаш рет төрт бірдей коллекциямды ұсынып отырмын. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасында айтылғандай рухани байлығымызды, біздің ата-бабаларымыздың қолынан шыққан дүниені қастерлеп, дүниежүзіне насихаттауымыз қажет», - деді.
Сонымен қатар Төре Азат Әкімбек өзінің бай коллекциясынан құнды қолжазбаларды, атап айтсақ парсының танымал ақыны Шамс ад-дин Мұхаммад Хафиз Ширазидің (1325-1389) «Диуан-и Ходжа Хафиз Ширази (Қожа Хафиз Ширазидың диуаны)», «Ал-Кафия (Араб тілінің грамматикасы)», ортағасырлық парсы ақынының «Диуан-и Бидил (Биделдің диуаны)», екі ғасыр бұрынғы «Құран Кәрімді» ҚР Ұлттық музей қорына сыйға тартты.
Көрменің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты Владимир Имтахунович Тохтасунов, Өзбекстан Республикасынының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі, Қырғызстан, Иран,Әзірбайжан елшіліктерінің өкілдері қатысты.
Көрмеден ХІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақтың сәндік қолданбалы қолөнерін, тұрмыс-тіршілігін паш ететін басқұр, текемет, тұскиіз, алқалар, салпыншақ сырғалар,жүзіктер, білезіктер, ат әбзелдері, теген, ас-табақ, адалбақан сынды құнды жәдігерлерді тамашалауға болады.
Сонымен бірге ХҮІ–ХІХ ғасырлардағы Орта Азия өңірінің араб, парсы, шағатай тілдеріндегі ескі қолжазба жинақтары, 1910-1970 жылдардағы Н. Дубовской, Н. Хлудов, Ә. Қастеев, С. Чуйков, Ж. Шарденов, С. Айтбаев, С. Сидоркин сынды танымал Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан суретшілерінің туындыларын, Верный-Алматы қаласының 1887 жылдан бастап 1963 жылға дейінгі тыныс-тіршілігін, архитектурасын бейнелейтін суреттер коллекциясы да тамыры терең тарихымыздан, халықтан мәдени мұрасынан сыр шертеді.