1. Аякөз деген...Аякөзден Алтайды бетке алып, түп-түзу, сызғыш бойымен жүріп отырсаңыз, тура жетпіс...
Өтті Есағам, кетті Өлең...
Есенғали көкеміз айтқан сәуір келді. Бәлкім кеше ештеңе естімеген Алматының кей жастары Абай даңғылымен бүгін қыдырып келе жатқан болар. Ал ақын өзі ғана түсінетін қалаға сүйікті құстарын қондырып Қап тауының арғы бетіне ұшты да кетті. Иә, артында қалған қазақ халқының көз жасынан пайда болған теңіздің үстінде аққуша самғап Есенғали Раушанов ұшып барады. "Мәдениет порталы" бар қазақтың қабырғасынан қайыстырған қазаға көңіл айта отырып, ақынға арналған жоқтау өлеңдер топтамасын ұсынады.
***
Терісіне тер сіңбей,
О да кетті мына жерді жерсінбей.
Біздің ел де қызық ел ғой, жүретін
Жетесізі– жетелісін теңсінбей!
Кетті ол…
Құсын талай қимай ұзатқан,
Қар жастанып, түскен не бір мұзарттан.
Жүре бермей көрінгенмен ұстасып,
(Жолы болғай!),
Кетіп қалды бұ жақтан.
Сонда отыр ғой Алашыңның асылы.
Алшысынан түсіп күнде асығы.
Онда миын ашытатын ешкім жоқ,
Осында ғой дүниенің пасығы?
Сасығы…
Сыңғырлаған сиқырлы оның күй– іші,
Періште мен періштенің сүйісі!
Келмейді ғой біздің мына мұрынға.
О жақтағы ұжмақтың иісі?
Көп ел бізде дәмелі сол ұжмақтан,
Мағжандарын өз қолымен ұзатқан?!.
…Жүре бермей бір иісті иіскеп,
Меніңше, тез кету керек бұ жақтан.
Серік Ақсұңқарұлы
16.04.2021 ж.
Қайда ұштың?
Байқатып бір сұмдықтың басталғанын,
Қайда ұштың, қара бауыр Қасқалдағым?
Сен едің арқа сүйер артымдағы,
Қашалған қара өлеңнен тас қорғаным.
Қайғының қалың бұлты әлі қаптап,
Жылжиды алға қарай өмір аттап.
Отырмын қара өлеңді жұбата алмай,
Жылаған дауыс айтып, сені жоқтап.
Асқар тау, байтақ далаң күңіренді,
Жылатып жүрегі бар тірілерді.
Ұрпақпен табыстырып сені іздеген,
Жасайды жетім қалған жырың енді...
Несіпбек Айтұлы
Қош, Ес-Аға!
Айтылмаған сыр қалды,
Жазылмаған жыр қалды.
Айтып -айтпай не керек,
Көтерілмей көлінен
Қасқалдақ тектес ұл қалды.
"Көкмойнақ" өлең шыңғырып,
Қазығында тұл қалды.
Қаламының ұшында,
Сәулелі таңның тұсында,
Ұйыған уыз нұр қалды.
Құлан шабыс құлынын,
Омыртқа бойы жұлынын,
Алпыс үш жыл қызықтап
Қайран да Қазақ бұл қалды.
Әмірі шығар Алламның,
Тағдыры шығар тарланның,
Қайсың бар тұрар орнына,
Қырдағы құба Арланның.
Жараспас оған кім десек,
Таптырмас енді іздесек.
Жатқанда болар қаумалап,
Алдынан шығып Пір Бекет!
Боз жусаның күйінді,
Боз бетеге иілді.
Тағы да міне бір ұлың,
Бөзден көйлек киінді.
Ай болып кетіп барады,
Күн болып күліп қарады.
Қаңтардағы бурадай,
Қайыртпай желіп, жарады.
Қозыдай маңырап көгенді,
Жаздырар емес өлеңді.
Көңілі құрғыр босаған
Көсіле берме көп енді.
Қанағат түбі - қайыр-ды,
Шыдамның түбі - шүкір-ді.
Сабыр ет,елім, сабыр ет,
Тұяғы кімнің бүтін-ді.
Жаманат хабар жайылды,
Жай түскендей майырды.
Бір Қаранар жүк артқан,
Бізден көшін айырды.
Күн ауысты түн менен,
Түн ауысты күнменен.
Біз көрген жерде Қазақ жоқ:
"Есенғали кім?!.." деген.
Сабыр Адай
16.04.21ж.
*****
Жалғаннан Есенғали ағам көшті!
Ол дағы нар құлжадай аран кешті!
Пір Бекет, Абай-әруақ ертіп келген
Жетектеп жүре берді тәмам көшті…
Уа, көшті!
Көшті деймін Есен ағам,
Сумиып қала барды көсе-ғалам…
Не айта алам, Көкмойнақ-жыр түн ішінде,
Кісінеп: “Ием қайда?” – десе маған?..
Светқали Нұржан
16.04.2021
******
Ақ кемедей ақша бұлтқа шым батқан
Өтті Есағам, кетті Өлең…
Бүгін маған қара хабар тыңдатқан
Телефонды жек көрем!
Жек көремін,
Жағдайым жоқ ұғатын
Аяп, көңіл айтқанды,
Ақындарға қазанама шығатын
Газеттер мен сайттарды.
«Көз жасыңды төге берме сен енді…»
Жұбатады кәрі іңір.
Жазбасыншы «ақын өлді» дегенді,
Оқымаймын бәрібір…
Өзімді алдап, өтірікпен достасып,
Мен отырмын түн ішіп.
Бір қызғалдақ бағбанымен қоштасып,
Жылап жатыр бүрісіп…
Өмір солай мәңгілікке бұрылмақ,
Қалғаны – тек бос ұран.
Құс атаулы қона алмай жүр шырылдап,
Айырылып досынан…
Гүлнәр Салықбай
***
Көш мынау... құбылаға бет түзеген, Беу, тағдыр, нысанаға жетті жебең. Кісінер Көкмойнақ-жыр дәл іргемнен Жалаңдап, жал-құйрығын от күзеген... Ой, Кеңсай, “жолың қиын, бұралаң-ды”, Тұрғызып жібермейсің құлағанды. Өлеңнің ұлы көші келіп шөккен Жүрекке көшірейін бұл алаңды. Атыңды “Текті Ұлылық” деп түзер ем, Ес-ағам, құс жолына бет түзеген! Шарам жоқ... Шамам да жоқ... тұрағыңа “Қайық қып қабырғамды” жеткізер ем... Жанат Әскербекқызы
Есенғали қайтқанда
Сәуір самғап енген шақта түстіктен,
Қызыл шоқтай жанып жатыр іш тіптен...
Мен аспанның аһ ұрарын білемін,
Жылағанын көрдім енді құс біткен.
Жеткен шайыр Мырзашөлдің төсінен -
Ей, ұлы жыр, артық туған несібең!
Есенғали деген дегдар қазақтың
Рязандық Есениннен несі кем!
Жүрегінде жатқан жайлап жүз барыс,
Ойхой, қайдам..!
Ондай айбар бізге алыс.
Даңқыңа ешкім таласалмас тіріде,
Өліміңнің өзі ақынға - қызғаныш.
Көшесінде сан қаралы сөз өріп,
Алматының жалын атар өзегі.
Неге үнсізсің?!
"Тілің ғана байланғыр!"
Жыла, жыла, шерлі Есентай өзені!
Бозда, бозда, сыңар өркеш кер үлек!
(Біз де сендей сордан өнген өмір ек...)
Бара жатыр Келінтөбе үстінде
Ай маңырап, жетім жұлдыз мөңіреп...
Сен де жыла, бауыры тас қасірет,
Маңдайыма тамсын көзің жасы кеп.
Менің таңғы түсіме енер ме екенсің,
Уа, Қара өлең! "...Басы жоқ..."
Құмды сүйді, қанаттыны ұнатты,
Мың өксіді, мың булықты, мың ақты.
Бізді қойшы, ұмытшақтау пендеміз,
Жұбатамын құсын қалай жұмақтың?!
Мұрат Шаймаран
16.04.2021
Суық хабар
Ажалда қақпан да бар, құрық та бар,
Су емес ойпаң жерде тұрып қалар.
Таң атпай ту талақай тарап жатты,
Ес-ағам кетті деген суық хабар.
Сәуірдің сәукелелі ақ таңында,
Шынымен мәңгі ұйқыға батқаның ба?
Құстарың қона алмастан шырылдап жүр
Азалы Алматының бақтарында.
Сәулесі солғын тартып жарықтың да,
Жаза алмай соңғы жырды жанықтың ба?
Ақсүйек Аманханың кеткеннен соң
Жалғанның жармағынан жалықтың ба?
Теңселтіп текті жырдың тұнық көлін,
Сен кеттің, қалам қалды бүгіп белін.
Сұңқардай сыңарынан айырылған,
Өзіңді жоқтап жатыр Ұлықбегің.
Болғанда өрмегі сұм, өңі сайтан,
Күшейген мына дерттің көні қайқаң.
Қанаты қапелімде қайырылған,
Қайғырып, қара өлеңге көңіл айтам!
Әлібек Шегебай
16.04.2021
***
Қайдан білейін,
ғұмырда бір сәт қуанды ма, әлде кейіді ме,
Қана алды ма елдің мейіріне?!
Ертемен айтып,
ебіл де дебіл еткенің немене біздерді,
Есенғалиы жоқ, ей, дүние?!
Біз жылағанда сен орамалыңды алып жетпеп пе ең,
Өткен түн қалай текке өткен?!
Ебіл де дебіл ал, жыла енді,
ал, жыла,
Есенғалиы жоқ көктем!..
Есенғалиы жоқ Алматы!
Шула қайыңдар,
жыр тілеп,
Шулаңдар таулар, дүниенің жанын сілкілеп,
Қайсыңа барып көңіл айтайын,
беу, дүние-ай,
Өлеңнен бүгін құстар ұшады дүркіреп!
Өлеңнен бүгін құстар ұшады қаңқылдап,
Аспандайды олар даңқыңды ап,
…Қарайлауменен қалған да өмір өтеді-ау, көке,
енді бұл,
Қайсыбір тұстан шыға келер деп жарқылдап…
Ерлан Жүніс
16.04.2021
*** Жанымды жуындырып шықпен бақұл, Қаралы қағаз болды күткен хатым... Қолымнан ұшып түсті алтын кездік, Қойнына қара жердің күмп берді ақын. Қойнына қара жердің гүрс етті өлең, Құламас жүз жыл деген жыр шөкті емен. Келеді бекіткісі бізді жалған, Қайғы деп тірі жанда кім шекпеген? Мінілмей салтанатқа күйме қалды, Тау қалды, Өзен қалды, Жиде қалды... Молаға апармайды қыз баланы, Өріктал өксіп-өксіп... үйде қалды... Қарындас бұлт өксіді барып аулақ, Өксіді аңызақ жел өңі жаурап. Аңырап Маңғыстаудан бауыр кірді, Басы жоқ құнан мінген омыраулап... Алматы ару өксіп, Келінтөбе, Дегенін қылды қатал өмір-төре. Төгілді сөредегі кітап жас боп, Сөгілді сом жебеден темір көбе. Қайғымды мен де жеттім омбылай кеп, Ақынға тек жар бола гөр Құдай деп! Алдымнан шығатындай ағатайым: "Аман ба айналайын, ол былай деп". Мазарда шайыр қалып, шабыт қалып, Көтеріп жұрт қайтты үйге табытты алып... Қалыңнан жарыла ұшты жалғыз үйрек, Қанатын батар күнге малып-малып... Көнесің растығына бәріне іштей, Сезесің бастағанын сағыныш жей. Өксисің, Өкінесің, Өртенесің, Зәмзәмді қалған жандай қанып ішпей... Мирас Асан 2021 жыл
*****
Аза-нама
Есағам да кетті өмірден,
Өмір сенде не қалды?
Бізді қойшы, жұбанармыз, келген құсқа обал-ды.
Бір тақсірет түс екен бұл,
Дүниенің алдынан,
Алтын дәптер, күміс қалам жоғалды.
Құс біткеннің жоқтау әні – көк ала аспан,
Қара жер –
Қара жерде қаралы көш, қаралы ел.
Құстың пірі – Есенғали –
Құс секілді бейкүнә,
Құс секілді жаралы ер,
Қайда кеттің, құс біткенді сыңсытып,
Түс көріп ем, түсім менің шым-шытық.
Қайда кеттің, Маңқыстауды күрсінтіп,
Ыршығыңның ащы жасын ыршытып.
Құс тұмсықты қаламыңа тұнып қалды сыя мұң,
Бозторғайы боздап қалды кеудемдегі ұяның.
Домбырамның шегі үзілген секілді,
Күмбірлеп кеп, кілт үзілді күй ағын.
Достарыңа көңіл айтам, құс көңілі қаралы,
Қазағыңа көңіл айтам, жаны да оның жаралы.
Құс біткенді аман-есен Алматыға қондырып,
Құстың пірі – Есенғали, көкке ұшып барады...
Жанат Жаңқашұлы
16.04.2021 ж
***
Қазір жаңбыр төгеді қара да тұр,
Көз жасына малшынып дала да, қыр.
Әуенінен жаңылып құс біткен кеп,
Қиқу салып әр тұста қалады ақыр.
Тұр ғой әзір түк сенбей, шерге езілмей,
Шын ақын-ды Алматы ол да өзіндей.
Сәлден кейін Алатау өксіп бастар,
Қос иығы селкілдеп еңгезердей.
Өкінішке сенбеді ол әл-әзір,
Қамсыз тұр-ау, қайран қап, қала қазір.
Сәлден кейін өкіріп қоя берер,
Жоқтау айтып,
Төгілтіп далаға жыр.
Сұрғылт бояп қаланы, тауды бір өң,
Сеңдей соғып, баурымдап барлығымен,
Ақ жаңбырға малшынып,
Сенделерміз
Сәуірдің жаңбырымен,
Абай даңғылымен…
Асылан Тілеген
16.04.2021
*** Ей,керуен! Шөгер нарың! Шеш қомды! Арғымағымды алдырдым! Балбалыма бос сабылған көш қонды. Ұйқта,адыра қалғыр мұң! Сәуірің мұз! Дәуірің мұз! Ес тоңды. Зордан қайғы шалдырдың. Бұ дүния дөңгеленбей қалған ба, Не болды жер байғұсқа? Аспантекті қанаттарың талған ба, Құлпытаста нелерің бар,әй,құстар?! Таңда жұлдыз жымқыратын жалғанға Әлмисақтан неге күн мен ай құштар? Пері қыз-ау,пенде қызға кектенбе, Екеуің де талансыз. Бар періште төмен түсіп кеткенде Жұма...Жұмақ та алаңсыз... Шашын жайған мына есуас көктемге Әзді қалай телідіңіз,Ғалам,сіз?! Қияметтің тағдыры-ау, ә, қаламсыз. Қазағы да,қағазы да Бәрі аңсыз... Сосын... Күрпілдетіп көктен өлең сауды-ай бір Ақын біткен аяулысын қия алмай. Кеңсай асып,теңселгенде таудай жыр, Ақыреттің құшағына сия алмай... АҚЫН кетті! Болғаны да,толғамы да қиялдай АҚЫН кетті... Атты-ау таң да ұялмай. Үй,Алла-ай...
Гүлімай Әбішқызы - Иең қайда, қара өлең? - Иең қайда, қара өлең? - Киең қайда, қара өлең? Оны неге жоқтап жатыр бар әлем? Сен екеуміз тағы жетім қалдық па, Жұлым-жұлым санамен?.. Келінтөбе күңіренді көрдің бе? Мырзашөл де мұңға оранды көрдің бе? "Есенғали өлді" дейді мына жұрт, Сен сенбеймін, сендің бе?.. Маңғыстаудың құмын қалай жұбатам, Алматының түнін қалай жұбатам? Қазақия еңкілдеп тұр қарашы, "Шөкті" дейді қайта тумас бір атан. Сенгім келмей, салмақ түсіп санама, Сыймай барам тасқа айналған қалаға. Есенғали "есен жүру" емес пе ед(і), Есіңізден шығып кетті-ау, Жан-Аға. Мүмкін, әлі, жылдың басын "Күз" дейміз, Жаңалықтан еш үмітті үзбейміз. Мұқағалиды 45 жыл іздедік, Енді, Есенғалиды іздейміз. Оның аты - адалдық, Өзі кетіп, елесіне маталдық. Әлі қанша кешігеді адамзат, Әлі қанша арбар екен қаталдық?.. Әуел бастан айға азуын білеген, Құс жолына көштің сен де Ұлы өлең, Енді сонда қалықтайсың мәңгілік, Жалғыздықтан жанын жеген жүрек-ең. Сезем Аға, бұл емес деп басты арман, Көңілің толмай қарап тұрсың аспаннан. "Есенғали орманында" құс шулар, Қанатында хат қалған... Әлі талай жанарлардан жас парлар, Әлі талай жазылады дастандар, Қияметке қия беттер көш жайлы, Қасиетті Қожеліде басталған... Кеңсай жақтан басталған... Жәлел Қуандықұлы 17.04.2021ж. Қалам (Есенғали Раушановпен қоштасу) Құстар шулап, Азан-қазан ауылым жақ, Қайғының көтермейді ауырын бақ. Жер қайтарып бере ме өзіңді аға, Жер бауырлап жыласам, "бауырымдап". Алматыға қалдырып өткеніңді, Демалдың ба, далда етіп бөктеріңді. Біздің құстар күтіп жүр көктемді әлі, Біздің ауыл білмейді кеткеніңді. Біздің ауыл көрмейді жаңалықты, Тыңдамайды олар бұл "даналықты". Қайдағы бір бағытты мансұқ етіп, Қабір үсті қарға отыр қара күпті. Сенің жаның кешегінің көшін көрді, Сенің жырың даланың төсінде өрді. Сенесің бе түсімде әлгі қарға, Қалам ұстап, жазып жүр есімдерді. Білмеймін, ол тізімде кімдер екен, Өлең ғана өлімді білген екен. Бізді қалам жазады, біз өлген соң, Көк бояудың ізіне гүлдер өсер. Хақ мейірі - дүниеге жарық сепкен, Құстар, Сені сол жаққа алып кеткен. Пиджагімнің ішінде бір қалам жүр, Сиясы кеуде тұсқа шауып кеткен. Жүрегіңдей сия-сия болып кеткен... Жантас Еркін 16.04.2021 жыл
*** "Қара бауыр қасқалдақ, Қайда ұштың пыр-пырлап?" Есенғали Раушанов Ғасырдан көшеді ғажайып аңыздар, Ғаламнан көшеді ғаламат абыздар. Қайғырып қалады, қара орман ел-жұрты, Қаңғырып қалады рухани бомждар... Аспан да жылайды, мезгілсіз бұлттанып, Тастар да жылайды құсадан шықтанып. Көкмойнақ көкем ау, аттанып кеттің бе..? Аунаған жеріңде,алтыннан түк қалып. Құс қанат жүрек пе, ұшарға қомданған. Құжыра түнекте, құдай деп толғанған. Жат болып кеттің бе опасыз жалғанға? Хат болып кеттің бе Тәңірге жолданған... Ол жақта біздердей,біздердей қауым бар. Төмпешік боп жатқан иманды тау ұлдар. Алдыңнан аңқылдап шығар ма,жарықтық, Аманхан бастаған аяулы бауырлар. Аллаға аманат ақынның тағдыры, Өлең боп аңқысын жұмақтың әр гүлі. Ұйқыдан тұрсаңшы, сенікі не осы? Өтірік болса ғой осының барлығы. Алматы!Қара өлең!Қан жұтқан қаймана. Қанаттап ұшқан құс, қарасаң қайда да. Өмірін тілейік, бір ұлы ақынның, Өлеңін оқиық, көкемнің жәй ғана. Ғасырдан көшеді осылай аңыздар, Ғаламнан көшеді осындай абыздар. Қабірін немесе кітабын құшақтап, Қаңғырып қалады рухани бомждар. Ақжол Түменбай
Есенғали Раушанов қазасына Көл болған көз жасыма үйрек жүзді, Мен бұлай жоқтағам жоқ сүйген қызды. Мен сүйдім ат көрінбес ақ түтекті, Сен сүйдің жағал қанат жирен күзді. Түсімде кісінеп тұр көкмойнақ ат. Даланы шаңға көміп шаппай қарап. Ол неге жерді тіліп құйғымайды, Жалы мен құйрығына шоқ байлап ап. Біледі ол жердің барын, аспан барын, Қарашы қара көзден жас парлауын. Іздеп тұр үрке соқтап үркер ауа Көкке ұшқан қара өлеңнің қасқалдағын! Қасқалдақ пыр-пырлады, жырақ кетті, Ендігі ол аспан жақтан тұрақ тепті. Жұрттар да Кеңсай жаққа ұзап кетті, Бұлттар да бұйраланып шұбап көшті. Қисайған түн де бөлек іргеме кеп, Басады солығымды үндеме деп. Құстарға, періштеге, періге де, Айту да қандай қиын бірдеңе деп?! Жұбатып өкінішін шерткен елді, Біз қалдық қашап-ойып ескі өлеңді. Тұрқы да тәмам елді таңырқатқан, Тұқымы қаракөктің, қош бол енді! Абай Ораз
Құс жолымен қайтты ақын Сәуір болды, тәуір болды демеспін, Алданбаймын, алдамасын мені ешкім. Жүрегімде жыр жылайды бүгінде, Көңілімде бұлдырайды елес күн. Қапаландым бұл көктемді түсінбей, Туған жерге оралмады құсым кей. Өксіп-өксіп өлең қалды-ау бір шетте, Жан адамға қажеті жоқ мүсіндей. Өзекті өртер өрттей лаулап түсті іңір, Қара жерден көкке қарай ұшты нұр. Жетімсіреп мен де қалам түн кешіп, Бұлттан ары самғай берсін құс-ғұмыр. Біздің басқа қайта қонса қашқан бақ, Жаңа бір саз көл бетінен басталмақ. Жалқы дәурен қанат қақты мұнартып, Ол енді ұзап бара жатыр аспандап. Қайран ағам - қара бауыр қасқалдақ! АсылбекЖаңбырбай
*** "Көк кептер мезі болған жауынан көп..." Мен бүгін шаршағам жоқ, ауырғам жоқ. Келеді ұшып құстар. Ұшып құстар, Күтетін бізді біреу табылар деп. Ағатай, Анау Абай даңғылында, Сәуірдің жаңбырында, Алматы жесір қалды, құстар жетім, Қатігез еді неткен тағдыр мына. Етекте қалмады ғой жасқа малар, Неге қарай береді аспанға олар? ...Бізді қойшы, біз көндігіп кетеміз-ау, Тек, аға-ау, құстарға обал. Алматы. Шулы шаһар, нөпір алаң, Салтанат, сәніменен көркіне алаң. Күтердей Есенғали елестеуші ең, Кім болып елестейсің енді маған? ...барамын кім деп, не деп енді саған?
Абылайхан Әшімхан