Қазақстан әдебиеті және Морис Симашко

ӘДЕБИЕТ
2990

Осыдан бірнеше жыл бұрын, дәлірек айтсақ, 2015 жылы көрнекті қазақстандық жазушы Морис Симашконың (1924-2000) туған күнінде Алматыда өзі тұрып, жұмыс істеген үйіне мемориалдық тақта салтанатты түрде қойылған болатын. Рәсімге Қазақстанның "Мицва" еврей қауымдары қауымдастығының президенті, Еуроазиялық Еврей Конгресі Президиумының мүшесі Александр Барон, Алматы қаласы Тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасының басшысы Мамай Ахметов, "Простор" журналының мәдениет бөлімінің меңгерушісі, ақын және аудармашы Любовь Шашкова, Екінші дүниежүзілік соғысының қатысушысы, жазушы Леонид Гирш, филология ғылымдарының кандидаты, Симашконың шығармашылығына арналған кітаптың авторы Светлана Ананьева қатысқан еді. Александр Барон салтанатты рәсімдегі өз сөзінде  "Морис Давидович Симашко тек еврейлер қауымдастығы ғана емес, бүкіл ел мақтан тұтатын еврейлердің көрнекті жазушысы" деп баға берген-тін.

Морис Симашко, жазушы

Ал биыл бүкіл ел мақтан тұтатын Қазақстан Халық жазушысы Морис Симашконың 18 наурыз туған күніне орай Симашко оқулары мен онлайн-конференция өткізілді. Аталмыш конференцияда Қазақстан әдебиетінің көрнекті өкілдері жазушы жайлы жылы естеліктері мен оның шығармашылығы турасында пікірлерін ортаға салды. Бір айта кетерлігі, Симашко оқуларын Қазақстандағы "Мицва" еврей қауымдастығы, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, Алматы қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптамалық тобы бірігіп ұйымдастырды.

Қазақстан әдебиетінде ойып тұрып орын алған Морис Симашкоға арналған конференцияны Қазақстандағы "Мицва" еврей қауымдастығы кеңесінің төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі Александр Барон ашты. Ол сондай-ақ, Симашко оқулардың негізгі міндеттерінің бірі - жазушының шығармашылығына оқырмандық қызығушылықты жандандыру екенін атап өтті. Қазақстандағы тарихи проза жанрының негізін қалаушылардың бірі Морис Симашко Екатерина II туралы роман үшін әдебиет бойынша Нобель сыйлығына ұсынылғанын да тілге тиек етті ("Семирамида", 1988). Симашко "Жаңа Әлем" журналында жарияланған Республиканың алғашқы жазушысы болды ("Қара құмдарда", 1972). Ол көптеген мәдени бастамалардың бастауында тұрды, олардың ішінде халықаралық Қазақ ПЕН-клубының құрылуына, Қазақстан мен Израиль арасындағы шығармашылық байланыстарды орнатуға қатысты. Жазушы Президенттің бейбітшілік және рухани келісім сыйлығына, әдебиет саласындағы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа, басқа да марапаттарға ие болды.

- Биылғы конференция жыл сайынғы Симашкин оқуларын өткізудің бастапқы нүктесі болады. Осы жылы біз жазушының шығармашылығына арналған зерттеу мақалаларының жинағын басып шығаруды және Морис Симашконың құрметіне медаль шығаруды жоспарлап отырмыз. Сыйлық жазушының әдеби мұрасын зерттеуге және насихаттауға үлес қосқан зерттеушілерге беріледі", – деді Александр Барон.

Александр Барон, "Мицва" еврей қауымдастығы кеңесінің төрағасы

Сонымен бірге халықаралық Симашко оқуларының жүргізушілері жазушының Қазақстандағы тарихи проза жанрының қалыптасуы мен дамуындағы, қазақ әдебиетін дәріптеудегі зор рөлін атап өтті. Светлана Ананьева конференцияға қатысушыларға М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы Кенжехан Матыжановтың құттықтауын жеткізді.

Хатта Морис Симашконың шығармалары әдебиеттанушылар мен тарихшылар үшін сарқылмас қайнар көзі екендігі баса айтылған. Жазушы бүкіл әлемге қазақ даласының ұлы тұлғалары, оның ішінде Сұлтан Бейбарыс ("Емшан", 1966), Ыбырай Алтынсарин ("Қоңырау", 1981), Әліби Жангелдин ("Комиссар Жангелдин", 1978) туралы паш етті. Морис Симашко қазақ тілінен Ілияс Есенберлинді ("Көшпенділер" тарихи трилогиясы), Ғабит Мүсіреповты ("Оянған өлке" дилогиясының екінші бөлімі), Дүкенбай Досжанды ("Жібек жолы") аударған, осының арқасында осы классиктермен бүкіл еуразия кеңістігінің оқырманы танысқан.

Кенжехан Матыжанов, М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры

Сондай-ақ Қазақстанның Халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат, ЮНЕСКО қамқорлығымен мәдениеттерді жақындастыру халықаралық орталығының директоры Олжас Сүлейменов Морис Симашко шығармаларының ағартушылық рөліне тоқталды.

- Морис Симашко-өте қызықты жазушы, оның шығармаларын жастарға ұсыну керек, ол, өкінішке орай, бүгін біз қалағандай көп оқымайды. Оның повестері мен романдары қазақ тарихының, жалпы шығыс тарихының қатпарларын ашып көрсетеді. Олар тарихты зерттеуге ынталандырады, - деді отандық әдебиеттің корифейі.

Олжас Сүлейменов әңгіме барысында Морис Симашкоға "Емшан" повесінің идеясын қалай жеткізгенін былай деп еске алды:

– Мен сол кезде Орта ғасыр тарихын, түркілердің Еуразиядағы мәдени үдерістерге әсерін зерттеп, украин мұрағатында Қырымдағы құл базарларында Азияның оңтүстік-батысына, Таяу шығысына, Солтүстік Африкасына сатылған жас қыпшақтар туралы материалдардан бас алмай жүрген кезім. Бұл жігіттер әскери мектептерге орналастырылды, ортағасырлық Суворов мектептері сияқты, олар қатаң түрде тәрбиеленді. Біздің әңгімемізден кейін Симашко осы тақырыпты зерттеуге кірісті, осылайша оның "Емшан" повесі дүниеге келді, ол Сұлтан Байбарсты әлемге іс жүзінде ашты, – деп қызықты фактіні Қазақстанның Халық жазушысы айтып берді.

Олжас Сүлейменов, Халық жазушысы

Еуро-Азиялық Еврей Конгресінің бас директоры, доктор Хаим Бен Яаков өз кезегінде жастардың көркем әдебиетке қатынасы тақырыбын жалғастырды. Ол халықаралық зерттеулерге сәйкес, бүгінде өскелең ұрпақ өмірбаяндық проза мен мемуаристикаға қызығушылық танытатынын атап өтті. Осыған байланысты Жас оқырман Морис Симашконың "Төртінші Рим" (1948-2000) соңғы романына қызығушылық танытуы мүмкін. Бұл проза жазушысының айтуы бойынша өмір бойы жазған өмірбаяндық шығарма.

- Күнделік жазбалар мен өмірбаяндық романдар жазушының тағдыры арқылы тарихи оқиғалармен таныстырады, танымдық, шығармашылық ойлауды дамытуға ықпал етеді, білім көкжиегін кеңейтеді, – деді доктор Хаим Бен Яаков.

Хаим Бен Яаков, Еуро-Азиялық Еврей Конгресінің бас директоры

Конференцияға қатысушыларға арнаған құттықтау сөзінде ҚР еңбек сіңірген қайраткері, мәдениеттанушы, қоғам қайраткері және публицист, филология ғылымдарының кандидаты Мұрат Әуезов Симашко шығармаларының білім беру құндылығын атап өтті. Мұрат Әуезовтің айтуынша, тарих жазушыда өмір сүрген: Морис Симашко дәуірлердің атмосферасын жеткізудің бірегей сыйы ғана емес, сонымен қатар тірі энциклопедия болған, оның шығармалары танымға жетелейді.

Алғашқы халықаралық симашкин оқуларын аяқтай отырып, Александр Барон Морис Симашконың әдемі естелігі жазушының шығармаларын басып шығару, прозаик мұрасына оқырмандық және зерттеушілік қызығушылықты кеңейту болатынын атап өтті. Еврей қауымының басшысы конференцияға қатысушыларға Қазақстанның Халық жазушысы Морис Симашконың шығармашылығын зерттеу бойынша одан әрі жемісті жұмыс тіледі.

Қорытындылай келе, Морис Симашкодан өзге И. Шухов, А. Сорокин, Н. Анов, Д.Черепанов, Д. Снегин, М. Зверев, В. Чугунов сынды жазушылар Қазақстандағы орыс әдебиетінің негізгі өкілдері болды деп толыққанды айта аламыз. Дегенмен классикалық Қазақстан әдебиетінің дамуы һәм өркендеуіне белгілі бір дәрежеде ресейлік жазушылардың өзі - Д.Фурманов, М. Пришвин, Ю. Домбровский, Л. Мартынов, С. Марков, Қазақстанның тумалары Иванов, Васильев және т.б. үлес қосты. Өз өмірін және шығармашылығын Қазақстан әдебиетімен байланыстырған жоғарыдағы орыс жазушыларының кез-келгені М.Әуезов, С. Мұқанов, Ғ. Мұстафинмен тығыз байланыста болғанын да айта кеткеніміз жөн. Мұндай ынтымақтастықтың негізгі нысаны, әрине, аударма, өзара әдебиеттану және жетілдіруді іздеу болды.

Заман Төлеуов,

"Мәдениет порталы"

Жаңалықтар

Оқиға Алматының Наурызбай ауданында қоғамдық көлік аялдамаларының бірінде күндіз орын алған, деп хаб...

Жаңалықтар

Журналист Гүлмира Әбіқай «Елге көмек» қайырымдылық қоры туралы тың мәлімет жариялады, де...