Мәртебелі оқырман, құрметті достар!Қазақ интернет кеңістігі тағы бір әдеби порталмен толығып жатыр....
Мағжан Жұмабаев. Балапан қанат қақты
Балапан қанат қақты
Балапан қанат қақты...
Жас еді. Қанаты да қатып жеткен жоқ еді. Амалсыз қақты.
Солтүстіктің суығына шыдай алмады. Суық жел сүйегіне жетті. Ызғар өкпесіне өтті.
Ұшып орманға барып еді, күні кеше күбірлесіп, күлімдесіп, жылы құшағын ашып тұрған ағаштар бұған мойнын бұрмады. Ұшып тоғайға барып еді, қанша шырылдап айналып жүрсе де, қалың ақ кебінін жамылып,тоғай тұрмады.
Балапан баспана таба алмады. Балапан қанат қақты...
Аштан өлетін болды. Ойды-қырды қар басқан. Бір қылтанақ таба алмады. Тоңып, дірілдеп, аласұрып жүрген балапанды көріп: “Қорама кір, қолымда тұр, қалған-құтқанымды берермін”, - деп күледі солтүстіктің салқын жүрек, тас бауыр адамы!
Балапан қанат қақты...
Ойы – жан дәрмен жылы жаққа жетпек, егіз Есіл – Нұраның тәтті суларынан ішіп, Аралдың ыстық құмын құшпақшы. Терең Балқаштың мөлдіріне шомылмақшы. Алтайдың етегінде “ух” деп демін алып, Марқакөлдің қаймағында жүзбекші.
Балапан қанат қақты...
Домбыра
(Марқұм Ж - ге арналған)
Түн. Біз шешініп жатқанбыз. Шам сөндірілген. Үй іші қара көлеңке. Шаңырақтың жабылмай қалған шетінен оң жақ босағада құрулы ақ шымылдыққа түсіп тұрған айдың сәулесі ақырын ғана дірілдейді. Шымылдық дірілдегендей... Жанымда қатар жатқан жігіт домбыраға бір күй тартып жатыр...Екеумізде де сөз жоқ... Жалғыз домбыраның ғана үні естіледі... Адамды қалың ойға батыратын, белгісіз қорқынышқа түсіретін жат, ауыр бір үн. Өзеннің қараңғы түнде салмақпен сылдыр қағып аққанындай, жаздың желді түнінде, көлдің қамыстарының қорыққан секілді, біріне - бірі тығылып сыбырласқанындай... Ағаш жапырақтарының дірілдеп, күбірлескеніндей. Кейде домбыра ауру адамдай ыңыранған сықылды да болады. Ол қайғырады...зарланады... Маған алыстан талып бір дауыс естіледі... Мұңды бір дауыс жақындап келеді. Нәзік зарлы дауыспен біреу күңіреніп ақырын ғана өлең айтқандай... Әйел даусы... «Бізден сорлы жалғанда жан бар ма екен?! Өзің рақым қыла көр, бір жасаған» — дейді әйел... Түнде cap далада зарын айтып күңіренеді әйел... Ауыр қасірет, қалың қайғыға амалы құрып, жалғыз жасағанға мұңын шағады, жалынады, зарланады әйел... Дауыс тіпті жақындады... Манағыдан да ашығырақ, ащырақ, зарлырақ... «Бауыр етің балаңды отқа салдың! Не жазығым бар еді, жан ағеке? Әйел қарғайды. Өз қолымен отқа салған ата - анасына, аяу білмеген тасбауыр жақынына, жансыз ойыншық қылған, намыссыз күң қылған мұндағыларға қанды жас төгіп, лағынет айтады әйел... Ақырын есік ашып, ол үйге кірді. Жас бір қыз. Үстінде жұқа ақ көйлек. Өрілмеген ұзын қою қара шашы екіге айрылып, кеудесіне түскен. Екі бетінде бір тамшы қан жоқ.
Құп - қу. Жұқа ақ көйлектің астынан денесінің әр жерінде көгерген сықылды таңбалар қарайып білініп тұр. Зор қара көздерінде есепсіз мұң, сансыз қасірет... Маған жақындап келіп, менің көздеріме тура қарады.
Көз қаралы әрі майда, әрі салқын. Кішкене күлімсіреп, қансыз ернін қозғап, сейлейін деп ыңғайланып еді, жөтелді... Ұзақ жөтелді. Ақырын ауыр жөтел... Әлдене уақытта жөтелі тоқтады. Бірақ әлі құрып, демін зорға алып тұрды, сөйлеуге шамасы жоқ еді... Оның қара көздерінен мөлдіреп, домалап, суалға жақтардан парлап ағып тұрған қасты көрдім. Мен оны таныдым. Қарындасым! Сүйікті қарындасым! Періште жанды, хор жүзді сұлу қарындасым Сұлу... қайғылы сұлу. Бейшара бақытсыз қарындасым!.. Аз өміріңді у жұтып өткізген қарындасым! Жауыздар тірідей жерге көмген қарындасым!..
Денем күйді... Жүрегім аузыма тығылды... Көзімнен ыстық жас төгілді... Домбыра да күңіренеді. Зарлайды... Ақырын жассыз жылайды... Жыла, домбыра, жыла!..
Мағжан Жұмабаев,
ақын