Ұлттық кітапханада қазақ айтыс өнерінің оғыланы Оразалы Досбосыновтың үш томдық шығармалар жинағының...
Сауалнама: Өзіміз және өзгелер
Соғыстан кейін қазақ әдебиеті қандай күй кешті? Әдебиетімізді әлі де зерттеуді талап ететін, сұрағы мен жұмбағы көп кезең көркемдiк-эстетикалық тұрғыдан байыта алды ма? Жаңа туындылар дүниеге келіп, жетiлуiне үлес қосты ма? Осыған орай "Мәдениет порталы" сол кезеңдегі әдебиеттің жыры мен сырын білу үшін қаламгерлер арасында сауалнама жүргізіп көрген еді. Мархаббат!
Сауалнама сұрақтары:
1.II Дүниежүзілік соғыстан кейін қазақ әдебиетінде не өзгерді?
2.Не өзгеруі керек еді?
3.Өзгеруге не кедергі болды?
4.Демек біз жеңілдік пе жеңдік пе?
Әлімжан Шөңгербай, ақын:
1. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қазақ әдебиеті аса қатты өзгеріске ұшырай қойған жоқ. Совет идеологиясы салған сүрлеумен жүре берді. Кеңес әскерінің жеңісін әсіре мақтангершілікпен жазғандар да, қанды қырғынның қасіреті жайлы қалам тербегендер де болды. Қайта құру, тың игеру сынды экономикалық,саяси тақырыптарды тұздық етіп, пропагандалық шығармаларды тудырғандар да табылды. Десек те, бұл қазақ әдебиеті дамымай қалды дегенді білдірмейді. 60-жылдары келген буын қазақ әдебиетіне бір шоғыр шоқтығы биік шығармалар алып келді.
2. Екінші дүниежүзілік соғыс әлемге үлкен ой салды. Жаһан жұртшылығы сұм соғысты, диктатуралық режимдерді, адам құқықтарының тапталуын сынап, гуманистік ойларға бет бұрды. Еуропа елдерінде неоавангардизм, экзистенциализм бағыттары әдебиетте көрініс таба бастады. Жан Поль Сартр,Албер Камю секілді жазушылар абсурдтық философия төңірегінде әлемге ой салды. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі кезде-ақ "жоғалған ұрпақ" ұғымы қалыптасып, Эрих Мария Ремарк, Эрнест Хемингуэй, Фрэнсис Скотт Фицджеральд және т.б. жазушылар жауһар туындыларымен талайды тамсандырған. Ал бізде оның біреуі де болған жоқ.
3. Қазақ әдебиеті соцреализм құрсауынан шыға алмағандықтан әлемдік деңгейдегі шығармалар ұсына аламады. Кеңестік цензура мен пропаганда қазақ әдебиетшілеріне мұндай мүмкіндік бермеді.
4. Біздің жеңілген тұсымыз, Кеңестік пропаганда жетегіне еріп, жаһанға жарқын идеялар сыйлай алмауымыз. Соғыс тақырыбында жазылған шығармаларға келетін болсақ, Жамбылдың "Ленинградтық өрендерім" өлеңі немесе Ғабит Мүсіреповтың "Қазақ солдаты" романы сынды шығармаларға қазіргі таңда көзқарасымызды өзгерту қажет деп білемін. Біздің жас ұрпаққа Төлен Әбдіктің "Тұғыр мен ғұмыр" хикаятындай шығармалар керек. "Жеңіс" деген қанға малынған қасіретті ұғымды алтынмен аптап, күміспен күптей алмаймыз. Өкінішке орай, жеңіс бізге солай келген.
Батырхан Сәрсенхан, ақын:
1. Руссоның: «Ұлы оқиғалар ұлы шығармалар тудырады» дегені бар. Әріге, антикалық дәуірге көз жіберсек он жылға созылған Троя соғысы «Илиаданы», парсылар мен гректер соғысы Эсхилдің атақты «Парсыларын», орта ғасырдағы адамдар мен құбыжықтардың соғысы «Беовульфты» тудырды. Бірінші дүниежүзілік соғыстың өнерге түрен салған дадаизм, экзистенциализм, сюрреализмге әсері мол. Ал екінші дүниежүзілік соғыс тұтас ғасырды тудырды. Қазақ әдебиетінің 20 ғасыры алтын ғасыр деп атасақ, сол ғасырдың негізінде майдан жатыр. Қасым Аманжоловтың «Дариға сол қыз», Сырбай Мәуленовтың «Соғыстан қайтқан солдаттар», Мұқағали мен Тұманбайдың «Жеңгелері» бәрі де өмір шындығынан туған өлеңдер. Мұқағалидың:
Аңыздардан теріп жүріп масақты,
Рас, рас, көзімізден жас ақты.
Бірақ сол бір дауыл жылдар, от жылдар,
Бәрімізден бір-бір батыр жасапты,-дегенінде мән бар. Тіпті біздер бала күннен тыл жұмысына араласқан атамыздан ерін күткен әйелдердің жан күйзелісін, жетім бала зарын тыңдап өстік. Оған тоқсан пайызының әр тарауында майдан ізі білінетін 20 ғасырдағы қазақ әдебиетін оқып өскенімізді қосыңыз. Демек, соғыс зеңбірегінің жарықшағы біздің санамызда да бар, бізден кейінгі ұрпақта да болуы мүмкін.
2. Еуропа әдебиетінде әртүрлі мәдени бағыттар, жанрлық дамулар орын алды. Бізде де барынша түлеген, жаңарған қадамдар болды. Аздаған «әттегенайларды» қоспағанда өзгеруге тиіс дүниелер өзгерді.
3. Кедергіге келсек – соцреализм мен орысшылдықты айтуға болады. Тіпті кейбір ақындарымыз орыс поэзиясының орманынан өмір бойы шыға алмай кетті. Борхес пен Маркес жарыса «Мың бір түн» жайлы тебірене сөйлегенде, біз Чехов пен Гончаровты әңгіме еттік.
4. Әлем тарихының терезесімен қарасақ Екінші дүние жүзілік соғыс дегенде «қазақтардың үлесі» деген сөз жоқ. Ал шындығына келгенде, бір ғана факт, Панфиловшылардың ерлігіне назар салалық. Панфиловшылар, 316-атқыштар дивизиясы Алматыда құрылған, құрамының 90 пайызын қазақтар құрайды. Мәскеу түбінде, Волоколам тас жолындағы ең шешуші (Мәскеудің тағдырын шешкен) ұрыста қаланы қорғап қалды. Бұл гректердің үш жүз спартанцымен салыстыруға келетін үлкен ерлік. Меніңше, осы шешуші шайқасты зерттеп, фильмдер түсіріп, мейлінше насихаттап, тарихи бағасын беруіміз керек. Ал, жеңдік пе, жеңілдік пе дегеніңіз шартты сұрақ.
Әлихан Жақсылық, жазушы:
1. Соғысқа дейін де қазақ әдебиеті батыл қадамдарға барды. Поэзияда лирика өзіндік арнасын тапса, қоғамдағы қайшылықты сыншыл релизммен проза суреттеп жатты. Ал, соғыстан кейін адамзат та, әдебиет те қырғыннан жалықты, шаршады. Өзгеріс қаласақ та, қаламасақ та болатын еді. Себебі соғыстан кейінгі ел жағдайы адам тағдырынп әсер етеді, адам тағдыры қоғамға, қоғам әдебиетке түрткі болып жаңа туындылар дүниеге келеді. Соғыстан кейінгі әдебиеттің дені әуелі тылдағы шаруалар мен жанкешті сарбаздардың кейінгі тағдырын жаза бастап, кейін еңбекшілерге, қарапайым жұмысшыларға ұласты. Тағы бір жазушылар тарихи санаға бетбұрыс жасап, соғысқа пысқырып қарамай, бірден Алтын Ордадан бір шығып, аласапыран қылып, үркерге барып елең-алаң етті. Енді бір жазушылар мен ақындар адам жанының қалтарыс-бұлтарыстарына барды, психологиялық баяндаулар мен философиялық тұжырымдарға иек артты. Көркем туындылар да жалған ұраннан жалығып, махаббатқа, жастық шаққа, ғашықтыққа, ерекше сезімдерге, еркіндікке қарай тақырыптары да құбылып сала берді. Өз бағыттарына сүрлеу салды.
2. Қазір уақыт ағына ол ғасырдан қашықтаған сайын отырып алып анау өзгеруі керек еді, мынау өзгеруі керек еді деп көсемсуге болады. Бірақ, өздері кеткен тыныш жатқан шалдарды мазалаудың қажеті шамалы. Дәл қазіргі әдебиетке қандай өзгеріс керек екенін білмей отырып ол бишара шалдарға да тіл тигізуге қорқамын. Өз деңгейінде тамаша өзгерістер болды, ауыз толтырып айтуға келетін. Балалар әдебиеті де ерекшеленіп шыға келді. Бастысы соғыстан кейінгі әдебиетте "рух" мәселесі поэзияда атойлап тұратын. Прозада ашық жазылатын. Әдебиет "рух" мәселесі төңірегінен ауытқымаса, міне бұл жақсы жаңалық.
3. Батыл қадамдар жасап өзгеріске әкелетін жазушы-ақындар болмады емес, болды. Әдебиеттің қоғамдағы салмағы, рольі, өзіндік орны да болды. Бір мәселе болса жазушылар не дейді екен деп аузына қарайтын шаққа да жетіп қалған едік. "Бұл туралы олар не айтады" деп үкімет басы да елең етуге шақ қалды. Өзгеруге кедергі болған деп біреулер идеялогияны кінәлар, бірақ өте батыл қадамдар мен ашық баяндалатын шығармалар жазуға жазушылардың, ақындардың өздері тартынды. Содан соң олар "әдебиет теориясына": "әдебиет көркем өнер,шындықты астарлау бар, ойды көркемдеу бар. Әдебиеттегі сөз суреттеуге ғана арналу керек, әдебиет образдардан тұрады. Әдебиет әдемі жазу мен шұбырту, сөз құдіреті, сөз қанаты" -деп өтірік түкке тұрмайтын ережелерін енгізіп, шындықтан бұлтарды, ақиқаттан қашты, қара басын күйттеді, билікке ұнамай қалам деп көтін қысты. Ол бишара шалдарды тағы жамандағым келмейді, бірақ советтік идеялогияның түкке тұрғысыздағын, мазақ пен қорлық екенін қоғамда әдебиеттің салмағы бар кезінде айтып, жазып қалу керек еді. Ешкім де ештеңе де кедергі емес, кедергі - өздері!
4. Мойындау керек жеңілдік. Себебі шығармаларымыз жеке адамның ішкі дүниесіндегі "рух" мәселесінде келгенде жаман болған жоқ, жақсылыққа,еңбекқорлыққа шақырды, махаббатқа, адалдыққа шақырды, бірақ ұлы төңкерістер мен күрестерге үгіттемеді. Ғылыми жаңалықтарға шақырмады, медициналық жаңалықтарға, революциялақ бағыттарға шақырмады. Бізді тарих пен совет үкіметінің таза адамы болуға қол бұлғады. Болғаны осы. Қысқа жеңіс туралы сөз қозғаудың өзі ұят. Егер біздің әдебиет шынымен мықты болған болса, қазір халық яғни қазақ революцияның не екенін, рухтың не екенін жете түсінетін еді.
Еділбек Дүйсен, ақын, аудармашы:
1. Бәріміз білетіндей, өзге әдебиетте «Жоғалған ұрпақ» деген термин бар. Мұның қандай термин екендігін түсіндіріп жатудың өзі артық. Екі соғыстың ортасында қалыптасқан ұғымның белді өкілдеріне Эрих Мария Ремарк, Эрнест Миллер Хемингуэй, Луи-Фердинанд Селин, Анри Барбюс, Фрэнсис Скотт Фицджеральд, Джон О'Хараларды жатқызады. Бұлардың бойынан Ремарк айтқан сипаттаманың түгелге жуығы табылады десек қателеспейтін шығармыз, шығармаларынан да солай. Ал, дәл осы Ремарктың сипаттамасына келіңкірейтін қазақта екі қаламгер бар шығар, қателеспесем. Біреуі – Тоқаш (Бердияров), екіншісі – Өтежан (Нұрғалиев). Алайда, бұл екеуіне бола қазақ әдебиетіндегі «жоғалған ұрпақ» бар деп есептеу қате шығар. Меніңше, өзге әдебиетте «жоғалған ұрпақ», «жоғалған буын» бар болса, бізде «алданған ұрпақ», «алданған буын» бар. Әділін айтқанда осылай. Менің жеке пікірімде, II Дүниежүзілік соғыстан кейін қазақ әдебиетіндегі өзгеріс осылар. Бұлар неліктен «алданған» екендігін ішіңіз сезіп те отыр, білмегендей болсаңыз, алда айтып та қалармыз. Әзірге әдебиеттің әңгімесінен ауытқымайық.
2. «Алданған ұрпақ» аса үлкен нәтижеге қол жеткізді деп айта алмаймын. Иә, қазақ әдебиетінде соғыс туралы жазылған көркем әдебиеттер де, публицистика да, майдангерлер тарапынан жазылған естеліктер де жеткілікті. Соғыс тақырыбы жазудай-ақ жазылды. Алайда, «жоғалған ұрпақ» секілді соғыстан кейінгі қоғам психологиясын, соғыс адамының психологиясын жеріне жетікзіп айта алған жоқ. Бұл жағынан мен тек «Соғыстың соңғы жазын» ғана айта аламын.
3. Бұл маған күңгірт дүние. Бәлкім, цензура... Бәлкім, әлгі авангардтық ұстаным... Бәлкім, құндылық туралы қираған сенім... Ит біліп пе!?
4. Бұл үлкен сұрақ. Мен осы сұраққа жауап беру үшін де алғашқы сұраққа бермек жауабымды құрбандыққа шалдым. Меніңше, жеңілген жеңімпазбыз. Жеңілуге келсек, алдымен, оңбастай «алдандық». Ал, жеңгеніміз, не дегенмен де, жаңа тақырыптарға бардық, жаңа кейіпркерлер тауып, жаңа көзқарастар қалыптастырдық. Осы арқылы жаңа дүниеге қол жеткіздік.
Сауалнаманы ұйымдастырған: madeniportal.kz