Герман Гессе. «Сиддхартха»

ӘДЕБИЕТ
3099

Өткен аптада Герман Гессенің үш туындысы «Сиддхартха», «Даланың қасқыры» мен «Майда моншақтар ойыны» (Игра в бисер) оқып шығып, олардың әр қайсысы менің көңілімде түрлі әсерін қалдырды. Соңғы екеуінің баяндау мәнері де, жазылу стилі де, көтерген проблемалары да тым күрделі болса, «Сиддхартха» өте қарапайым және жеңіл стильмен жазылған хикая екен. Герман Гессенің шығармашылығымен танысқысы келгендерге мен ең әуелі «Сиддхартханы» оқуға ақыл-кеңес берер едім. Ендеше алғашқы әңгімемді де осы шығармадан алған әсерім мен түйген ойымды баяндап беруден бастайын.

Бірден айтайын. Мен бұл хикаяны оқып шығып өзім үшін Америка аштым деп айта алмаймын. Шығармадағы баяндалған ойлардың бәрі маған да, сіздерге де өте таныс - қарапайым шындықтар. Дегенмен, бәрімізге де мәлім сол шындықтарды кез-келген оқырманның жүрегін елжіретіп, көңілін толқытып, жан әлемін тебірентіп жіберетін суреткерлік шеберлікпен нағыз суреткер ғана жеткізе алатын болса керек. Жұртқа пайдалы дүниелерді халық есіне салып отырғанның зияны жоқ. «Сиддхартха» секілді шығармалардың басты құндылығы да осында.

Романның әлқиссасында суреттелетін бас кейіпкердің іс-әрекетінен мен өзімнің жас кезімді көргендей әсер алдым. Беделді тұлғалардың көбісін мойындамайтын, өз жолын іздеуден басқаға мойын бұруға шамасы жоқ кезбе философ өмірінің соңында ғана шындықты іздеп табады. Өз басым хикаяда баяндалатын мына бір эпизодты шығарма авторының айтқысы келген ойының түйіні ретінде қабылдадым.

«Мен саған не айта аламын, мәртебелім? Сенің ізденіс үстінде жүргеніңе көп уақыт болды, бірақ шектен тыс ізденіспен әуестеніп кеткендіктен сен ештеңе де таба алған жоқсың. - Оның себебі неде?, - деп сұрады Гоминдан. – Егер де біреу бар ынтасымен бір нәрсені іздесе, - деді Сиддхартха, - оның көңіл көзі өз іздегенінен басқаны сезу қабілетін жоғалтып, ол ештеңені де қабылдай алмайды, себебі, оның бүкіл ойы ізденістен басқаға бос емес, өйткені, оның қуған мақсаты бар, ол сол мақсатына жетуді ғана көздейді. Ізденіс дегеніміз –мақсат қуу. Ал, шындықты табу үшін адам азат болуы, кез-келген таным үшін ашық болып, мақсат қумауы тиіс. Сен мәртебелім, ізденушілердің қатарынан сияқтысың, өйткені, мақсатыңа жету жолында көз алдыңда болып жатқан көп шындықты байқамайсың».

Кітаптың басты құндылықтарының бірі ретінде шығарманың көркемдік стилін айтар едім. Шығарма орыс тіліне өте жақсы аударылған. Гессенің ойлары құдіретті музыкадай жүректен төгіледі. Бір деммен оқылатын шығарма сені жалықтырмай танымыңды тереңдете түседі. Түсінуге өте күрделі будда ілімінің тәмсілдерін жазушы өте қарапайым тілмен шебер жеткізген.

Гессенің бұл шығармасын Пауло Коэльоның «Алхимигімен» салыстыруға болады. Екі шығарманың идеясы да, ондағы айтылатын ойлар да бір-біріне қатты ұқсайды. Бірақ «Сиддхартхада» айтылатын ойлар анағұрлым терең. Гессе өз шығармасында оқырманның ақыл-ойын құрметтей отырып, оған ешқандай да дайын рецепт ұсынбай, ешкімге де өз идеясын таңбай, бізді мәңгілік тақырыптар туралы толғануға шақырады. Бұл кітапты әр оқырман өз жүрегінің қалауы бойынша қабылдап қана қоймай, өз танымына сәйкес түсіндіре алады. Шығармамен танысқан адам өзінің оқушыдан қалай туындыгерге айналып кеткенін байқамай қалады. «Сиддхартханы» оқып шыққаннан кейін өмір сүргің келіп кетеді.

Амангелді Кеңшілікұлының facebook парақшасынан

author

Амангелді Кеңшілікұлы

ПУБЛИЦИСТ

Жаңалықтар

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2025 жылдың қаңтарындағы демалыс күнін ауыстыруд...

Жаңалықтар

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы энергетик сусындарға қатысты пәтуа шығарды, деп хабарлайды ma...