Мағауиннің «Үш анығы»

ӘДЕБИЕТ
3349

Шын-өтірігін қайдам, «естіген құлақта жазық жоқ». Моңғолияға барған бір сапарында жазушы, қоғам қайраткері Мұхтар Мағауин Күлтегін бабасының басына түнеп, мінәжат қылатыны туралы аңызға бергісіз әңгімені естігенім бар. Түн ортасында түнеп жатқан қосынан шығып, балбал тасты құшақтап, үсті-басы малмандай су болған сұлбаны бірге жүрген ақын інісі найзағай жарқ еткенде көріп қалыпты. Осы әңгімені естігенде-ақ қаламгердің «өзі тектес даналар алдында көз жасын бұршақтай төккен бейнесі» біздің де көкейге қонақтап үлгерген. Тәңірдің тәбәрігі секілді ғажап сәт. Мінәжат. Жазушы «күн отырмай, түн ұйықтамаған» бабасының басында тұрып не тіледі екен деші? Әлқисса, әңгімені қайраткердің «Ұлтсыздану ұраны» аталатын публицистикалық зарлы толғауынан бастайық. Жазушының жанайқайын ұғарға аз да болса үмітіміз бар.

Мағауиннің «Үш анығы» Мұхтар МағауинМұхтар МағауинЖас мемлекеттің жасы бір мүшелге толды. Мағауин «Ұлтсыздану ұранын» сонау 2004 жылы жазды. Жер бетінде көлемі жағынан тоғызыншы орында, асты-үсті толған байлық, әупірімдеп оң-солын танып қалған елдің қайда бара жатқанын бағамдайтын уақыт. Өнеркәсіп, ғылым-білім, өнер, мәдениет, әлеуметтік өміріміз қай деңгейге жеткенін саралап, салмақтайтын шақ. Яғни ес біліп, етек жапқан кезең-тұғын. Өкінішке қарай, билік арқылы баюды ғана мақсат тұтқан азғантай топ, олигархия, асқынған бюрократия санасы сергек Мағауин секілді қайраткер ұлдардың сенімін сетінетті, арманын адырам қалдырды. Қаламгер қаламын алып, қағазға шер төкті. «Қазақтың ұлан-байтақ қонысы – неше мың жыл бойы ата-бабаларымыз жаннан кешіп, қисапсыз қан төгіп қорғаған, ұрпағына мирас қалдырған қасиетті жеріміз, міне, шын еркіндікке жеттік деп отырған бейбіт күнде, сырттан жау шаппай, алапат майданда қолдан кетпей, ел аман, жұрт тынышта көз алдымызда талапайға түсті. Жалмауыз болса да, жебір болса да, қазақ алса жөн, бұрыннан орныққан келімсек пе, әлейім-тәлейімде барымызды тонап байлыққа жеткен жаңа отаршыл ма, тіпті қолжаулық тұлғалар арқылы керегін түгел ойып алған шетелдік алпауыт па – кім болса да, бүгінгі біз ғана емес, мыңжылдық болашақ әулетіміз игілігін көруге тиіс ежелгі құтты жұртымыз осындай ақырзаман тажалдарының көмейіне кетіп бара жатыр».

Ел билігі мен байлығын шексіз иемденген бұл топ (бюрократия, олигархия) ұлт мәдениетін, тілі мен ділін тәрк етті. Отау иесі болар он үшке келгенше тілі «шықпай», мелшиген мешел қоғам жазушының жан жарасын асқындырды. Кейде осы он алты жыл бұрын жазылған еңбекті («Ұлтсыздану ұранын») оқып отырып, «бізге бәрібір болып кетті немесе ақыры бәріне көндік» деген ой келеді. Әйтпесе қазақ тілінде іс жүргізген мемлекеттік тұтас құрылым, тұтас жүйе қане? «Ең соңғы деректеме бойынша, биыл, жыл басы 2004 жылдың 1 қаңтарында Қазақстандағы қазақтың жиын саны 8 миллион 550 мың 846 жанға жетіпті, елдегі халықтың 57,2 пайызы. Егер біздің қазақ республика тұрғындарының 80-90 пайызына жетіп, оның ішінде туған тіліне жат, тек қана орыстілді (оған қосымша ағылшын, неміс, испан, түрік, эскимос, чукча т.т.) бауырларымыз миллион емес, жүз мың; бес мың емес, жаңағы дөңгелектен озып тұрған 846 ғана кісі болсыншы, бәрібір қазақ тілінің көсегесі көгермес еді. Үкіметіңіз де, парламентіңіз де дәл қазіргідей қазақ тілін аяқасты етіп, орысша сайрап отырар еді. Өйткені бар билік, бар билік болмаса да, президентіңіз бен соған тетелес тағы екі-үш адамнан басқа, дүниенің тұтқасын ұстап отырған барлық қожайындарыңыз қазақша білмейді – небәрі 846 кісі, бірақ жол – солардыкі, неше пайыз, неше миллион халқыңызға пысқырмайды да. Мұны көп көрсеңіз, мен қазіргі елбасыңыз – қазақ ортасынан шыққан, қазақша сөйлей алатын ең соңғы президентіміз болмағай деп қауіптенем». Аталмыш еңбекте осындай жолдар бар. Құдай көп көрмесін, он алты жылдан кейін жалпы халықтың саны өсті, қазақтың да үлес салмағы артты. Бірақ не өзгерді? Әрине, ештеңе. Жаңағы Мұхаң айтқан «дөңгелектен озып тұрған аздың азаншысы» – көптің көнбіс тағдыры, «көне» жолы. Бұл күндері, расында, елбасының қазақшаны мүдірмей, аса шешен сөйлейтіні еміс-еміс еске түседі.

Бұл жолға неге түстік, неге көндік? Мұның да жауабын жазушы зар толғауында ашық айтты. Тәуелсіздік алған жылдары ұлт руханиятын (әдебиет, мәдениет, тілін, ділін) жоқтайтын жоқшылары берген серт, айтқан анттан тайып, ақырып кірген Ақ ордадан талай рет «жынын алған бақсыдай» жуасып шығыпты. Ол жуастықтың артында бас пайдасының бақай есебі бұғып жатыпты. Біреуге атақ, біреуге ақша, біреуге тағы бірдеңе керек екен. Ел-жұрттың қамын ойлап, азабын арқалаған санаулы қаламгер үні шықпас – жалғыз, шаңы шықпас – жаяуға айналыпты. Саған керек емес тіл мен діл енді кімге керек болсын. «Егер адалын айтсақ, тәуелсіздіктің алғашқы кезеңі –  экономикалық дағдарыс, тұрмыс таршылығы жылдарында ұлттық идеяны насихаттауда, заманның шынайы суретін жасауда, уақыттың көкейкесті мәселелерін көтеруде жазушылар қауымы марғаулық танытты да, барлық жүкті журналист ағайындар атқарды».

Жағдай осылай болса, әлгі «дөңгелектен озып тұрған аздың» дариға-дәурені жүрмей қайтсін. Жүрді. Әлі жүріп келеді. Әрине, мемлекеттік тілдің тұғырына қона алмауының басқа да толып жатқан факторлары бар шығар, бірақ «қой» дейтін қожа бола алмаған, мінезсіз қалам ұстағандарға біздің де өкпеміз бар. Жазып-сызатын азырақ қауқары бар бізге де өкпе-реніш артатын ұрпақ келеді. Өйткені біз де санаулы, батыл журналистердің репортажын, тікелей эфирін (елдегі кейбір жағдайларға байланысты) смартфоннан сығалап қарап отыратын жазарманбыз. «Бір заманда «Сталинге тең таппай қиналған» қауымның бар ықыласы енді Назарбаевқа ауды. Көреген дедік, білгір дедік, дана дедік. Алаша ханға теңедік, Абылай ханға жеткіздік. Өзіміз ғана айтқамыз жоқ, бүкіл қазақ жұртын хорға жетеледік». Ендігі ықылас-ниеттің не боларын да қу ішің сезеді кейде. Бар жеткен жетістік, арқалаған арман-мұрат осы болса, өнбес дау – тіл, діл деп өзеуреудің қажеті қанша? Оданша он алты жыл өтсе де, бүгінгіден еш айырмасы жоқ кешегі қоғамның (анығында, бүгінгі) кескін-келбетін кестелеген публицистикалық еңбектің тағы да бірер тұсын еске ала отырайық.

«Қайда барсам алдымнан үш шал шығады» деп күйінеді қаламгер. Біртұтас халықты үшке бөліп, үш биді қазақ бірлігінің символы қылып, сурет салып, мүсін қашаған сорақы идеологияны сынайды. Қазақ баспасөзінің дәрменсіз, пұшайман халін айтып ашынады. Сол кездегі қазақ мүддесін (тілін, ділін) мансұқтаған оппозицияны онша ұнатпаса да, Алтынбек бастаған жігіттердің «Ақ жолына» сенім артады. «Ақ жол» партиясының бүгінгі бағыт-бағдары маған жақынырақ екенін жасыра алмаймын. Бұл жерде ұлтын сүйетін, парасатты, жігерлі жас саясаткер бауырым отыр». Ақсақал Алтынбекті айтады. Көп өтпей Мұхаң ғана емес, мұқым қазақ сенген Алтынбек атылды. Жазушы да шетел асты. Түңілді, торықты. Тәуелсіздіктің бір мүшелдік шерлі шежіресі тасқа басылып, тарихта қалды. Бұл – бір анық.         

«Жармақ» – зар толғауға («Ұлтсыздану ұранына») жүк болған шерлі шежіренің көркем формасы, роман түрі. Шығарма «Ұлтсыздану ұранындағы» көтерілген ұлттық мәселелерді толық қамтыған картина болмаса да, жартыкеш қазақтың жармақ-тағдырын өрісіне сыйдырып, өзегіне қондырған.  Бұл шығармашылық жетістік – жазушының мінезі, өзі тұстас, замандас қаламгерлерден бұрын басқан (тәуелсіздіктен кейін) екінші қадамы. Жаңа заманның кейіп-кеспірін жаңа тәсіл, жаңа образбен сомдап шыққан әдеби шығарма. Туындыда кейіпкерлер диалогы, монологтары арқылы заман шындығы, қоғам сұмдығы қозғалады. Публицистикалық зар толғаудан кейін бұл шығарманың жазылуы заңды еді.

«Менің балаларым мен немерелерім – кеудесінде намысы бар ұлдарым мен қыздарым қызыл қанға боялып жатыр». Кімді кім атып, кім кімнің қанын төкті? Көкірегі қарс айырылып, «балаларым мен немерелерім» деп күңіренген кім? Әрине, Мағауин. Жаңаөзен трагедиясы. Табан ет, маңдай терін даулап, жеті ай бойы алаңда тұрған бейуаз халықтың оққа ұшып, опат болғаны қайраткердің қабырғасын қалай қайыстырмасын. Қаламын алып, «Қан төгілді!..» деді. Халықты қаралап, айыптай сөйлеген өзінің тұстас, замандас жазармандарға, өнерге таласы бар өзге де жұртқа ашынып айтты. Аласұрды. Қанды қырғыннан жеті жыл бұрын, яғни «Ұлтсыздану ұранында» қайраткер: «Әлемнің қай елінде, қай жерде дәл осы біздегідей, еңбек адамының қақысын соншама жеген, жеке басын соншама қорлаған жағдай бар екен? Біз келіп, байырғы жұртқа тиесілі бар байлықты тегін иеленген шетелдік кәсіпкерлер үшін қазақ – арзан жұмыс күші ғана емес, дәрменсіз, құнсыз, сорлы халық. Және қазақты дәл осындай қорлық, құлдық жағдайға жеткізген – әуелі өзіміздің егемен өкіметіміз, содан соң, біз, қазақ – өзіміз» деп айтудай-ақ айтты. Мәу деген өкімет, мән берген ешкім жоқ. Сол теңсіздіктің ақыры қантөгіске ұласты. Талай жас қыршынынан қиылды, талай шаңырақ ортасына түсті. Жылаған жұртты жұбатып, «бауырым, балам» деп басынан сипағаны – Мағауиннің (әрине, тәуелсіздіктен кейінгі) адамдық, азаматтық, саяси портретін анық көрсететін мінезі.

Осы қанды оқиғадан бірер жыл кейін қиыр қонып, шет жайлаған қандастар қамы жайындағы «Қазақсыз Қазақстан» жарияланды. Ол мәселе бұрын да зарлы толғауда жеріне жете айтылған. Жақында ғана Қазақстан үкіметінің қаулысына сәйкес, 2020 жылғы оралмандарға берілетін квотаның былтырғымен салыстырғанда 653 адамға қысқарғаны белгілі болды. Осындай шешімдер қайраткердің ертерек жазған дүниелерін есіңе салып, қайта қарап шығуға жетелеп тұрады.

P.S. Сүлеймен пайғамбарға бір күні құмырсқа келіп: «Саған Жаратқан ием желді не үшін бағындырып бергенін білесің бе?» – деп сұрапты. Сүлеймен пайғамбар қапелімде жауап таба алмай, мүдіріп қалыпты. «Ол сенің патшалығыңның түбі желге ұшатынын меңзегені», – депті. Сол сияқты Жаратушы пендесіне дарын, қабілет беріп, қолына қалам ұстатқанда нені меңзеді екен? Маған Мағауиннің бір өмірі осы сауалдың жауабы құсап тұрады.

80 жасқа толып жатқан классик жазушының шығармашылығы, ғалымдығы жайында газет-журналдар жарыса жазып жатыр. Біз классиктің қайраткер, азаматтық һәм саяси портретін көрсетуге қолдан келгенше тырысып, аз-кем сөз саптадық.

Автор: Ырысбек ДӘБЕЙ

Фото:magauin.com

author

Мұхтар Мағауин

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...